1 Сол күндері Рим патшасы Август жер жүзінің барлық тұрғындарына салық төлеу үшін тізімге тіркелуге жарлық шығарды. 2 Бұл Сирия өлкесін Кирини басқарған замандағы алғашқы халық санағы болатын. 3 Сонда әркім тізімге тіркелу үшін өзінің атамекеніне барды.
4 Жүсіп те Ғалилеядағы Назарет қаласынан жолға шығып, Дәуіт патшаның туған қаласына, Яһудея аймағындағы Бетлехемге, тізімге тіркелуге барды. Себебі Жүсіп Дәуіттің әулеті мен руынан шыққан еді. 5 Аяғы ауыр әйелі Мәриям оған еріп жүрді. 6 Олар Бетлехемде болғанда Мәриямның босанатын уақыты жетіп, 7 тұңғыш Ұлын тапты. Оны құндақтап, қорадағы шөп салатын ақырға жатқызды. Себебі қонақүйде оларға орын болмады.
8 Сол өңірде малшылар жүретін. Олар далада түнеп, малдарын күзетіп жатты. 9 Кенеттен қастарына Жаратқан Иенің періштесі келіп, төңіректеріне Иеміздің нұрлы салтанаты сәулесін төгіп жіберді. Малшылар зәрелері ұша қорықты. 10 Ал періште оларға тіл қатып: «Қорықпаңдар! Мен сендерге үлкен қуаныш жариялаймын, ол қуаныш барлық халыққа да ортақ: 11 бүгін Дәуіттің қаласында сендердің Құтқарушыларың дүниеге келді, Ол — Иеміз Мәсіх! 12 Мұның сендер үшін белгісі мынау: сендер ақырда құндақтаулы жатқан Нәрестені көресіңдер», — деді.
13 Кенеттен періштенің қасына көктегі періштелердің үлкен бір тобы қосылып, Құдайды былай деп дәріптеді:
14 «Заңғар көкте Құдай мадақталсын!
Жер жүзінде Өзі риза болған
Адамдарға тыныштық болсын!»
15 Бұдан кейін періштелер көкке көтеріліп, малшылардың қасынан алыстап кетті. Ал малшылар өзара сөйлесіп: «Кәне, Бетлехемге барайық! Сол жерде не болғанын, Жаратқан Иенің бізге білдіргенін көрейік», — деді.
16 Олар тездетіп барып, Мәриям мен Жүсіпті және ақырда жатқан Нәрестені тапты. 17 Оны көрген соң, малшылар осы Сәби туралы алған хабарды сол жердегілерге айтып берді. 18 Мұны естігендердің бәрі малшылардың әңгімесіне қайран қалысты. 19 Ал Мәриям осы сөздердің барлығын көңіліне түйіп, есіне сақтады. 20 Малшылардың көріп-естігендері түгелдей періштенің айтқанындай болған соң, олар Құдайды даңқтап, дәріптеп-мадақтап, қайтып кетті.
21 Сегіз күн өткеннен кейін Нәрестені сүндеттейтін мезгіл жеткенде, Оның атын Иса деп қойды. Шешесі құрсақ көтермес бұрын періште оған осы есімді айтқан еді.
22 Мұса пайғамбар арқылы берілген Таурат заңына сәйкес тазару кезеңі біткенде, әке-шешесі Исаны Жаратқан Иенің алдына апару рәсімін орындау үшін Иерусалимге алып келді. 23 Себебі Жаратқан Ие тапсырған Таурат заңында мынадай ереже жазылған: «Құрсақтан шыққан әрбір тұңғыш ұл бала Жаратқан Иеге бағышталсын!» 24 Әке-шешесі Таурат заңында тағы айтылғандай, «екі орман кептерін немесе екі жас көгершінді» құрбан етпекші де болды.
25 Сол кезде Иерусалимде Шимон есімді кісі тұратын. Ол Исраил елінің көрген азабынан құтқарылуын аңсап күтіп келген әділ, Құдайды қастерлейтін жан еді. Киелі Рух оған қонған болатын. 26 «Жаратқан Ие жіберген Құтқарушы Мәсіхті көрмей тұрып өлмейсің», — деп Киелі Рух Шимонға алдын ала айтқан еді.
27 Енді Шимон Киелі Рухтың жетелеуімен ғибадатханаға барды. Таурат заңына сәйкес рәсімдерді атқару үшін әке-шешесі Сәбиі Исаны ғибадатханаға әкелгенде, 28 Шимон Оны қолына алып, Құдайды былай деп мадақтады:
29 «Уа, Әлемнің Әміршісі, сонымен Сен енді,
Өзің алдын ала айтқандай, мендей пендеңді
Тыныштықпен о дүниеге аттандырасың.
30-32 Сен бар ұлттар алдында дайындаған құтқаруың —
Саған бағынбаған ұлттардың көзін ашатын,
Әрі халқың Исраилдің даңқын шығаратын
«Нұрыңды» мен қазір өз көзіммен көріп тұрмын!»
33 Жүсіп те, Нәрестенің шешесі Мәриям да Иса туралы айтылғандарға қайран қалды. 34 Шимон оларға батасын беріп, Мәриямға былай деді: «Осы Бала Исраилдегі көп адамдардың сүрініп, құлауына, ал басқалардың жоғарылауына себепші болады. Ол Құдайдың еркін білдіріп, көбі Оған қарсы шығады. 35 Сонда жүрек түкпірлеріндегі ой-ниеттері білініп қалады. Ал, Мәриям, сенің жаның жүрегіңді қылышпен тілгілегендей қатты ауыратын болады».
36 Осы жерде Ашир руынан шыққан Фануел қызы Анна пайғамбар да бар еді. Ол кезінде күйеуге шығып, онымен жеті жыл отасқан, ал енді жасы ұлғайған қарт адам болатын. 37 Сексен төрт жастағы жесір әйел ораза тұтып, күні-түні Құдайға сиынып қызмет етіп, ғибадатханадан шықпайтын. 38 Бұл кісі де сол сәтте-ақ келіп, Жаратқан Иені мадақтады. Содан ол Иерусалим қаласының құтқарылуын аңсап күтіп жүргендердің барлығына осы Нәресте туралы хабарды жеткізді.
39 Мәриям мен Жүсіп Жаратқан Ие бұйырған Таурат заңына сай қажетті рәсімдердің бәрін орындап болғаннан кейін Ғалилеядағы өз қалалары Назаретке қайтып барды. 40 Бала өсіп, күш жинап, даналыққа кенеле берді. Құдайдың мейір-шапағаты Оның үстінде болды.
41 Әке-шешесі жыл сайын Құтқарылу мейрамын мерекелеу үшін Иерусалимге баратын. 42 Иса он екі жасқа толғанда, олар ережеге сай мейрамды тойлауға тағы да Иерусалимге келді. 43 Мейрам күндері бітіп, әке-шешесі қайтып кетті, ал жасөспірім Иса Иерусалимде қалып қойды. Жүсіп пен Мәриям мұны білмей, 44 Исаны басқа жолаушылармен бірге келе жатыр деп ойлады. Бір күндік жол жүргеннен кейін Оны туысқандары мен таныстарының арасынан іздей бастады. 45 Таппаған соң олар Иерусалимге қайта оралды. 46 Үш күн өткенде ғана Исаны ғибадатханада ұстаздардың ортасынан айтқандарын тыңдап, сұрақтар қойып отырған жерінен тапты. 47 Тыңдап отырғандардың бәрі Исаның ұғымталдығына және берген жауаптарына қайран қалысты.
48 Әке-шешесі Оны көргенде аң-таң болды. Шешесі:
— Балам, бұл не қылғаның? Әкең екеуіміз қатты алаңдап, Сені іздеп келдік! — деді. 49 Иса:
— Мені неге іздедіңіздер? Менің Әкемнің ісімен шұғылдануым қажет, әлде мұны білмедіңіздер ме? — деп жауап берді. 50 Бірақ әке-шешесі Оның айтқан сөздерін түсінбеді.
51 Иса Назарет қаласына бірге оралып, оларға мойынсұнып жүрді. Осы сөздердің бәрін шешесі көңіліне түйіп алды. 52 Ал Исаның ойы да, бойы да, Құдай мен адамдарға ұнамдылығы да арта түсті.
13 Ғұламалар кетіп қалғаннан кейін, Жаратқан Иенің періштесі Жүсіпке түсінде аян беріп: «Тұр, Нәресте мен анасын алып, Мысырға қашып құтылыңдар! Өзім айтқанға дейін сол жерде қала беріңдер. Себебі Ирод Нәрестені өлтіру үшін іздемекші», — деді.
14 Сонда Жүсіп орнынан тұрып, түн ішінде Сәбиді анасымен бірге алып, Мысыр еліне жөнелді. 15 Олар Ирод өлгенге дейін Мысырда тұрақтап қалды. Осылайша Жаратқан Иенің (Ошия) пайғамбар арқылы: «Мен рухани Ұлымды Мысырдан шақырып алдым» дегені жүзеге асты.
1 Яһуда еліне Жотам, Ахаз және Езекияның патшалық құрған замандарында Жаратқан Ие морешеттік Михаға сөзін арнады. Көрген аяндарында Михаға ашылған хабарлар Самария мен Иерусалим туралы болды.
2 «Уа, күллі халықтар, тыңдаңдар! Уа, жер мен онда тұратындардың барлығы, құлақ түріңдер! Жаратушы Тәңір Ие сендерге қарсы куәлік келтіреді. Ол Өзінің (көктегі) киелі үйінен сендерді әшкерелеп, айыптайды».
3 «Қараңдар! Жаратқан Ие Өзінің көктегі тұрағынан шығып, төмен түсіп келіп, жердің биіктеу орындарын басып таптайды. 4 Сонда таулар Оның табанының астында отқа еріген балауыздай балқып, аңғарлар қақ айырылады. Жартастар су іспетті тау баурайынан ылдилап ағып жатады. 5 Бұның барлығы Жақыптың ұрпақтарының бас көтерулеріне әрі Исраил халқының жасаған күнәларына бола осылай болып отыр. Ал Жақыптың ұрпақтарының бас көтеруі қай жерден басталды? Ол Самария қаласынан басталды емес пе?! Сондай-ақ, Яһуданың жалған тәңірлерге табынатын биіктеу орны дегеніміз не? Сол Иерусалим емес пе?!»
6 (Жаратқан Ие мынаны айтады:) «Сондықтан Мен Самария қаласын даладағы қираған үйіндіге, жүзімдік отырғызатын қаңыраған бос жерге айналдырамын! Оның қамалының тастарын сайға қарай домалатып құлатамын, іргетастарын жалаңаштап ашып тастаймын.
7 Самарияның барлық тәңірлерінің мүсіндері қиратылып, соларға бағышталған сыйларының бәрі отқа өртеліп, ондағы алтын-күміс балқытылады. Осылай Мен оның бүкіл тәңірсымақтарын құртамын. Қала осы алтын-күмісін жезөкшеліктің ақысы ретінде жинағандықтан, олары (басқа жаққа әкетіліп) қайтадан жезөкшелік үшін төлем ретінде пайдаланылатын болады».
8 (Миха былай деді:) «Сол себепті мен Самарияны жоқтап жылаймын, жалаң аяқ та жалаңаш жүретін боламын. Шибөрідей ұлып, жапалақтай қайғылы дыбыс шығарамын. 9 Өйткені Самарияның жарасы жазылмайтындай ауыр, ол Яһудаға да жетті. Осы пәле халқымның қақпасына, тіпті Иерусалим қаласына да жетіп қалды. 10 (Філістір еліндегі) Ғат қаласында мұны хабарламаңдар, еш жылап-сықтамаңдар! Бет-Офраның халқы, қайғырып топыраққа аунаңдар! 11 Шафирдің тұрғындары, жалаңаштанып масқара болып, жер аударылып кетіңдер! (Яһудадағы) Сананда тұратындар қорқып далаға шықпайды. Бет-Еселдегілер: «Оның қорғауы сендерден алынып қойылды-ау!» — деп жоқтау айтады.
12 Мароттың тұрғындары құтқарылуды тағатсыздана тосуда. Ал Жаратқан Ие апат жіберіп, ол тіпті Иерусалимнің қақпаларына жетіп қалды. 13 Уа, Лахыштың тұрғындары, күймелеріңе аттарыңды жегіп, қашыңдар! Сион қаласының күнәға батуы сендердің кесірлеріңнен болды. Өйткені Солтүстік Исраилдің күнәсі (яғни жалған тәңірлерге табынушылығы) сендер арқылы тарады. 14 Ал енді Морешет-Ғат қалашығына соңғы сый-тартуларыңды беріңдер! Ахзиб қаласы да Исраилдің патшаларының үміттерін ақтамай, қиратылып жоқ болады. 15 Марешада тұратындар, мен тағы да сендерге қарсы жаулап алушыны жіберемін! Содан Исраилдің атақтылары Адулламға қашып барып, (ондағы үңгірлерде бас сауғалайды). 16 Өздеріңе сондай сүйікті балаларыңды аза тұтып, шаштарыңды тақырлап алып тастаңдар! Бастарыңды тазқараның басындай қылып тақырлаңдар! Өйткені балаларың жер аударылып айдалып әкетіледі».
Лұқа 2 · Матай 2:13–15 · Миха · КК 2010
Иса туылғаннан кейін, Лұқа 2 бізге оқиғалардың бірінен соң бірінің заң талаптарына сәйкес және ретті түрде жақсы өтіп жатқанын көрсетеді: шопандарға хабарлау, олардың келуі және бұл нәрселерді жария етуі, Оның сүндеттелуі, Оның ғибадатханада ұсынылуы және сол жерде қарт Симеон мен Аннамен байланыстары.
Матай жазған оқиға кейінірек болады. Нәресте енді жас бала, отбасы үйде, шығыстан дана адамдар келіп, еврейлердің патшасы болып туылған Осы Біреуге табынып, сыйлықтар ұсынады. Ол астана Иерусалимде емес, Мика пайғамбар алдын ала айтқан жерде, Бэтлехемде. Патша Ирод пен бүкіл Иерусалим мазасызданады. Құдай дана адамдарды бағыттап, оларға сыйлықтарын ұсынғаннан кейін басқа жолмен кетуге ескертеді.
Енді Құдай Жүсіпке түсінде отбасымен Мысырға қашуды және одан әрі нұсқаулар берілгенге дейін сол жерде қалуды бұйырады. Жүсіп дереу бағынды. Шайтан Исаны Құдай белгілегеннен басқа кез келген жолмен өлтіруге тырысар еді: біздің күнәларымыз үшін айқышта! Бірақ Құдай Өзінің Ұлын және Оны орналастырған отбасын қорғады.
Осылайша, Иеміз Иса босқын болды, Өзінің кім екендігі, Құдайдың тағайындаған еврейлердің Патшасы болғандығы үшін қуғын-сүргіннің ащы дәмін татты! Оның көптеген ізбасарлары бүгінде де босқындар. Біз олармен бірге сезінеміз бе, оларға көмектесеміз бе? Ол көмектеседі! Ол олардың азаптарын біледі және ата-аналары босқын болғанда балалардың не сезінетінін де сезіне алады.