1 Жаратқан Иеге мақтау айтыңдар,
Оның есімін атап сиыныңдар,
Ұлы істерін халықтарға хабарлаңдар!
2 Иемізге ән салып, Оны мадақтаңдар,
Барлық кереметтерін паш қылыңдар,
3 Оның киелі атымен мақтаныңдар,
Жаратқанға сиынатын сендер, шаттаныңдар!
4 Иемізге әрі құдіретіне ден қойыңдар,
Дәйім Оның еркін білуге ұмтылыңдар!
5 Ұмытпаңдар Оның жасаған кереметтерін,
Ғажап істері мен шығарған шешімдерін,
6 Уа, Оның құлы Ыбырайымның ұрпақтары,
Жақыптан тарағандар, таңдаулы адамдары!
7 Ол — біздің Құдайымыз, Жаратқан Ие,
Бүкіл әлемге Өзі билік жүргізуде.
8 Мәңгі есінде сақтайды Ол өз Келісімін,
Келер мың буынға да бұйырған өсиеттерін —
9 Ыбырайыммен жасаған Келісімін,
Ысқаққа да антпен берген сол уәдесін,
10 Жақыпқа оны ереже қылып бекітті,
Исраил үшін тұрақты Келісім етті.
11 «Мұралық үлесің етіп беремін саған
Қанахан елін» деді сонда Жаратқан.
12 Сол кезде бұл әулет әлі де аз болатын,
Азғана кірме болып сонда тұратын.
13 Олар елден елге көшіп-қонатын,
Патшалықтарды аралап орнығатын.
14 Ал Құдай ешкімге соларды жәбірлетпеді,
Олар жайлы патшаларға қатаң ескертті:
15 «Тағайындағандарыма еш тиіспеңдер,
Пайғамбарларыма зұлымдық істемеңдер!»
16 Тәңір Ие ашаршылық жіберді елге,
Талқандап тамақ қорының бәрін де.
17 Алдарынан шығарды Ол бір жігітті,
Мысырға құлдыққа сатылған Жүсіпті.
18-19 Тәңірдің сөзі оның мінезін сынап болғанша,
Алдын ала айтқандары орындалғанша,
Жүсіптің аяқтары қысылып бұғауланды,
Мойнына оның темір құрсау салынды.
20 Патша сонда адам жұмсап, Жүсіпті босатты,
Халықтардың билеушісі оны азат етті,
21 Тіпті өз сарайының басқарушысы қылды,
Жүсіпке бар иелігін басқартып қойды,
22 Төрелерінің үстінен оның бұйрығын жүргізді,
Жүсіпке басшыларын даналыққа үйреткізді.
23 Содан кейін Исраил Мысырға көшті,
Жақып жат жерлік боп Хам елінде қоныс тепті,
24 Жаратқан Ие сонда халқын өсімтал етті,
Оның санын дұшпанынан басым етті,
25 Ол Мысырға Исраил халқын жек көргізді,
Өзінің құлдарына қарсы сұмдық жасатқызды.
26 Иеміз қызметшісі Мұсаны жолдады,
Сондай-ақ Өзі таңдап алған Һаронды.
27 Бұлар Жаратқан Иенің ғажап істерін —
Хам елі Мысырда Оның мына кереметтерін
Халық арасында іске асырып көрсетті:
28 Тәңір Ие қараңғы түсіріп түнек етті елді,
Себебі Мысыр Оның сөзіне бағынбай келді.
29 Елдің суларын Ол қанға айналдырды,
Ондағы балықтарды құртып жоқ қылды,
30 Мысырдың жерін қаптап кетті құрбақалар,
Патшаның бөлмесін де жайлап алды олар.
31 Иеміз айтқанда шыбын-шіркей құжынады,
Әрі масалар да бүкіл елді қаптады.
32 Жаратқан жаңбырды бұршақпен ауыстырды,
Найзағайдың отын жерге жаудырды.
33 Жүзім мен інжір ағаштарын құлатты,
Елдегі бар ағаштарды қиратты.
34 Иеміз айтқанда шегірткелер қаптады,
Сансыз көп шегіртке құрттары құжынады,
35 Жердің жасыл шөбінен түк қалдырмады,
Егіндіктегі бар астықты жалмады.
36 Ақыры Ол елдегі бар тұңғышты өлтірді,
Мысырлықтардың мақтанышы солар еді.
37 Жаратқан Ие Мысырдан халықты
Сыйға алған алтын-күміспен алып шықты,
Руларындағы біреу де шаршап-шалдықпады.
38 Халық кеткенде мысырлықтар қуанды,
Өйткені қорқыныш биледі оларды.
39 Жаратқан Исраилді бұлтпен жапты,
Түнде от оларға сәулесін шашты.
40 Халық ет сұрағанда Ол бөденелер жіберді,
Аспаннан түскен нанмен тойындырды,
41 Жартасты жарып, содан су ағызды,
Су шөлді жерлермен өзендей сарқырады.
42 Себебі Жаратқан киелі сертін ескерді,
Қызметшісі Ыбырайымға соны берген еді.
43 Осылай Ол алып шықты халқын шаттықпен,
Таңдап алған адамдарын зор қуанышпен,
44 Өзге ұлттардың жерін оларға берді,
Бөтен халықтың еңбегін де иемдендірді,
45 Енді Оның халқы жарлықтарын орындасын,
Заңдарын да ұдайы берік сақтасын.
Лайым Жаратқан Ие мадақталсын!
1 Мадақтаңдар Жаратқан Иені!
Жаратқан Ие ізгі, мақтаңдар Оны,
Мәңгі ұласады берік рақымы!
2 Құдіретті істерін кім айта алар,
Иемізді кім лайықты мадақтай алар?
3 Әділдікті ұстанғандар жарылқанар,
Ұдайы олар әділ істер жасар.
4 Халқыңа көрсеткенде мейіріміңді,
Уа, Жаратқан Ие, мені де ескерші,
Көмекке келіп, мені құтқара көрші.
5 Содан мен де таңдаған адамдарыңның
Көретін игілігіне ортақ болайын,
Халқыңның қуанышын да бөлісейін,
Меншікті халқыңмен бірге Сені құрметтейін.
6 Біз ата-бабамыздай күнә жасадық,
Заңсыздық істеп, зұлымдыққа баттық.
7 Ата-бабамыз Мысырда болған кезде
Керемет істеріңнің мәнін түсінбеді,
Істеген жақсылықтарыңды ұмытты,
Қамысты теңізде Өзіңе қарсы шықты.
8 Бірақ құдіретті күшін таныту үшін
Өз атына бола Құдай құтқарды халқын.
9 Қамысты теңізді құрғатты бұйрығымен,
Жай бастап алып жүргендей айдаламен
Алып шықты оларды теңіздің түбімен.
10 Құдай өз халқын дұшпандарынан құтқарды,
Жау қолынан оларды босатып алды.
11 Қанаушыларының барлығын су басты,
Жаулардың біреуі де аман құтылмады.
12 Сонда халық Оның сөздеріне иланды,
Оған арнап мадақтау әндерін шырқады.
13 Бірақ олар тез ұмытты Тәңірдің істерін
Әрі сұрап күтпеді Оның ақыл-кеңесін,
14 Айдалада құмарлықтарына салынды,
Құла түзде Құдайды еркінсіп сынады.
15 Құдай халыққа сұрағандарын берді,
Бірақ әлсірететін індет те жіберді.
16 Қоныста олар күндеп қызғанды Мұсаны
Әрі Жаратқанға бағышталған Һаронды.
17 Сонда жер жарылып, Датанды жұтып қойды,
Абиронның тобын да көміп тастады.
18 Олардың жиынында жалын лаулады,
От жалыны зұлымдарды жалмап қойды.
19 Хориб беткейінде халық жас бұқаны
Құйып жасап, сол мүсінге табынды,
20 Олар сиынып келген салтанатты Құдайын
Алмастырды мүсінімен шөп жейтін бұқаның,
21 Өздерін құтқарған Құдайды ескермеді,
Ол Мысырда ұлы істер жасаған еді,
22 Хамның елінде кереметтер істеген еді,
Әрі үрейлі істер Қамысты теңізде.
23 Сонда Құдай халықты құртамын деді,
Бірақ Өзі таңдаған Мұса пайғамбар өтінді,
Құртамын деген ашуынан қайтуын тіледі.
24 Кейін халық аңсаған елін менсінбеді,
Құдайдың уәдесіне сенім жүктемеді,
25 Шатырларында Оған қарсы күңкілдеді,
Жаратқанның даусына құлақ түрмеді.
26 Сонда Ол қол көтеріп оларға ант берді:
«Айдалада құритын боласыңдар! — деді,
27 — Халықтар арасында ұрпақтарың өледі,
Жат жерлерге олар шашырайды!» — деп шешті.
28 Пеғорда халық Бағалға құлшылық етті,
Өлі «тәңірлердің» құрбандықтарын жеді,
29 Арам істерімен Құдайды ашуландырды,
Сондықтан індет араларына жайылды.
30 Ал Пінехес тұрып, зұлымдыққа қарсы шықты,
Індеттің апаты осылайша тиылды.
31 Сол үшін Пінехес Құдай алдында ақталды,
Ұрпақтан ұрпаққа мәңгі бақи мақталды.
32 Халық Құдайды Меріба суының маңында да
Ызаландырып, жапа шеккізді Мұсаға,
33 Олар Мұсаны кейітіп өшіктірді,
Сонда ол қызбаланып ағат сөйледі.
34 Халық Қанахандағы азғын ұлттарды
Жаратқан Ие бұйырса да құртпады.
35 Қайта, олармен қоян-қолтық араласты,
Солардың арам істеріне ортақтасты.
36 Жат ұлттардың пұттарына бірге табынды,
Осылайша торға түсіп, арамданды,
37 Өз ұл-қыздарын жын-перілерге арнады:
Құрбандыққа шалып, ешбір аямады!
38 Кінәсіз жандардың олар төкті қанын,
Қанаханның пұттарына өз ұл-қыздарын
Құрбандыққа шалып, олардың қанын ұсынды,
Сол қанмен Қанахан елін арамдады.
39 Осындай істерімен халық өзін қорлады,
Қасиетті Келісімге сатқындық жасады.
40 Содан халқына қарсы қаһарланды Жаратқан,
Әбден жиренді Өзінің меншікті халқынан.
41 Оларды бөтен ұлттарға тапсырды,
Үстерінен жек көрген жаулары билік құрды,
42 Сол дұшпандары қыспақтап қанады,
Халықты билеп-төстеп қорлады.
43 Жаратқан Ие көп рет халқын құтқарды,
Ал олар бас көтерулерін жалғастырды,
Күнәларының кесірінен құлдырады.
44 Дегенмен Құдай халықтың қиыншылығына
Көзін салып, құлақ түрді жалыныштарына,
45 Халқымен жасаған Келісімін ескерді,
Зор рақымымен оларды есіркеді,
46 Содан Ол халқын тұтқында ұстаған бар елдерді
Оларды аяп мүсіркеуге мәжбүрледі.
47 О, Құдай Иеміз, құтқарып ала гөр бізді,
Ұлттар арасынан жинап ала гөр кері,
Сонда біз дәріптейміз киелі атыңды,
Қуана мақтан тұтамыз ұлы даңқыңды.
48 Исраилдің Құдай Иесі мадақталсын,
Мәңгіліктен мәңгілікке Ол даңқталсын,
Барша халық мақұлдап «Аумин!» десін!
Лайым Жаратқан Ие дәріптелсін!
1 Жаратқан Ие ізгі, мадақтаңдар Оны,
Мәңгілікке ұласады берік рақымы!
2 Осылай десін Жаратқанның құтқарғандары,
Оның жау қолынан босатып алғандары,
3 Жаратқанның жат елдерден жинағандары,
Шартараптан еліне қайтарғандары.
4 Біреулері құла түзде босып жүрді,
Мекендейтін қала таппай дала кезді.
5 Аш болып, олар суға да зарықты,
Жандары әлсіреп, өше жаздады.
6 Мүшкіл халдерінде Жаратқанды шақырды,
Иеміз оларды қасіреттен құтқарды.
7 Мекендей алатын қалаға оларды
Тура жолмен жетелеп бастап барды.
8 Олар Жаратқанды мақтасын мейірімі үшін,
Адамдарға істеген кереметтері үшін!
9 Сусаған адамның шөлін Ол қандырды,
Қарны аш жанды нәрлі аспен тойдырды.
10 Біреулер түнекте, үмітсіз жағдайда
Тұтқында қиналып жатты темір бұғауда,
11 Олар сөзіне қарсы шығып Құдайдың,
Кеңесін менсінбеп еді Хақ Тағаланың.
12 Сонда Ол халқын ауыр бейнетке салды,
Олар сүрініп құлап, ешкім қолдамады.
13 Мүшкіл халдерінде Жаратқанды шақырды,
Иеміз оларды қасіреттен құтқарды,
14 Үмітсіз жағдай мен түнектен шығарды,
Байланған құрсауларын сындырып лақтырды.
15 Олар Жаратқанды мақтасын мейірімі үшін,
Адамдарға істеген кереметтері үшін!
16 Қола қақпаларды Ол быт-шыт қылды,
Темір ысырмаларын да сындырды.
17 Біреулер бас көтеріп ақымақ болды,
Күнәларына бола індетке шалдықты,
18 Барлық тамақтан жиренетін болды,
Ажалдың қақпаларына таяп қалды.
19 Мүшкіл халдерінде Жаратқанды шақырды,
Иеміз оларды қасіреттен құтқарды.
20 Ол сөзін арнап, оларды сауықтырды,
Жандарын ажалдан аман алып қалды.
21 Олар Жаратқанды мақтасын мейірімі үшін,
Адамдарға істеген кереметтері үшін,
22 Шүкірлік тартуларын Иемізге ұсынсын,
Шаттық әнмен Оның істерін паш қылсын!
23 Кемелермен теңізге шығатындар,
Мұхитты кезіп, сауда жасайтындар
24 Көреді Жаратқан Иенің істерін,
Терең теңіздегі кереметтерін.
25 Ол бұйрық беріп, қатты дауыл жіберді,
Зәулім биік толқындарды көтерді.
26 Кеме аспанға көтеріліп, жоғары шықты,
Тұңғиыққа құлағандай төмен түсті,
Қауіптен адамдардың үрейлері ұшты,
27 Маскүнемдей тәлтіректеп шайқалысты,
Не істерін білмей сапырылысты.
28 Мүшкіл халдерінде Жаратқанды шақырды,
Иеміз оларды қасіреттен құтқарды.
29 Ол дауылды басып, саябырсытты,
Теңіздің толқындарын да тыншытты.
30 Дауыл басылғанда адамдар қуанды,
Аңсаған кемежайына Ол бастап апарды.
31 Олар Жаратқанды мақтасын мейірімі үшін,
Адамдарға істеген кереметтері үшін,
32 Халықтар жиынында Оны дәріптесін,
Ақсақалдар кеңесінде қастерлесін!
33 Құдай өзендерді айналдырады шөлге,
Ал бұлақтарды құрғатып құла түзге,
34 Шұрайлы жерді — сортаң иен далаға,
Тұрғындарының зұлымдықтарына бола.
35 Бірақ шөлейт жерді Ол айналдырады көлге,
Кеуіп қалған даланы қайнар көзге,
36 Аш жандарды сонда қоныстандырады,
Олар мекендейтін қала тұрғызады,
37 Егін егіп, жүзімдік отырғызады,
Солардан ағыл-тегіл өнім алады.
38 Жаратқан Ие сол жандарды жарылқайды,
Олар өсіп-өніп ғаламат молаяды,
Мал басын да Иеміз азайтпайды.
39 (Халық тағы паңданса) саны қысқарады,
Езгі, апат, қайғы оны жуасытады,
40 Атақтыларын Иеміз қор қылады,
Жолсыз құла түзді кездіріп қояды,
41 Ал жарлыны мүшкіл халінен босатады,
Отардағы қойдай ұрпағын молайтады.
42 Әділдер мұны көріп, шаттанады,
Бар зұлымдар ауыздарын жабады.
43 Ақылды жан бұл жайттарға ден қояды,
Жаратқанның берік рақымын ұғынады.
Забур жырлары 104 · Забур жырлары 105 · Забур жырлары 106 · КК 2010