Қарлығаш не шымшықтай шырылдадым, Гүрлеген көгершіндей аһыладым. Ұдайы аспанға қарап талды көзім, Азаптан мені құтқаршы, уа, Тәңірім!
Ишая 38:14
Күнделікті нұр
Қарлығаш не шымшықтай шырылдадым, Гүрлеген көгершіндей аһыладым. Ұдайы аспанға қарап талды көзім, Азаптан мені құтқаршы, уа, Тәңірім!
Ишая 38:14
(Ән-күйдің жетекшісіне арналған, сегіз ішекті жетігеннің сүйемелдеуімен айтылатын Дәуіттің жыры.) Уа, Ием, маған ызаланып сөге көрме, Қаһарланып мені жазалай көрме. Әлсізбін, о, Ием, рақымды бола гөр, Дірілдеген денемді сауықтыра гөр. Жан дүнием қатты арпалысады, Жол бересің, уа, Ием, бұған қашанғы? Я, Ием, қайтып, жанымды құтқара гөр, Берік рақымыңмен аман сақтай гөр. Өлгендер Сені естеріне алмас, Көрдегілер Сені мадақтамас. Күрсіне ыңқылдап қатты шаршаймын, Түні бойы зар еңіреп жылаймын, Төсегімді көз жасыммен дымқылдаймын. Осы қайғымнан көзім солып қалды, Көп жауыма бола көруден қалды. Аулақ менен, бар зұлымдық жасайтындар! Ием құлақ түрді жылаған даусыма, Жаратқан естіді жалынышымды, Иә, Ием қабылдайды мінажатымды.
Забур жырлары 6:1–10
Уа, Ием, маған ызаланып сөге көрме, Қаһарланып мені жазалай көрме. Әлсізбін, о, Ием, рақымды бола гөр, Дірілдеген денемді сауықтыра гөр. Жан дүнием қатты арпалысады, Жол бересің, уа, Ием, бұған қашанғы?
Забур жырлары 6:2–4
Қорыққанда Саған артам сенімімді. Құдайға сеніп енді қорықпаймын, Берген сөзі үшін Оны мадақтаймын, Сонда пенде не жасай алады маған? Күнде жаулар сөздерімді бұрмалайды, Әрдайым маған қарсы қастық ойлайды,
Забур жырлары 55:4–6
Құдайдың еркін орындап, Оның уәде еткенін иемдену үшін төзімді болуларың қажет.
Еврейлерге хат 10:36
Олар аспанға қадала қарап тұрған кезде, кенеттен ақ киімді екі жігіт қастарында пайда болды да, оларға тіл қатып: «Уа, ғалилеялықтар! Неменеге бұл жерде аспанға қарап тұрсыңдар? Жаңа қастарыңнан көкке көтеріліп, Құдай қабылдаған Иса көз алдарыңнан көкке қалай кетсе, тура солай қайтып келеді», — деді.
Елшіл. істері 1:10–11
Алайда біздің отанымыз көкте, содан Құтқарушымызды — Иеміз Иса Мәсіхті сағына күтеміз.
Філіпілікт. хат 3:20
Себебі біз керемет үмітіміздің іске асуын күтудеміз: ұлы Құдайымыз әрі Құтқарушымыз Иса Мәсіх зор салтанатпен көрінетін болады.
Титке хат 2:13
Оның бет-жүзін көретін болады. Маңдайларында Оның есімі жазылып тұрмақ.
Аян 22:4
14-Мен «ізгі Бағушымын». Әкемнің Мені, Менің Әкемді жақсы білетініміз сияқты, Мен қарамағымдағыларды жақсы білемін, олар да Мені жақсы біледі. Солар үшін жанымды қиямын.
Жохан 10:14
Бірақ Құдайдың салған негізі берік тұрады, онда мына сөздер «мөрленіп» жазылған: «Иеміз Өзінікі болған адамдарын жақсы біледі» және «Иеміздің атын атап сиынатын әркім жамандықтан алшақтасын!»
Тімотеге 2-хат 2:19
Жаратқан Ие ізгі, басыңа қиындық түскен кезде Ол паналайтын қорғаның болады. Өзіне сенім артқандарды Ол жақыннан танып біледі.
Нақұм 1:7
«Біз Құдайымыздың қызметшілерінің маңдайына таңба салып болмайынша, жер бетіне, теңізге және ағаштарға ешбір зақым келтірмеңдер!» — деп бұйырды.
Аян 7:3
Басқа ұлттық сендер де шындық туралы сөзді: өздеріңді құтқарған Ізгі хабарды естіп, Мәсіхке сенім артқанда Онымен тығыз байланысқа түстіңдер. Уәде етілген Киелі Рух сол кезде бойларыңа кірді, Ол — сендердің Құдайдың меншігі екендіктеріңнің белгісі. Киелі Рух, сондай-ақ, болашақта алатын игіліктеріміздің бастапқы бөлігі әрі кепілі де. Құдай Өзінің меншікті халқын жамандықтың әсерінен түгелдей құтқарғанда сол игіліктердің бәрін иемденетін боламыз. Осылай Тәңір Иенің керемет ұлылығы мадақталмақ.
Ефестікт. хат 1:13–14
Мәсіхпен байланысымызда бізді сендермен бірге табанды етіп, тағайындаған — Құдайдың Өзі: Ол бізге өз иелігінің «таңбасын басып», берген уәделерінің орындалуының кепілі ретінде Киелі Рухын жүректерімізге орнықтырды.
Қорынттықт. 2-хат 1:21–22
Жеңіп шыққан әркімді Мен Құдайымның киелі үйінің «бағанасы» қылып қадірлеймін; ол содан ешқашан шықпайтын болады. Сол жеңімпазға Құдайымның атын әрі Оның қаласының атын, яғни көктен, Оның қасынан түсетін жаңа Иерусалимнің атын, және Өзімнің жаңа атымды да жазамын.
Аян 3:12
Сол кезде Яһуда елі құтқарылып, Иерусалим халқы аман-есен тұратын болады. Сонда қаланың аты «Әділдігіміздің қайнары — Жаратқан Ие» деп аталмақ.
Еремия 33:16
Киелі кітап үзінділері Daily Light on the Daily Path кітабынан (қоғамдық игілік).
Соңғы күндер
Барлығын көру2014 ж. 17 нау.
2014 ж. 16 нау.
2014 ж. 15 нау.
2014 ж. 14 нау.
2014 ж. 13 нау.
2014 ж. 12 нау.
2014 ж. 11 нау.