2026 ж. 12 маусым, жұма

Күнделікті Жарық

2026 ж. 12 мау.

Құдай Әке сендерді алдын ала танып, Өзінің Киелі Рухымен Иса Мәсіхке мойынсұнатын, Оның құрбандық өлімінде төгілген қаны арқылы тазарған, меншікті де қасиетті халқы болуға таңдап алған еді. Рақым, амандық және тыныштық сендерге молынан жауа берсін! Иеміз Иса Мәсіхтің Әкесі — Құдай мадақталсын! Ол бізге зор мейірім көрсетіп, рухани қайта туғызып жаңа өмір сыйлады және Иса Мәсіхті өлімнен қайта тірілтуімен бізді тірі үмітке кенелтті. Сондықтан да Құдайдың өз халқына сақтаған мол игілігін иемденуімізді күтеміз. Ешқашан шіріп бұзылмайтын, өшіп-солып қалмайтын сол мұраларың сендер үшін көкте дайын тұр. Құдай Өзіне сенуші сендерді құдіретті күшімен қорғап, заманның ақырында осы күнәкар дүниеден құтқаратын болады, сол кез жеткенде бұл айқын көрінбек. Қазір сендерге біраз уақыт азап шегіп, қуғын-сүргін көруге тура келгенмен, осы сөнбес үмітке қуаныңдар! Азап шегулеріңнің мақсаты — шын жүректен сенгендеріңді дәлелдеу. Жойылып кетуі мүмкін алтын отта балқытылған кезде сыналып, тазартылады. Сол сияқты, алтыннан әлдеқайда бағалы сенімдерің де бастан кешкен азаптарың арқылы сыналып, берік те шынайы екендігі дәлелденеді. Сонда Иса Мәсіхтің қайта оралып, ашық көрінетін күні Құдай сендерді мақтап, даңқ пен құрметке бөлемек. Мәсіхті өз көздеріңмен көрмеген болсаңдар да, Оны сүйесіңдер. Қазір де көре алмағанмен, Оған сенесіңдер. Сондықтан сендер сөзбен суреттеуге болмайтын ұлы да керемет қуанышпен шаттанып тұрсыңдар. Ақыр соңында сенімдеріңнің нәтижесін: жандарыңның толықтай құтқарылуын қабылдамақсыңдар. Құдайдың сендерге беретін рақымы туралы алдын ала айтқан пайғамбарлар кезінде осы құтқарылу жайында мұқият ізденіп, зерттейтін. Оларға дарыған Мәсіхтің Киелі Рухы Оның төзуге тиісті азаптары және бұған жалғасатын салтанатты ұлылығы жөнінде алдын ала хабарлағанда, пайғамбарлар бұл оқиғалардың қалай және қай уақытта болатынын білуге тырысты. Бірақ оларға осы пайғамбарлық қызметтерін өздері үшін емес, сендер үшін атқарғандықтары білдірілді. Ал қазіргі заманда уағыздаушылар Мәсіх туралы Ізгі хабарды көктен жіберілген Киелі Рухтың жетелеуімен сендерге әкелді. Осы тамаша хабарға тіпті періштелер де қызығып, түсінуге ұмтылады. Сонымен, ақыл-ойларыңды іс-әрекетке дайын ұстауға бел буыңдар! Сергек болып, Иса Мәсіх салтанатпен қайтып келгенде көрсететін рақымға толығынан үміт артыңдар! Құдайдың рухани балалары ретінде Оған мойынсұныңдар. Бұрын Оның шынайы хабарын білмей, өмірлерің жаман істерге жетелейтін құмарлықтардың билігінде болып келді. Бұған енді жол бермеңдер! Қайта, өздеріңді шақырған Құдайдың қасиетті болғаны сияқты, сендер де бүкіл іс-әрекеттеріңде Оған бағышталған қасиетті болыңдар! Тауратта Оның былай дегені бар ғой: «Мен киелімін, сондықтан сендер де Өзіме бағышталып киелі болыңдар!» Сендер әр адамды бет-жүзіне қарамай әділ соттайтын Құдайға «Әкем» деп сиынасыңдар. Ендеше жер бетінде жат жерлік болып сүретін өмірлеріңді Оны терең қастерлеп, Оған ұнамайтынды істеуден шошынып өткізіңдер! Ата-бабаларыңнан жеткен пайдасыз өмір салтынан азат болуларың үшін не төленгенін білесіңдер: күміс, алтын сияқты өткінші заттар емес, Құдайдың мінсіз де мүлтіксіз «Тоқтысы» — Мәсіхтің Өзі құрбан болып, баға жетпес қанын төгуімен құтқарылуларыңның құнын төледі. Құдай әлемді жаратпастан бұрын-ақ Мәсіхті бұл мақсатқа таңдап белгілеп еді, ал заманның аяғында Оны сендер үшін ашық көрсетті. Сендер Мәсіх арқылы Құдайға сендіңдер; Ол Мәсіхті өлімнен қайта тірілтіп, ұлылыққа кенелткен еді. Сол себепті сенімдерің мен үміттерің Құдайға бағышталып келеді. Шынайы хабарға мойынсұнып, күнәдан тазарған сендер бауырластарыңа деген нағыз сүйіспеншілікке кенелдіңдер. Енді бір-біріңді үздіксіз, шын жүректен сүйіңдер! Рухани қайта туылып, жаңа өмірге иесіңдер ғой. Бұл шіріп кететін табиғи тұқым арқылы жүзеге асқан жоқ. Қайта, сендер ешқашан құрымайтын «рухани тұқым» — Құдайдың өмір беретін мәңгілік сөзін қабылдағанда, қайта туылып жаңа өмірге ие болдыңдар. Күллі пенде атаулы көк шөп секілді! Бар салтанаты дала гүліндей өткінші: Шөп сарғайып қурап, гүл солады,

Петірдің 1-хаты 1:2-24

Алдамшы құмарлықтарымен өмірлеріңді құртып келген ескі күнәкар болмыстарың мен бұған дейінгі өмір салттарыңды енді тастаңдар! Рухтарың мен ақыл-ойларың түгелдей жаңарсын; осылай Құдайға рухани жағынан ұқсас жаратылған жаңа, шынымен әділ де қасиетті адам болып өмір сүріңдер!

Ефестікт. хат 4:22-24

Себебі сендер рухани өлдіңдер, енді өлген кісідей бұрынғы күнәлі іс-әрекеттеріңе жоқсыңдар. Ал Мәсіхпен бірлесіп сүрген жаңа өмірлерің ел көзінен таса, Құдайдың алдында.

Қолостықт. хат 3:3

Демек, Мәсіхпен тығыз байланысқанда біздер Онымен бірге рухани «өліп, жерлендік». Сонымен, Құдай Әке Өзінің ұлы құдіретінің арқасында Мәсіхті өлімнен қайта тірілтіп, жаңа өмір бергендей, біз де енді жаңаша өмір сүруіміз керек!

Римдіктерге хат 6:4

Мынаны білеміз ғой: бұрын өзіміз кім болсақ, сол күнәкар болмысымыз Мәсіхпен бірге айқышта өлді. Осылай біздің күнә билеген болмысымыз күшінен айырылды, сондықтан енді күнәнің құлы емеспіз! Өйткені адам өлгенде күнәнің билігінен босатылады.

Римдіктерге хат 6:6-7

Сендер де өздеріңді «күнәға жоқпыз, енді Құдайдың құрметі үшін Иса Мәсіхпен тығыз байланыста өмір сүреміз» деп есептеңдер! Сондықтан күнә ажалды тәндеріңді билемесін! Яғни тәндеріңнің күнәлі құмарлықтарына еріп кетпеңдер! Дене мүшелеріңді күнә жасау үшін қолданып әділетсіздіктің құралы етпеңдер! Қайта, сендер рухани өлімнен шынайы өмірге өтіп келдіңдер; сондықтан өздеріңді Құдайдың қызметіне арнап, дене мүшелеріңді де Оған бағыштап, оларға әділ істер істетіңдер!

Римдіктерге хат 6:11-13

ЖИ көмегімен аударылған, Киелі кітап дәйексөздері де соның ішінде — кез келген сілтемені ашып, Киелі кітап аудармасынан оқыңыз.

Kieli Kitap © Orta Asia Baspasy, 1993, 1996, 2000, 2010, 2025

Киелі кітап үзінділері Daily Light on the Daily Path кітабынан (қоғамдық игілік).

Соңғы күндер