Иса Мәсіхтің елшісі болуға Құдайдың еркімен тағайындалған Пауыл мен бауырласымыз Состеннен Қорынт қаласындағы Құдайдың қауымына дұғай сәлем. Құдай сендерді Иса Мәсіх арқылы Өзіне бағыштап алды да, кез келген жерде тұрып, Иеміз Иса Мәсіхке Жаратқан Ие деп сиынатындардың бәрімен бірге сендерді де Өзінің қасиетті халқы болуға шақырды. Ал Мәсіх — олардың да, біздің де Иеміз. Құдай Әкеміз бен Иеміз Иса Мәсіх сендерге рақым мен тыныштық жаудыра көрсін!
Мен Құдайға әрдайым сендер үшін шүкірлік етемін, өйткені Ол өздеріңе Иса Мәсіх арқылы рақымын сыйлады. Сендер Мәсіхтің арқасында барлық жағынан да рухани байып, Құдайдың сөзі жайлы еркін сөйлей алып, жан-жақты білімге ие болдыңдар. Мәсіх туралы Ізгі хабарымыздың шындығы өмірлеріңде расталды. Осылай сендер Киелі Рух сыйлайтын дарындардан ешқандай тапшылық көрмей, Иеміз Иса Мәсіхтің салтанатпен көрінуін сағына күтудесіңдер. Иеміздің қайта оралатын сол күні еш айыпталмауларың үшін Тәңір Ие сендерді өмірлеріңнің аяғына дейін табанды етпек. Құдай уәделеріне берік, Ол сендерді Өзінің рухани Ұлы — Иеміз Иса Мәсіхпен тығыз байланыста болуға шақырған.
Бауырластарым, сендерге Иеміз Иса Мәсіхтің атынан ескертемін: ауызбірлікті сақтап, жікке бөлінбеңдер! Қайта, бірдей мақсат пен пікірде болып, бірлікте тұрыңдар! Себебі, қымбатты бауырластарым, Хылойдың үйінен келгендерден араларыңда талас-тартыс бар екенін біліп алдым. Менің түсінуімше, біреулерің: «мен Пауылдың адамымын», басқа біреуің: «ал мен Аполлостікімін», үшіншің: «бірақ мен Петірдің», төртіншің: «ал мен Мәсіхтің шәкіртімін» дейді екенсіңдер. Сонда Мәсіхтің жіктеліп бөлінгені ме?! Әлде сендер үшін айқышқа шегеленіп құрбан болған мен, Пауыл, ма едім?! Немесе Пауылдың адамы болу үшін шомылдыру рәсімінен өтіп пе едіңдер? (Ондайдан сақтасын!) Мен Крисіп пен Гайдан басқа ешкімді осы рәсімнен өткізген жоқпын, сол үшін Құдайға шүкірлік етемін. Сондықтан Пауылдың адамы болу үшін шомылдыру рәсімінен өттім деп ешқайсың айта алмайсыңдар! Рас, сондай-ақ Степанның үй ішіндегілерін де өткізгенмін, ал тағы басқа біреуді өткізгенім есімде жоқ. Мәсіх мені шомылдыру рәсімін орындауға емес, Ізгі хабарды уағыздауға жіберді. Ол маған данышпандық пен шешендікті пайдалан демеді де, әйтпесе Мәсіхтің айқыштағы құрбандығы туралы уағыз өз күшінен айырылар еді.
Мәсіхтің айқыштағы құрбандығы туралы Ізгі хабарды тозаққа кететіндер ақымақтық деп есептейді, ал құтқарылатын біздер үшін осы хабарда Құдайдың құдіреті жатыр. Пайғамбардың жазбасында мынадай сөздер бар: «Даналардың даналығын жойып, ақылдылардың ақылын жоқ қыламын».
«Олай болса, даналар мен ғұламалар қайда, осы дүниелік ұлы істер туралы айтысқыш шешендер ше?» Құдай солардың бәрін де ақымақтар, ал даналықтарын түкке тұрғысыз ақылсыздық қылып көрсетті емес пе? Адамзаттың тіпті ең кемеңгер деген ой-санасымен де Құдайды ешқашан тани алмайтындығын Ол алдын ала өз даналығымен білді. Сондықтан Құдай осы дүние ақымақтық деп есептейтін уағызымыз арқылы соған сенетіндерді құтқаруды лайық көрді. Яһудилер құдіретті кереметтер талап етсе, гректер уағызымыздан даналық іздейді. Бірақ біз Мәсіхті айқышқа шегеленіп, жанын құрбан етті деп жариялаймыз. Бұл хабар яһудилерге жек көрінішті, ал басқа ұлттық адамдарға ақымақтық болып көрінеді. Алайда яһудилер мен басқа халықтардан шақырылғандар Мәсіхті «Құдайдың құдіреті мен даналығы» деп түсінеді. Адамдар «ақымақтық» дейтін Құдайдың құтқару жолы пенденің даналығынан әлдеқайда жоғары және Құдайдың «әлсіздігі» (яғни Мәсіхтің айқышта жанын қиюы) пенденің күш-қуатынан әлдеқайда күшті.
Бауырластар, Құдай сендерді шақырғанда өздеріңнің кім болғандарыңа назар аударыңдаршы: табиғи тұрғыдан қарағанда араларыңда даналар, билік иелері, асыл туғандар көп емес еді. Бірақ осы дүние кімдерді «ақымақ» деп санаса, Құдай «данышпан-ақылгөй» делінгендерді ұялту үшін соларды таңдап алды. Және осы дүние «күшсіз» деп тапқандарды Құдай «күштілерді» ұялту үшін Өзіне таңдады. Осы дүние маңызды деп есептейтіндерді жою үшін Құдай осы дүниенің менсінбей, қорлап, түкке тұрғысыз деп санағандарын таңдап алды. Осылайша Құдайдың алдында ешкімнің де мақтануына болмайды. Тәңір Иенің істегені арқылы сендер Иса Мәсіхпен тығыз байланысқа келдіңдер. Құдай Мәсіхті даналығымыздың бастауы етіп, бізді Ол арқылы ақтап, Өзінің қасиетті халқы қылып, күнәнің құлдығынан құтқарды. Сондықтан: «Кім мақтанғысы келсе, тек Жаратқан Иемен мақтансын!» — деп (Пайғамбарлар жазбаларында) жазылғандай істеңдер.
Қорынттықт. 1-хат 1
Құдай Өзіне сенуші сендерді құдіретті күшімен қорғап, заманның ақырында осы күнәкар дүниеден құтқаратын болады, сол кез жеткенде бұл айқын көрінбек.
Қазір сендерге біраз уақыт азап шегіп, қуғын-сүргін көруге тура келгенмен, осы сөнбес үмітке қуаныңдар! Азап шегулеріңнің мақсаты — шын жүректен сенгендеріңді дәлелдеу. Жойылып кетуі мүмкін алтын отта балқытылған кезде сыналып, тазартылады. Сол сияқты, алтыннан әлдеқайда бағалы сенімдерің де бастан кешкен азаптарың арқылы сыналып, берік те шынайы екендігі дәлелденеді. Сонда Иса Мәсіхтің қайта оралып, ашық көрінетін күні Құдай сендерді мақтап, даңқ пен құрметке бөлемек.
Петірдің 1-хаты 1:5-7
(Алғашқыда Жақып деп аталған) Исраилдің ұлдары: Рубен, Шимон, Леуі, Яһуда, Исашар, Забулон, Дан, Жүсіп, Бунямин, Нафталим, Ғад, Ашир.
Яһуданың ұлдары: Ер, Онан, Шелах. Осы үш ұлы Шуа есімді қанахандық адамның қызынан туған. Яһуданың тұңғыш ұлы Ердің мінез-құлқы Жаратқан Иеге жек көрінішті болғандықтан, Жаратқан Ие оның өмірін қысқа қылды. Кейін Яһуданың келіні Тамар оған Парес пен Зарахты туды. Яһуданың барлығы бес ұлы болды.
Парестің ұлдары: Хесрон мен Хамул.
Зарахтың ұлдары: Зімри, Етан, Хеман, Халқол, Дара, барлығы бесеу. (Зарахтың шөбересі) Қарми ұлы Ахан Жаратқан Иеге бағышталған, жойылуға тиісті заттан алып, Исраилдің басына пәле келтірді.
Етанның ұлы: Азариях.
Хесронның ұлдары: Ерахмел, Рам, Халеп.
Рамнан Әминадап, Әминадаптан Яһуданың рубасы Нағасон, Нағасоннан Салмон, Салмоннан Боғоз, Боғоздан Ғабит, Ғабиттен Есей туды.
Есейдің ұлдары: тұңғышы Елияп, екіншісі Абинадап, үшіншісі Шаммах, төртіншісі Нетанел, бесіншісі Раддай, алтыншысы Осем, ал жетіншісі Дәуіт (патша) еді.
Есейдің қыздары: Сарұя, Әбигел. Сарұяның үш ұлы: Әбішай, Жоғаб, Асахил. Әбигел ысмағұлдық Етерге күйеуге шығып, Амасаны туды.
Хесрон ұлы Халеп әйелі Азубадан мына ұлдарын сүйді: Ешер, Шобаб және Ардон. Халеп Ериоттан да бала сүйген. Азуба қайтыс болғанда, Халеп Ефратаға үйленді, ол Халепке Һұрды туды. Һұрдан Ұри, ал Ұридан Беселиел тарады.
Кейінірек Хесрон жасы алпысқа толғанда, Ғилақадтың әкесі Махырдың қызына үйленіп, одан Сегуб есімді ұлын сүйді. Ғилақадтағы жиырма үш елді мекенді иемденген Жайыр сол Сегубтің ұлы болатын. Ал кейін Гешур мен Арама патшалықтары Жайырдың қоныстарын және Кенат қаласын айналасындағы елді мекендерімен бірге жаулап алды. Сол елді мекендердің жалпы саны алпыс болған. Бұларда қоныстанғандардың барлығы Ғилақадтың әкесі Махырдан тарады.
Хесрон Халеп-Ефратада қайтыс болғаннан азғана уақыт өткенде, әйелі Абия оның ұлы Ашхұрды туды. Ашхұр Текояның әкесі болды.
Хесронның тұңғыш ұлы Ерахмелдің ұлдары: тұңғышы Рам, ал кейінгілері Буна, Орен, Осем, Ахиях еді. Ерахмелдің Атара деген тағы бір әйелі болды, ол Онамды туды.
Ерахмелдің тұңғыш ұлы Рамның ұлдары: Мағас, Ямин, Екер. Онамның ұлдары: Шаммай мен Ядақ. Шаммайдың ұлдары: Надаб, Абишур. Абишурдың әйелінің аты Әбихаил, ол оған Ахбан мен Молидті туды. Надабтың ұлдары: Селед, Афаим. Селед соңынан бала қалдырмай қайтыс болды. Ал інісі Афаимнан Иши, одан Шешан, одан Ахлай тарады. Шаммайдың інісі Ядақтың ұлдары: Етер, Жонатан. Етер соңынан бала қалдырмай қайтыс болды. Жонатанның ұлдары: Пелет, Заза. Осылардың барлығы Ерахмелден тараған ұрпақтар.
Шешанның ұлдары болмай, тек қыздары болды. Шешан Жарқа деген мысырлық қызметшісіне бір қызын қосып, ол Аттайды туды. Аттайдан өрбіген ұрпақтар: Аттайдан Натан, одан Зауад, одан Ефлал, одан Ғабит, одан Еһу, одан Азариях, одан Хелес, одан Елеаса, одан Сисмай, одан Шаллум, одан Екамиях, одан Әлишама.
Ерахмелдің інісі Халептің ұлдары: тұңғышы Меса, соның ұлы Зиф, ал екінші ұлы Мареша еді, ол Хебронның әкесі болды. Хебронның ұлдары: Қорах, Таппуах, Рекем, Шема. Шемадан өрбіген ұрпақтар: Шемадан Рахам, одан Жорқиям, одан Шаммай, одан Мағон, одан Бет-Сұр.
Халептің Ефа есімді кәнизагы Харан, Моса, Ғазезді туды. Харанның ұлының есімі де Ғазез еді. Яхдайдың ұлдары: Регем, Жотам, Гешан, Пелет, Ефа, Шағаф. Халептің Маха есімді кәнизагы Шебер мен Тирханахты туды. Мадманахтың әкесі Шағафты және Махбенах пен Гибеяның әкелері Шеуаны туған да сол Маха болатын. Халептің бір қызының есімі Ахса еді. Осылардың барлығы Халептің үрім-бұтағы.
Ефратаның тұңғышы Һұрдың ұлдары: Кирият-Иғарымның басқарушысы Шобал, Бетлехемнің басқарушысы Салмон, Бетгәдердің басқарушысы Хареф.
Кирият-Иғарымның басқарушысы Шобалдың ұрпақтары: Хароге, Манахат тұрғындарының жартысы әрі Кирият-Иғарымды мекендеген Итір, Пұт, Шумат, Мишра атты әулеттер. Бұлардан Сора мен Ештағолдың тұрғындары тарады.
Салмонның ұрпақтары: Бетлехем, Нетопат және Атырот-Бет-Жоғабтың тұрғындары, Манахат тұрғындарының қалған жартысы және Сораның тұрғындары.
Ябесте тұрып жатқан хатшылар: Тират, Шимеят, Суха атты әулеттер. Бұлар Рехап әулетінің басшысы Хаматтан тараған кендіктер.
Шежірелер 1-ж. 2
Сондықтан оларға кенет ажал жетсін,
Маған құрған торына өздері түссін,
Осылайша өз бастары құрып кетсін.
Забур жырлары 34:8
Жан-тәніммен Оны былай деп мақтаймын:
«Күшсіз жанды күштіден қорғайтын,
Бейшара кедейді тонаушыдан сақтайтын
Саған кім тең келер, уа, Жаратқаным?»
Забур жырлары 34:10
Сондықтан сендерге мынаны айтамын: не ішіп-жейміз деп өмірлеріңді, не киеміз деп тәндеріңді уайымдамаңдар! Өмір тамақтан, тән киімнен артық қой! Әуеде ұшқан құстарға назар салыңдаршы: олар егін екпейді де, ормайды да, өнімін қамбаға жинамайды да, бірақ көктегі Әкелерің оларды асырайды. Ал сендер құстардан әлдеқайда артық емессіңдер ме?!
Матай 6:25-26
Еш нәрсені уайымдамай, барлық жағдайда өтініштеріңді Құдайға сиынып тілекпен және шүкірлікпен білдіріңдер! Сонда Құдайдың адам ақылынан асқан керемет тыныштығы сендердің жүректерің мен ой-саналарыңды Мәсіх Исада сақтайды.
Філіпілікт. хат 4:6-7