«...біз басқалардың еңбегімен шектен тыс мақтанбаймыз, бірақ сендердің сенімдерің өскен сайын, біздің қызмет аямызға сәйкес араларыңда үлкейіп, сендерден де асып түсіп, Ізгі хабарды таратуға үміттенеміз, басқалардың қызмет аясында дайын болған нәрсемен мақтанбаймыз». (2 Қорынттықтарға 10:15,16)
Біз Ізгі хабарды бұрынғы қызмет аямыздан тыс жерде таратуға қалай дайынбыз? Бұл сұрақ орынды және біз оны өзіміздің пайдамыз үшін қоюымыз керек. Мен «Ізгі хабар тарату рухын» таратпайтын мәсіхшінің өкінішті мәсіхші екеніне сенімдімін, сондай-ақ Ізгі хабарға немқұрайлы қарайтын қауым өлі күйде болады. Рухани өсудің және жақсы ішкі жағдайдың – жеке немесе қауымда – ең шынайы белгілерінің бірі – біздің сенбейтін адамдардың дінге келуіне алаңдауымыз. Мәсіхтің сөзі мол тұратын мәсіхшінің бұл сөзді күнәкарларға куәландыруға күш салмайтынын қабылдау қиын.
Көптеген Мәсіхтің қызметшілері бір жерде тым ұзақ қалып, қателік жіберген бе деген сұрақ туындауы мүмкін. Олар белгілі бір күнделікті әдетке беріліп, көп жағдайда тыңдаушылары сияқты сал болып қалған. Мен мұнда Ізгі хабарға сенгендердің арасында атқарылатын шопанның, ақсақалдың немесе мұғалімнің қызметі туралы айтып отырған жоқпын. Мен көбінесе бір жерде қалуға сирек мүмкіндігі бар ізгі хабар таратушыға сілтеме жасаймын. Оның қызмет аясы – әлем. Оның ұраны – Ізгі хабарды білмейтіндерге бару. Оның мақсаты – Құдай шақыратын адамдарды жинау. Оның мінез-құлық ережесі – Киелі Рухқа тәуелділік. Пауыл өзі Ізгі хабарды таратып келген Қорынттықтардың жетістіктерін көріп, енді Ізгі хабарды «сендерден де асып түсіп таратуға» үміттенді.
Соңында, мен әрбір оқырман, ол ізгі хабар таратушы болсын немесе болмасын, Мәсіхтің Ізгі хабарын таратуда қандай жетістікке жетіп жатқаны туралы дұғада байыпты ойланса екен деймін. Біз белсенді болмай қалуға мүмкіндік бере алмаймыз. Уақыт тығыз! Мәңгілік тез келеді. Ұстаз шексіз лайықты. Адамдар шексіз құнды. Жұмыс уақыты тез аяқталады. Ал біз қолымыздан келгенді істегеннен кейін, көрші аймақтарға барып, Ізгі хабарды әлі естімегендерге – тіпті алыс аймақтарға да жеткізе аламыз.
К.Х.М.





