2025 ж. 31 қазан, жұма

Күнделікті Жарық

2025 ж. 31 қаз.

Ол маған былай деп түсіндірді: — Жаратқан Иенің Зоробабелге арнаған сөзі мынау: Күш-қуатпен де емес, билік күшімен де емес, тек Менің Рухыммен ғана табысқа жетесің! — дейді Әлемнің Иесі. —

Зәкәрия 4:6

Кім Жаратқанның ақыл-ойын ұққан, Кеңесшісі болып бағыт берді Оған?

Ишая 40:13

Иса Мәсіхтің елшісі болуға Құдайдың еркімен тағайындалған Пауыл мен бауырласымыз Состеннен Қорынт қаласындағы Құдайдың қауымына дұғай сәлем. Құдай сендерді Иса Мәсіх арқылы Өзіне бағыштап алды да, кез келген жерде тұрып, Иеміз Иса Мәсіхке Жаратқан Ие деп сиынатындардың бәрімен бірге сендерді де Өзінің қасиетті халқы болуға шақырды. Ал Мәсіх — олардың да, біздің де Иеміз. Құдай Әкеміз бен Иеміз Иса Мәсіх сендерге рақым мен тыныштық жаудыра көрсін! Мен Құдайға әрдайым сендер үшін шүкірлік етемін, өйткені Ол өздеріңе Иса Мәсіх арқылы рақымын сыйлады. Сендер Мәсіхтің арқасында барлық жағынан да рухани байып, Құдайдың сөзі жайлы еркін сөйлей алып, жан-жақты білімге ие болдыңдар. Мәсіх туралы Ізгі хабарымыздың шындығы өмірлеріңде расталды. Осылай сендер Киелі Рух сыйлайтын дарындардан ешқандай тапшылық көрмей, Иеміз Иса Мәсіхтің салтанатпен көрінуін сағына күтудесіңдер. Иеміздің қайта оралатын сол күні еш айыпталмауларың үшін Тәңір Ие сендерді өмірлеріңнің аяғына дейін табанды етпек. Құдай уәделеріне берік, Ол сендерді Өзінің рухани Ұлы — Иеміз Иса Мәсіхпен тығыз байланыста болуға шақырған. Бауырластарым, сендерге Иеміз Иса Мәсіхтің атынан ескертемін: ауызбірлікті сақтап, жікке бөлінбеңдер! Қайта, бірдей мақсат пен пікірде болып, бірлікте тұрыңдар! Себебі, қымбатты бауырластарым, Хылойдың үйінен келгендерден араларыңда талас-тартыс бар екенін біліп алдым. Менің түсінуімше, біреулерің: «мен Пауылдың адамымын», басқа біреуің: «ал мен Аполлостікімін», үшіншің: «бірақ мен Петірдің», төртіншің: «ал мен Мәсіхтің шәкіртімін» дейді екенсіңдер. Сонда Мәсіхтің жіктеліп бөлінгені ме?! Әлде сендер үшін айқышқа шегеленіп құрбан болған мен, Пауыл, ма едім?! Немесе Пауылдың адамы болу үшін шомылдыру рәсімінен өтіп пе едіңдер? (Ондайдан сақтасын!) Мен Крисіп пен Гайдан басқа ешкімді осы рәсімнен өткізген жоқпын, сол үшін Құдайға шүкірлік етемін. Сондықтан Пауылдың адамы болу үшін шомылдыру рәсімінен өттім деп ешқайсың айта алмайсыңдар! Рас, сондай-ақ Степанның үй ішіндегілерін де өткізгенмін, ал тағы басқа біреуді өткізгенім есімде жоқ. Мәсіх мені шомылдыру рәсімін орындауға емес, Ізгі хабарды уағыздауға жіберді. Ол маған данышпандық пен шешендікті пайдалан демеді де, әйтпесе Мәсіхтің айқыштағы құрбандығы туралы уағыз өз күшінен айырылар еді. Мәсіхтің айқыштағы құрбандығы туралы Ізгі хабарды тозаққа кететіндер ақымақтық деп есептейді, ал құтқарылатын біздер үшін осы хабарда Құдайдың құдіреті жатыр. Пайғамбардың жазбасында мынадай сөздер бар: «Даналардың даналығын жойып, ақылдылардың ақылын жоқ қыламын». «Олай болса, даналар мен ғұламалар қайда, осы дүниелік ұлы істер туралы айтысқыш шешендер ше?» Құдай солардың бәрін де ақымақтар, ал даналықтарын түкке тұрғысыз ақылсыздық қылып көрсетті емес пе? Адамзаттың тіпті ең кемеңгер деген ой-санасымен де Құдайды ешқашан тани алмайтындығын Ол алдын ала өз даналығымен білді. Сондықтан Құдай осы дүние ақымақтық деп есептейтін уағызымыз арқылы соған сенетіндерді құтқаруды лайық көрді. Яһудилер құдіретті кереметтер талап етсе, гректер уағызымыздан даналық іздейді. Бірақ біз Мәсіхті айқышқа шегеленіп, жанын құрбан етті деп жариялаймыз. Бұл хабар яһудилерге жек көрінішті, ал басқа ұлттық адамдарға ақымақтық болып көрінеді. Алайда яһудилер мен басқа халықтардан шақырылғандар Мәсіхті «Құдайдың құдіреті мен даналығы» деп түсінеді. Адамдар «ақымақтық» дейтін Құдайдың құтқару жолы пенденің даналығынан әлдеқайда жоғары және Құдайдың «әлсіздігі» (яғни Мәсіхтің айқышта жанын қиюы) пенденің күш-қуатынан әлдеқайда күшті. Бауырластар, Құдай сендерді шақырғанда өздеріңнің кім болғандарыңа назар аударыңдаршы: табиғи тұрғыдан қарағанда араларыңда даналар, билік иелері, асыл туғандар көп емес еді. Бірақ осы дүние кімдерді «ақымақ» деп санаса, Құдай «данышпан-ақылгөй» делінгендерді ұялту үшін соларды таңдап алды. Және осы дүние «күшсіз» деп тапқандарды Құдай «күштілерді» ұялту үшін Өзіне таңдады. Осы дүние маңызды деп есептейтіндерді жою үшін Құдай осы дүниенің менсінбей, қорлап, түкке тұрғысыз деп санағандарын таңдап алды. Осылайша Құдайдың алдында ешкімнің де мақтануына болмайды. Тәңір Иенің істегені арқылы сендер Иса Мәсіхпен тығыз байланысқа келдіңдер. Құдай Мәсіхті даналығымыздың бастауы етіп, бізді Ол арқылы ақтап, Өзінің қасиетті халқы қылып, күнәнің құлдығынан құтқарды. Сондықтан: «Кім мақтанғысы келсе, тек Жаратқан Иемен мақтансын!» — деп (Пайғамбарлар жазбаларында) жазылғандай істеңдер.

Қорынттықт. 1-хат 1

Жел қалаған жерінде соғады: оның гуілін естисің, бірақ қайдан келіп, қайда кеткенін білмейсің. Киелі Рухтан туылған әр адамның басынан өткені де осыған ұқсас, — деді.

Жохан 3:8

Бұлар табиғи жолмен, пенденің қалауы бойынша бұл дүниеге келгендіктен емес, Құдай оларға шынайы өмір бергендіктен ғана Оның рухани балалары болды.

Жохан 1:13

Мысырдан шыққандарында Мен осылай болады деп сендердің ата-бабаларыңмен Келісім жасағанмын. Бұдан былай да Менің Рухым араларыңда тұратын болады. Қорықпаңдар!»

Хаққай 2:5

(Алғашқыда Жақып деп аталған) Исраилдің ұлдары: Рубен, Шимон, Леуі, Яһуда, Исашар, Забулон, Дан, Жүсіп, Бунямин, Нафталим, Ғад, Ашир. Яһуданың ұлдары: Ер, Онан, Шелах. Осы үш ұлы Шуа есімді қанахандық адамның қызынан туған. Яһуданың тұңғыш ұлы Ердің мінез-құлқы Жаратқан Иеге жек көрінішті болғандықтан, Жаратқан Ие оның өмірін қысқа қылды. Кейін Яһуданың келіні Тамар оған Парес пен Зарахты туды. Яһуданың барлығы бес ұлы болды. Парестің ұлдары: Хесрон мен Хамул. Зарахтың ұлдары: Зімри, Етан, Хеман, Халқол, Дара, барлығы бесеу. (Зарахтың шөбересі) Қарми ұлы Ахан Жаратқан Иеге бағышталған, жойылуға тиісті заттан алып, Исраилдің басына пәле келтірді. Етанның ұлы: Азариях. Хесронның ұлдары: Ерахмел, Рам, Халеп. Рамнан Әминадап, Әминадаптан Яһуданың рубасы Нағасон, Нағасоннан Салмон, Салмоннан Боғоз, Боғоздан Ғабит, Ғабиттен Есей туды. Есейдің ұлдары: тұңғышы Елияп, екіншісі Абинадап, үшіншісі Шаммах, төртіншісі Нетанел, бесіншісі Раддай, алтыншысы Осем, ал жетіншісі Дәуіт (патша) еді. Есейдің қыздары: Сарұя, Әбигел. Сарұяның үш ұлы: Әбішай, Жоғаб, Асахил. Әбигел ысмағұлдық Етерге күйеуге шығып, Амасаны туды. Хесрон ұлы Халеп әйелі Азубадан мына ұлдарын сүйді: Ешер, Шобаб және Ардон. Халеп Ериоттан да бала сүйген. Азуба қайтыс болғанда, Халеп Ефратаға үйленді, ол Халепке Һұрды туды. Һұрдан Ұри, ал Ұридан Беселиел тарады. Кейінірек Хесрон жасы алпысқа толғанда, Ғилақадтың әкесі Махырдың қызына үйленіп, одан Сегуб есімді ұлын сүйді. Ғилақадтағы жиырма үш елді мекенді иемденген Жайыр сол Сегубтің ұлы болатын. Ал кейін Гешур мен Арама патшалықтары Жайырдың қоныстарын және Кенат қаласын айналасындағы елді мекендерімен бірге жаулап алды. Сол елді мекендердің жалпы саны алпыс болған. Бұларда қоныстанғандардың барлығы Ғилақадтың әкесі Махырдан тарады. Хесрон Халеп-Ефратада қайтыс болғаннан азғана уақыт өткенде, әйелі Абия оның ұлы Ашхұрды туды. Ашхұр Текояның әкесі болды. Хесронның тұңғыш ұлы Ерахмелдің ұлдары: тұңғышы Рам, ал кейінгілері Буна, Орен, Осем, Ахиях еді. Ерахмелдің Атара деген тағы бір әйелі болды, ол Онамды туды. Ерахмелдің тұңғыш ұлы Рамның ұлдары: Мағас, Ямин, Екер. Онамның ұлдары: Шаммай мен Ядақ. Шаммайдың ұлдары: Надаб, Абишур. Абишурдың әйелінің аты Әбихаил, ол оған Ахбан мен Молидті туды. Надабтың ұлдары: Селед, Афаим. Селед соңынан бала қалдырмай қайтыс болды. Ал інісі Афаимнан Иши, одан Шешан, одан Ахлай тарады. Шаммайдың інісі Ядақтың ұлдары: Етер, Жонатан. Етер соңынан бала қалдырмай қайтыс болды. Жонатанның ұлдары: Пелет, Заза. Осылардың барлығы Ерахмелден тараған ұрпақтар. Шешанның ұлдары болмай, тек қыздары болды. Шешан Жарқа деген мысырлық қызметшісіне бір қызын қосып, ол Аттайды туды. Аттайдан өрбіген ұрпақтар: Аттайдан Натан, одан Зауад, одан Ефлал, одан Ғабит, одан Еһу, одан Азариях, одан Хелес, одан Елеаса, одан Сисмай, одан Шаллум, одан Екамиях, одан Әлишама. Ерахмелдің інісі Халептің ұлдары: тұңғышы Меса, соның ұлы Зиф, ал екінші ұлы Мареша еді, ол Хебронның әкесі болды. Хебронның ұлдары: Қорах, Таппуах, Рекем, Шема. Шемадан өрбіген ұрпақтар: Шемадан Рахам, одан Жорқиям, одан Шаммай, одан Мағон, одан Бет-Сұр. Халептің Ефа есімді кәнизагы Харан, Моса, Ғазезді туды. Харанның ұлының есімі де Ғазез еді. Яхдайдың ұлдары: Регем, Жотам, Гешан, Пелет, Ефа, Шағаф. Халептің Маха есімді кәнизагы Шебер мен Тирханахты туды. Мадманахтың әкесі Шағафты және Махбенах пен Гибеяның әкелері Шеуаны туған да сол Маха болатын. Халептің бір қызының есімі Ахса еді. Осылардың барлығы Халептің үрім-бұтағы. Ефратаның тұңғышы Һұрдың ұлдары: Кирият-Иғарымның басқарушысы Шобал, Бетлехемнің басқарушысы Салмон, Бетгәдердің басқарушысы Хареф. Кирият-Иғарымның басқарушысы Шобалдың ұрпақтары: Хароге, Манахат тұрғындарының жартысы әрі Кирият-Иғарымды мекендеген Итір, Пұт, Шумат, Мишра атты әулеттер. Бұлардан Сора мен Ештағолдың тұрғындары тарады. Салмонның ұрпақтары: Бетлехем, Нетопат және Атырот-Бет-Жоғабтың тұрғындары, Манахат тұрғындарының қалған жартысы және Сораның тұрғындары. Ябесте тұрып жатқан хатшылар: Тират, Шимеят, Суха атты әулеттер. Бұлар Рехап әулетінің басшысы Хаматтан тараған кендіктер.

Шежірелер 1-ж. 2

Ефрем руының таулы жерінде, Сұфтың үрім-бұтағы мекендеген Раматаим қаласында Елқанах атты адам тұратын. Ол Ерохамның ұлы, Еліхудің немересі, Тохудың шөбересі, Сұфтың шөпшегі еді. Сұф кезінде Ефрата қаласының тұрғыны болған. Елқанахтың Ханна және Пәнана есімді екі әйелі бар еді. Пәнананың балалары болды, ал Ханна құрсақ көтермеді. Елқанах жыл сайын Әлемнің Иесіне ғибадат етіп, құрбандық шалу үшін отбасын ертіп өз қаласынан Шилоға сапар шегетін. Сол қалада Елидің екі ұлы Опни мен Пінехес Жаратқан Иенің киелі үйінде Оның діни қызметкерлері болып істейтін. Құрбандық шалғаннан кейін Елқанах әйелі Пәнанаға және одан көрген ұл-қыздарына тиісті үлестерін беретін, ал Ханнаға екі еселеп табыстайтын. Себебі Жаратқан Ие перзент сыйламаса да, күйеуі Ханнаны қатты жақсы көрді. Бірақ күндесі Пәнана Ханнаны кекетіп-мұқатып, Жаратқан Иенің оған перзент сыйламағанын бетіне басып, ренжіте беретін. Ол жыл сайын солай істейтін. Олар Шилоға Жаратқан Иенің үйіне өрлеп барған кезде Пәнана Ханнаны осылай өкпелететін. Ханна болса егіле жылап, астан дәм татпайтын. Сонда күйеуі оны жұбатып: «Ханна, сен неге жылай бересің, неге тамақ ішпейсің? Жүрегің неден жабырқаулы? Мен сен үшін он ұлдан да артық емеспін бе?» — деп сұрайтын. Бірде отбасы Шилода құрбандық шалып, ішіп-жеп болған соң, Ханна орнынан тұрып, Жаратқан Иенің киелі үйінің қасына барды. Ал діни қызметкер Ели кіреберіс жақтауының жанында өз орындығында отырған болатын. Сонда Ханна жылап, жүрегіндегі шерін Жаратқан Иеге ақтарып сиынды. «Уа, Әлемнің Иесі! Осы күңіңнің қайғы-қасіретіне назар аударып, есіңде ұстай гөр. Маған рақымыңды түсіріп, бір ұл сыйласаң, соны өмір бойы Саған бағыштар едім, уа, Жаратқан Ие. Оның басына ешқашан ұстараның жүзі тимес еді», — деп ант берді ол. Ханна осылай Жаратқан Иеге мінажат етіп ұзақ сиынғанда, Ели оның аузына қарап отырды. Еріндері жыбырлап тұрса да, әйел іштей жалбарынып, ешқандай дыбыс шығармады. Содан Ели оны мас екен деп ойлап қалып: — Сен қашанғы мас болып жүре бересің? Шарап ішуіңді доғар! — деп зекіді. Ал Ханна: — Мырзам, олай емес. Мен бір күйзеліп жүрген сорлы әйелмін. Не шараптан, не сырадан ауыз да тиген жоқпын. Тек көкірегімдегі зарымды Жаратқан Иеге ақтарып сиынып отырмын. Мені арсыз әйел деп ойлап қалмаңыз! Қайғы-қасіретім өте зор болғандықтан осылайша жалынып тұрмын! — деп мұңын шақты. Сонда Ели оған: — Тыныштықпен үйіңе қайта бер. Исраилдің сиынатын Құдайы тілеуіңді қабыл алсын! — деп батасын берді. — Мырзам, мендей пақырыңызға оң көзіңізбен қарай көріңіз, — деп Ханна қоштасып, кетіп қалды. Енді ол тамақ ішіп, бет-жүзінен қайғының нышаны байқалмайтын болды. Келесі күні отбасы ерте тұрып, Жаратқан Иеге ғибадат етті. Содан олар Рамақтағы үйлеріне қайта оралды. Елқанах Ханнамен жақындасқан кезде Құдай әйелдің тілегін ескеріп, жүзеге асырды. Ол аяғы ауырлап, айы-күні жеткенде ұл бала туды. Ханна: «Мен оны Жаратқан Иеден сұрап алғанмын», — деп, оған Самуил (яғни «Құдай құлақ асты») деген ат қойды. Келесі жылы Елқанах бүкіл үй ішімен Жаратқан Иеге арнап құрбандық шалып, өзінің уәде еткен өзге сый-тартуларын да ұсыну үшін тағы да Шилоға бармақшы болды. Ал Ханна күйеуіне: — Бала өсіп, емшектен шыққаннан кейін оны Шилоға алып барамын. Сонда ол Жаратқан Иеге бағышталып, сол жерде тұратын болсын, — деп бармай қалды. Елқанах оған: — Жарайды. Баланы емшектен шығарғанға дейін күте тұр. Тек берген уәдеңді Жаратқан Ие шындыққа айналдыра көрсін, — деді. Осылайша Ханна нәрестесін емізіп, үйінде қалды. Самуилді емшектен шығарған соң анасы оны ертіп, Жаратқан Иенің Шилодағы киелі үйіне алып барды. Онда үш жасар бұқаны, бір қап ұн мен бір торсық шарапты да ала келген еді. Бала әлі де тым жас болатын. Әке-шешесі бұқаны құрбандыққа шалғаннан кейін баланы Елидің алдына алып барды. Ханна оған: «Мырзам, шынымды айтамын: мен баяғыда осы жерде, сіздің қасыңызда тұрып, Жаратқан Иеге сиынған әйелмін ғой. Сол кезде мына баланы сыйлай көрсін деп жалбарынған едім. Жаратқан Ие өтінішімді жүзеге асырды. Енді мен де уәдемді орындап, баланы өмір бойы Оның қызметіне бағыштағым келіп отыр», — деді. Сонда олар иіліп Жаратқан Иеге ғибадат етті.

Патшалықтар 1-ж. 1

ЖИ көмегімен аударылған, Киелі кітап дәйексөздері де соның ішінде — кез келген сілтемені ашып, Киелі кітап аудармасынан оқыңыз.

Kieli Kitap © Orta Asia Baspasy, 1993, 1996, 2000, 2010, 2025

Киелі кітап үзінділері Daily Light on the Daily Path кітабынан (қоғамдық игілік).

Соңғы күндер