2024 ж. 11 мамыр, сенбі

Күнделікті Жарық

2024 ж. 11 мам.

Иса Мәсіхтің елшісі болуға Құдайдың еркімен тағайындалған Пауыл мен бауырласымыз Состеннен Қорынт қаласындағы Құдайдың қауымына дұғай сәлем. Құдай сендерді Иса Мәсіх арқылы Өзіне бағыштап алды да, кез келген жерде тұрып, Иеміз Иса Мәсіхке Жаратқан Ие деп сиынатындардың бәрімен бірге сендерді де Өзінің қасиетті халқы болуға шақырды. Ал Мәсіх — олардың да, біздің де Иеміз. Құдай Әкеміз бен Иеміз Иса Мәсіх сендерге рақым мен тыныштық жаудыра көрсін! Мен Құдайға әрдайым сендер үшін шүкірлік етемін, өйткені Ол өздеріңе Иса Мәсіх арқылы рақымын сыйлады. Сендер Мәсіхтің арқасында барлық жағынан да рухани байып, Құдайдың сөзі жайлы еркін сөйлей алып, жан-жақты білімге ие болдыңдар. Мәсіх туралы Ізгі хабарымыздың шындығы өмірлеріңде расталды. Осылай сендер Киелі Рух сыйлайтын дарындардан ешқандай тапшылық көрмей, Иеміз Иса Мәсіхтің салтанатпен көрінуін сағына күтудесіңдер. Иеміздің қайта оралатын сол күні еш айыпталмауларың үшін Тәңір Ие сендерді өмірлеріңнің аяғына дейін табанды етпек. Құдай уәделеріне берік, Ол сендерді Өзінің рухани Ұлы — Иеміз Иса Мәсіхпен тығыз байланыста болуға шақырған. Бауырластарым, сендерге Иеміз Иса Мәсіхтің атынан ескертемін: ауызбірлікті сақтап, жікке бөлінбеңдер! Қайта, бірдей мақсат пен пікірде болып, бірлікте тұрыңдар! Себебі, қымбатты бауырластарым, Хылойдың үйінен келгендерден араларыңда талас-тартыс бар екенін біліп алдым. Менің түсінуімше, біреулерің: «мен Пауылдың адамымын», басқа біреуің: «ал мен Аполлостікімін», үшіншің: «бірақ мен Петірдің», төртіншің: «ал мен Мәсіхтің шәкіртімін» дейді екенсіңдер. Сонда Мәсіхтің жіктеліп бөлінгені ме?! Әлде сендер үшін айқышқа шегеленіп құрбан болған мен, Пауыл, ма едім?! Немесе Пауылдың адамы болу үшін шомылдыру рәсімінен өтіп пе едіңдер? (Ондайдан сақтасын!) Мен Крисіп пен Гайдан басқа ешкімді осы рәсімнен өткізген жоқпын, сол үшін Құдайға шүкірлік етемін. Сондықтан Пауылдың адамы болу үшін шомылдыру рәсімінен өттім деп ешқайсың айта алмайсыңдар! Рас, сондай-ақ Степанның үй ішіндегілерін де өткізгенмін, ал тағы басқа біреуді өткізгенім есімде жоқ. Мәсіх мені шомылдыру рәсімін орындауға емес, Ізгі хабарды уағыздауға жіберді. Ол маған данышпандық пен шешендікті пайдалан демеді де, әйтпесе Мәсіхтің айқыштағы құрбандығы туралы уағыз өз күшінен айырылар еді. Мәсіхтің айқыштағы құрбандығы туралы Ізгі хабарды тозаққа кететіндер ақымақтық деп есептейді, ал құтқарылатын біздер үшін осы хабарда Құдайдың құдіреті жатыр. Пайғамбардың жазбасында мынадай сөздер бар: «Даналардың даналығын жойып, ақылдылардың ақылын жоқ қыламын». «Олай болса, даналар мен ғұламалар қайда, осы дүниелік ұлы істер туралы айтысқыш шешендер ше?» Құдай солардың бәрін де ақымақтар, ал даналықтарын түкке тұрғысыз ақылсыздық қылып көрсетті емес пе? Адамзаттың тіпті ең кемеңгер деген ой-санасымен де Құдайды ешқашан тани алмайтындығын Ол алдын ала өз даналығымен білді. Сондықтан Құдай осы дүние ақымақтық деп есептейтін уағызымыз арқылы соған сенетіндерді құтқаруды лайық көрді. Яһудилер құдіретті кереметтер талап етсе, гректер уағызымыздан даналық іздейді. Бірақ біз Мәсіхті айқышқа шегеленіп, жанын құрбан етті деп жариялаймыз. Бұл хабар яһудилерге жек көрінішті, ал басқа ұлттық адамдарға ақымақтық болып көрінеді. Алайда яһудилер мен басқа халықтардан шақырылғандар Мәсіхті «Құдайдың құдіреті мен даналығы» деп түсінеді. Адамдар «ақымақтық» дейтін Құдайдың құтқару жолы пенденің даналығынан әлдеқайда жоғары және Құдайдың «әлсіздігі» (яғни Мәсіхтің айқышта жанын қиюы) пенденің күш-қуатынан әлдеқайда күшті. Бауырластар, Құдай сендерді шақырғанда өздеріңнің кім болғандарыңа назар аударыңдаршы: табиғи тұрғыдан қарағанда араларыңда даналар, билік иелері, асыл туғандар көп емес еді. Бірақ осы дүние кімдерді «ақымақ» деп санаса, Құдай «данышпан-ақылгөй» делінгендерді ұялту үшін соларды таңдап алды. Және осы дүние «күшсіз» деп тапқандарды Құдай «күштілерді» ұялту үшін Өзіне таңдады. Осы дүние маңызды деп есептейтіндерді жою үшін Құдай осы дүниенің менсінбей, қорлап, түкке тұрғысыз деп санағандарын таңдап алды. Осылайша Құдайдың алдында ешкімнің де мақтануына болмайды. Тәңір Иенің істегені арқылы сендер Иса Мәсіхпен тығыз байланысқа келдіңдер. Құдай Мәсіхті даналығымыздың бастауы етіп, бізді Ол арқылы ақтап, Өзінің қасиетті халқы қылып, күнәнің құлдығынан құтқарды. Сондықтан: «Кім мақтанғысы келсе, тек Жаратқан Иемен мақтансын!» — деп (Пайғамбарлар жазбаларында) жазылғандай істеңдер.

Қорынттықт. 1-хат 15:34

Құдай Әкеге және Иеміз Иса Мәсіхке сенушілердің Салониқадағы қауымына Пауыл, Сыйлас және Тімотеден дұғай сәлем. Құдай сендерге рақымын жаудырып, тыныштығын сыйлай көрсін! Сендерді Құдайға сиынғанда еске алып, бәрің үшін әрдайым шүкірлік айтамыз. Құдай Әкеміздің алдында сендердің Оған деген сеніммен игілікті іс істеп, сүйіспеншілікпен ауыр еңбек етіп және Иеміз Иса Мәсіхке табандылықпен үміт артып жүргендеріңді үнемі еске алып отырамыз. Құдай сүйген қымбатты бауырластар, Оның сендерді таңдап алғанын білеміз. Себебі біз сендерге Ізгі хабарды сөзбен ғана емес, құдіретпен, Киелі Рухпен және зор сеніммен де жеткіздік. Сендердің игіліктерің үшін араларыңда қалай әрекет еткенімізді өздерің білесіңдер. Ал сендер бізге және Иемізге еліктеп көп азапқа ұшырасаңдар да, Ізгі хабарды Киелі Рух сыйлаған қуанышпен қабылдадыңдар. Осылай Македония мен Ахая өлкелеріндегі сенушілердің барлығына үлгі болдыңдар. Иеміздің хабары сендерден Македония мен Ахаяға ғана тараған жоқ, Құдайға деген сенімдерің барлық жерде белгілі болғандықтан, бізге бұл туралы айтудың қажеті де жоқ. Себебі жұрт сендердің бізді қандай жылылықпен қабылдағандарың және жалған тәңірлерден бас тартып, Құдайға бет бұрғандарың туралы бір-біріне айнала әңгімелеп жатыр. Енді сендер тірі де шынайы Құдайға қызмет ете жүріп, Оның рухани Ұлы Исаның көктен түсуін күтудесіңдер. Құдай өлімнен қайта тірілткен Иса бізді келешектегі қаһарлы соттан құтқарып алады.

Салониқал. 1-хат 5:5–6

Осыны іске асырыңдар, себебі қандай заманда өмір сүріп жатқанымызды білесіңдер: қазір рухани ұйқыдан оянып, сақ болатын уақытымыз келді. Біздің Мәсіхке сене бастаған кезімізден гөрі қазір құтқарылуымыз жақынырақ тұр. Түнгі уақыт бітуге таяп қалды, ал Мәсіхтің күні жақындады. Сондықтан қара түнектегі жаман істерден бас тартып, жамандыққа қарсы тұратын «нұрдың қаруын» асынайық!

Римдіктерге 13:11–12

Сондықтан Құдай берген «рухани қару-жарақтың» бәрін асыныңдар! Сөйтіп зұлым күштер шабуыл жасаған күні қарсы тұрып, ақырына дейін күресіп, жеңіп шыға аласыңдар.

Ефестікт. хат 6:13

Істеп келген барлық зұлым қылықтарыңды тастап, жаңа жүрек пен жаңа рухты иемденіңдер! Әйтпесе сендерге өліп не бар, уа, Исраил халқы?

Езекиел 18:31

Ендеше, өздеріңде қалған барлық арамдық пен жамандық атаулыны тастаңдар, жүректеріңе себіліп жатқан Ізгі хабарды кішіпейілділікпен қабылдаңдар! Ол сендерді күнәнің құлдығынан құтқара алады.

Жақып 1:21

Сөз әуелден-ақ Құдайда болатын. Құдай бәрін Сөз арқылы жаратқан, жаратылған ештеңе де Онсыз пайда болмаған. Сөз өмірдің бастауы болған. Сол өмір адамзат үшін Нұр еді. Нұр түнекте жарқырайды, ал түнек Нұрды жеңе алған емес. Құдай жіберген Жақия есімді адам болды. Жақия Нұрдың куәсі болып, барлық адамдарды өзінің куәлігі арқылы Нұрға сендіру үшін келді. Жақияның өзі Нұр емес еді, ол Нұр туралы хабарлау үшін келген болатын. Әр адамға сәулесін түсіретін шынайы Нұр бұл дүниеге келе жатты. Ол бұл дүниеде бар еді, бірақ әлемді жаратқан Сол болса да, адамдар Оны таныған жоқ. Өзі таңдап алған халқына келгенімен, олар Оны қабылдамады. Бірақ Оны қабылдап, Оған сенім артқандардың бәрін Ол Құдайдың рухани балалары болуға құқықты етті. Бұлар табиғи жолмен, пенденің қалауы бойынша бұл дүниеге келгендіктен емес, Құдай оларға шынайы өмір бергендіктен ғана Оның рухани балалары болды. Сөз адамға айналып, арамызда өмір сүрді. Сонда біз Әкенің жалғыз рухани Ұлының асқан ұлылығын көрдік: Ол рақымдылық пен шындыққа толы еді. Жақия пайғамбар Ол туралы дауыстап куәлік етіп: — Менен кейін Келе Жатқанның жолы менен үлкен, өйткені Ол мен тумастан бұрын бар болатын деген Кісім Осы, — деді. Оның шексіз рақымынан бәріміз молынан жарылқанып келеміз. Құдай ата-бабаларымызға Таурат заңын Мұса пайғамбар арқылы берді, ал рақым мен шындық бізге Иса Мәсіх арқылы жетті. Құдайды ешкім ешқашан көзімен көрген емес. Әкесімен тығыз байланыстағы жалғыз рухани Ұлы бізге Оны жақыннан танытты. Жақия былай деп куәлік берген еді: яһудилердің басшылары діни қызметкерлер мен леуілік көмекшілерді Иерусалим қаласынан Жақияға жіберіп, «Сен кімсің?» — деп сұратты. Сонда ол жауап беруден бас тартпай: — Мен (Құдай жіберемін деп уәде берген Құтқарушы) Мәсіх емеспін, — деп ашық айтты. Олар: — Онда сен кімсің? (Мәсіхтен бұрын қайтып келуге тиісті) Ілияс пайғамбарсың ба? — деп сұрады. Жақия: — Жоқ, ол емеспін, — деді. — Мүмкін, сен (Мұса Құдай жібереді деген) пайғамбар шығарсың? — Жақия: — Жоқ, — деп жауап қатты. Олар: — Бізді жібергендерге жауап беруіміз үшін кім екеніңді айтшы! Өзің туралы не дейсің? — деп сұрады. Жақия: — Ишая пайғамбар «Жар салған дауыс шығады айдалада: Жаратқан Иеге түзу қылып даңғыл жолды салыңдар!» деп алдын ала айтып кеткен болатын. Жар салған сол хабаршы менмін, — деп жауап қайырды. Сонда парызшылдар тобынан жіберілген кісілер де болды. Олар Жақияға сұрақ қойып: — Егер сен не Мәсіх, не Ілияс, не келуге тиісті пайғамбар болмасаң, неліктен адамдарды (Құдай жолына түсіріп) суға шомылдыру рәсімінен өткізесің? — деді. Жақия оларға: — Мен тек суға шомылдыру рәсімін ғана орындаймын. Ал араларыңда сендер танымайтын Біреу тұр. Ол менен кейін келе жатыр, бірақ мен Оның құлы болып кебісін әперуге де тұрмаймын, — деп жауап берді. Бұл оқиға Жақия шомылдыру рәсімін орындап жүрген Иордан өзенінің шығысындағы Бетанияда болды.

Жохан 1 2:28–29

ЖИ көмегімен аударылған, Киелі кітап дәйексөздері де соның ішінде — кез келген сілтемені ашып, Киелі кітап аудармасынан оқыңыз.

Kieli Kitap © Orta Asia Baspasy, 1993, 1996, 2000, 2010, 2025

Киелі кітап үзінділері Daily Light on the Daily Path кітабынан (қоғамдық игілік).

Соңғы күндер