13 Мен сол түні көріп жатқан көріністерде кенеттен адам баласына ұқсайтын Біреудің аспандағы бұлттармен келе жатқанын байқадым. Ол мәңгі жасап келе жатқан Тәңір Тағалаға жақындап келіп, Оның алдына әкелінді. 14 Оған құдірет, салтанатты ұлылық және патшалық билік тапсырылды. Барлық халықтар, ұлттар және тілдердің адамдары Оған бой ұсынып құрмет көрсетуге тиіс болды. Ол ешқашан өшпейтін мәңгілік билік құрады, Оның патшалығы еш уақытта жойылмайды!
1 Набуходоносор (Бабыл еліне) патшалық құрған екінші жылы қорқынышты түстер көріп, соларды уайымдап, ұйқысынан айырылды. 2 Содан ол түстерінің мазмұнын біліп алу үшін елдегі абыздар, балгерлер, сиқыршылар мен жұлдызшыларды шақыртты. Олар келіп, патшаның алдына жиналды. 3 Патша оларға:
— Мен түс көрдім, содан жаным тыншымай отыр. Түстің мазмұнын білгім келеді, — деді. 4 Жұлдызшылар патшаға арамей тілінде:
— Уа, патша ағзам, өміріңіз ұзақ болсын! Бізге түсіңізді айтып беріңіз, сонда оны сізге жорып береміз! — деп жауап қайтарды. 5 Алайда патша:
— Жарлығым мынадай: егер маған көрген түсімнің мазмұны мен мағынасын айтып бермесеңдер, өздеріңді кескілеп өлтіртіп, үйлеріңді жермен-жексен қылғызамын! 6 Ал егер түсімнің мазмұны мен мағынасын айтып берсеңдер, мен сендерге көп сый-тартулар беріп, зор құрметке ие боласыңдар. Сондықтан маған түсімді және оның мағынасын айтып беріңдер! — деп бұйырды. 7 Олар тағы да патшадан:
— Түсіңізді бізге айтып берсеңіз, оны сізге жорып береміз! — деп өтінді. 8 Бірақ патшаның жауабы мынау болды:
— Сендердің жай ғана уақытты созып тұрғандарыңды көріп тұрмын. Менің мынаны нық шешкенімді жақсы білесіңдер: 9 егер түсімді айтып бермесеңдер, бәріңе де бірдей үкім кесіледі. Ал сендер жағдай өзгергенше мені алдайтын жаман нәрселерді айтуға сөз байластыңдар. Сондықтан қандай түс көргенімді айтып беріңдер! Сонда сендердің оны жори алатындарыңа да көз жеткіземін. — 10 Жұлдызшылар:
— Уа, патша ағзам, тапсырған бұл мәселеңізді жер бетіндегі бірде-бір адам шешіп бере алмайды. Ешбір патша, қандай ұлы да құдіретті болмасын, бірде-бір сәуегей, балгер, жұлдызшыдан бұрын-соңды мұндайды талап еткен емес! 11 Уа, тақсыр, бұл тапсырмаңыз тым қиын. Түсіңізді сізге тәңірлерден өзге ешкім де ашып бере алмайды, ал олар адамдардың арасында тұрмайды ғой! — деп жауап қайтарды.
12 Мұны естігенде патшаны ашу-ыза кернеп, Бабылдағы барлық білімпаздардың көзін құртуға бұйырды.
13-14 Патша осындай жарлық шығарғандықтан, сақшылар іздеп тауып алып, өлтіру үшін Бабылдың басқа білімпаздарымен қатар Даниял мен оның серіктеріне де барды. Өлім жазасын орындауға шыққан патша сақшыларының бастығы Ариоқ келгенде, Даниял онымен көрегендікпен сөйлесіп:
15 — Патша ағзам мұндай қатал жарлықты қандай себептен шығарды екен? — деп сұрады. Сонда Ариоқ оның себебін түсіндірді. 16 Мұны естісімен Даниял сарайға барып, түсінің мағынасын айтып беру үшін патшаның біраз уақытқа мұрсат беруін сұрады.
17 Содан Даниял үйіне қайтып, болған жайтты серіктері Хананиях, Мишаел, Азарияхқа айтып былай деді: 18 «Бабылдың өзге білімпаздарымен бірге өзіміздің де құрымай аман қалуымыз үшін көктегі Құдайдан бұл құпияны рақымдылықпен ашып беруін сұрайық!» — 19 Мұнан кейін осы құпияның шешімі Даниялға түнгі көрініспен ашылды. Сонда Даниял Құдайды мадақтап 20 былай деді:
«Мәңгі мадақталсын Құдайдың есімі,
Ол — бар даналық пен құдіреттің Иесі!
21 Заман мен дәуір атаулыны өзгертеді,
Әрі патшаларды тағайындап қояды,
Ал кейін оларды орнынан алады,
Ол даналарға тағы даналық қосады,
Түсінігі барларға білім дарытады,
22 Құдайда әрдайым жарық нұр болады,
Ол құпия, көмескі жайттарды ашады,
Түнектегілерін де анық ұғады.
23 Алғыс айтып, Сені мақтаймын ұдайы,
Уа, ата-бабаларым сиынған Құдайы!
Даналық пен күшке Сен қолымды жеткіздің,
Сұрағанымызды маған ашып бердің,
Патшаның талап еткенін бізге білдірдің!»
24 Сонымен Даниял Набуходоносор патшаның Бабылдың білімпаздарын өлтіруге жіберген қызметкері Ариоққа барып: «Бабылдың білімпаздарын өлтірмей, мені патшаның алдына апарсаңыз екен. Оған көрген түсінің мағынасын айтып беремін!» — деп өтініш жасады.
25 Ариоқ Даниялды бірден патшаның алдына алып барып: «Уа, патша ағзам, мен Яһудадан жер аударылып келгендердің арасынан түсіңізді жорып бере алатын адамды тауып алып келдім!» — деп баяндады. 26 Сонда патша Балташазар деп те аталған Даниялға сұрақ қойып:
— Сен шынымен түсімде не көргенімді айтып, оның мағынасын түсіндіре аласың ба? — деді. 27 Даниял патшаға былай деп жауап берді:
— Ешқандай білімпаз, балгер, сәуегей не сиқыршы сізге өзіңіз айтып отырған құпияны түсіндіріп бере алмайды. 28 Бірақ көктегі Құдай құпияларды ашып бере алады. Уа, Набуходоносор патша, көктегі Құдай сізге осы түс арқылы келешек замандарда болатын жайттарды көрсеткен екен. Төсекте жатқанда түсіңізде көрген көріністеріңіз мыналар:
29 Демалып жатқан кезде болашақ туралы ойлай бастадыңыз, уа, патша ағзам. Сонда барлық құпияларды аша алатын Құдай сізге келешекте болатын оқиғаларды білдірді. 30 Алайда менің басқа пенделерден ақылды болғандығымнан емес, сізге түстің мағынасын білдіріп, санаңызға ұялаған сол ойларды түсіндіріп беруім үшін бұл құпия маған ашылды. 31 Уа, тақсыр, түсіңізде көргеніңіз — алдыңызда тұрған бір дәу мүсін екен. Ол жарқ-жұрқ еткен, биік, сырт көрінісі қорқынышты еді. 32 Мүсіннің басы саф алтын, көкірегі мен қолдары күміс, іші мен екі саны қола, 33 екі балтыры темір, аяғының қалған бөлігі жартылай темір, жартылай қыш екен.
34 Сіз мүсінге қарап тұрған кезде бір дәу тас жартастан қашалып жасалды. Мұны жасаған адам баласы емес еді. Сол дәу тас мүсіннің жартылай темір, жартылай қыш аяқтарына келіп соғылып, оларды қиратып тастады. 35 Сонда мүсіннің темірі мен қышы, қоласы, күмісі және алтыны бәрі бірдей быт-шыт болып сынып қалды. Олар жаздыгүні астық бастыратын қырмандағы бидай қауызындай соққан желмен ұшып кетіп, із-түзсіз ғайып болды. Ал мүсінге соғылған дәу тас орасан зор тауға айналып, бүкіл жер бетін толтырды.
36 Түсіңіз осындай болды. Енді оның мағынасын да айтып берейік. 37 Сіз, уа, патша ағзам, көптеген патшалардың патшасысыз. Көктегі Құдай сізге патшалық билік, күш-қуат пен атақ-даңқ сыйлап, 38 үстемдігіңізге әр жердегі адам баласын, даладағы аңдар мен аспандағы құстарды тапсырып, өзіңізді солардың барлығының үстінен билеуші етіп тағайындады. Сондықтан мүсіннің алтын басы өзіңізді білдіреді.
39 Сізден кейін дәрежесі төмендеу екінші бір патшалық, одан кейін бүкіл жер бетін басқаратын қола (іспетті берік) патшалық пайда болады. 40 Содан кейін төртінші, темірдей мықты патшалық шығады. Темір қарудың барлық нәрсені сындырып, талқандай алатыны сияқты, осы патшалық та сол бұрынғы патшалықтарды талқандап күйретеді. 41-42 Мүсіннің аяғы мен башпайларының жартылай қыштан, жартылай темірден болғанын көрдіңіз ғой. Бұл — сол төртінші патшалықтың екі бөліктен тұратынын бейнелейді. Кейбір бөлімдері темірдей қатты әрі күшті, ал басқалары қыш сияқты морт сынғыш болады. 43 Өзіңіз көрген сол көріністегі темірдің қышпен араласқаны іспетті, сол бөлімдері де бір-бірімен араласады. Бірақ темірдің қышпен біртұтас бола алмайтынындай, араларында шынайы бірлік болмайды.
44 Алайда сол патшалардың заманында көктегі Құдай бір Патшалықты орнатады. Сол патшалық ешқашан күйремейді, Құдай бөтен халықтың оны жаулап алуына да жол бермейді. Қайта, осы Патшалық басқа барлық патшалықтарды біржола қиратып, өзі мәңгі берік тұрады. 45 Адам баласы емес, басқа біреу жартастан қашап жасаған дәу тасты көрген едіңіз ғой. Оның темір, қола, қыш, күміс және алтынды қиратқаны осыны бейнелейді.
Сонымен Ұлы Құдай келешекте не болатыны туралы сізге білдіріп отыр, уа, патша ағзам. Көрген түсіңіз сенімді, түсіндірмесі де дәл.
46 Сонда Набуходоносор патша Даниялдың алдында басын жерге тигізе тағзым етті. Оның құрметіне астық тартуы жасалып, хош иісті зат түтетілсін деп бұйырды да, 47 Даниялға былай деді: «Сен осы құпияны аша алғандықтан, сиынатын Құдайыңның шынымен барлық тәңір атаулының үстіндегі Құдай әрі патшалардың Иесі екеніне көзім жетіп отыр!»
48 Патша Даниялдың дәрежесін мейлінше жоғарылатып, оған көп сыйлық беріп, бүкіл Бабыл аймағының билеушісі және Бабылдың барлық білімпаздарының үстінен қарайтын басшысы етіп бекітті. 49 Даниялдың өтінішімен патша Шадырақ, Мисақ пен Әбдінегоны Бабыл аймағының істерін атқарушылар етіп тағайындады. Ал Даниялдың өзі патша сарайында тұратын болды.
1 Белшазардың Бабыл еліне билік құрған бірінші жылы Даниял төсегінде жатқанда түсінде түрлі көріністер көрді. Содан ол түсінің мазмұнын жазып қалдырды. 2 Онда Даниял былай деп баяндады:
— Түнде көрген түсімде аспанның төрт бағытынан қатар соққан желдің ұлан-ғайыр теңіздің астан-кестенін шығарып, сапырып жатқанын көрдім. 3 Сол кезде теңізден бір-біріне ұқсамайтын үлкен-үлкен төрт айуан шыға келді.
4 Біріншісінің сырт көрінісі арыстанға ұқсады, бірақ оның бүркіттің қанатындай қанаттары болды. Мен қарап тұрғанда қанаттары жұлынып тасталды. Айуан жерден көтеріліп, адам сияқты артқы екі аяғымен тұрғызылды. Бұған қоса оған адамдікіндей ақыл-сана да берілді.
5 Тағы қарағанымда екінші айуанның көрінісінің аюға ұқсайтынын байқадым. Ол бір жағымен көтеріле бастаған еді. Аузында тістеген үш қабырға бар екен. Осы айуанға: «Орныңнан тұр да, бас салып, етті молынан жалмай бер!» — делінді.
6 Содан кейін қарасам, қабыланға ұқсаған тағы бір айуан тұрды. Оның арқасында құстікі сияқты төрт қанаты бар екен, әрі төрт басы да болды. Осы айуанға билік жүргізу тапсырылды.
7 Содан соң түнгі түсімде төртінші айуанды да көрдім. Ол өте қорқынышты, үрей туғызатын және асқан қуатты екен. Оның үлкен-үлкен темір тістері болды. Айуан алдына келгеннің бәрін жалмап, парша-паршасын шығарып, қалғанын аяқтарымен таптап жүрді. Ол бұған дейінгі барлық айуандардан өзгеше болды. Оның он мүйізі де бар еді.
8 Сол мүйіздерге назар салғанымда, араларынан тағы бір кішкентай мүйіз шықты. Сонда оған орын босату үшін жаңағы мүйіздердің үшеуі түбімен жұлынып қалды. Осы мүйіздің адамдікіндей көздері және бөсіп мақтанған аузы болды.
9 Мен қарап тұра бердім. Соңында тақтар орнатылып, «Мәңгі жасап келе жатқан Тәңір Тағала» өз тағына отырды. Оның киімі мен шашы қардай аппақ, таза еді; отырған тағы лапылдап жанған оттан, ал тақтың дөңгелектері лаулаған жалыннан тұратын. 10 Тақта Отырғанның алдынан отты өзен шығып, ағып жатты. Сан мыңдаған нөкерлер Оған қызмет етіп, он мыңдаған түмендер Оның еркін орындауға дайын тұрды. Бүкіл сот тақтарына отырып, арнайы кітаптар ашылды.
11 Содан кейін мен бөсіп мақтанған сөздерін айтқан жаңағы мүйізбен не болатынына назар аудардым. Кенеттен көз алдымда сол төртінші айуан өлтіріліп, денесі лапылдап жанып тұрған отқа тасталып құртылды. 12 Қалған айуандар билігінен айырылды, әйтсе де белгілі бір уақытқа дейін тірі қалдырылды.
13 Мен сол түні көріп жатқан көріністерде кенеттен адам баласына ұқсайтын Біреудің аспандағы бұлттармен келе жатқанын байқадым. Ол мәңгі жасап келе жатқан Тәңір Тағалаға жақындап келіп, Оның алдына әкелінді. 14 Оған құдірет, салтанатты ұлылық және патшалық билік тапсырылды. Барлық халықтар, ұлттар және тілдердің адамдары Оған бой ұсынып құрмет көрсетуге тиіс болды. Ол ешқашан өшпейтін мәңгілік билік құрады, Оның патшалығы еш уақытта жойылмайды!
15 Ал мен, Даниял, жаным түршіге қиналдым. Осы көрген көріністерім мені қатты абыржытты. 16 Сол жерде тұрған нөкерлердің біріне жақындап келіп, осының бәрін жорып беруін өтіндім. Сонда ол солардың шынайы мағынасын түсіндіріп айтып берді: 17 «Төрт үлкен айуан — жер бетінде пайда болатын төрт патшалық. 18 Бірақ Алла Тағалаға бағышталған адамдар патшалық билікті қабылдап алып, соған мәңгілік, иә, мәңгі бақи ие болады!»
19 Содан кейін мен басқалардан өзгеше, аса қорқынышты төртінші айуан туралы білгім келді. Ол темір тістерімен, қола шеңгелімен олжаларын езіп, жалмап, қалғандарын аяғымен таптайды екен. 20 Мен тағы сол айуанның басындағы он мүйіз туралы, әрі кейін солардың үшеуін түсіріп тастап, орнына өсіп шыққан жаңа мүйіз туралы да білгім келді. Соның көздері және бөсіп мақтанған аузы болды. 21 Мен қарап тұрғанда осы мүйіз Құдайға бағышталған адамдарға қарсы соғыс бастап, оларды жеңіп отырды. 22 Бірақ соңында мәңгі жасап келе жатқан Тәңір Тағала келді. Сонда Өзіне бағышталған адамдарды қолдаған үкім шығарылды. Осылай Тәңір Тағалаға бағышталған адамдардың патшалық билікті иемденетін уақыты жетті.
23 Әлгі нөкер маған тағы мына түсіндірмені де берді: «Төртінші айуан жер бетінде кейінірек пайда болатын патшалықты білдіреді. Ол басқа патшалықтардың бәрінен өзгеше болып, бүкіл жер бетін таптап, талқандап, жалмап қояды. 24 Оның он мүйізі осы патшалықтан шығатын он патшаны бейнелейді. Кейін олардан өзгеше тағы бір патша пайда болып, патшалардың үшеуін өзіне бағындырып алады. 25 Сол патша Алла Тағалаға қарсы сөйлеп, Оған бағышталған адамдарды жәбірлеп қалжырататын болады. Ол Құдайдың Тауратта белгілеген мейрамдары мен заңдарын өзгертуге ұмтылады. Құдайға бағышталған жандар бір кезеңге, екі кезеңге және жарты кезеңге оның қол астына беріледі.
26 Алайда сот жүргізілгенде сол зұлым патша билігінен айырылып, үстемдігі біржолата жойылып, құртылады. 27 Содан соң аспан астындағы бүкіл патшалықтардың билігі, құдіреті және салтанатты ұлылығы Құдай Тағалаға бағышталған халыққа тапсырылады. Оның Патшалығы мәңгілікке орнайды. Билеуші атаулының бәрі де Оған сиынып, мойынсұнатын болады».
28 Түсіндірменің соңы осы. Мен, Даниял, көріп-ойлағандарымнан қатты абыржып, жүзім құп-қу болып кетті. Бірақ та бұлардың барлығын көңіліме түйіп алдым.
Даниял 7:13–14 · Даниял 2 · Даниял 7 · КК 2010
Даниял кітабының 7-тарауында Даниялға жерді, әсіресе оның халқы Исраилді билейтін төрт ірі империя туралы аян берілді. 2-тарауда бұл империялар әртүрлі металдар ретінде көрсетілсе, Даниялдың бұл аянында олар аңдар ретінде көрінеді. Бұл олардың Құдайдың көзқарасы бойынша мінезін білдіреді. Бұл империялар негізінен өз еркімен, аспандағы шынайы Құдайды мойындамай өмір сүрді.
Алайда, біз аянда Адам Ұлы ретінде таныстырылған Біреуді де табамыз. Даниял 2-де біз Мәсіхті адамдардың барлық империяларын талқандайтын және жерді толтыратын үлкен тауға айналатын Тас ретінде көреміз.
Даниял 7-де біз Адам Ұлының аспан бұлттарымен Ежелгі Күндердің алдына келе жатқанын көреміз. Адам Ұлына абсолютті билік берілгенін көреміз. Барлық халықтар, ұлттар және тілдер Оған қызмет етуі керек.
Бастапқыда, Иеміз Құдай Адамға жер бетінде билік берді. Бірақ біз Адам мен Хауа күнәға батқанда бұл билікті жоғалтқанын білеміз (Жар. 3). Нұх, Сүлеймен және Навуходоносор сияқты басқа адамдар билік пен басқару орындарына қойылды, бірақ олардың әрқайсысы сәтсіздікке ұшырады. Бүгінгі күнге дейін әрбір билеуші қандай да бір жолмен сәтсіздік пен күнәмен ерекшеленді.
Ақырында, осы Адам Ұлында, біздің Иеміз Иса Мәсіхте, Әкеміз Өз жүрегіне сай Адамды тапты, Оған барлық билік пен өкілеттілікті тапсыра алады. Бүгіннен бастап Оның билігіне бағынайық!