1 Осылай бас діни қызметкер Елияшип өз ағайындары — діни қызметкерлермен бірге жұмысқа кірісіп кетті. Олар Қой қақпасын тұрғызып, есіктерін орнатты; содан соң Қой қақпасына әрі қала қабырғасының Жүздік және Хананел мұнараларына дейінгі аралығына Жаратқан Иеге бағышталу рәсімін жасады. 2 Бас діни қызметкердің жанында Иерихонның адамдары, ал солардың қасында Имри ұлы Зақур қала қабырғасының келесі бөліктерін салды.
8 Солардың жанында зергерлердің біреуі — Харқаях ұлы Ұзиел, ал оның қасында хош иісті зат дайындаушылардың біреуі — Хананиях қабырғаның бір бөлігін жөндеп нығайтты. Бұлар Иерусалимді Кең қабырғаға дейін бекітіп қалпына келтірді.
9 Солардың жанында Иерусалимнің жарты ауданын басқаратын Һұр ұлы Рефаях қабырғаның келесі бөлігін жөндеп бекітті. 10 Олардың қасында Харумаф ұлы Едаях қабырғаның өз үйінің қарсысындағы бөлігін, ал оның жанында Хашабнея ұлы Хатуш келесі бөлікті қалпына келтіріп нығайтты. 11 Харым ұлы Малқиях пен Пахат-моаб ұлы Хашуб қабырғаның қосалқы бөлігін және Тандыр мұнарасын жөндеп бекітті. 12 Содан кейінгі жерді Иерусалимнің жарты ауданының әкімі Халохеш ұлы Шаллум өз қыздарымен бірге қалпына келтіріп нығайтты.
13 Анон және Заноах қаласының тұрғындары Аңғар қақпасын нық етіп тұрғызды да, есіктерін, ысырмалары мен кесе-көлденең бөренелерін орнатты. Олар тағы да Күл қақпасына дейінгі қала қабырғасының бір мың шынтақ бөлігін жөндеп бекітті.
14 Беткәрем ауданының әкімі Рехап ұлы Малқиях Күл қақпасын жөндеп бекітіп, есіктерін, ысырмалары мен кесе-көлденең бөренелерін қайтадан орнатты.
Нехемия кітабының 3-тарауы – қарбалас тарау; қабырға салуға бәрі қатысады. Отызға жуық рет қайталанатын бір сөз тіркесі – «оның қасында» және «одан кейін». Олар бір-бірінің қасында жұмыс істеп, әркім қабырға салуға өз үлесін қосуда. Бұлар кәсіби құрылысшылар немесе ағаш ұсталары емес еді. Әр түрлі мамандықтағы адамдар болды. Хош иісті заттар жасаушылар (Нех. 3:8), зергерлер (8, 31-тармақтар), ғибадатхана қызметшілері (26-тармақ), саудагерлер (32-тармақ) және діни қызметкерлер болды. Жұмысқа әр түрлі аудандардың көптеген басшылары қатысты (9–14-тармақтар).
Бұл бізге Құдайдың даңқы үшін бірге жұмыс істеудің қаншалықты маңызды екенін еске салады. Жаныңда біреудің болуы үлкен бата болуы мүмкін. Бірақ одан да маңыздысы, бұл Құдайдың жүрегіне қуаныш әкеледі, Ол: «Міне, бауырластардың бірлікте тұруы қандай жақсы әрі қандай жағымды!» – дейді (Заб. 133:1).
Павел бізге Мәсіхтің, Шіркеудің Басшысы ретінде, әрқайсымызға «әулиелерді қызмет жұмысына дайындау үшін, Мәсіхтің денесін нығайту үшін, бәріміз сенім бірлігіне және Құдай Ұлы туралы білімге жеткенше, кемел адамға, Мәсіхтің толықтығының өлшеміне жеткенше; енді бала болмай, әрбір ілім желімен ары-бері лақтырылып, әр жаққа тасымалданбауымыз үшін» дарындар бергенін еске салады (Ефес. 4:12–16).
Мәсіхтің даңқы үшін басқа бауырласпен немесе әпкемен бірге жұмыс істеуге дайын болайық!