2026 ж. 6 қаңтар, сейсенбі

Күнделікті Жарық

2026 ж. 6 қаң.

Let the favor of the Lord our God be on us; establish the work of our hands for us; yes, establish the work of our hands.

Psalms 90:17

Менің саған берген салтанатым көркіңді кемеліне келтіріп, сол туралы даңқың халықтардың арасына кең жайылды», — дейді Жаратушы Тәңір Ие.

Езекиел 16:14

Сондықтан да, бауырластарым, мен сендерге келіп, Құдайдың шынайы хабарын уағыздаған кезде шешен сөздер және дана пікірлер қолданған жоқпын. Сендерге Иса Мәсіх пен Оның айқыштағы құрбандық өлімінен басқа нәрселер туралы айтпауға шешім қабылдаған едім. Араларыңда күш-қуатсыз, дірілдеп, қатты жүрексініп тұрып жаттым. Сөз сөйлеп, уағыз айтқанда адамды сендірерліктей данышпан пікірлерге емес, Құдайдың Рухы мен құдіретінің айқын көрінуіне сүйендім. Ондағы мақсатым — сенімдеріңнің негізі адамның даналығы емес, Құдайдың құдіретінің болуы. Дегенмен, біз рухани жетілгендерге даналық туралы хабарды уағыздай береміз. Ал бұл даналық осы күнәкар дүниенікі емес, сондай-ақ, осы дүниелік билеушілердікі де емес; солар — болашақта құрып кететіндер. Керісінше, жариялап жүргеніміз — Құдайдың құпия даналығы, бұл адамзаттың көзінен таса болып келді. Ал Құдай оны біздің ұлылыққа ие болуымыз үшін әлемді жаратпастан бұрын-ақ белгілеп қойған болатын. Бұны осы дүниелік билеушілердің біреуі де ұққан емес; ұққан болса, олар Ұлылықтың Иесін айқышқа шегелетіп өлтіртпес еді. Алайда (Киелі жазбаларда) алдын ала жазылғандай, көз көріп, құлақ естімеген, адам ойына ешқашан келмеген игіліктерді Құдай Өзін сүйетіндерге дайындап қойған. Бұны Құдай біздерге Өзінің Киелі Рухы арқылы анық білдірді. Киелі Рух бәрінен де, Құдайдың терең ой-мақсаттарынан да хабардар. Себебі адамның ішкі құпия-сырларын оның өз рухынан басқа бірде-бір адам біле ме? Сол сияқты, Құдайдың терең ой-мақсаттарын да Оның Киелі Рухынан басқа ешкім білмейді. Ал біз осы дүниелік рухты емес, Құдайдан келген Киелі Рухты қабылдадық, Соның көмегімен Құдайдың бізге сыйлаған игіліктерін біле аламыз. Солар туралы біз адамзаттың даналығынан емес, Киелі Рухтан үйренген сөздермен уағыздап, Оған мойынсұнғандарға рухани шындықты түсіндіреміз. Өз еркімен жүретін адам Құдайдың Рухынан келгенді қабылдамайды, соны түсіне алмай, ақымақтық деп санайды. Себебі оны Киелі Рухтың тұрғысынан бағалау керек. Ал Құдайдың Рухына мойынсұнушы Одан келгеннің бәрін де бағалай алады, бірақ басқалар ондай адамға баға бере алмайды. Өйткені «Кім Жаратқанның ақыл-ойын ұққан, кеңесшісі болып бағыт берді Оған?» (деп жазылған). Ал бізде Мәсіхтің ой-ниеті бар.

Қорынттықт. 1-хат 2

Сондықтан да Құдайдың өз халқына сақтаған мол игілігін иемденуімізді күтеміз. Ешқашан шіріп бұзылмайтын, өшіп-солып қалмайтын сол мұраларың сендер үшін көкте дайын тұр. Құдай Өзіне сенуші сендерді құдіретті күшімен қорғап, заманның ақырында осы күнәкар дүниеден құтқаратын болады, сол кез жеткенде бұл айқын көрінбек. Қазір сендерге біраз уақыт азап шегіп, қуғын-сүргін көруге тура келгенмен, осы сөнбес үмітке қуаныңдар! Азап шегулеріңнің мақсаты — шын жүректен сенгендеріңді дәлелдеу. Жойылып кетуі мүмкін алтын отта балқытылған кезде сыналып, тазартылады. Сол сияқты, алтыннан әлдеқайда бағалы сенімдерің де бастан кешкен азаптарың арқылы сыналып, берік те шынайы екендігі дәлелденеді. Сонда Иса Мәсіхтің қайта оралып, ашық көрінетін күні Құдай сендерді мақтап, даңқ пен құрметке бөлемек. Мәсіхті өз көздеріңмен көрмеген болсаңдар да, Оны сүйесіңдер. Қазір де көре алмағанмен, Оған сенесіңдер. Сондықтан сендер сөзбен суреттеуге болмайтын ұлы да керемет қуанышпен шаттанып тұрсыңдар. Ақыр соңында сенімдеріңнің нәтижесін: жандарыңның толықтай құтқарылуын қабылдамақсыңдар. Құдайдың сендерге беретін рақымы туралы алдын ала айтқан пайғамбарлар кезінде осы құтқарылу жайында мұқият ізденіп, зерттейтін. Оларға дарыған Мәсіхтің Киелі Рухы Оның төзуге тиісті азаптары және бұған жалғасатын салтанатты ұлылығы жөнінде алдын ала хабарлағанда, пайғамбарлар бұл оқиғалардың қалай және қай уақытта болатынын білуге тырысты. Бірақ оларға осы пайғамбарлық қызметтерін өздері үшін емес, сендер үшін атқарғандықтары білдірілді. Ал қазіргі заманда уағыздаушылар Мәсіх туралы Ізгі хабарды көктен жіберілген Киелі Рухтың жетелеуімен сендерге әкелді. Осы тамаша хабарға тіпті періштелер де қызығып, түсінуге ұмтылады. Сонымен, ақыл-ойларыңды іс-әрекетке дайын ұстауға бел буыңдар! Сергек болып, Иса Мәсіх салтанатпен қайтып келгенде көрсететін рақымға толығынан үміт артыңдар! Құдайдың рухани балалары ретінде Оған мойынсұныңдар. Бұрын Оның шынайы хабарын білмей, өмірлерің жаман істерге жетелейтін құмарлықтардың билігінде болып келді. Бұған енді жол бермеңдер!

Петірдің 1-хаты 1:4-14

(Киелі үйге қарай өрлеп бара жатқанда айтылатын жыр.) Жастайынан көріп келген қыспағы Жайлы айтып берсін Исраил халқы: «Жастайымнан мол көрдім қыспақты, Алайда мені мүлдем жеңе алмады,

Забур жырлары 128:1-2

Жаратушыға сеніп тапсыр бар ісіңді, Сонда құрған жоспарың болар өнімді.

Нақыл сөздер 16:3

Сонымен, сүйікті бауырларым, сендермен бірге болғанымда әрдайым Құдайға мойынсұндыңдар, ал қазір мен қастарыңда жоқ кезде де солай істей берулерің әлдеқайда маңыздырақ болмақ: құтқарылуларыңа сай іс-әрекет жасап, соны толығымен жүзеге асыруға ұмтылыңдар, әрі Құдайды терең қастерлеп, Оған ұнамайтын нәрселерден қатты жиіркеніңдер! Себебі Өзіне ұнайтын істерді қалап, жүзеге асыруларыңа түрткі болушы — Құдай.

Філіпілікт. хат 2:12-13

Қымбатты бауырластар, сендерге барып, біраз уақытқа қалғанымыздың нәтижесіз болмағанын өздерің білесіңдер. Алдында ғана Філіпіде азап шегіп, қорлық көргеніміз туралы да хабардарсыңдар. Сонда да Құдайға сене отырып, қатты қарсылыққа қарамастан сендерге Оның Ізгі хабарын жариялауға батылымыз барды. Сендерге уағызды өзіміз шындықтан адасқандықтан немесе арам пиғылмен айтып жүрген жоқпыз және біреуді алдаудан да аулақпыз. Қайта, Құдай лайықты деп тауып, Ізгі хабарды бізге сеніп тапсырды. Сондықтан біз адамға емес, жүректеріміздің түкпіріндегілерді бақылап отыратын Құдайға ұнау үшін уағыз айтып жүрміз. Ешқашан да жағымпазданып сөйлеп көрген жоқпыз, оны өздерің білесіңдер. Пайда табайық деген ішкі есебіміз де болған емес, бұған Құдай куә. Сондай-ақ адамдардан, сендерден не басқалардан да атақ іздеп жүрген жоқпыз. Мәсіхтің елшілері ретінде біз талап қойсақ та болар еді, алайда сендерге балаларын қамқорлаған мейірімді анадай жылы жүзбен қарадық. Осылай жақсы көріп, Құдайдың Ізгі хабарын ғана жеткізген жоқпыз, жүрегімізді де алдарыңа жайып салдық, өйткені сендер бізге сүйкімді болып кеттіңдер. Бауырластар, біздің бар күшімізді салып, бейнет шеге еңбек еткеніміз естеріңде ғой. Сендерге масыл болмау үшін күні-түні жұмыс істедік, сөйте жүріп, Құдайдың Ізгі хабарын уағыздадық. Құдайға сенетін сендердің алдарыңда өзімізді таза, әділ, мінсіз ұстадық, бұған сендер де, Құдай да куә. Мынаны білесіңдер: әрқайсыңды туған баламыздай көріп, сендерге Құдай алдында ұялмайтындай болып жүріңдер деп ескертіп, соған көздеріңді жеткіздік, тіпті өздеріңе жалындық та. Өйткені Құдай сендерді өз Патшалығы мен салтанатты ұлылығына шақырады. Сендердің бізден естіген Құдай сөзін адамның емес, Құдайдың хабары ретінде — шындығында да бұл солай! — қабылдағандарың үшін біз Оған үнемі ризашылығымызды білдіреміз. Қазір бұл хабар Оған сенетін сендерге күшті әсер етіп жатыр. Себебі сендер, бауырластар, Құдайдың Иса Мәсіхке сенетін Яһудеядағы қауымдарына ұқсайсыңдар: олар яһуди діндарларынан қандай азап шексе, сендер де өз жерлестеріңнен сондай азап шектіңдер. Яһуди діндарлар тіпті Иеміз Иса және пайғамбарларды өлтіріп, бізді де қуып шыққан еді. Олар Құдайға ұнамайды әрі барлық адамдарға қастық танытады. Себебі олар біздің басқа ұлттарға Ізгі хабарды жариялап, құтқару әкелуімізге кедергі жасай береді. Осылай олар күнәларын күннен күнге көбейтіп келе жатыр. Содан Құдайдың қаһары төбелерінен төніп тұр. Қымбатты бауырластар, аз уақыт сендерден ажырап, көңілдеріңнен емес, көздеріңнен таса болғанда сағыныштан жүздеріңді көруге қатты құштар болдық. Иә, сендерге барғымыз келді; өзім — Пауыл бірнеше рет баруға тырыстым, бірақ бұған шайтан кедергі жасады. Өйткені Иеміз Иса Мәсіх қайтып келген кезде біздің үмітіміз, қуанышымыз, басымызға киер «мақтау тәжіміз» сендер болмағанда, кім болмақ? Расында да біздің мақтанышымыз бен қуанышымыз сендерсіңдер.

Салониқал. 1-хат 2

ЖИ көмегімен аударылған, Киелі кітап дәйексөздері де соның ішінде — кез келген сілтемені ашып, Киелі кітап аудармасынан оқыңыз.

Kieli Kitap © Orta Asia Baspasy, 1993, 1996, 2000, 2010, 2025

Киелі кітап үзінділері Daily Light on the Daily Path кітабынан (қоғамдық игілік).

Соңғы күндер