Нұр түнекте жарқырайды, ал түнек Нұрды жеңе алған емес.
Құдай жіберген Жақия есімді адам болды. Жақия Нұрдың куәсі болып, барлық адамдарды өзінің куәлігі арқылы Нұрға сендіру үшін келді. Жақияның өзі Нұр емес еді, ол Нұр туралы хабарлау үшін келген болатын.
Әр адамға сәулесін түсіретін шынайы Нұр бұл дүниеге келе жатты. Ол бұл дүниеде бар еді, бірақ әлемді жаратқан Сол болса да, адамдар Оны таныған жоқ. Өзі таңдап алған халқына келгенімен, олар Оны қабылдамады. Бірақ Оны қабылдап, Оған сенім артқандардың бәрін Ол Құдайдың рухани балалары болуға құқықты етті. Бұлар табиғи жолмен, пенденің қалауы бойынша бұл дүниеге келгендіктен емес, Құдай оларға шынайы өмір бергендіктен ғана Оның рухани балалары болды.
Сөз адамға айналып, арамызда өмір сүрді. Сонда біз Әкенің жалғыз рухани Ұлының асқан ұлылығын көрдік: Ол рақымдылық пен шындыққа толы еді. Жақия пайғамбар Ол туралы дауыстап куәлік етіп:
— Менен кейін Келе Жатқанның жолы менен үлкен, өйткені Ол мен тумастан бұрын бар болатын деген Кісім Осы, — деді.
Оның шексіз рақымынан бәріміз молынан жарылқанып келеміз. Құдай ата-бабаларымызға Таурат заңын Мұса пайғамбар арқылы берді, ал рақым мен шындық бізге Иса Мәсіх арқылы жетті. Құдайды ешкім ешқашан көзімен көрген емес. Әкесімен тығыз байланыстағы жалғыз рухани Ұлы бізге Оны жақыннан танытты.
Жақия былай деп куәлік берген еді: яһудилердің басшылары діни қызметкерлер мен леуілік көмекшілерді Иерусалим қаласынан Жақияға жіберіп, «Сен кімсің?» — деп сұратты. Сонда ол жауап беруден бас тартпай:
— Мен (Құдай жіберемін деп уәде берген Құтқарушы) Мәсіх емеспін, — деп ашық айтты. Олар:
— Онда сен кімсің? (Мәсіхтен бұрын қайтып келуге тиісті) Ілияс пайғамбарсың ба? — деп сұрады. Жақия:
— Жоқ, ол емеспін, — деді.
— Мүмкін, сен (Мұса Құдай жібереді деген) пайғамбар шығарсың? — Жақия:
— Жоқ, — деп жауап қатты.
Жохан 1:5-21
Сондықтан да, бауырластарым, мен сендерге келіп, Құдайдың шынайы хабарын уағыздаған кезде шешен сөздер және дана пікірлер қолданған жоқпын. Сендерге Иса Мәсіх пен Оның айқыштағы құрбандық өлімінен басқа нәрселер туралы айтпауға шешім қабылдаған едім. Араларыңда күш-қуатсыз, дірілдеп, қатты жүрексініп тұрып жаттым. Сөз сөйлеп, уағыз айтқанда адамды сендірерліктей данышпан пікірлерге емес, Құдайдың Рухы мен құдіретінің айқын көрінуіне сүйендім. Ондағы мақсатым — сенімдеріңнің негізі адамның даналығы емес, Құдайдың құдіретінің болуы.
Дегенмен, біз рухани жетілгендерге даналық туралы хабарды уағыздай береміз. Ал бұл даналық осы күнәкар дүниенікі емес, сондай-ақ, осы дүниелік билеушілердікі де емес; солар — болашақта құрып кететіндер. Керісінше, жариялап жүргеніміз — Құдайдың құпия даналығы, бұл адамзаттың көзінен таса болып келді. Ал Құдай оны біздің ұлылыққа ие болуымыз үшін әлемді жаратпастан бұрын-ақ белгілеп қойған болатын. Бұны осы дүниелік билеушілердің біреуі де ұққан емес; ұққан болса, олар Ұлылықтың Иесін айқышқа шегелетіп өлтіртпес еді.
Алайда (Киелі жазбаларда) алдын ала жазылғандай, көз көріп, құлақ естімеген, адам ойына ешқашан келмеген игіліктерді Құдай Өзін сүйетіндерге дайындап қойған. Бұны Құдай біздерге Өзінің Киелі Рухы арқылы анық білдірді.
Киелі Рух бәрінен де, Құдайдың терең ой-мақсаттарынан да хабардар. Себебі адамның ішкі құпия-сырларын оның өз рухынан басқа бірде-бір адам біле ме? Сол сияқты, Құдайдың терең ой-мақсаттарын да Оның Киелі Рухынан басқа ешкім білмейді. Ал біз осы дүниелік рухты емес, Құдайдан келген Киелі Рухты қабылдадық, Соның көмегімен Құдайдың бізге сыйлаған игіліктерін біле аламыз. Солар туралы біз адамзаттың даналығынан емес, Киелі Рухтан үйренген сөздермен уағыздап, Оған мойынсұнғандарға рухани шындықты түсіндіреміз.
Өз еркімен жүретін адам Құдайдың Рухынан келгенді қабылдамайды, соны түсіне алмай, ақымақтық деп санайды. Себебі оны Киелі Рухтың тұрғысынан бағалау керек. Ал Құдайдың Рухына мойынсұнушы Одан келгеннің бәрін де бағалай алады, бірақ басқалар ондай адамға баға бере алмайды. Өйткені «Кім Жаратқанның ақыл-ойын ұққан, кеңесшісі болып бағыт берді Оған?» (деп жазылған). Ал бізде Мәсіхтің ой-ниеті бар.
Қорынттықт. 1-хат 2
Ешкім екі қожайынға бірдей қызмет ете алмайды. Өйткені ол біреуін екіншісінен артық көріп, соған бағышталады, ал екіншісіне немкетті қарайтын болады. Сол сияқты, сендер де Құдайға және байлыққа бірдей бағышталып қызмет ете алмайсыңдар!
Матай 6:24
Менен, Жаратқан Иеден, басқа ешбір тәңірге құлшылық етпеңдер! Себебі бір атағым «Қызғаныш». Өзімді шын көңілмен сүйіп, түгелдей бағышталуларыңды талап еткен Құдаймын.
Мысырдан шығу 34:14
Адам (ата), Сет, Енос, Қайнан, Мақалалел, Иәрет, Енох, Мәтусал, Ләмех, Нұх.
Нұхтың ұлдары: Шам, Хам, Япші.
Япшіден Гомер, Магог, Мадай, Яуан, Тұбал, Мешех, Тирас тарады. Гомерден Ашкеназ, Рифат, Тоғарма тарады. Яуанның ұлдары: Елиша, Тарсис, Кіттим, Доданим тарады.
Хамның ұрпақтары: Құш, Мысыр, Пұт, Қанахан. Құштың ұрпақтары: Себа, Хауила, Сабтах, Рахама, Саптеха. Рахаманың ұрпақтары: Сәба, Дедан. Құштан Нымрод та тарады. Ол жер бетіндегі күшті әміршіге айналды. Мысырдан луд, анам, лехап, нафтух, патрус, қаслух, қаптор атты халықтар тарады. Осылардан філістірлер шықты.
Қанаханның тұңғыш ұлы Сидон еді. Содан кейін Қанаханнан хеттік, ебустік, аморлық, гергестік, хевтік, арқалық, синдік, аруадтық, семарлық, хаматтық атты халықтар да тарады.
Шамнан Елам, Ассур, Арпақсат, Луд, Арама тарады.
Арамадан Ус, Хұл, Гетер, Мешех, Арпақсаттан Шелах, ал Шелахтан Ебер тарады.
Еберден екі ұл туды. Тұңғышының есімі Пелек («Бөліну») болды, өйткені оның заманында жер беті бөлінді. Ал кенжесінің есімі Жоқтан еді.
Жоқтаннан Алмодат, Шалеф, Хасармаует, Жерах, Хадорам, Узал, Диқла, Обал, Әбімаил, Сәба, Опыр, Хауила және Жобаб тарады. Бұлардың бәрі Жоқтанның ұрпақтары.
(Мынау Ыбырайым пайғамбардың ата-тегі:) Шам, Арпақсат, Шелах, Ебер, Пелек, Рәгу, Серук, Нахор, Тарах, Ыбырам. Ол кейін Ыбырайым деп аталды.
Ыбырайымның ұлдары: Ысқақ, Ысмағұл.
(Ажардан туған) Ысмағұлдың үрім-бұтағының тарихы мынау: тұңғышы Набайот, одан кейін Қидар, Адбел, Мипсам, Мишма, Дума, Масса, Хадад, Тема, Етур, Нафиш, Кедмах туды. Бұлардың бәрі Ысмағұлдан тарады.
Ыбырайымның кәнизагы Кетурадан көрген ұлдары: Зимран, Жоқшан, Медан, Мадиян, Ишбақ, Шуах. Жоқшанның ұлдары: Сәба, Дедан. Мадиянның ұлдары: Ефа, Ефер, Ханох, Абида, Елдаға. Бұлардың барлығы да Ыбырайымның Кетурадан көрген ұрпақтары болатын.
Ыбырайымның Сарадан көрген ұлы — Ысқақ. Ысқақтың ұлдары: Есау, Исраил (Жақып).
Есаудың (Едомның) ұлдары: Елипаз, Рәгуел, Егуш, Яғлом, Қорах. Елипаздың ұлдары: Теман, Омар, Сефо, Ғатам, Кеназ. Елипаз Тимнадан Амалек есімді ұл көрді. Рәгуелдің ұлдары: Нахат, Зарах, Шаммах, Миза.
Сейірдің ұлдары: Лотан, Шобал, Сибеон, Анах, Дишон, Езер, Дишан. Лотанның ұлдары: Хори, Хемам. Тимна Лотанның қарындасы болатын. Шобалдың ұлдары: Албан, Манахат, Ебал, Шебо, Онам. Сибеонның ұлдары: Аях, Анах. Анахтың ұлы: Дишон. Дишонның ұлдары: Хемдан, Ешбан, Итран, Керан. Езердің ұлдары: Билхан, Зағауан, Яқан. Дишанның ұлдары: Ус, Аран.
Исраил халқын билейтін патша шықпай тұрғанда Едом елінде билік құрған патшалардың аты-жөндері мыналар: Беғор ұлы Бела, оның тұрған қаласының аты Дінхаба еді. Бела қайтыс болды, оның орнына Босорадағы Зарах ұлы Жобаб патшалық құрды. Жобаб қайтыс болды, оның орнына темандықтардың елінен келген Хушам патшалық құрды. Хушам қайтыс болды, оның орнына Бедад ұлы Хадад патшалық құрды. Ол мадияндықтарды Моаб жерінде жеңіп шықты. Хададтың тұрған қаласының аты Ауит болатын. Хадад қайтыс болды, оның орнына Масректен келген Самла патшалық құрды. Самла қайтыс болды, оның орнына Евфрат өзенінің бойында орналасқан Рехоботтан келген Саул патшалық құрды. Саул қайтыс болды, оның орнына Ахбор ұлы Бағал-Ханан патшалық құрды. Бағал-Ханан қайтыс болды, оның орнына Хадад патшалық құрды. Оның тұрған қаласының аты Пау еді. Әйелі Мехетабелдің шешесі Матред, ал нағашы әжесі Месахаб болатын. Кейін Хадад та қайтыс болды.
Едомның рубасылары: Тимна, Алуа, Етет, Охолибама, Ела, Пинон, Кеназ, Теман, Мипсар, Магдиел, Ирам. Едом халқының рубасылары осылар еді.
Шежірелер 1-ж. 1
Ей, алдамшы тіл, сен өзгенің жанын
Жаралайтын сөзді айтуды ұнатасың!
Забур жырлары 51:6
Ефрем руының таулы жерінде, Сұфтың үрім-бұтағы мекендеген Раматаим қаласында Елқанах атты адам тұратын. Ол Ерохамның ұлы, Еліхудің немересі, Тохудың шөбересі, Сұфтың шөпшегі еді. Сұф кезінде Ефрата қаласының тұрғыны болған.
Елқанахтың Ханна және Пәнана есімді екі әйелі бар еді. Пәнананың балалары болды, ал Ханна құрсақ көтермеді. Елқанах жыл сайын Әлемнің Иесіне ғибадат етіп, құрбандық шалу үшін отбасын ертіп өз қаласынан Шилоға сапар шегетін. Сол қалада Елидің екі ұлы Опни мен Пінехес Жаратқан Иенің киелі үйінде Оның діни қызметкерлері болып істейтін. Құрбандық шалғаннан кейін Елқанах әйелі Пәнанаға және одан көрген ұл-қыздарына тиісті үлестерін беретін, ал Ханнаға екі еселеп табыстайтын. Себебі Жаратқан Ие перзент сыйламаса да, күйеуі Ханнаны қатты жақсы көрді.
Бірақ күндесі Пәнана Ханнаны кекетіп-мұқатып, Жаратқан Иенің оған перзент сыйламағанын бетіне басып, ренжіте беретін. Ол жыл сайын солай істейтін. Олар Шилоға Жаратқан Иенің үйіне өрлеп барған кезде Пәнана Ханнаны осылай өкпелететін. Ханна болса егіле жылап, астан дәм татпайтын. Сонда күйеуі оны жұбатып: «Ханна, сен неге жылай бересің, неге тамақ ішпейсің? Жүрегің неден жабырқаулы? Мен сен үшін он ұлдан да артық емеспін бе?» — деп сұрайтын.
Бірде отбасы Шилода құрбандық шалып, ішіп-жеп болған соң, Ханна орнынан тұрып, Жаратқан Иенің киелі үйінің қасына барды. Ал діни қызметкер Ели кіреберіс жақтауының жанында өз орындығында отырған болатын. Сонда Ханна жылап, жүрегіндегі шерін Жаратқан Иеге ақтарып сиынды. «Уа, Әлемнің Иесі! Осы күңіңнің қайғы-қасіретіне назар аударып, есіңде ұстай гөр. Маған рақымыңды түсіріп, бір ұл сыйласаң, соны өмір бойы Саған бағыштар едім, уа, Жаратқан Ие. Оның басына ешқашан ұстараның жүзі тимес еді», — деп ант берді ол.
Ханна осылай Жаратқан Иеге мінажат етіп ұзақ сиынғанда, Ели оның аузына қарап отырды. Еріндері жыбырлап тұрса да, әйел іштей жалбарынып, ешқандай дыбыс шығармады. Содан Ели оны мас екен деп ойлап қалып:
— Сен қашанғы мас болып жүре бересің? Шарап ішуіңді доғар! — деп зекіді. Ал Ханна:
— Мырзам, олай емес. Мен бір күйзеліп жүрген сорлы әйелмін. Не шараптан, не сырадан ауыз да тиген жоқпын. Тек көкірегімдегі зарымды Жаратқан Иеге ақтарып сиынып отырмын. Мені арсыз әйел деп ойлап қалмаңыз! Қайғы-қасіретім өте зор болғандықтан осылайша жалынып тұрмын! — деп мұңын шақты. Сонда Ели оған:
— Тыныштықпен үйіңе қайта бер. Исраилдің сиынатын Құдайы тілеуіңді қабыл алсын! — деп батасын берді.
— Мырзам, мендей пақырыңызға оң көзіңізбен қарай көріңіз, — деп Ханна қоштасып, кетіп қалды. Енді ол тамақ ішіп, бет-жүзінен қайғының нышаны байқалмайтын болды.
Келесі күні отбасы ерте тұрып, Жаратқан Иеге ғибадат етті. Содан олар Рамақтағы үйлеріне қайта оралды. Елқанах Ханнамен жақындасқан кезде Құдай әйелдің тілегін ескеріп, жүзеге асырды. Ол аяғы ауырлап, айы-күні жеткенде ұл бала туды. Ханна: «Мен оны Жаратқан Иеден сұрап алғанмын», — деп, оған Самуил (яғни «Құдай құлақ асты») деген ат қойды.
Келесі жылы Елқанах бүкіл үй ішімен Жаратқан Иеге арнап құрбандық шалып, өзінің уәде еткен өзге сый-тартуларын да ұсыну үшін тағы да Шилоға бармақшы болды. Ал Ханна күйеуіне:
— Бала өсіп, емшектен шыққаннан кейін оны Шилоға алып барамын. Сонда ол Жаратқан Иеге бағышталып, сол жерде тұратын болсын, — деп бармай қалды. Елқанах оған:
— Жарайды. Баланы емшектен шығарғанға дейін күте тұр. Тек берген уәдеңді Жаратқан Ие шындыққа айналдыра көрсін, — деді. Осылайша Ханна нәрестесін емізіп, үйінде қалды.
Самуилді емшектен шығарған соң анасы оны ертіп, Жаратқан Иенің Шилодағы киелі үйіне алып барды. Онда үш жасар бұқаны, бір қап ұн мен бір торсық шарапты да ала келген еді. Бала әлі де тым жас болатын. Әке-шешесі бұқаны құрбандыққа шалғаннан кейін баланы Елидің алдына алып барды.
Ханна оған: «Мырзам, шынымды айтамын: мен баяғыда осы жерде, сіздің қасыңызда тұрып, Жаратқан Иеге сиынған әйелмін ғой. Сол кезде мына баланы сыйлай көрсін деп жалбарынған едім. Жаратқан Ие өтінішімді жүзеге асырды. Енді мен де уәдемді орындап, баланы өмір бойы Оның қызметіне бағыштағым келіп отыр», — деді. Сонда олар иіліп Жаратқан Иеге ғибадат етті.
Патшалықтар 1-ж. 1
Құдай бәрін Сөз арқылы жаратқан, жаратылған ештеңе де Онсыз пайда болмаған. Сөз өмірдің бастауы болған. Сол өмір адамзат үшін Нұр еді. Нұр түнекте жарқырайды, ал түнек Нұрды жеңе алған емес.
Құдай жіберген Жақия есімді адам болды. Жақия Нұрдың куәсі болып, барлық адамдарды өзінің куәлігі арқылы Нұрға сендіру үшін келді. Жақияның өзі Нұр емес еді, ол Нұр туралы хабарлау үшін келген болатын.
Әр адамға сәулесін түсіретін шынайы Нұр бұл дүниеге келе жатты. Ол бұл дүниеде бар еді, бірақ әлемді жаратқан Сол болса да, адамдар Оны таныған жоқ. Өзі таңдап алған халқына келгенімен, олар Оны қабылдамады. Бірақ Оны қабылдап, Оған сенім артқандардың бәрін Ол Құдайдың рухани балалары болуға құқықты етті. Бұлар табиғи жолмен, пенденің қалауы бойынша бұл дүниеге келгендіктен емес, Құдай оларға шынайы өмір бергендіктен ғана Оның рухани балалары болды.
Сөз адамға айналып, арамызда өмір сүрді. Сонда біз Әкенің жалғыз рухани Ұлының асқан ұлылығын көрдік: Ол рақымдылық пен шындыққа толы еді. Жақия пайғамбар Ол туралы дауыстап куәлік етіп:
— Менен кейін Келе Жатқанның жолы менен үлкен, өйткені Ол мен тумастан бұрын бар болатын деген Кісім Осы, — деді.
Оның шексіз рақымынан бәріміз молынан жарылқанып келеміз. Құдай ата-бабаларымызға Таурат заңын Мұса пайғамбар арқылы берді, ал рақым мен шындық бізге Иса Мәсіх арқылы жетті. Құдайды ешкім ешқашан көзімен көрген емес. Әкесімен тығыз байланыстағы жалғыз рухани Ұлы бізге Оны жақыннан танытты.
Жақия былай деп куәлік берген еді: яһудилердің басшылары діни қызметкерлер мен леуілік көмекшілерді Иерусалим қаласынан Жақияға жіберіп, «Сен кімсің?» — деп сұратты. Сонда ол жауап беруден бас тартпай:
— Мен (Құдай жіберемін деп уәде берген Құтқарушы) Мәсіх емеспін, — деп ашық айтты. Олар:
— Онда сен кімсің? (Мәсіхтен бұрын қайтып келуге тиісті) Ілияс пайғамбарсың ба? — деп сұрады. Жақия:
— Жоқ, ол емеспін, — деді.
— Мүмкін, сен (Мұса Құдай жібереді деген) пайғамбар шығарсың? — Жақия:
— Жоқ, — деп жауап қатты.
Жохан 1:3-21