Дәуіт: «Ұлым Сүлеймен әлі де бұғанасы қатпаған жас. Ал Жаратқан Иеге арнап салынбақ киелі үй зәулім де сәулетті ғимарат болуға тиіс. Оның даңқы күллі халықтарға жайылатын болсын! Сондықтан оның құрылысына дайындық жасайын», — деп ойлады. Осылайша Дәуіт өмірінің соңына дейін құрылысқа қажет болатын заттардың мол қорын даярлап қойды.
Шежірелер 1-ж. 22:5
сендер де рухани үйге (яғни қауымға) қаланған тірі тастар сияқтысыңдар. Сендер Иса Мәсіхке бола Құдайға ұнамды рухани сый-тартулар ұсынып, Оған бағышталған қасиетті қызмет атқарудасыңдар.
Петірдің 1-хаты 2:5
Сендер өздеріңнің «Құдайдың киелі үйі» екендіктеріңді және Құдайдың Рухы өздеріңде тұратынын білмейсіңдер ме? «Өзінің киелі үйін» жойғанды Құдай жоймақ. Себебі Құдайдың «киелі үйі» — Оның қасиетті меншігі. Ал осы «киелі үй» — сендерсіңдер!
Қорынттықт. 1-хат 3:16–17
Әлде денелеріңнің Киелі Рух мекендейтін киелі үй екенін білмейсіңдер ме? Сендер Құдайдан қабылдаған Киелі Рух бойларыңнан орын алды. Енді өз меншіктерің емессіңдер, Иеміз сендерді үлкен құн төлеп, күнәнің құлдығынан азат етті. Ендеше денелеріңмен Құдайдың даңқын арттырыңдар!
Қорынттықт. 1-хат 6:19–20
Құдайдың киелі үйі мен жалған тәңірлер арасында қандай келісімнің болуы мүмкін? Себебі біздер мәңгі тірі Құдайдың «киелі үйіміз». Құдайдың Өзі мынадай сөздер айтқан: «Мен орталарында тұрып, араларында жүретін боламын. Мен олардың Құдайы, ал олар Менің халқым болады».
Қорынттықт. 2-хат 6:16
Сонымен сендер енді не бөтен, не келімсек сияқты емес, Құдайдың халқы болып келген яһуди сенушілерімен бірдей, сол халықтың азаматысыңдар, тіпті «Құдайдың отбасысының мүшелерісіңдер»! Құдайдың рухани үйінің елшілер мен пайғамбарлар салған іргетасының үстіне сендер де «тірі тас» іспетті қаландыңдар. Осы «үйдің» ең негізгі және басты «Тасы» — Иса Мәсіхтің Өзі. Ол арқылы бүкіл рухани құрылыс (сенушілердің бәрі) біріктіріліп, Жаратқан Иеге бағышталған «киелі үй» болу үшін өсіп жатыр. Осылайша сендер Иса Мәсіхтің арқасында «Құдайдың тұратын мекені» ретінде бірге қаланасыңдар. Құдай оны Өзінің Киелі Рухы арқылы мекендейді.
Ефестікт. хат 2:19–22