2025 ж. 8 желтоқсан, дүйсенбі

Күнделікті Жарық

2025 ж. 8 жел.

Бауырластар, Құдай сендерді еркіндікке шақырды. Бірақ еркіндікті күнәлі құмарлықтарыңды қанағаттандыру үшін теріс пайдаланбаңдар, қайта, бір-біріңе сүйіспеншілікпен қызмет етіңдер!

Ғалаттықт. хат 5:13

Бауырластар, араларыңдағы біреу күнә жасап қойса, сендер оны Киелі Рухтың жетелеуімен ілтипаттылық танытып түзу жолға қайтаруға ұмтылыңдар. Ал өздерің де азғырылудан сақ болыңдар! Біріңнің ауыр жүгіңді екіншің көтерісіңдер! Сөйтіп Мәсіхтің өсиетін орындайсыңдар.

Ғалаттықт. хат 6:1-2

Бауырластарым, қайсыбіреуің ақиқат жолынан тайса, басқа біреуің оны кері қайтарсын! Естеріңде болсын: кім күнәкарды теріс жолдан қайтарса, сол оның жанын рухани өлімнен құтқарып, көптеген күнәларының кешірілуіне себепші болады.

Жақыптың хаты 5:19-20

Иса Мәсіхтің елшісі Петірден (осы күнәкар дүниеде) жат жерлік болып, Понти, Ғалатия, Қападоқия, Азия және Бітүния аймақтарында шашыраған (сенушілерге дұғай сәлем). Құдай Әке сендерді алдын ала танып, Өзінің Киелі Рухымен Иса Мәсіхке мойынсұнатын, Оның құрбандық өлімінде төгілген қаны арқылы тазарған, меншікті де қасиетті халқы болуға таңдап алған еді. Рақым, амандық және тыныштық сендерге молынан жауа берсін! Иеміз Иса Мәсіхтің Әкесі — Құдай мадақталсын! Ол бізге зор мейірім көрсетіп, рухани қайта туғызып жаңа өмір сыйлады және Иса Мәсіхті өлімнен қайта тірілтуімен бізді тірі үмітке кенелтті. Сондықтан да Құдайдың өз халқына сақтаған мол игілігін иемденуімізді күтеміз. Ешқашан шіріп бұзылмайтын, өшіп-солып қалмайтын сол мұраларың сендер үшін көкте дайын тұр. Құдай Өзіне сенуші сендерді құдіретті күшімен қорғап, заманның ақырында осы күнәкар дүниеден құтқаратын болады, сол кез жеткенде бұл айқын көрінбек. Қазір сендерге біраз уақыт азап шегіп, қуғын-сүргін көруге тура келгенмен, осы сөнбес үмітке қуаныңдар! Азап шегулеріңнің мақсаты — шын жүректен сенгендеріңді дәлелдеу. Жойылып кетуі мүмкін алтын отта балқытылған кезде сыналып, тазартылады. Сол сияқты, алтыннан әлдеқайда бағалы сенімдерің де бастан кешкен азаптарың арқылы сыналып, берік те шынайы екендігі дәлелденеді. Сонда Иса Мәсіхтің қайта оралып, ашық көрінетін күні Құдай сендерді мақтап, даңқ пен құрметке бөлемек. Мәсіхті өз көздеріңмен көрмеген болсаңдар да, Оны сүйесіңдер. Қазір де көре алмағанмен, Оған сенесіңдер. Сондықтан сендер сөзбен суреттеуге болмайтын ұлы да керемет қуанышпен шаттанып тұрсыңдар. Ақыр соңында сенімдеріңнің нәтижесін: жандарыңның толықтай құтқарылуын қабылдамақсыңдар. Құдайдың сендерге беретін рақымы туралы алдын ала айтқан пайғамбарлар кезінде осы құтқарылу жайында мұқият ізденіп, зерттейтін. Оларға дарыған Мәсіхтің Киелі Рухы Оның төзуге тиісті азаптары және бұған жалғасатын салтанатты ұлылығы жөнінде алдын ала хабарлағанда, пайғамбарлар бұл оқиғалардың қалай және қай уақытта болатынын білуге тырысты. Бірақ оларға осы пайғамбарлық қызметтерін өздері үшін емес, сендер үшін атқарғандықтары білдірілді. Ал қазіргі заманда уағыздаушылар Мәсіх туралы Ізгі хабарды көктен жіберілген Киелі Рухтың жетелеуімен сендерге әкелді. Осы тамаша хабарға тіпті періштелер де қызығып, түсінуге ұмтылады. Сонымен, ақыл-ойларыңды іс-әрекетке дайын ұстауға бел буыңдар! Сергек болып, Иса Мәсіх салтанатпен қайтып келгенде көрсететін рақымға толығынан үміт артыңдар! Құдайдың рухани балалары ретінде Оған мойынсұныңдар. Бұрын Оның шынайы хабарын білмей, өмірлерің жаман істерге жетелейтін құмарлықтардың билігінде болып келді. Бұған енді жол бермеңдер! Қайта, өздеріңді шақырған Құдайдың қасиетті болғаны сияқты, сендер де бүкіл іс-әрекеттеріңде Оған бағышталған қасиетті болыңдар! Тауратта Оның былай дегені бар ғой: «Мен киелімін, сондықтан сендер де Өзіме бағышталып киелі болыңдар!» Сендер әр адамды бет-жүзіне қарамай әділ соттайтын Құдайға «Әкем» деп сиынасыңдар. Ендеше жер бетінде жат жерлік болып сүретін өмірлеріңді Оны терең қастерлеп, Оған ұнамайтынды істеуден шошынып өткізіңдер! Ата-бабаларыңнан жеткен пайдасыз өмір салтынан азат болуларың үшін не төленгенін білесіңдер: күміс, алтын сияқты өткінші заттар емес, Құдайдың мінсіз де мүлтіксіз «Тоқтысы» — Мәсіхтің Өзі құрбан болып, баға жетпес қанын төгуімен құтқарылуларыңның құнын төледі. Құдай әлемді жаратпастан бұрын-ақ Мәсіхті бұл мақсатқа таңдап белгілеп еді, ал заманның аяғында Оны сендер үшін ашық көрсетті. Сендер Мәсіх арқылы Құдайға сендіңдер; Ол Мәсіхті өлімнен қайта тірілтіп, ұлылыққа кенелткен еді. Сол себепті сенімдерің мен үміттерің Құдайға бағышталып келеді. Шынайы хабарға мойынсұнып, күнәдан тазарған сендер бауырластарыңа деген нағыз сүйіспеншілікке кенелдіңдер. Енді бір-біріңді үздіксіз, шын жүректен сүйіңдер!

Петірдің 1-хаты 1:1-22

Қарыздарыңды уақтылы өтеп қайтарыңдар, әсіресе, бір-біріңді сүю парызын өтеп тұрыңдар. Адамның басқаларды сүюі Құдайдың заңын да орындағаны.

Римдіктерге хат 13:8

Бір-біріңді бауырлардай сүйіп, өз бастарыңнан артық сыйлаңдар.

Римдіктерге хат 12:10

Құдай Өзіне сенуші сендерді құдіретті күшімен қорғап, заманның ақырында осы күнәкар дүниеден құтқаратын болады, сол кез жеткенде бұл айқын көрінбек.

Петірдің 1-хаты 1:5

Сенімі берік біздер күмәнданғандардың Таурат заңына сәйкес іс-әрекеттеріне төзіп, оларға көмектесуге тиіспіз. Тек өзімізге ұнайтынды ғана емес,

Римдіктерге хат 15:1

ЖИ көмегімен аударылған, Киелі кітап дәйексөздері де соның ішінде — кез келген сілтемені ашып, Киелі кітап аудармасынан оқыңыз.

Kieli Kitap © Orta Asia Baspasy, 1993, 1996, 2000, 2010, 2025

Киелі кітап үзінділері Daily Light on the Daily Path кітабынан (қоғамдық игілік).

Соңғы күндер