13 Сол тұста Ешуа Иерихонның маңайында жүріп басын көтеріп, қарап қалғанда, міне, қарсы алдында тұрған, қолында жалаң семсері бар біреуді көрді. Ешуа оған таяп келіп:
— Сен кімді жақтайсың, бізді ме, әлде жауларымызды ма? — деген сауал қойды. 14 Ол:
— Жоқ, қазір Жаратқан Иенің әскербасы ретінде келіп отырмын, — деп жауап қатты. Сонда Ешуа етпетінен жерге жата кетіп, оны қастерлеп:
— Ием, мендей пендеңізге не бұйырасыз? — деп сұрады. 15 Жаратқан Иенің әскербасы Ешуаға:
— Аяқкиіміңді шеш! Сен басып тұрған осы жер киелі, — деді.
3 Өнімнің алғашқы үлесі сияқты, Исраил де Маған, Жаратқан Иеге, бағышталған халық еді. Сондықтан оны жалмап құртпақ болғандар айыпталып, апатқа душар болатын, — деп ескертеді Жаратқан Ие».
1 «Ефестегі қауымның періштесіне былай деп жаз:
Бұл — оң қолында жеті жұлдыз ұстап, жеті шам қойғыштың арасында жүретін Иеңнен хабар.
2 Мен сенің істеріңді білемін: сен еңбек етіп, шыдамды болып келесің. Арам адамдарға төзе алмай, өздеріне Құдайдың елшілері деген атақты таңатындарды сынап, өтірікшілер екенін анықтадың. 3 Менің атыма бола (еңбектеніп) көп ауыртпалықты басыңнан өткізгенде шыдамдылық көрсетіп, қажымадың.
4 Алайда саған айтар наразылығым мынау: сен алғашқы сенген кездегі сүйіспеншілігіңді жоғалтып алдың. 5 Өзіңнің қандай биіктіктен құлдырағаныңды ойлашы! Өкініп, теріс жолыңнан қайтып, алғашқыдағы игі істеріңді жасайтын бол! Әйтпесе саған жуырда келемін де, шам қойғышыңды (қауымдардың арасындағы) орнынан алып тастаймын. Егер өкініп, теріс жолыңнан қайтпасаң, осылай істеймін. 6 Бірақ сендегі бір жақсылық мынау: Мен жек көретін николаиттардың істерін сен де жек көресің.
7 Құлағы барлар Киелі Рухтың қауымдарға айтқандарын жақсылап тыңдап алсын! Жеңіп шыққан әркімге Мен Құдайдың пейіш бағында өсетін, мәңгілік өмірді сыйлайтын ағаштың жемісінен жегіземін.
8 Ізмірдегі қауымның періштесіне былай деп жаз:
Бұл — бір кезде өлген, ал қазір тірі «Алғашқы және Соңғыдан» хабар.
9 Мен сенің (істерің мен) шеккен азаптарыңды әрі жұтаң күйіңді білемін. Ал шынында сен рухани байсың! «Яһудиміз» (яғни Құдайдың халқымыз) дейтіндердің сен туралы айтқан ғайбат сөздерін де білемін. Шын мәнісінде олар «шайтанның мәжілісханасы». 10 Болашақта басыңнан кешетіндеріңнен қорықпа! Рас, шайтан кейбіреулеріңді түрмеге салып, сынамақ, ал көретін азаптарың он күнге ғана созылады. Өлімге дейін Маған адал бол, сонда саған «мәңгілік өмір тәжін» сыйлаймын. 11 Құлағы барлар Киелі Рухтың қауымдарға айтқандарын жақсылап тыңдап алсын! Жеңіп шыққан әркім «екінші өлімнен» зиян көрмейді.
12 Перғамдағы қауымның періштесіне былай деп жаз:
Бұл — екі жүзі де өткір семсері Бардан хабар.
13 Мен сенің (істеріңді және) «шайтанның тағы» орналасқан жерде тұратыныңды білемін. Бірақ Менің атымды ұстанып келесің. Адал хабаршым Антипас сенің қасыңда, яғни әзәзіл шайтанның тұрағында, өлтіріліп шейіт болған кезде де Маған деген сеніміңнен бас тартпадың.
14 Алайда саған айтар біраз наразылығым мынау: араларыңда Балағамның ілімін ұстанушылар бар. Сол көріпкел ежелде Исраилге қарсы шыққан Балаққа халықты күнәға азғыруды үйреткен: оларға жалған тәңірлерге шалынған құрбандықтардың етін жегізді әрі азғындық жасатты. 15 Сондай-ақ, араларыңда николаиттардың (Мен жек көретін) ілімін ұстанушылар да бар. 16 Енді өкініп, теріс жолдан қайтыңдар! Әйтпесе саған жуырда келемін де, сол қате ілімді ұстанушылармен аузымдағы семсеріммен соғысамын.
17 Құлағы барлар Киелі Рухтың қауымдарға айтқандарын жақсылап тыңдап алсын! Жеңіп шыққан әркімді Мен «жасырылған маннамен» тамақтандырамын. Оған алған кісіден басқа ешкім де білмейтін жаңа есім ойып жазылған бір ақ тасты да сыйлаймын.
18 Тиятирдағы қауымның періштесіне былай деп жаз:
Бұл — Құдайдың рухани Ұлынан хабар. Оның көздері оттай жалындап, аяқтары балқыған қоладай жалтырайды.
19 Мен сенің не істегеніңді — сүйіспеншілігің мен сеніміңді, қызметің мен төзіміңді білемін. Қазіргі игі істерің алғашқыдағыдан көбірек. 20 Алайда саған айтар наразылығым мынау: өзін пайғамбармын деп атайтын Езабел іспетті әйелге жол бересің. Ол Менің қызметшілерімді азғындық жасап, жалған тәңірлерге арналған құрбандықтардың етін жеуге үйретіп адастыруда. 21 Мен сол Езабелге өкініп, азғындық жолынан қайтуға уақыт бердім, алайда ол қайтқысы келмейді.
22 Біліп ал: Мен Езабелді ауруға шалдықтырып, төсек тартқызамын. Егер сол әйелмен бірге азғындық жасап келгендер оның жаман істерінен қайтпаса, оларға да қатты азап шеккіземін. 23 Оның соңынан ергендерді өлтіріп құртамын. Сонда Менің әркімнің жүрегінің түкпір-түкпірін тексеретін Біреу екеніме барлық қауымдардың көздері жететін болады. Мен әрқайсыңның істеріңе қарай еселеріңді қайтаратын боламын.
24 Ал Тиятирда Маған адал болып қалғандарға, яғни осы арам ілімді қабылдамай, «шайтанның терең құпиялары» деп аталғанды үйренбегендерге, былай деймін: сендерге тағы басқа ауыртпалық түсірмеймін; 25 алайда Мен келгенше, өздеріңде бар рухани игіліктерді берік ұстаңдар! 26 Істерімді аяғына дейін атқарып, жеңіп шыққандарға халықтардың үстінен билік жүргізу құқығын сыйлаймын. 27 Оларға қатаң билік жүргізеді. Қыш ыдыстарын лақтырып сындырғандай, қиқарлықтарын тас-талқан етеді. Мен де Әкемнен осындай билікті алғанмын.
28 Мен жеңіп шыққандарға таңғы жұлдызды да сыйлаймын. 29 Құлағы барлар Киелі Рухтың қауымдарға айтқандарын жақсылап тыңдап алсын!
Ешуа 5:13–15 · Еремия 2:3 · Аян 2 · КК 2010
Бірінші айдың оныншы күні Израиль Иорданды кесіп өтті. Олар Иерихонның шығысында, Гилгалда орналасты. Мұнда олар барлық еркектерін сүндеттеді. Сүндеттеу – етті кесудің бейнесі, бұл біз үшін христиандар ретінде өте қажет нәрсе. Енді Мысырдың айыбы жойылды және Израиль жердегі алғашқы Пасханы тойлауға кірісті. Олар енді Қанаханның өнімдерін – жердің «ескі дәнін» – даңқталған Мәсіхтің түрін жей бастады, және Құдай оларға шөлде жеген маннаны жіберуді тоқтатты.
Көп жылдар өткен соң, өздерінің ерте тарихына көз жүгірте отырып, Құдай: «Исраил Жаратқан Иеге қасиетті, Оның өсімінің алғашқы жемісі болды» (Ерм. 2:3) деді. Аян 2-де Жаратқан Ие жеті шіркеуге олардың бір кездері болған, бірақ тастап кеткен «алғашқы сүйіспеншілігін» қайғыра еске салады.
Сүндеттелген, Мысыр құлдығынан құтқарылуын тойлап, жердің өнімдерін пайдаланып жатқан бұл халыққа енді Иеміз Өзі келеді. Ешуа бұл қарулы Адамға жақындап, Оның олар үшін бе, әлде олардың жаулары үшін бе екенін сұрайды. Иеміздің істерінде бейтараптық болуы мүмкін емес! Бұл Адам Өзін Ехоба әскерінің қолбасшысы ретінде таныстырғанда, Ешуа Оны Иеміз деп атап, табынады. Бағыт іздеп, ол өзін Оның қызметшісі деп таниды және оған тұрған жері қасиетті екені айтылады. Бұл біз үшін де орын!