Иса Мәсіхтің елшісі болуға Құдайдың еркімен тағайындалған Пауыл мен бауырласымыз Состеннен Қорынт қаласындағы Құдайдың қауымына дұғай сәлем. Құдай сендерді Иса Мәсіх арқылы Өзіне бағыштап алды да, кез келген жерде тұрып, Иеміз Иса Мәсіхке Жаратқан Ие деп сиынатындардың бәрімен бірге сендерді де Өзінің қасиетті халқы болуға шақырды. Ал Мәсіх — олардың да, біздің де Иеміз. Құдай Әкеміз бен Иеміз Иса Мәсіх сендерге рақым мен тыныштық жаудыра көрсін!
Мен Құдайға әрдайым сендер үшін шүкірлік етемін, өйткені Ол өздеріңе Иса Мәсіх арқылы рақымын сыйлады. Сендер Мәсіхтің арқасында барлық жағынан да рухани байып, Құдайдың сөзі жайлы еркін сөйлей алып, жан-жақты білімге ие болдыңдар. Мәсіх туралы Ізгі хабарымыздың шындығы өмірлеріңде расталды. Осылай сендер Киелі Рух сыйлайтын дарындардан ешқандай тапшылық көрмей, Иеміз Иса Мәсіхтің салтанатпен көрінуін сағына күтудесіңдер. Иеміздің қайта оралатын сол күні еш айыпталмауларың үшін Тәңір Ие сендерді өмірлеріңнің аяғына дейін табанды етпек. Құдай уәделеріне берік, Ол сендерді Өзінің рухани Ұлы — Иеміз Иса Мәсіхпен тығыз байланыста болуға шақырған.
Бауырластарым, сендерге Иеміз Иса Мәсіхтің атынан ескертемін: ауызбірлікті сақтап, жікке бөлінбеңдер! Қайта, бірдей мақсат пен пікірде болып, бірлікте тұрыңдар! Себебі, қымбатты бауырластарым, Хылойдың үйінен келгендерден араларыңда талас-тартыс бар екенін біліп алдым. Менің түсінуімше, біреулерің: «мен Пауылдың адамымын», басқа біреуің: «ал мен Аполлостікімін», үшіншің: «бірақ мен Петірдің», төртіншің: «ал мен Мәсіхтің шәкіртімін» дейді екенсіңдер. Сонда Мәсіхтің жіктеліп бөлінгені ме?! Әлде сендер үшін айқышқа шегеленіп құрбан болған мен, Пауыл, ма едім?! Немесе Пауылдың адамы болу үшін шомылдыру рәсімінен өтіп пе едіңдер? (Ондайдан сақтасын!) Мен Крисіп пен Гайдан басқа ешкімді осы рәсімнен өткізген жоқпын, сол үшін Құдайға шүкірлік етемін. Сондықтан Пауылдың адамы болу үшін шомылдыру рәсімінен өттім деп ешқайсың айта алмайсыңдар! Рас, сондай-ақ Степанның үй ішіндегілерін де өткізгенмін, ал тағы басқа біреуді өткізгенім есімде жоқ. Мәсіх мені шомылдыру рәсімін орындауға емес, Ізгі хабарды уағыздауға жіберді. Ол маған данышпандық пен шешендікті пайдалан демеді де, әйтпесе Мәсіхтің айқыштағы құрбандығы туралы уағыз өз күшінен айырылар еді.
Мәсіхтің айқыштағы құрбандығы туралы Ізгі хабарды тозаққа кететіндер ақымақтық деп есептейді, ал құтқарылатын біздер үшін осы хабарда Құдайдың құдіреті жатыр. Пайғамбардың жазбасында мынадай сөздер бар: «Даналардың даналығын жойып, ақылдылардың ақылын жоқ қыламын».
«Олай болса, даналар мен ғұламалар қайда, осы дүниелік ұлы істер туралы айтысқыш шешендер ше?» Құдай солардың бәрін де ақымақтар, ал даналықтарын түкке тұрғысыз ақылсыздық қылып көрсетті емес пе? Адамзаттың тіпті ең кемеңгер деген ой-санасымен де Құдайды ешқашан тани алмайтындығын Ол алдын ала өз даналығымен білді. Сондықтан Құдай осы дүние ақымақтық деп есептейтін уағызымыз арқылы соған сенетіндерді құтқаруды лайық көрді. Яһудилер құдіретті кереметтер талап етсе, гректер уағызымыздан даналық іздейді. Бірақ біз Мәсіхті айқышқа шегеленіп, жанын құрбан етті деп жариялаймыз. Бұл хабар яһудилерге жек көрінішті, ал басқа ұлттық адамдарға ақымақтық болып көрінеді. Алайда яһудилер мен басқа халықтардан шақырылғандар Мәсіхті «Құдайдың құдіреті мен даналығы» деп түсінеді. Адамдар «ақымақтық» дейтін Құдайдың құтқару жолы пенденің даналығынан әлдеқайда жоғары және Құдайдың «әлсіздігі» (яғни Мәсіхтің айқышта жанын қиюы) пенденің күш-қуатынан әлдеқайда күшті.
Бауырластар, Құдай сендерді шақырғанда өздеріңнің кім болғандарыңа назар аударыңдаршы: табиғи тұрғыдан қарағанда араларыңда даналар, билік иелері, асыл туғандар көп емес еді. Бірақ осы дүние кімдерді «ақымақ» деп санаса, Құдай «данышпан-ақылгөй» делінгендерді ұялту үшін соларды таңдап алды. Және осы дүние «күшсіз» деп тапқандарды Құдай «күштілерді» ұялту үшін Өзіне таңдады. Осы дүние маңызды деп есептейтіндерді жою үшін Құдай осы дүниенің менсінбей, қорлап, түкке тұрғысыз деп санағандарын таңдап алды. Осылайша Құдайдың алдында ешкімнің де мақтануына болмайды. Тәңір Иенің істегені арқылы сендер Иса Мәсіхпен тығыз байланысқа келдіңдер. Құдай Мәсіхті даналығымыздың бастауы етіп, бізді Ол арқылы ақтап, Өзінің қасиетті халқы қылып, күнәнің құлдығынан құтқарды. Сондықтан: «Кім мақтанғысы келсе, тек Жаратқан Иемен мақтансын!» — деп (Пайғамбарлар жазбаларында) жазылғандай істеңдер.
Қорынттықт. 1-хат 1
Жаратқан Ие мынаны да айтады: Дана даналығымен, мықты мықтылығымен, бай байлығымен мақтанбасын! Ал кім мақтанғысы келсе, тек Менің Жаратқан Ие екенімді және жер бетінде рақым, әділет пен әділдікті жүзеге асыратынымды біліп-түсінетінімен мақтансын! Себебі Мен осылардан рақат табамын. Мен, Жаратқан Ие, осылай деймін.
Еремия 9:23-24
Иә, мен бәрін де залал деп санаймын, өйткені Ием Иса Мәсіхті жақыннан танып білу өзге нәрселерден әлдеқайда жоғары. Иеме бола бұлардың бәрінен айырылдым, оларды түкке тұрғысыз сыпырынды деп санаймын да. Осылайша қабылдайтын сыйым — Мәсіхтің Өзі.
Філіпілікт. хат 3:8
Мен Ізгі хабар үшін еш ұялмаймын, ол — Мәсіхке сенетін барлық адамдарды, алдымен яһудилерді, сондай-ақ басқа ұлт адамдарын да құтқаратын Құдайдың құдіреті!
Римдіктерге хат 1:16
Сондықтан мен Иса Мәсіхпен тығыз байланыста жүріп, Құдай үшін атқарған жұмысымды мақтан тұтамын.
Римдіктерге хат 15:17
Ефрем руының таулы жерінде, Сұфтың үрім-бұтағы мекендеген Раматаим қаласында Елқанах атты адам тұратын. Ол Ерохамның ұлы, Еліхудің немересі, Тохудың шөбересі, Сұфтың шөпшегі еді. Сұф кезінде Ефрата қаласының тұрғыны болған.
Елқанахтың Ханна және Пәнана есімді екі әйелі бар еді. Пәнананың балалары болды, ал Ханна құрсақ көтермеді. Елқанах жыл сайын Әлемнің Иесіне ғибадат етіп, құрбандық шалу үшін отбасын ертіп өз қаласынан Шилоға сапар шегетін. Сол қалада Елидің екі ұлы Опни мен Пінехес Жаратқан Иенің киелі үйінде Оның діни қызметкерлері болып істейтін. Құрбандық шалғаннан кейін Елқанах әйелі Пәнанаға және одан көрген ұл-қыздарына тиісті үлестерін беретін, ал Ханнаға екі еселеп табыстайтын. Себебі Жаратқан Ие перзент сыйламаса да, күйеуі Ханнаны қатты жақсы көрді.
Бірақ күндесі Пәнана Ханнаны кекетіп-мұқатып, Жаратқан Иенің оған перзент сыйламағанын бетіне басып, ренжіте беретін. Ол жыл сайын солай істейтін. Олар Шилоға Жаратқан Иенің үйіне өрлеп барған кезде Пәнана Ханнаны осылай өкпелететін. Ханна болса егіле жылап, астан дәм татпайтын. Сонда күйеуі оны жұбатып: «Ханна, сен неге жылай бересің, неге тамақ ішпейсің? Жүрегің неден жабырқаулы? Мен сен үшін он ұлдан да артық емеспін бе?» — деп сұрайтын.
Бірде отбасы Шилода құрбандық шалып, ішіп-жеп болған соң, Ханна орнынан тұрып, Жаратқан Иенің киелі үйінің қасына барды. Ал діни қызметкер Ели кіреберіс жақтауының жанында өз орындығында отырған болатын. Сонда Ханна жылап, жүрегіндегі шерін Жаратқан Иеге ақтарып сиынды. «Уа, Әлемнің Иесі! Осы күңіңнің қайғы-қасіретіне назар аударып, есіңде ұстай гөр. Маған рақымыңды түсіріп, бір ұл сыйласаң, соны өмір бойы Саған бағыштар едім, уа, Жаратқан Ие. Оның басына ешқашан ұстараның жүзі тимес еді», — деп ант берді ол.
Ханна осылай Жаратқан Иеге мінажат етіп ұзақ сиынғанда, Ели оның аузына қарап отырды. Еріндері жыбырлап тұрса да, әйел іштей жалбарынып, ешқандай дыбыс шығармады. Содан Ели оны мас екен деп ойлап қалып:
— Сен қашанғы мас болып жүре бересің? Шарап ішуіңді доғар! — деп зекіді. Ал Ханна:
— Мырзам, олай емес. Мен бір күйзеліп жүрген сорлы әйелмін. Не шараптан, не сырадан ауыз да тиген жоқпын. Тек көкірегімдегі зарымды Жаратқан Иеге ақтарып сиынып отырмын. Мені арсыз әйел деп ойлап қалмаңыз! Қайғы-қасіретім өте зор болғандықтан осылайша жалынып тұрмын! — деп мұңын шақты. Сонда Ели оған:
— Тыныштықпен үйіңе қайта бер. Исраилдің сиынатын Құдайы тілеуіңді қабыл алсын! — деп батасын берді.
— Мырзам, мендей пақырыңызға оң көзіңізбен қарай көріңіз, — деп Ханна қоштасып, кетіп қалды. Енді ол тамақ ішіп, бет-жүзінен қайғының нышаны байқалмайтын болды.
Келесі күні отбасы ерте тұрып, Жаратқан Иеге ғибадат етті. Содан олар Рамақтағы үйлеріне қайта оралды. Елқанах Ханнамен жақындасқан кезде Құдай әйелдің тілегін ескеріп, жүзеге асырды. Ол аяғы ауырлап, айы-күні жеткенде ұл бала туды. Ханна: «Мен оны Жаратқан Иеден сұрап алғанмын», — деп, оған Самуил (яғни «Құдай құлақ асты») деген ат қойды.
Келесі жылы Елқанах бүкіл үй ішімен Жаратқан Иеге арнап құрбандық шалып, өзінің уәде еткен өзге сый-тартуларын да ұсыну үшін тағы да Шилоға бармақшы болды. Ал Ханна күйеуіне:
— Бала өсіп, емшектен шыққаннан кейін оны Шилоға алып барамын. Сонда ол Жаратқан Иеге бағышталып, сол жерде тұратын болсын, — деп бармай қалды. Елқанах оған:
— Жарайды. Баланы емшектен шығарғанға дейін күте тұр. Тек берген уәдеңді Жаратқан Ие шындыққа айналдыра көрсін, — деді. Осылайша Ханна нәрестесін емізіп, үйінде қалды.
Самуилді емшектен шығарған соң анасы оны ертіп, Жаратқан Иенің Шилодағы киелі үйіне алып барды. Онда үш жасар бұқаны, бір қап ұн мен бір торсық шарапты да ала келген еді. Бала әлі де тым жас болатын. Әке-шешесі бұқаны құрбандыққа шалғаннан кейін баланы Елидің алдына алып барды.
Ханна оған: «Мырзам, шынымды айтамын: мен баяғыда осы жерде, сіздің қасыңызда тұрып, Жаратқан Иеге сиынған әйелмін ғой. Сол кезде мына баланы сыйлай көрсін деп жалбарынған едім. Жаратқан Ие өтінішімді жүзеге асырды. Енді мен де уәдемді орындап, баланы өмір бойы Оның қызметіне бағыштағым келіп отыр», — деді. Сонда олар иіліп Жаратқан Иеге ғибадат етті.
Патшалықтар 1-ж. 1
Ием, мен Саған сенімімді жүктедім,
Содан мынаны айттым: «Қатты қиналып жүрмін!»
Забур жырлары 115:1