2026 ж. 14 қыркүйек, дүйсенбі

Күнделікті Жарық

2026 ж. 14 қыр.

Иса Мәсіхтің елшісі болуға Құдайдың еркімен тағайындалған Пауыл мен бауырласымыз Состеннен Қорынт қаласындағы Құдайдың қауымына дұғай сәлем. Құдай сендерді Иса Мәсіх арқылы Өзіне бағыштап алды да, кез келген жерде тұрып, Иеміз Иса Мәсіхке Жаратқан Ие деп сиынатындардың бәрімен бірге сендерді де Өзінің қасиетті халқы болуға шақырды. Ал Мәсіх — олардың да, біздің де Иеміз. Құдай Әкеміз бен Иеміз Иса Мәсіх сендерге рақым мен тыныштық жаудыра көрсін! Мен Құдайға әрдайым сендер үшін шүкірлік етемін, өйткені Ол өздеріңе Иса Мәсіх арқылы рақымын сыйлады. Сендер Мәсіхтің арқасында барлық жағынан да рухани байып, Құдайдың сөзі жайлы еркін сөйлей алып, жан-жақты білімге ие болдыңдар. Мәсіх туралы Ізгі хабарымыздың шындығы өмірлеріңде расталды. Осылай сендер Киелі Рух сыйлайтын дарындардан ешқандай тапшылық көрмей, Иеміз Иса Мәсіхтің салтанатпен көрінуін сағына күтудесіңдер. Иеміздің қайта оралатын сол күні еш айыпталмауларың үшін Тәңір Ие сендерді өмірлеріңнің аяғына дейін табанды етпек. Құдай уәделеріне берік, Ол сендерді Өзінің рухани Ұлы — Иеміз Иса Мәсіхпен тығыз байланыста болуға шақырған. Бауырластарым, сендерге Иеміз Иса Мәсіхтің атынан ескертемін: ауызбірлікті сақтап, жікке бөлінбеңдер! Қайта, бірдей мақсат пен пікірде болып, бірлікте тұрыңдар! Себебі, қымбатты бауырластарым, Хылойдың үйінен келгендерден араларыңда талас-тартыс бар екенін біліп алдым. Менің түсінуімше, біреулерің: «мен Пауылдың адамымын», басқа біреуің: «ал мен Аполлостікімін», үшіншің: «бірақ мен Петірдің», төртіншің: «ал мен Мәсіхтің шәкіртімін» дейді екенсіңдер. Сонда Мәсіхтің жіктеліп бөлінгені ме?! Әлде сендер үшін айқышқа шегеленіп құрбан болған мен, Пауыл, ма едім?! Немесе Пауылдың адамы болу үшін шомылдыру рәсімінен өтіп пе едіңдер? (Ондайдан сақтасын!) Мен Крисіп пен Гайдан басқа ешкімді осы рәсімнен өткізген жоқпын, сол үшін Құдайға шүкірлік етемін. Сондықтан Пауылдың адамы болу үшін шомылдыру рәсімінен өттім деп ешқайсың айта алмайсыңдар! Рас, сондай-ақ Степанның үй ішіндегілерін де өткізгенмін, ал тағы басқа біреуді өткізгенім есімде жоқ. Мәсіх мені шомылдыру рәсімін орындауға емес, Ізгі хабарды уағыздауға жіберді. Ол маған данышпандық пен шешендікті пайдалан демеді де, әйтпесе Мәсіхтің айқыштағы құрбандығы туралы уағыз өз күшінен айырылар еді. Мәсіхтің айқыштағы құрбандығы туралы Ізгі хабарды тозаққа кететіндер ақымақтық деп есептейді, ал құтқарылатын біздер үшін осы хабарда Құдайдың құдіреті жатыр. Пайғамбардың жазбасында мынадай сөздер бар: «Даналардың даналығын жойып, ақылдылардың ақылын жоқ қыламын». «Олай болса, даналар мен ғұламалар қайда, осы дүниелік ұлы істер туралы айтысқыш шешендер ше?» Құдай солардың бәрін де ақымақтар, ал даналықтарын түкке тұрғысыз ақылсыздық қылып көрсетті емес пе? Адамзаттың тіпті ең кемеңгер деген ой-санасымен де Құдайды ешқашан тани алмайтындығын Ол алдын ала өз даналығымен білді. Сондықтан Құдай осы дүние ақымақтық деп есептейтін уағызымыз арқылы соған сенетіндерді құтқаруды лайық көрді. Яһудилер құдіретті кереметтер талап етсе, гректер уағызымыздан даналық іздейді. Бірақ біз Мәсіхті айқышқа шегеленіп, жанын құрбан етті деп жариялаймыз. Бұл хабар яһудилерге жек көрінішті, ал басқа ұлттық адамдарға ақымақтық болып көрінеді. Алайда яһудилер мен басқа халықтардан шақырылғандар Мәсіхті «Құдайдың құдіреті мен даналығы» деп түсінеді. Адамдар «ақымақтық» дейтін Құдайдың құтқару жолы пенденің даналығынан әлдеқайда жоғары және Құдайдың «әлсіздігі» (яғни Мәсіхтің айқышта жанын қиюы) пенденің күш-қуатынан әлдеқайда күшті. Бауырластар, Құдай сендерді шақырғанда өздеріңнің кім болғандарыңа назар аударыңдаршы: табиғи тұрғыдан қарағанда араларыңда даналар, билік иелері, асыл туғандар көп емес еді. Бірақ осы дүние кімдерді «ақымақ» деп санаса, Құдай «данышпан-ақылгөй» делінгендерді ұялту үшін соларды таңдап алды. Және осы дүние «күшсіз» деп тапқандарды Құдай «күштілерді» ұялту үшін Өзіне таңдады. Осы дүние маңызды деп есептейтіндерді жою үшін Құдай осы дүниенің менсінбей, қорлап, түкке тұрғысыз деп санағандарын таңдап алды. Осылайша Құдайдың алдында ешкімнің де мақтануына болмайды. Тәңір Иенің істегені арқылы сендер Иса Мәсіхпен тығыз байланысқа келдіңдер. Құдай Мәсіхті даналығымыздың бастауы етіп, бізді Ол арқылы ақтап, Өзінің қасиетті халқы қылып, күнәнің құлдығынан құтқарды. Сондықтан: «Кім мақтанғысы келсе, тек Жаратқан Иемен мақтансын!» — деп (Пайғамбарлар жазбаларында) жазылғандай істеңдер.

Қорынттықт. 1-хат 1

Сондықтан барлық жамандық атаулыдан арылып, бұдан былай алдамшы, екі жүзді, күншіл немесе басқаны қаралаушы болмаңдар! Жаңа туған сәбидің сүтке шөліркегеніндей, әрдайым Құдай сөзінің «таза сүтіне» құштар болыңдар. Содан нәр алғанда рухани өсіп, күнәнің құлдығынан толығырақ құтқарыла аласыңдар. Себебі «Иеміздің қандай ізгі екенін» өздерің біліп алдыңдар. Иеміз Мәсіх — адамдар «менсінбей бас тартқан», бірақ Құдай бағалы деп таңдаған «тірі Тас» іспетті. Оған келген сендер де рухани үйге (яғни қауымға) қаланған тірі тастар сияқтысыңдар. Сендер Иса Мәсіхке бола Құдайға ұнамды рухани сый-тартулар ұсынып, Оған бағышталған қасиетті қызмет атқарудасыңдар. Себебі Киелі жазбада Құдайдың мына сөзі де бар: «Міне, Мен аса құнды «Тасты» таңдап алдым, Оны Сиондағы үйімнің бұрышының Іргетасы ретінде орнатып қоямын. Енді Оған сенімін артқан әркім Ұятқа қалмайтын болады әрдайым». Сенетін сендер үшін осы «Тас» (Иса Мәсіх) ерекше қымбат. Ал сенбейтіндерге байланысты мынадай сөздер жазылған: «Құрылысшылар менсінбеген «Тас» енді үйдің басты іргетасына айналды!» Ол «адамдарды сүріндіретін кедергі тас, құлататын жартас сияқты». Олар Мәсіх туралы хабарға мойынсұнбағандықтан «сүрініп, құлап», теріс жолға түсіп кетеді. Олардың ақырының осылай болатыны алдын ала белгілі еді. Ал сендер өздеріңді қара түнектен тамаша нұрына шақырған Құдайдың қасиеттілігі мен ұлы істерін мадақтап жариялауға таңдалған нәсілсіңдер. Патшаның діни қызметкерлері, Оған бағышталған қасиетті ұлт — Құдайдың меншікті халқы болдыңдар! Бір кезде біртұтас халық емес едіңдер, ал қазір Құдайдың халқысыңдар. Бір кезде Оның қайырымдылығын білмеген едіңдер, ал қазір қайырымына бөлендіңдер. Сүйікті бауырластарым, (осы күнәкар дүниеде) жат жерлік адамсыңдар, сондықтан сендерге ескертемін: өз жандарыңа ұдайы қарсы шығатын арам құмарлықтардан бас тартыңдар! Құдайға мойынсұнбайтын халықтар арасында адал өмір сүріңдер! Олар сендерді жамандық жасаушылар деп айыптайды. Алайда Құдай бізді құтқаруға келген күні олар өз көздерімен көріп жүрген игі істеріңе бола Оны мадақтайтын болады. Сонымен, сендер Жаратқан Иенің меншігі болғандықтан, Ол тағайындаған әрбір билік иесіне мойынсұныңдар! Елдің басшысы ретінде патшасына бой ұсыныңдар, патшаның жамандық жасағандарды жазалап, жақсылық істегендерді мақтауға бекітіп жіберген әкімдеріне де бағыныңдар! Құдай сендердің игілік істеулерің арқылы ақымақ адамдардың (сенушілер туралы) надан әңгімелерін тойтаруларыңды қалайды. Рухани азатсыңдар, соған сай өмір сүріңдер! Дегенмен осы азаттықты жамандық жасауға сылтау ретінде пайдаланбаңдар! Қайта, Құдайдың адал қызметшілері болып өмір кешіңдер! Әркімге лайықты құрмет көрсетіңдер: сенімі бір бауырластарыңды сүйіңдер; Құдайды терең қастерлеп, Оған ұнамайтынды істеуден шошыныңдар; патшаны қадірлеңдер!

Петірдің 1-хаты 2:1-17

Құдай бәрін Сөз арқылы жаратқан, жаратылған ештеңе де Онсыз пайда болмаған.

Жохан 1:3

Сонымен сүйікті рухани баласы ретінде Құдайдан үлгі алыңдар!

Ефестікт. хат 5:1

Рухани баласы болғандықтан, Оның бізге дайындап қойған мәңгілік игіліктеріне де ие боламыз: Құдай Мәсіхке сыйлағандары іспетті игіліктерді бізге де сыйламақ. Егер Мәсіхтің жолында жүріп, азабына ортақ болсақ, Оның салтанатты ұлылығына да ортақ болып, сол игіліктерді қабылдаймыз.

Римдіктерге хат 8:17

Одан Құдайдың салтанатты ұлылығы жарқырап көрінеді: Ол — Құдайдың болмысының дәлме-дәл сипаты. Ұл бүкіл әлемді құдіретті сөзімен қолдап ұстап тұр. Өзінің құрбандық өлімі арқылы күнәдан тазару жолын ашып бергеннен кейін, Ол көктегі Ұлылық Иесіне (яғни Құдай Әкеге) барып, Оның оң жағындағы ең құрметті орынға жайғасты.

Еврейлерге хат 1:3

Сол сияқты, сендердегі «нұр» адамдарға сәулесін төксін. Осылайша олар игі істеріңді көріп, көктегі Әкелеріңді мадақтап дәріптесін.

Матай 5:16

Басқа жаққа мойын бұрмай, бар назарымызды Исаға аударайық! Бастапқыда сенім жолын салған Ол бізді сеніміміз арқылы Құдай белгілеген мақсатымызға жеткізеді де. Иса Өзін күтіп тұрған зор қуаныш үшін айқышқа шегеленудің қорлығын елемей, соған төзді. Бұдан кейін Ол Құдайдың тағының оң жағындағы құрметті орнына жайғасып отырды.

Еврейлерге хат 12:2

Ал енді Саған бара жатырмын. Бірақ Менің қуанышым толығымен шәкірттерімнің де қуанышы болсын деп осы сөздерді әлі де жерде жүрген кезімде айтып тұрмын.

Жохан 17:13

ЖИ көмегімен аударылған, Киелі кітап дәйексөздері де соның ішінде — кез келген сілтемені ашып, Киелі кітап аудармасынан оқыңыз.

Kieli Kitap © Orta Asia Baspasy, 1993, 1996, 2000, 2010, 2025

Киелі кітап үзінділері Daily Light on the Daily Path кітабынан (қоғамдық игілік).

Соңғы күндер