2025 ж. 24 шілде, бейсенбі

Күнделікті Жарық

2025 ж. 24 шіл.

Әрдайым үміттеніп қуаныңдар, қиыншылыққа шыдап, Құдайға ұдайы сиыныңдар.

Римдіктерге хат 12:12

Ефрем руының таулы жерінде, Сұфтың үрім-бұтағы мекендеген Раматаим қаласында Елқанах атты адам тұратын. Ол Ерохамның ұлы, Еліхудің немересі, Тохудың шөбересі, Сұфтың шөпшегі еді. Сұф кезінде Ефрата қаласының тұрғыны болған. Елқанахтың Ханна және Пәнана есімді екі әйелі бар еді. Пәнананың балалары болды, ал Ханна құрсақ көтермеді. Елқанах жыл сайын Әлемнің Иесіне ғибадат етіп, құрбандық шалу үшін отбасын ертіп өз қаласынан Шилоға сапар шегетін. Сол қалада Елидің екі ұлы Опни мен Пінехес Жаратқан Иенің киелі үйінде Оның діни қызметкерлері болып істейтін. Құрбандық шалғаннан кейін Елқанах әйелі Пәнанаға және одан көрген ұл-қыздарына тиісті үлестерін беретін, ал Ханнаға екі еселеп табыстайтын. Себебі Жаратқан Ие перзент сыйламаса да, күйеуі Ханнаны қатты жақсы көрді. Бірақ күндесі Пәнана Ханнаны кекетіп-мұқатып, Жаратқан Иенің оған перзент сыйламағанын бетіне басып, ренжіте беретін. Ол жыл сайын солай істейтін. Олар Шилоға Жаратқан Иенің үйіне өрлеп барған кезде Пәнана Ханнаны осылай өкпелететін. Ханна болса егіле жылап, астан дәм татпайтын. Сонда күйеуі оны жұбатып: «Ханна, сен неге жылай бересің, неге тамақ ішпейсің? Жүрегің неден жабырқаулы? Мен сен үшін он ұлдан да артық емеспін бе?» — деп сұрайтын. Бірде отбасы Шилода құрбандық шалып, ішіп-жеп болған соң, Ханна орнынан тұрып, Жаратқан Иенің киелі үйінің қасына барды. Ал діни қызметкер Ели кіреберіс жақтауының жанында өз орындығында отырған болатын. Сонда Ханна жылап, жүрегіндегі шерін Жаратқан Иеге ақтарып сиынды. «Уа, Әлемнің Иесі! Осы күңіңнің қайғы-қасіретіне назар аударып, есіңде ұстай гөр. Маған рақымыңды түсіріп, бір ұл сыйласаң, соны өмір бойы Саған бағыштар едім, уа, Жаратқан Ие. Оның басына ешқашан ұстараның жүзі тимес еді», — деп ант берді ол. Ханна осылай Жаратқан Иеге мінажат етіп ұзақ сиынғанда, Ели оның аузына қарап отырды. Еріндері жыбырлап тұрса да, әйел іштей жалбарынып, ешқандай дыбыс шығармады. Содан Ели оны мас екен деп ойлап қалып: — Сен қашанғы мас болып жүре бересің? Шарап ішуіңді доғар! — деп зекіді. Ал Ханна: — Мырзам, олай емес. Мен бір күйзеліп жүрген сорлы әйелмін. Не шараптан, не сырадан ауыз да тиген жоқпын. Тек көкірегімдегі зарымды Жаратқан Иеге ақтарып сиынып отырмын. Мені арсыз әйел деп ойлап қалмаңыз! Қайғы-қасіретім өте зор болғандықтан осылайша жалынып тұрмын! — деп мұңын шақты. Сонда Ели оған: — Тыныштықпен үйіңе қайта бер. Исраилдің сиынатын Құдайы тілеуіңді қабыл алсын! — деп батасын берді. — Мырзам, мендей пақырыңызға оң көзіңізбен қарай көріңіз, — деп Ханна қоштасып, кетіп қалды. Енді ол тамақ ішіп, бет-жүзінен қайғының нышаны байқалмайтын болды. Келесі күні отбасы ерте тұрып, Жаратқан Иеге ғибадат етті. Содан олар Рамақтағы үйлеріне қайта оралды. Елқанах Ханнамен жақындасқан кезде Құдай әйелдің тілегін ескеріп, жүзеге асырды. Ол аяғы ауырлап, айы-күні жеткенде ұл бала туды. Ханна: «Мен оны Жаратқан Иеден сұрап алғанмын», — деп, оған Самуил (яғни «Құдай құлақ асты») деген ат қойды. Келесі жылы Елқанах бүкіл үй ішімен Жаратқан Иеге арнап құрбандық шалып, өзінің уәде еткен өзге сый-тартуларын да ұсыну үшін тағы да Шилоға бармақшы болды. Ал Ханна күйеуіне: — Бала өсіп, емшектен шыққаннан кейін оны Шилоға алып барамын. Сонда ол Жаратқан Иеге бағышталып, сол жерде тұратын болсын, — деп бармай қалды. Елқанах оған: — Жарайды. Баланы емшектен шығарғанға дейін күте тұр. Тек берген уәдеңді Жаратқан Ие шындыққа айналдыра көрсін, — деді. Осылайша Ханна нәрестесін емізіп, үйінде қалды. Самуилді емшектен шығарған соң анасы оны ертіп, Жаратқан Иенің Шилодағы киелі үйіне алып барды. Онда үш жасар бұқаны, бір қап ұн мен бір торсық шарапты да ала келген еді. Бала әлі де тым жас болатын. Әке-шешесі бұқаны құрбандыққа шалғаннан кейін баланы Елидің алдына алып барды. Ханна оған: «Мырзам, шынымды айтамын: мен баяғыда осы жерде, сіздің қасыңызда тұрып, Жаратқан Иеге сиынған әйелмін ғой. Сол кезде мына баланы сыйлай көрсін деп жалбарынған едім. Жаратқан Ие өтінішімді жүзеге асырды. Енді мен де уәдемді орындап, баланы өмір бойы Оның қызметіне бағыштағым келіп отыр», — деді. Сонда олар иіліп Жаратқан Иеге ғибадат етті.

Патшалықтар 1-ж. 1

Мен әділ болсам да, Оның маған таққан кінәларына жауап бере алмаймын. Қайта, мені соттайтын Төрешімнен рақым етуін ғана жалынып өтіне аламын.

Әйүп 9:15

Әйүп былай деді: «Анамның құрсағынан жалаңаш шықтым, дүниеден жалаңаш қайтамын да. Жаратқан Ие сыйлап берді де, Жаратқан Ие қайтарып алды да. Жаратқан Иенің есімі мадақтала берсін!»

Әйүп 1:21

Бірақ Әйүп: — Ақымақ та арсыз әйелдей сөйлеп тұрсың. Құдай жақсылық жіберсе, соны қабылдау, ал ауыртпалық жіберсе, содан бас тарту дұрыс па өзі? — деп жауап қатты. Осы жағдайдың бәрінде Әйүп айтқан сөздерімен күнә жасаған жоқ.

Әйүп 2:10

Иса көзіне жас алды.

Жохан 11:35

Оны адамдар менсінбей, жалғыз қалдырды. Ол ауыр азап көріп, көп қасірет шегіп, жұрт бетін бұрып әкететіндей жиренішті болды. Оны біз де бағалаған жоқпыз. Шынында Құдайдың Қызметшісі біздің қасіретімізді Өзіне алды, біздің ауруларымызды өз мойнымен көтерді. Оның ұрылып, азап шегуін Құдай бұйырған жаза деп ойладық!

Ишая 53:3-4

Иеміз Өзі сүйетін әркімді Түзетеді әрі тәрбиелейді, Бауырына басқан әр баласын да Жазалайды қажет болғанда».

Еврейлерге хат 12:6

Кезінде әрбір жаза қуаныш емес, реніш туғызады. Ал соны басынан өткізіп тәрбиеленгенге ол кейінірек әділдік пен тыныштықтың игілікті жемісін береді.

Еврейлерге хат 12:11

Сендер Оның ұлы құдіретінен мол қуат алып, әрдайым төзімділік пен ұстамдылық таныта алсын әрі қуанышқа кенеліп,

Қолостықт. хат 1:11

Мен бұларды сендер Менімен тығыз байланыста тұрып, тыныштыққа кенелсін деп айттым. Күнәкар дүниеде қысымшылық көресіңдер; алайда батыл болыңдар: Мен осы дүниені жеңіп шықтым!

Жохан 16:33

ЖИ көмегімен аударылған, Киелі кітап дәйексөздері де соның ішінде — кез келген сілтемені ашып, Киелі кітап аудармасынан оқыңыз.

Kieli Kitap © Orta Asia Baspasy, 1993, 1996, 2000, 2010, 2025

Киелі кітап үзінділері Daily Light on the Daily Path кітабынан (қоғамдық игілік).

Соңғы күндер