Иса Мәсіхтің елшісі болуға Құдайдың еркімен тағайындалған Пауыл мен бауырласымыз Состеннен Қорынт қаласындағы Құдайдың қауымына дұғай сәлем. Құдай сендерді Иса Мәсіх арқылы Өзіне бағыштап алды да, кез келген жерде тұрып, Иеміз Иса Мәсіхке Жаратқан Ие деп сиынатындардың бәрімен бірге сендерді де Өзінің қасиетті халқы болуға шақырды. Ал Мәсіх — олардың да, біздің де Иеміз. Құдай Әкеміз бен Иеміз Иса Мәсіх сендерге рақым мен тыныштық жаудыра көрсін!
Мен Құдайға әрдайым сендер үшін шүкірлік етемін, өйткені Ол өздеріңе Иса Мәсіх арқылы рақымын сыйлады. Сендер Мәсіхтің арқасында барлық жағынан да рухани байып, Құдайдың сөзі жайлы еркін сөйлей алып, жан-жақты білімге ие болдыңдар. Мәсіх туралы Ізгі хабарымыздың шындығы өмірлеріңде расталды. Осылай сендер Киелі Рух сыйлайтын дарындардан ешқандай тапшылық көрмей, Иеміз Иса Мәсіхтің салтанатпен көрінуін сағына күтудесіңдер. Иеміздің қайта оралатын сол күні еш айыпталмауларың үшін Тәңір Ие сендерді өмірлеріңнің аяғына дейін табанды етпек. Құдай уәделеріне берік, Ол сендерді Өзінің рухани Ұлы — Иеміз Иса Мәсіхпен тығыз байланыста болуға шақырған.
Бауырластарым, сендерге Иеміз Иса Мәсіхтің атынан ескертемін: ауызбірлікті сақтап, жікке бөлінбеңдер! Қайта, бірдей мақсат пен пікірде болып, бірлікте тұрыңдар! Себебі, қымбатты бауырластарым, Хылойдың үйінен келгендерден араларыңда талас-тартыс бар екенін біліп алдым. Менің түсінуімше, біреулерің: «мен Пауылдың адамымын», басқа біреуің: «ал мен Аполлостікімін», үшіншің: «бірақ мен Петірдің», төртіншің: «ал мен Мәсіхтің шәкіртімін» дейді екенсіңдер. Сонда Мәсіхтің жіктеліп бөлінгені ме?! Әлде сендер үшін айқышқа шегеленіп құрбан болған мен, Пауыл, ма едім?! Немесе Пауылдың адамы болу үшін шомылдыру рәсімінен өтіп пе едіңдер? (Ондайдан сақтасын!) Мен Крисіп пен Гайдан басқа ешкімді осы рәсімнен өткізген жоқпын, сол үшін Құдайға шүкірлік етемін. Сондықтан Пауылдың адамы болу үшін шомылдыру рәсімінен өттім деп ешқайсың айта алмайсыңдар! Рас, сондай-ақ Степанның үй ішіндегілерін де өткізгенмін, ал тағы басқа біреуді өткізгенім есімде жоқ. Мәсіх мені шомылдыру рәсімін орындауға емес, Ізгі хабарды уағыздауға жіберді. Ол маған данышпандық пен шешендікті пайдалан демеді де, әйтпесе Мәсіхтің айқыштағы құрбандығы туралы уағыз өз күшінен айырылар еді.
Мәсіхтің айқыштағы құрбандығы туралы Ізгі хабарды тозаққа кететіндер ақымақтық деп есептейді, ал құтқарылатын біздер үшін осы хабарда Құдайдың құдіреті жатыр. Пайғамбардың жазбасында мынадай сөздер бар: «Даналардың даналығын жойып, ақылдылардың ақылын жоқ қыламын».
«Олай болса, даналар мен ғұламалар қайда, осы дүниелік ұлы істер туралы айтысқыш шешендер ше?» Құдай солардың бәрін де ақымақтар, ал даналықтарын түкке тұрғысыз ақылсыздық қылып көрсетті емес пе? Адамзаттың тіпті ең кемеңгер деген ой-санасымен де Құдайды ешқашан тани алмайтындығын Ол алдын ала өз даналығымен білді. Сондықтан Құдай осы дүние ақымақтық деп есептейтін уағызымыз арқылы соған сенетіндерді құтқаруды лайық көрді. Яһудилер құдіретті кереметтер талап етсе, гректер уағызымыздан даналық іздейді. Бірақ біз Мәсіхті айқышқа шегеленіп, жанын құрбан етті деп жариялаймыз. Бұл хабар яһудилерге жек көрінішті, ал басқа ұлттық адамдарға ақымақтық болып көрінеді. Алайда яһудилер мен басқа халықтардан шақырылғандар Мәсіхті «Құдайдың құдіреті мен даналығы» деп түсінеді. Адамдар «ақымақтық» дейтін Құдайдың құтқару жолы пенденің даналығынан әлдеқайда жоғары және Құдайдың «әлсіздігі» (яғни Мәсіхтің айқышта жанын қиюы) пенденің күш-қуатынан әлдеқайда күшті.
Бауырластар, Құдай сендерді шақырғанда өздеріңнің кім болғандарыңа назар аударыңдаршы: табиғи тұрғыдан қарағанда араларыңда даналар, билік иелері, асыл туғандар көп емес еді. Бірақ осы дүние кімдерді «ақымақ» деп санаса, Құдай «данышпан-ақылгөй» делінгендерді ұялту үшін соларды таңдап алды. Және осы дүние «күшсіз» деп тапқандарды Құдай «күштілерді» ұялту үшін Өзіне таңдады. Осы дүние маңызды деп есептейтіндерді жою үшін Құдай осы дүниенің менсінбей, қорлап, түкке тұрғысыз деп санағандарын таңдап алды. Осылайша Құдайдың алдында ешкімнің де мақтануына болмайды. Тәңір Иенің істегені арқылы сендер Иса Мәсіхпен тығыз байланысқа келдіңдер. Құдай Мәсіхті даналығымыздың бастауы етіп, бізді Ол арқылы ақтап, Өзінің қасиетті халқы қылып, күнәнің құлдығынан құтқарды. Сондықтан: «Кім мақтанғысы келсе, тек Жаратқан Иемен мақтансын!» — деп (Пайғамбарлар жазбаларында) жазылғандай істеңдер.
Қорынттықт. 1-хат 1
Ал сол күннің, сол сәттің қашан болатынын ешкім білмейді. Бұл жайт көктегі періштелерге де, Құдайдың рухани Ұлына да белгілі емес, жалғыз Оның Әкесіне ғана мәлім. Ұдайы сақ та сергек болыңдар (әрі Құдайға сиыныңдар), себебі Менің қайтып келген кезімнің қашан болатынын білмейсіңдер.
Марқа 13:32-33
Сендерге айтқанымды бәріне де айтамын: сергек болыңдар!
Марқа 13:37
Себебі «Иеміздің қандай ізгі екенін» өздерің біліп алдыңдар.
Иеміз Мәсіх — адамдар «менсінбей бас тартқан», бірақ Құдай бағалы деп таңдаған «тірі Тас» іспетті. Оған келген сендер де рухани үйге (яғни қауымға) қаланған тірі тастар сияқтысыңдар. Сендер Иса Мәсіхке бола Құдайға ұнамды рухани сый-тартулар ұсынып, Оған бағышталған қасиетті қызмет атқарудасыңдар. Себебі Киелі жазбада Құдайдың мына сөзі де бар:
«Міне, Мен аса құнды «Тасты» таңдап алдым,
Оны Сиондағы үйімнің бұрышының
Іргетасы ретінде орнатып қоямын.
Енді Оған сенімін артқан әркім
Ұятқа қалмайтын болады әрдайым».
Сенетін сендер үшін осы «Тас» (Иса Мәсіх) ерекше қымбат. Ал сенбейтіндерге байланысты мынадай сөздер жазылған: «Құрылысшылар менсінбеген «Тас» енді үйдің басты іргетасына айналды!» Ол «адамдарды сүріндіретін кедергі тас, құлататын жартас сияқты».
Олар Мәсіх туралы хабарға мойынсұнбағандықтан «сүрініп, құлап», теріс жолға түсіп кетеді. Олардың ақырының осылай болатыны алдын ала белгілі еді.
Ал сендер өздеріңді қара түнектен тамаша нұрына шақырған Құдайдың қасиеттілігі мен ұлы істерін мадақтап жариялауға таңдалған нәсілсіңдер. Патшаның діни қызметкерлері, Оған бағышталған қасиетті ұлт — Құдайдың меншікті халқы болдыңдар!
Петірдің 1-хаты 2:3-9
Сендер де сабырмен күтіп, жүректерің мызғымас табанды болсын. Өйткені Иеміз жуырда қайтып келмек.
Сотталмауларың үшін, бауырластарым, бір-біріңнің үстеріңнен шағым айтпаңдар. Үкім шығаратын Иеміздің жуырда қайта оралатынын білесіңдер ғой. Ол есік алдына келіп қалғандай жақын.
Жақыптың хаты 5:8-9
Осының бәрін Растаушы былай дейді:
— Бұл шындық, Мен жуырда келемін! Аумин!
— Иеміз Иса, келе гөр!
Аян 22:20
Себебі «Иеміздің қандай ізгі екенін» өздерің біліп алдыңдар.
Иеміз Мәсіх — адамдар «менсінбей бас тартқан», бірақ Құдай бағалы деп таңдаған «тірі Тас» іспетті. Оған келген сендер де рухани үйге (яғни қауымға) қаланған тірі тастар сияқтысыңдар. Сендер Иса Мәсіхке бола Құдайға ұнамды рухани сый-тартулар ұсынып, Оған бағышталған қасиетті қызмет атқарудасыңдар. Себебі Киелі жазбада Құдайдың мына сөзі де бар:
«Міне, Мен аса құнды «Тасты» таңдап алдым,
Оны Сиондағы үйімнің бұрышының
Іргетасы ретінде орнатып қоямын.
Енді Оған сенімін артқан әркім
Ұятқа қалмайтын болады әрдайым».
Сенетін сендер үшін осы «Тас» (Иса Мәсіх) ерекше қымбат. Ал сенбейтіндерге байланысты мынадай сөздер жазылған: «Құрылысшылар менсінбеген «Тас» енді үйдің басты іргетасына айналды!» Ол «адамдарды сүріндіретін кедергі тас, құлататын жартас сияқты».
Олар Мәсіх туралы хабарға мойынсұнбағандықтан «сүрініп, құлап», теріс жолға түсіп кетеді. Олардың ақырының осылай болатыны алдын ала белгілі еді.
Ал сендер өздеріңді қара түнектен тамаша нұрына шақырған Құдайдың қасиеттілігі мен ұлы істерін мадақтап жариялауға таңдалған нәсілсіңдер. Патшаның діни қызметкерлері, Оған бағышталған қасиетті ұлт — Құдайдың меншікті халқы болдыңдар! Бір кезде біртұтас халық емес едіңдер, ал қазір Құдайдың халқысыңдар. Бір кезде Оның қайырымдылығын білмеген едіңдер, ал қазір қайырымына бөлендіңдер.
Сүйікті бауырластарым, (осы күнәкар дүниеде) жат жерлік адамсыңдар, сондықтан сендерге ескертемін: өз жандарыңа ұдайы қарсы шығатын арам құмарлықтардан бас тартыңдар!
Петірдің 1-хаты 2:3-11
Сондықтан да Құдайдың өз халқына сақтаған мол игілігін иемденуімізді күтеміз. Ешқашан шіріп бұзылмайтын, өшіп-солып қалмайтын сол мұраларың сендер үшін көкте дайын тұр. Құдай Өзіне сенуші сендерді құдіретті күшімен қорғап, заманның ақырында осы күнәкар дүниеден құтқаратын болады, сол кез жеткенде бұл айқын көрінбек.
Қазір сендерге біраз уақыт азап шегіп, қуғын-сүргін көруге тура келгенмен, осы сөнбес үмітке қуаныңдар! Азап шегулеріңнің мақсаты — шын жүректен сенгендеріңді дәлелдеу. Жойылып кетуі мүмкін алтын отта балқытылған кезде сыналып, тазартылады. Сол сияқты, алтыннан әлдеқайда бағалы сенімдерің де бастан кешкен азаптарың арқылы сыналып, берік те шынайы екендігі дәлелденеді. Сонда Иса Мәсіхтің қайта оралып, ашық көрінетін күні Құдай сендерді мақтап, даңқ пен құрметке бөлемек.
Петірдің 1-хаты 1:4-7
Белдерің буулы, шамдарың жағулы болсын! Сөйтіп сендер қожасының тойдан қайтуын күтіп тұрған қызметшілерге ұқсаңдар. Олар қожайыны келіп, есік қағысымен дереу ашуға дайын тұрады.
Лұқа 12:35-36