Сүйікті бауырластар, Жаратқан Иенің алдында бір күн мың жылдай, ал мың жыл бір күндей екенін жақсылап ұғып алыңдар. Кейбіреулер «Ол кешігіп, келмей қалды» деп санағанмен, Иеміз уәдесін орындауын кешіктірмейді! Керісінше, Ол бізге төзімділік танытуда: ешкімнің де тозаққа түсуін емес, барлық адамдардың теріс жолдан қайтып, күнәларына өкініп, солардан арылуын қалайды!
Петірдің 2-хаты 3:8–9
Жаратқан Ие: «Менің ойым сендердің пікірлеріңнен өзге, Менің жолым сендердікінен басқа, — деп ескертеді. — Аспанның жерден қаншама жоғары болатынындай, Менің жолым да сендердікінен соншама жоғары, Менің ойым да пікірлеріңнен тым биік.
Аспаннан жауған жаңбыр мен қар аспанға бекер қайта оралмайды. Керісінше, олар жерді суарып, көгертіп, дақылдарды өсіріп шығарады да, диқанға себуге тұқым, халыққа жеуге нан береді. Менің аузымнан шыққан сөзім де соған ұқсайды: ол нәтиже берместен Өзіме қайта оралмайды. Керісінше, Менің сөзім еркімді толық орындап, көздеген мақсаттарымды жүзеге асырады».
Ишая 55:8–11
Сонымен Құдай барлық адамдардың Өзіне мойынсұнбай, құлдықта жүргендерін әшкереледі. Осылай Ол бәріне де рақымын көрсетпек.
О, неткен бай Құдайдың даналығы,
Неткен терең Оның білік-парасаты;
Шешімдеріне адам ақылы жетпес,
Жолдарын Оның ешкім зерттеп бітпес!
Римдіктерге хат 11:32–33