Мен көктегі Әкемнен сендермен мәңгі бірге болатын Қамқоршыны жіберуін өтінемін, Ол — шындықты білдіретін Киелі Рух. Осы күнәкар дүние Киелі Рухты қабылдай алмайды, себебі Оны көрмейді әрі білмейді. Ал сендер Оны білесіңдер, өйткені Киелі Рух сендермен бірге тұрып, жан дүниелеріңнен орын алады.
Жохан 14:16–17
Сендерге шындығын айтайын: Менің кететінім сендер үшін жақсы! Себебі Мен кетпесем, сендерге Қамқоршыларың (Құдай Рухы) келмейді; ал Мен барған соң, Оны сендерге жіберемін.
Жохан 16:7
Киелі Рух Құдайдың рухани баласы екенімізді өз рухымызға растайды.
Римдіктерге 8:16
Сендер өздеріңді құл етіп, қайтадан қорқытып жүретін рухты емес, Құдайдың рухани баласы еткен Киелі Рухты қабылдадыңдар. Ол арқылы біз Тәңір Иеге сиынғанда «Әке, Әке!» деп шақырамыз.
Римдіктерге 8:15
Сонымен қатар әлсіреген бізді Киелі Рух та қолдайды. Тәңір Иеден не тілейтінімізді дұрыстап білмесек те, Киелі Рухтың Өзі біз үшін өтініш етіп, сөзбен айта алмас ыңқыл, күрсінісімізді Оған жеткізеді.
Римдіктерге 8:26
Үмітіміздің бастауы — Құдай қандай жағдайда да бәріңді қуаныш пен тыныштыққа кенелте көрсін! Өздерің Оған сене отырып, Киелі Рухтың құдіретімен үміттерің молая түссін!
Римдіктерге 15:13
Бұл үміт алдамшы қиял емес, өйткені бізге сыйлаған Киелі Рухы арқылы Құдай жүрегімізді Өзінің сүйіспеншілігіне кенелтті.
Римдіктерге 5:5
Сөз өмірдің бастауы болған. Сол өмір адамзат үшін Нұр еді. Нұр түнекте жарқырайды, ал түнек Нұрды жеңе алған емес.
Құдай жіберген Жақия есімді адам болды. Жақия Нұрдың куәсі болып, барлық адамдарды өзінің куәлігі арқылы Нұрға сендіру үшін келді. Жақияның өзі Нұр емес еді, ол Нұр туралы хабарлау үшін келген болатын.
Әр адамға сәулесін түсіретін шынайы Нұр бұл дүниеге келе жатты. Ол бұл дүниеде бар еді, бірақ әлемді жаратқан Сол болса да, адамдар Оны таныған жоқ. Өзі таңдап алған халқына келгенімен, олар Оны қабылдамады. Бірақ Оны қабылдап, Оған сенім артқандардың бәрін Ол Құдайдың рухани балалары болуға құқықты етті. Бұлар табиғи жолмен, пенденің қалауы бойынша бұл дүниеге келгендіктен емес, Құдай оларға шынайы өмір бергендіктен ғана Оның рухани балалары болды.
Жохан 1 4:13