1 Құтқарылу мейрамынан алты күн бұрын Иса Бетанияға барды. Сол ауылда Өзі өлімнен қайта тірілтіп алған Елазар тұратын. 2 Осы жерде Исаға арнап қонақасы берілді. Марта қызмет етті. Дастарқандас болғандардың ішінде Елазар да Исамен бірге отырды. 3 Ал Мәриям бір қадақтай таза, өте құнды иісмайға толы құтыны қолына алды. Осы иісмай нард деген өсімдіктен жасалған болатын. Мәриям оны Исаның аяқтарына құйып, оларды шашымен құрғатты. Үй ішінде майдың жұпар иісі аңқып кетті.
4 Исаның шәкірттерінің бірі, кейінірек Оған опасыздық жасаған Яһуда Исқариот:
5 — Неліктен осы иісмайды сатып, түскен ақшаны мүсәпірлерге үлестіріп бермеген? Оның бағасы бір жылдық жалақыға тең емес пе?! — деп наразылық білдірді. 6 Бұл сөзді Яһуда мүсәпірлердің қамын ойлағандықтан емес, ұры болғандықтан айтты. Ортақ қаржы сақталатын әмиянды Яһуда ұстайтын, әрі түскен ақшаға қол сұғатын.
7 Иса оған қарсы шығып былай деді:
— Мәриямға тиме! Ол осыны істеуі арқылы Менің денемді қабірге қоятын күнгі май жағу салтын алдын ала орындады. 8 Мүсәпірлер әрдайым қастарыңда ғой, ал Мен ұдайы қастарыңда бола бермеймін.
9 Исаның Бетанияда екенін көптеген яһудилер біліп қойды. Олар Иса үшін ғана емес, Ол тірілтіп алған Елазарды көру үшін де бұл жерге келді. 10 Сондықтан басты діни қызметкерлер оны да өлтіру туралы ақылдасты. 11 Өйткені Елазардың басынан өткен кереметке бола яһудилердің көбі олардан бас тартып, Исаға сенім артты.
12 Келесі күні мейрамға жиналған халықтың үлкен тобы Исаның Иерусалимге келетінін естіп, 13 қолдарына пальма бұтақтарын ұстап, қала сыртына шықты. Оны:
«Жаратқан Ие мадақталсын! Жаратқанның атынан келе жатқан Исраилдің Патшасы жарылқанған!» — деп айқай салып қарсы алды.
14 Иса бір тайқар есекті тауып алдыртып, соған мінген еді. (Зәкәрия) пайғамбардың жазбасында бұл туралы мына тәрізді сөздер айтылған: 15 Уа, Сион халқы, қорықпа! Қара, сенің Патшаң саған келе жатыр! Ол тайқар есектің үстінде отыр.
16 Шәкірттері бұны сол кезде түсінген жоқ. Дегенмен Иса қайта тіріліп, көкке көтеріліп, Өзінің ұлылығына ие болғанда, олар бұл сөздердің Иса туралы алдын ала жазылғанын және халықтың Оны осылай қарсы алғанын естеріне алды.
17 Халық арасындағы көптеген адамдар Исаның Елазарды қабірден шақырып, өлімнен қайта тірілтіп алған кезінде Онымен бірге болған еді. Енді олар сол туралы куәлік етіп айтып жатты. 18 Осындай керемет жасағанын естіген жұрт сондықтан да Исаның алдынан шықты. 19 Ал парызшылдар өзара: «Көріп тұрсыңдар ғой, бұлай алға баспайсыңдар: жұрттың бәрі Оның соңынан еріп кетті!» — десті.
20 Мейрам кезінде Құдайға ғибадат ету үшін Иерусалимге келгендердің ішінде бірнеше гректер де бар еді. 21 Олар Ғалилея аймағындағы Бетсайдадан шыққан Філіпке жақындап келіп: «Мырза, Исамен кездескіміз келеді», — деген тілек білдірді. 22 Філіп мұны Әндірге барып айтты, содан екеуі бұл хабарды Исаға жеткізді.
23 Иса оларға былай деп жауап берді:
— Көктен келген Менің ұлылыққа жететін уақытым келді. 24 Сендерге өте маңызды шындықты айтайын: егер бидайдың дәні жерге егіліп, жойылмаса, онда ол жалғыз дән болып қалады. Ал егер ол жерге егіліп, көктеп, өзі жойылса, сонда ғана одан көп өнім өсіп шығады. 25 Кім өз өмірін бәрінен артық көрсе, сол шынайы өмірден құр қалады. Ал осы күнәкар дүниеде өмірін Құдай үшін қиған әркім оны мәңгілік өмір үшін сақтайды. 26 Кім Маған қызмет еткісі келсе, сол Маған ерсін. Мен қайда болсам, қызметшім де сонда болады. Ал Маған қызмет етіп жүрген әркімді Әкем құрметтейді.
27 Қазір көңілім қатты толқу үстінде. Мен не айтайын: «Әке, Мені осы күннен құтқара гөр» дейін бе? Қайта, бұл күнге осыны бастан кешіру үшін жеттім ғой. 28 Әке, өз атыңды ұлылыққа жеткізе гөр! — Сонда көктен: «Мен оны ұлылыққа жеткіздім және бұдан былай да жеткізе беремін!» — деген үн естілді. 29 Сол жерде тыңдап тұрған халықтың ішінен кейбіреулері:
— Күн күркіреді, — десе, басқалары:
— Оған бір періште тіл қатқан шығар, — деді.
30 Иса оларға:
— Көктегі үн Мен үшін емес, сендер үшін естілді, — деді. 31 — Енді осы күнәкар дүние сотталады! Енді осы дүниенің әміршісі қуылады! 32 Ал Мені жерден көтеріп қойғаннан кейін, адамдардың бәрін Өзім арқылы құтқарылуға шақырамын, — деді. 33 Бұл сөзді Иса Өзінің қандай жолмен өлуге тиіс екенін білдіру үшін айтты.
34 Жиналған жұрт Исадан:
— Киелі кітаптан біз «Мәсіх мәңгі өмір сүреді» деп үйрендік. Қалайша көктен келген Билеушіні жерден көтеріп қою керек дейсіз? Сіз айтып тұрған «көктен келген Билеуші» кім? — деп сұрады. 35 Иса оларға былай деп жауап қайтарды:
— «Нұр» тағы біраз уақыт сендермен бірге болады. Өздеріңді қара түнектің баспауы үшін «Нұр» барда жүре беріңдер! Түнекте жүргендер қайда бара жатқандарын білмейді. 36 Қастарыңда «Нұр» барда Соған сеніңдер, сонда «Нұрдың адамдары» боласыңдар. — Иса осылай деді де, жұрт көзінен тасаланып кетіп қалды.
37 Иса олардың көз алдарында көп кереметтер жасаса да, көпшілік Оның Мәсіх екендігіне сенген жоқ. 38 Сонымен Ишая пайғамбардың алдын ала айтқан мынадай сөздері дәл келді: Ием, біздің хабарымызға азғана кісілер сенді! Жаратқан Иенің құдіретті күші кімге ашық көрсетілді?
39 Ишая пайғамбар тағы бір жерде көпшіліктің неліктен сене алмағандығы туралы мына тәрізді сөздер айтқан: 40 Ол көздерін соқыр, жүректерін қасарысқан сезімсіз қылған. Сол себептен көздері көрмейді, жүректері түсінбейді, өздері теріс жолдарынан қайтпайды. Әйтпесе оларды рухани дертінен сауықтырар едім.
41 Ишая пайғамбар Иеміздің салтанатты ұлылығын көргендіктен, Ол туралы осылай деп алдын ала айтып кеткен еді.
42 Ал Исраилдің басшы адамдарының көбі Исаға сенді, бірақ парызшылдар мәжілісханадан шығарып жібермесін деп Оны ашық мойындаған жоқ. 43 Себебі олар Құдай беретін құрметті емес, адамнан көретін құрметті көбірек ұнататын.
44 Содан Иса дауыстап былай деді: «Маған сенген кісі Өзіме ғана емес, Мені Жібергенге де сенеді, 45 әрі Мені көрген кісі Мені Жібергенді де көреді. 46 Мен дүниеге келген «Құдайдың Нұрымын». Маған сенімін артқан ешкім қара түнекте қалмайды.
47 Кім хабарымды естіп, оны ұстанып сақтамаса, ондайды қазір соттап жатпаймын; Мен адамзатты соттау үшін емес, құтқару үшін дүниеге келдім. 48 Бірақ Мені елемей, хабарымды қабылдамағандардың соты дайын тұр: Мен білдірген хабар оларды қиямет күні айыптайтын болады. 49 Себебі Мен өздігімнен айтқан жоқпын. Нені және қалай айтуға тиісті екенімді Мені жіберген Әкем Маған тапсырды. 50 Оның өсиетінің мәңгілік өмір сыйлайтынын білемін. Сондықтан Әкем Маған не тапсырған болса, соны айтамын».
1 Содан кейін Иеміз Иса тағы басқа жетпіс шәкіртін таңдап алып, оларды Өзі баратын барлық қалалар мен ауылдарға Өзінен бұрын екі-екіден жіберді. Иеміз шәкірттеріне былай деп тапсырма берді:
2 — Оратын егін көп, бірақ жұмысшылар аз. Сондықтан егіннің Иесінен оны жинап алатын жұмысшылар жіберуін өтініңдер! 3 Ендеше барыңдар! Естеріңде болсын: Мен сендерді қасқырлар арасына жіберілген қозылар сияқты жіберіп отырмын. 4 Ақша салатын қалта, жолдорба, артық аяқкиім алмаңдар. Жолда біреуге сәлем береміз деп кідіріп те қалмаңдар.
5 Бір үйге кіргенде әуелі: «Осы үйге амандық пен тыныштық болсын!» деп бата беріңдер. 6 Егер онда амандық пен тыныштықты қабылдауға дайын кісі болса, берген баталарың соған қонады, әйтпесе өздеріңе қайтып келеді. 7 Сол үйде тұрып, олардың берген тамағын ішіп-жеңдер. Себебі еңбек еткен ақысын алуға лайық. Үйден-үйге көшіп жүрмеңдер!
8 Барған қалаларыңның тұрғындары сендерді қабылдаса, берген тамақты ішіп, 9 ондағы ауруларды сауықтырыңдар. Кісілерге: «Құдайдың Патшалығының араларыңда орнайтын кезі таяп қалды!» деп білдіріңдер.
10 Ал егер сендер барған бір қаланың тұрғындары өздеріңді қабылдамаса, жолға шығып, былай деңдер: 11 «Сендерге ескерту болсын деп қалаларыңнан аяғымызға жұққан шаң-тозаңды қағып тастап кетеміз. Алайда Құдайдың Патшалығының таяп қалғанын біліңдер!» — 12 Сендерге шын айтамын: қиямет соты күні сондай қала тұрғындарының тартатын жазасынан тіпті Содом халқының жазасы жеңілірек болады!
13 Ей, Хоразин қаласы, қасіретке қаласың! Ей, Бетсайда қаласы, сен де қасіретке қаласың! Егер сендерде жасалған кереметтер (шетелдік) Тир мен Сидон қалаларында орын алған болса, олардың халқы әлдеқашан азалы киім киіп, күлге отырып, теріс жолдарынан қайтқан болар еді. 14 Қиямет сотында Тир мен Сидон елдерінің тартатын жазасы сендердікінен жеңілірек болады! 15 Ал, Қапарнаум қаласы, сенің атың мақталып, көкке шығарыла ма? Жоқ, сен түпсіз тұңғиыққа құлайсың!
16 Кім сендерді тыңдаса, соның Мені тыңдағаны. Кім сендерді қабылдамаса, оның Мені де қабылдамағаны. Ал кім Мені қабылдамаса, оның Мені Жібергенді де қабылдамағаны.
17 Жетпіс хабаршы Исаға қайтып келгенде қуана-қуана:
— Иеміз, Сіздің атыңызды атағанда тіпті жындар да бізге бағынады! — деді. 18 Сонда Иса оларға былай деп жауап берді:
— Әзәзіл шайтанның найзағайша көктен құлап түскенін көрдім. 19 Естеріңде болсын: Мен сендерге жыландар мен шаяндарды таптап басып, жаудың барлық күшін жеңетін билік бердім. Енді сендерге еш нәрсе де зиянын тигізе алмайды. 20 Дегенмен жындардың өздеріңе бағынғандығына емес, есімдеріңнің көктегі кітапқа тіркелгендігіне қуаныңдар.
21 Иса сол кезде Киелі Рухтың қуанышына кенеліп: «Көк пен жердің Иесі — Әке! Осы жайттарды данышпандар мен білгіштерден жасырып қалып, оларды нәресте іспетті қарапайымдарға ашып көрсеткенің үшін Сені дәріптеймін. Иә, Әке, Саған осылай болғаны ұнап тұр», — деп (көктегі Әкесіне) мақтау айтты. Иса:
22 — Маған бәрін де Әкем сеніп тапсырған. Рухани Ұлының шынымен кім екенін Әкесінен өзге ешкім де білмейді. Әкенің кім екенін де жалғыз рухани Ұлы ғана біледі, әрі Ол Әкесін кімдерге білдіргісі келсе, солар да Оны жақыннан таниды, — деді. 23 Содан кейін Ол шәкірттеріне бұрылып, оңаша былай деді:
— Сендер көріп жүрген керемет нәрселерді көргендерің үшін бақыттысыңдар. 24 Сендерге айтамын: көптеген пайғамбарлар мен патшалар сендердің көріп жүргендеріңді көргілері келді, бірақ көре алмады, сендер естіп жүрген сөздерді естігілері келді, бірақ ести алмады.
25 Сол кезде Таурат заңын үйретуші бір ғұлама Исаның ұстанған ілімін сынамақшы болды. Ол орнынан тұрып:
— Ұстаз, мәңгілік өмірге жетуім үшін не істеуім керек? — деп сұрағанда, 26 Иса оған:
— Таурат заңында не деп жазылған, не оқып жүрсің? — деген сауал қойды. 27 Сол адам былай деп жауап берді:
— «Құдай Иеңді шын жүректен, бүкіл жан дүниеңмен, бар күш-қуатыңмен, барлық ақыл-ойыңмен сүй!» Және «Өзіңді қалай сүйсең, маңайыңдағы адамды да солай сүй!» делінген.
28 Иса оған:
— Дұрыс жауап бердің. Осылай істейтін бол, сонда (мәңгі) өмір сүресің, — деді. 29 Бірақ өзін ақтағысы келген ғұлама Исадан:
— Сонда «маңайымдағы адам» кім болғаны? — деп сұрады. 30 Иса оған былай жауап берді:
— Бір адам Иерусалимнен Иерихон қаласына кетіп бара жатып, қарақшылардың қолына түсіпті. Қарақшылар оның киімдерін сыпырып алып, өзін жарақаттап, шала-жансар етіп тастап кетіпті. 31 Бір діни қызметкер сол жолмен кездейсоқ келе жатып, оны көре тұра қасынан өтіп кетеді. 32 Дәл солай жаңағы жерге келген ғибадатхана қызметшісі де оған қарап, қасынан өтіп кетеді.
33 Содан кейін бұл жерге жолаушылап бара жатқан бір самариялық келеді. Әлгі адамды көргенде оған жаны ашып, 34 қасына барады да, жараларын маймен және шараппен жуып-шайып, таңады. Оны есегіне мінгізіп алып, қонақүйге апарып, күтеді. 35 Самариялық адам ертеңінде жолға шығарда, қонақүйдің иесіне екі күміс теңге беріп: «Мына кісіге қамқорлық жасай гөр. Егер артық шығын шығарсаң, мен қайтып оралған кезде төлеймін», — дейді.
36 Ал енді, қарақшылардың қолына түскен кісіге бұл үшеуінің қайсысы «маңайындағы адам» болды деп ойлайсың? — деп Иса сол ғұламаға сұрақ қойды. Ол:
37 — Әрине, оған қайырымдылық көрсеткені, — деді. Сонда Иса оған:
— Сен де солай істейтін бол! — деп тапсырды.
38 Иса шәкірттерімен бірге жол жүріп бара жатып, бір ауылға кірді. Сол жерде Оны Марта есімді әйел үйіне шақырып, қонақ етті. 39 Мартаның Мәриям деген сіңлісі бар еді. Ол Иеміз Исаның аяқ жағына отырып алып, сөзін құлақ салып тыңдады. 40 Ал қонақты жақсылап күтудің қамын ойлаған Марта зыр жүгіріп қызмет етті. Арасында Исаға келіп:
— Мырза, сіңлімнің барлық жұмысты маған қалдырғанына жайбарақат қарап отырасыз ба? Ол маған көмектессін, айтыңызшы! — деді. 41 Ал Иеміз Иса:
— Әй, Марта, Марта-ай, сен көп нәрсенің қамын ойлап, уайымдайсың. 42 Ал керегі бір-ақ нәрсе ғой: Мәриям игілікті жағын таңдап алды, оны содан ешкім айыра алмайды, — деді.
13 қол астындағы қызметшілерінің онын шақырып алады. Әрқайсысына бір-бір қадақ күміс үлестіріп беріп:
— Мен қайтып келгенше осы қаржымен жұмыс істеңдер! — деп тапсырады.
Жохан 12 · Лұқа 10 · Лұқа 19:13 · КК 2010
Бұл танымал оқиғада Иеміз Иса алдымен Симон Петр мен Андрейді шақырды, содан кейін Жак пен Жоханды да шақырды. Екі жағдайда да олар Иемізге еріп жүру үшін балық аулау кәсібін тастап кетті. Алайда, Киелі кітапта олар балық аулау кәсібін адамдарды аулаушы болу үшін тастап кетті деп айтылмайды. Иеміз оларды солай етемін дегені рас. Бірақ аяттар не дейді? Олар Оған еріп жүру үшін бәрін тастап кетті.
Біз бұл айырмашылықты не үшін көрсетеміз? Жай ғана осы себеппен, Петр мен Андрейдің, Жак пен Жоханның алдында тұрған нысанды ерекшелеу үшін. Қызмет, адамдарды аулау олардың алдындағы нысан емес еді. Мәсіхтің Өзі еді. Олар Оған еріп жүрді.
Біз айтқымыз келген ойды Лұқа 10 және Жохан 12-дегі Мартаның қызметі туралы екі оқиғадағы айырмашылықты қарастыру арқылы суреттей аламыз. Лұқа 10-да қызметтің өзі Мартаның назарында болды, сондықтан ол «көп нәрсеге алаңдап, мазасызданды». Ол тіпті әпкесінің өзі ойлағандай қызмет етпейтініне шағымдана бастады! Бірақ Жохан 12-де Иеміздің Өзі оның нысаны болды, және бәрі Оның даңқы үшін болды. Мұнда басқаларға шағымдану болған жоқ, керісінше оның қызметі басқалардың қызметін тамаша толықтырды.
Әрине, біз көпшіліктің Иемізге қызмет ету үшін жұмысын, үйін немесе отбасын тастап кетуге шақырылмайтынын түсінеміз. Бірақ біз бәріміз Ол бізді орналастырған кез келген жағдайда Оған қызмет етуге шақырылғанбыз. Біз бәріміз Ол келгенше жұмыс істеуіміз керек қызметшілерміз (Лұқа 19:13).
Иеміз бәрімізге Өзі біздің қолымызға берген кез келген қызметте, Оның Өзі біздің нысанымыз болуы үшін және біздің тілегіміз Оны даңқтау болуы үшін рақым берсін.