Иса Мәсіхтің елшісі болуға Құдайдың еркімен тағайындалған Пауыл мен бауырласымыз Состеннен Қорынт қаласындағы Құдайдың қауымына дұғай сәлем. Құдай сендерді Иса Мәсіх арқылы Өзіне бағыштап алды да, кез келген жерде тұрып, Иеміз Иса Мәсіхке Жаратқан Ие деп сиынатындардың бәрімен бірге сендерді де Өзінің қасиетті халқы болуға шақырды. Ал Мәсіх — олардың да, біздің де Иеміз. Құдай Әкеміз бен Иеміз Иса Мәсіх сендерге рақым мен тыныштық жаудыра көрсін!
Мен Құдайға әрдайым сендер үшін шүкірлік етемін, өйткені Ол өздеріңе Иса Мәсіх арқылы рақымын сыйлады. Сендер Мәсіхтің арқасында барлық жағынан да рухани байып, Құдайдың сөзі жайлы еркін сөйлей алып, жан-жақты білімге ие болдыңдар. Мәсіх туралы Ізгі хабарымыздың шындығы өмірлеріңде расталды. Осылай сендер Киелі Рух сыйлайтын дарындардан ешқандай тапшылық көрмей, Иеміз Иса Мәсіхтің салтанатпен көрінуін сағына күтудесіңдер. Иеміздің қайта оралатын сол күні еш айыпталмауларың үшін Тәңір Ие сендерді өмірлеріңнің аяғына дейін табанды етпек. Құдай уәделеріне берік, Ол сендерді Өзінің рухани Ұлы — Иеміз Иса Мәсіхпен тығыз байланыста болуға шақырған.
Бауырластарым, сендерге Иеміз Иса Мәсіхтің атынан ескертемін: ауызбірлікті сақтап, жікке бөлінбеңдер! Қайта, бірдей мақсат пен пікірде болып, бірлікте тұрыңдар! Себебі, қымбатты бауырластарым, Хылойдың үйінен келгендерден араларыңда талас-тартыс бар екенін біліп алдым. Менің түсінуімше, біреулерің: «мен Пауылдың адамымын», басқа біреуің: «ал мен Аполлостікімін», үшіншің: «бірақ мен Петірдің», төртіншің: «ал мен Мәсіхтің шәкіртімін» дейді екенсіңдер. Сонда Мәсіхтің жіктеліп бөлінгені ме?! Әлде сендер үшін айқышқа шегеленіп құрбан болған мен, Пауыл, ма едім?! Немесе Пауылдың адамы болу үшін шомылдыру рәсімінен өтіп пе едіңдер? (Ондайдан сақтасын!) Мен Крисіп пен Гайдан басқа ешкімді осы рәсімнен өткізген жоқпын, сол үшін Құдайға шүкірлік етемін. Сондықтан Пауылдың адамы болу үшін шомылдыру рәсімінен өттім деп ешқайсың айта алмайсыңдар! Рас, сондай-ақ Степанның үй ішіндегілерін де өткізгенмін, ал тағы басқа біреуді өткізгенім есімде жоқ. Мәсіх мені шомылдыру рәсімін орындауға емес, Ізгі хабарды уағыздауға жіберді. Ол маған данышпандық пен шешендікті пайдалан демеді де, әйтпесе Мәсіхтің айқыштағы құрбандығы туралы уағыз өз күшінен айырылар еді.
Мәсіхтің айқыштағы құрбандығы туралы Ізгі хабарды тозаққа кететіндер ақымақтық деп есептейді, ал құтқарылатын біздер үшін осы хабарда Құдайдың құдіреті жатыр. Пайғамбардың жазбасында мынадай сөздер бар: «Даналардың даналығын жойып, ақылдылардың ақылын жоқ қыламын».
«Олай болса, даналар мен ғұламалар қайда, осы дүниелік ұлы істер туралы айтысқыш шешендер ше?» Құдай солардың бәрін де ақымақтар, ал даналықтарын түкке тұрғысыз ақылсыздық қылып көрсетті емес пе? Адамзаттың тіпті ең кемеңгер деген ой-санасымен де Құдайды ешқашан тани алмайтындығын Ол алдын ала өз даналығымен білді. Сондықтан Құдай осы дүние ақымақтық деп есептейтін уағызымыз арқылы соған сенетіндерді құтқаруды лайық көрді. Яһудилер құдіретті кереметтер талап етсе, гректер уағызымыздан даналық іздейді. Бірақ біз Мәсіхті айқышқа шегеленіп, жанын құрбан етті деп жариялаймыз. Бұл хабар яһудилерге жек көрінішті, ал басқа ұлттық адамдарға ақымақтық болып көрінеді. Алайда яһудилер мен басқа халықтардан шақырылғандар Мәсіхті «Құдайдың құдіреті мен даналығы» деп түсінеді. Адамдар «ақымақтық» дейтін Құдайдың құтқару жолы пенденің даналығынан әлдеқайда жоғары және Құдайдың «әлсіздігі» (яғни Мәсіхтің айқышта жанын қиюы) пенденің күш-қуатынан әлдеқайда күшті.
Бауырластар, Құдай сендерді шақырғанда өздеріңнің кім болғандарыңа назар аударыңдаршы: табиғи тұрғыдан қарағанда араларыңда даналар, билік иелері, асыл туғандар көп емес еді. Бірақ осы дүние кімдерді «ақымақ» деп санаса, Құдай «данышпан-ақылгөй» делінгендерді ұялту үшін соларды таңдап алды. Және осы дүние «күшсіз» деп тапқандарды Құдай «күштілерді» ұялту үшін Өзіне таңдады. Осы дүние маңызды деп есептейтіндерді жою үшін Құдай осы дүниенің менсінбей, қорлап, түкке тұрғысыз деп санағандарын таңдап алды. Осылайша Құдайдың алдында ешкімнің де мақтануына болмайды. Тәңір Иенің істегені арқылы сендер Иса Мәсіхпен тығыз байланысқа келдіңдер. Құдай Мәсіхті даналығымыздың бастауы етіп, бізді Ол арқылы ақтап, Өзінің қасиетті халқы қылып, күнәнің құлдығынан құтқарды. Сондықтан: «Кім мақтанғысы келсе, тек Жаратқан Иемен мақтансын!» — деп (Пайғамбарлар жазбаларында) жазылғандай істеңдер.
Қорынттықт. 1-хат 1
Ал сендер бұрын жаман ой-пікірлерге салынып, зұлым іс-әрекет жасап, Құдайға жат әрі қас болдыңдар. Алайда Ол сендерді Мәсіхтің тәндік өлімі арқылы Өзімен татуластырды. Бұны сендерді алдына әкелген кезде Өзіне бағышталған кінәратсыз, айып тақпайтындай таза болуларың үшін жасады. Егер Ізгі хабар туралы естігендеріңе күмәнданбай, берік сеніп, Оған деген үміттеріңнен таймасаңдар, бұл солай болады. Осы Ізгі хабар аспан астындағы барлық адамзатқа дерлік жарияланып келеді. Мен — Пауыл да оның таратушысына айналдым.
Қолостықт. хат 1:21-23
Осылай қазіргі азғын да алдамшы ұрпақтың арасында еш кінәсіз таза, Құдайдың мінсіз рухани балалары болыңдар: қараңғы дүниеде жарық жұлдыздай жарқырап,
Філіпілікт. хат 2:15
Себебі «Иеміздің қандай ізгі екенін» өздерің біліп алдыңдар.
Иеміз Мәсіх — адамдар «менсінбей бас тартқан», бірақ Құдай бағалы деп таңдаған «тірі Тас» іспетті. Оған келген сендер де рухани үйге (яғни қауымға) қаланған тірі тастар сияқтысыңдар. Сендер Иса Мәсіхке бола Құдайға ұнамды рухани сый-тартулар ұсынып, Оған бағышталған қасиетті қызмет атқарудасыңдар. Себебі Киелі жазбада Құдайдың мына сөзі де бар:
«Міне, Мен аса құнды «Тасты» таңдап алдым,
Оны Сиондағы үйімнің бұрышының
Іргетасы ретінде орнатып қоямын.
Енді Оған сенімін артқан әркім
Ұятқа қалмайтын болады әрдайым».
Сенетін сендер үшін осы «Тас» (Иса Мәсіх) ерекше қымбат. Ал сенбейтіндерге байланысты мынадай сөздер жазылған: «Құрылысшылар менсінбеген «Тас» енді үйдің басты іргетасына айналды!» Ол «адамдарды сүріндіретін кедергі тас, құлататын жартас сияқты».
Олар Мәсіх туралы хабарға мойынсұнбағандықтан «сүрініп, құлап», теріс жолға түсіп кетеді. Олардың ақырының осылай болатыны алдын ала белгілі еді.
Ал сендер өздеріңді қара түнектен тамаша нұрына шақырған Құдайдың қасиеттілігі мен ұлы істерін мадақтап жариялауға таңдалған нәсілсіңдер. Патшаның діни қызметкерлері, Оған бағышталған қасиетті ұлт — Құдайдың меншікті халқы болдыңдар! Бір кезде біртұтас халық емес едіңдер, ал қазір Құдайдың халқысыңдар. Бір кезде Оның қайырымдылығын білмеген едіңдер, ал қазір қайырымына бөлендіңдер.
Сүйікті бауырластарым, (осы күнәкар дүниеде) жат жерлік адамсыңдар, сондықтан сендерге ескертемін: өз жандарыңа ұдайы қарсы шығатын арам құмарлықтардан бас тартыңдар! Құдайға мойынсұнбайтын халықтар арасында адал өмір сүріңдер! Олар сендерді жамандық жасаушылар деп айыптайды. Алайда Құдай бізді құтқаруға келген күні олар өз көздерімен көріп жүрген игі істеріңе бола Оны мадақтайтын болады.
Сонымен, сендер Жаратқан Иенің меншігі болғандықтан, Ол тағайындаған әрбір билік иесіне мойынсұныңдар! Елдің басшысы ретінде патшасына бой ұсыныңдар, патшаның жамандық жасағандарды жазалап, жақсылық істегендерді мақтауға бекітіп жіберген әкімдеріне де бағыныңдар!
Петірдің 1-хаты 2:3-14
Соның нәтижесінде әр жағдайда ненің ізгілікті екенін ажырата білсеңдер екен деймін. Осылай сендер Мәсіх қайта оралар күні мінсіз пәк болып,
Філіпілікт. хат 1:10
Иса Мәсіхтің басыбайлы қызметшісі әрі Жақыптың туған інісі Яһудадан Құдай Әке сүйіспеншілікпен Өзіне бағыштап, қасиетті халқы болуға шақырған, Иса Мәсіх аман сақтап жүрген сенушілерге дұғай сәлем: Ол сендерге шапағатын жаудырып, амандық, тыныштық және сүйіспеншілікті молынан сыйлай көрсін!
Сүйікті бауырластарым, мен бар ынтаммен бәрімізге ортақ құтқарылу туралы хат жазбақшы едім. Алайда Құдайдың Өзіне бағыштаған халқына біржола аманаттаған, бәріміз сенетін шынайы ілімін жан сала қорғауды ескертіп жазуымды қажет деп есептедім. Себебі араларыңа бірқатар адамдар білдіртпей ұрланып еніп алыпты. Осы арсыздар сотталуға баяғыда-ақ белгіленген болатын. Олар азғындықтарына сылтау ету үшін Құдайымыздың рақымы туралы Ізгі хабарды бұрмалайды. Сонымен қатар олар Иса Мәсіхті бірден-бір Әміршіміз әрі Иеміз деп мойындамайды.
Сендер ежелгі замандағы мына жайттарды түгел білсеңдер де, оларды қайтадан естеріңе салып өткім келеді: Иеміз өз халқын Мысырдан құтқарып алған еді, ал кейін көпшілігі қасарысып, сенбегенде Ол солардың көздерін құртты. Сондай-ақ, өздерінің билік жүргізуге тиесілі орындарын сақтамай, мекен-тұрағын тастап кеткен періштелерді де ескеріңдер: Иеміз оларды соттайтын ұлы күн жеткенше, тозақтың қара түнегінде мәңгі шынжырлап сақтап отыр.
Сол сияқты, Содом, Ғомора және маңайындағы қалаларды ұмытпаңдар: олардың тұрғындары жыныстық азғындықпен әуестеніп, табиғатқа қайшы ұятсыздықтарға салынғандары үшін жазаланды. Сонымен олар мәңгілік отта азап шегетіндердің мысалы болды.
Дәл осылайша, араларыңдағы сол «түс көрушілер» өз тәндерін масқаралап, ешбір билікті елемей, абыройлы билеушілерді балағаттап жүр. Ал тіпті бас періште Михайл Мұса пайғамбардың мәйіті туралы шайтанмен айтысқанда, оны балағат сөзбен айыптауға дәті бармады. Ол «Жаратқан Ие саған жазаңды тартқызсын!» — деп қана қойды. Бірақ сол алдамшылар өздері түсінбеген нәрселер туралы жаман сөз айтып, қарсыласады. Олар жабайы аңдар сияқты ақылдарымен емес, түйсіктерімен ғана білген нәрселері арқылы өздері жойылып кетпек. Бұлар қасіретке қалмақ! Олар Қабыл таңдаған жолмен жүреді және Балағам іспетті өздері алатын сыйына қызығып, алдамшылыққа беріледі. Ақырында олар Қорах сияқты қиқарлықпен (қауым жетекшілеріне қарсы) бас көтергендері үшін құртылмақ.
Осындайлар достық дастарқандарыңа еш қаймықпастан келіп, тойынып алып, сендерді лас дақтар сияқты ұятқа қалдырады. Мұндай адамдар жаман шопандай тек өз қамдарын ғана ойлайды. Олар жел айдаған жаңбырсыз ақша бұлт іспетті, әрі күзде жеміс бермейтін, тамырымен жұлынған, біржола өлген ағаш секілді ешбір пайда келтірмейді. Қайта, олар ұятсыз істерін паш етіп, көбік шашып, қоқыр-соқыр әкеліп жатқан теңіздің буырқанған толқындарына ұқсайды. Осы азғырушылар кезбе жұлдыздай тура бағытты сілтей алмайды; оларға тозақтың мәңгілік қара түнегі дайын тұр.
Бұлар туралы адамзаттың жетінші атасы Енох пайғамбар былай деп алдын ала айтқан еді: «Тыңдаңдар, Иеміз Өзінің он мыңдаған қасиетті нөкерлерін ертіп көктен түспек! Ол бәрін де соттап, әділетсіздердің зұлымдықпен істеген барлық жаман істерін де, арсыз күнәкарлардың Оған қарсы айтқан күллі қатал сөздерін де әшкерелеп, жазаларын тартқызатын болады». Мұндайлар ұдайы наразылық білдіріп, күңкілдеп жүреді. Олар жаман құмарлықтарына салынып, бас пайдалары үшін мақтанып, өзгелерге жағымпазданады.
Ал сендер, сүйікті бауырластарым, Иеміз Иса Мәсіхтің елшілерінің алдын ала айтып кеткендерін естеріңе түсіріңдерші! Олар сендерге: «Осы соңғы заманда өздерінің арсыз құмарлықтарына салынып, шынайы ілімді келемеждеп жүрген адамдар шығады!» — деген еді. Қауымдарға жік салатын мұндайларда Киелі Рух болмайды, қайта, олар күнәкар болмыстарының жетегінде жүреді.
Ал сендер, сүйікті бауырластарым, өздерің сенетін Тәңір Иенің қасиетті де пәк таза ілімінің негізінде рухани өсіп толысуға ұмтылыңдар; Киелі Рухтың жетелеуімен сиыныңдар. Әрдайым Құдайдың сүйіспеншілігіне бөленіп, жамандық атаулыдан сақтаныңдар. Иеміз Иса Мәсіхтің қайта оралғанда өздеріңе шапағатын тигізіп, мәңгілік өмірге жеткізуін аңсап күтіңдер! Ізгі хабарға күмәнданып жүргендерге қайырымды болып, оларды ынта-жігермен тозақ отынан құтқарып алыңдар! Ал (жалған ілімдерді ұстанған) басқаларға аяушылық танытқанда, күнәнің ықпалынан шошына сақтаныңдар! Олардың азғын болмыстарынан бастау алатын арам істерінен жиреніп, аулақ жүріңдер!
Сендерді адасып кетуден сақтап, Өзінің нұрлы салтанаты көрінген күні қуанышпен, мүлтіксіз таза күйлеріңде өз алдына тұрғызуға бірден-бір Құдайымыздың құдіреті жетеді. Ол бізді Иеміз Иса Мәсіх арқылы құтқарған еді ғой. Даңқ пен ұлылық, құдірет пен билік күллі өткен дәуірлерде болғандай, қазір де, мәңгілік те Онікі! Аумин.
1 Иса Мәсіхтің басыбайлы қызметшісі әрі Жақыптың туған інісі Яһудадан Құдай Әке сүйіспеншілікпен Өзіне бағыштап, қасиетті халқы болуға шақырған, Иса Мәсіх аман сақтап жүрген сенушілерге дұғай сәлем: 2 Ол сендерге шапағатын жаудырып, амандық, тыныштық және сүйіспеншілікті молынан сыйлай көрсін!
3 Сүйікті бауырластарым, мен бар ынтаммен бәрімізге ортақ құтқарылу туралы хат жазбақшы едім. Алайда Құдайдың Өзіне бағыштаған халқына біржола аманаттаған, бәріміз сенетін шынайы ілімін жан сала қорғауды ескертіп жазуымды қажет деп есептедім. 4 Себебі араларыңа бірқатар адамдар білдіртпей ұрланып еніп алыпты. Осы арсыздар сотталуға баяғыда-ақ белгіленген болатын. Олар азғындықтарына сылтау ету үшін Құдайымыздың рақымы туралы Ізгі хабарды бұрмалайды. Сонымен қатар олар Иса Мәсіхті бірден-бір Әміршіміз әрі Иеміз деп мойындамайды.
5 Сендер ежелгі замандағы мына жайттарды түгел білсеңдер де, оларды қайтадан естеріңе салып өткім келеді: Иеміз өз халқын Мысырдан құтқарып алған еді, ал кейін көпшілігі қасарысып, сенбегенде Ол солардың көздерін құртты. 6 Сондай-ақ, өздерінің билік жүргізуге тиесілі орындарын сақтамай, мекен-тұрағын тастап кеткен періштелерді де ескеріңдер: Иеміз оларды соттайтын ұлы күн жеткенше, тозақтың қара түнегінде мәңгі шынжырлап сақтап отыр.
7 Сол сияқты, Содом, Ғомора және маңайындағы қалаларды ұмытпаңдар: олардың тұрғындары жыныстық азғындықпен әуестеніп, табиғатқа қайшы ұятсыздықтарға салынғандары үшін жазаланды. Сонымен олар мәңгілік отта азап шегетіндердің мысалы болды.
8 Дәл осылайша, араларыңдағы сол «түс көрушілер» өз тәндерін масқаралап, ешбір билікті елемей, абыройлы билеушілерді балағаттап жүр. 9 Ал тіпті бас періште Михайл Мұса пайғамбардың мәйіті туралы шайтанмен айтысқанда, оны балағат сөзбен айыптауға дәті бармады. Ол «Жаратқан Ие саған жазаңды тартқызсын!» — деп қана қойды. 10 Бірақ сол алдамшылар өздері түсінбеген нәрселер туралы жаман сөз айтып, қарсыласады. Олар жабайы аңдар сияқты ақылдарымен емес, түйсіктерімен ғана білген нәрселері арқылы өздері жойылып кетпек. 11 Бұлар қасіретке қалмақ! Олар Қабыл таңдаған жолмен жүреді және Балағам іспетті өздері алатын сыйына қызығып, алдамшылыққа беріледі. Ақырында олар Қорах сияқты қиқарлықпен (қауым жетекшілеріне қарсы) бас көтергендері үшін құртылмақ.
12 Осындайлар достық дастарқандарыңа еш қаймықпастан келіп, тойынып алып, сендерді лас дақтар сияқты ұятқа қалдырады. Мұндай адамдар жаман шопандай тек өз қамдарын ғана ойлайды. Олар жел айдаған жаңбырсыз ақша бұлт іспетті, әрі күзде жеміс бермейтін, тамырымен жұлынған, біржола өлген ағаш секілді ешбір пайда келтірмейді. 13 Қайта, олар ұятсыз істерін паш етіп, көбік шашып, қоқыр-соқыр әкеліп жатқан теңіздің буырқанған толқындарына ұқсайды. Осы азғырушылар кезбе жұлдыздай тура бағытты сілтей алмайды; оларға тозақтың мәңгілік қара түнегі дайын тұр.
14 Бұлар туралы адамзаттың жетінші атасы Енох пайғамбар былай деп алдын ала айтқан еді: «Тыңдаңдар, Иеміз Өзінің он мыңдаған қасиетті нөкерлерін ертіп көктен түспек! 15 Ол бәрін де соттап, әділетсіздердің зұлымдықпен істеген барлық жаман істерін де, арсыз күнәкарлардың Оған қарсы айтқан күллі қатал сөздерін де әшкерелеп, жазаларын тартқызатын болады». 16 Мұндайлар ұдайы наразылық білдіріп, күңкілдеп жүреді. Олар жаман құмарлықтарына салынып, бас пайдалары үшін мақтанып, өзгелерге жағымпазданады.
17 Ал сендер, сүйікті бауырластарым, Иеміз Иса Мәсіхтің елшілерінің алдын ала айтып кеткендерін естеріңе түсіріңдерші! 18 Олар сендерге: «Осы соңғы заманда өздерінің арсыз құмарлықтарына салынып, шынайы ілімді келемеждеп жүрген адамдар шығады!» — деген еді. 19 Қауымдарға жік салатын мұндайларда Киелі Рух болмайды, қайта, олар күнәкар болмыстарының жетегінде жүреді.
20 Ал сендер, сүйікті бауырластарым, өздерің сенетін Тәңір Иенің қасиетті де пәк таза ілімінің негізінде рухани өсіп толысуға ұмтылыңдар; Киелі Рухтың жетелеуімен сиыныңдар. 21 Әрдайым Құдайдың сүйіспеншілігіне бөленіп, жамандық атаулыдан сақтаныңдар. Иеміз Иса Мәсіхтің қайта оралғанда өздеріңе шапағатын тигізіп, мәңгілік өмірге жеткізуін аңсап күтіңдер! 22 Ізгі хабарға күмәнданып жүргендерге қайырымды болып, 23 оларды ынта-жігермен тозақ отынан құтқарып алыңдар! Ал (жалған ілімдерді ұстанған) басқаларға аяушылық танытқанда, күнәнің ықпалынан шошына сақтаныңдар! Олардың азғын болмыстарынан бастау алатын арам істерінен жиреніп, аулақ жүріңдер!
24 Сендерді адасып кетуден сақтап, Өзінің нұрлы салтанаты көрінген күні қуанышпен, мүлтіксіз таза күйлеріңде өз алдына тұрғызуға 25 бірден-бір Құдайымыздың құдіреті жетеді. Ол бізді Иеміз Иса Мәсіх арқылы құтқарған еді ғой. Даңқ пен ұлылық, құдірет пен билік күллі өткен дәуірлерде болғандай, қазір де, мәңгілік те Онікі! Аумин.
Яһуда 24–25