Басқа жаққа мойын бұрмай, бар назарымызды Исаға аударайық! Бастапқыда сенім жолын салған Ол бізді сеніміміз арқылы Құдай белгілеген мақсатымызға жеткізеді де. Иса Өзін күтіп тұрған зор қуаныш үшін айқышқа шегеленудің қорлығын елемей, соған төзді. Бұдан кейін Ол Құдайдың тағының оң жағындағы құрметті орнына жайғасып отырды.
Еврейлерге 12:2
Бүкіл әлемнің Билеушісі — әрдайым бар, мәңгі болып келген және болашақта келетін Құдай Ие: «Алғашқы да, Соңғы да Менмін!» — дейді.
Аян 1:8
Кім бұларды жоспарлап, жүзеге асырады? Кім болашақ дәуірлерді алдын ала жариялайды? Мұны істеуші Мен, Жаратқан Иемін! Алғашқы да, Соңғы да Өзіммін!»
Ишая 41:4
Құдай Әкеге және Иеміз Иса Мәсіхке сенушілердің Салониқадағы қауымына Пауыл, Сыйлас және Тімотеден дұғай сәлем. Құдай сендерге рақымын жаудырып, тыныштығын сыйлай көрсін!
Сендерді Құдайға сиынғанда еске алып, бәрің үшін әрдайым шүкірлік айтамыз. Құдай Әкеміздің алдында сендердің Оған деген сеніммен игілікті іс істеп, сүйіспеншілікпен ауыр еңбек етіп және Иеміз Иса Мәсіхке табандылықпен үміт артып жүргендеріңді үнемі еске алып отырамыз.
Құдай сүйген қымбатты бауырластар, Оның сендерді таңдап алғанын білеміз. Себебі біз сендерге Ізгі хабарды сөзбен ғана емес, құдіретпен, Киелі Рухпен және зор сеніммен де жеткіздік. Сендердің игіліктерің үшін араларыңда қалай әрекет еткенімізді өздерің білесіңдер. Ал сендер бізге және Иемізге еліктеп көп азапқа ұшырасаңдар да, Ізгі хабарды Киелі Рух сыйлаған қуанышпен қабылдадыңдар. Осылай Македония мен Ахая өлкелеріндегі сенушілердің барлығына үлгі болдыңдар.
Иеміздің хабары сендерден Македония мен Ахаяға ғана тараған жоқ, Құдайға деген сенімдерің барлық жерде белгілі болғандықтан, бізге бұл туралы айтудың қажеті де жоқ. Себебі жұрт сендердің бізді қандай жылылықпен қабылдағандарың және жалған тәңірлерден бас тартып, Құдайға бет бұрғандарың туралы бір-біріне айнала әңгімелеп жатыр. Енді сендер тірі де шынайы Құдайға қызмет ете жүріп, Оның рухани Ұлы Исаның көктен түсуін күтудесіңдер. Құдай өлімнен қайта тірілткен Иса бізді келешектегі қаһарлы соттан құтқарып алады.
Салониқал. 1-хат 5:23–24
Өмірлеріңде игі ісін бастаған Құдайдың оны жалғастыра беріп, Мәсіх Иса қайта оралар күнге дейін толықтай аяқтайтынына кәміл сенемін.
Філіпілікт. хат 1:6
Сондай түйсіксіз бе едіңдер: рухани өмірді Киелі Рухпен бастап, өз күштеріңмен кемелденбек екенсіңдер ғой?
Ғалаттықт. хат 3:3
Көкке көтерілсем, сол орындасың,
Тұңғиыққа түссем де, Сен сондасың.
Забур жырлары 138:8
Себебі Өзіне ұнайтын істерді қалап, жүзеге асыруларыңа түрткі болушы — Құдай.
Філіпілікт. хат 2:13