Алайда біздің отанымыз көкте, содан Құтқарушымызды — Иеміз Иса Мәсіхті сағына күтеміз. Ол әлемдегі күллі нәрселерді де жеңіп бағындыру үшін қолданатын құдіретті күшімен біздің өткінші тәнімізді Өзінікі сияқты салтанатты денеге айналдырады.
Філіпілікт. хат 3:20–21
Сол кеңістіктің жоғарғы жағында саф көк асыл тастан жасалған таққа ұқсас бір нәрсе тұрды, ал оның үстінде сырт кейпі адамға ұқсас Біреу отырды. Оның денесі белінен жоғары қарай жалындап жалтыраған қоладай екенін әрі белінен төмен қарай оттай жарқырап тұрғанын көрдім. Және Оның айналасын жарқыраған нұр көмкеріп тұрды. Оның айналасындағы жарқыраған нұр жаңбырлы күні бұлттарда пайда болатын кемпірқосаққа ұқсас еді.
Езекиел 1:26–28
Ал енді, бәріміз бетімізді бүркемей, ашық түрде Иеміздің салтанатты ұлылығына айнадан көргендей мұқият көз жібереміз. Осылайша Ол бізді Өзіне ұқсатып, өзгертіп келеді. Сол арқылы Оның салтанатты ұлылығы барған сайын бізден көбірек көрініс табады. Бұл Иемізден — Киелі Рухтан келеді.
Қорынттықт. 2-хат 3:18
Сүйікті бауырларым, қазір Құдайдың рухани балаларымыз, ал келешекте кім болатынымыз әлі анық емес. Алайда Мәсіх қайтып келгенде Оған ұқсайтынымызды білеміз. Себебі сол кезде Оның шынымен қандай екенін көретін боламыз.
Жоханның 1-хаты 3:2
Енді ешқашан да соларды аштық пен шөл азабы қинамайды, күннің аптабы да күйдірмейді.
Аян 7:16
Олар Құдайдың қызметшісі Мұсаның жырын және Тоқты жөніндегі жырды айтып тұрды:
«Уа, Құдай Ие, бүкіл әлемнің Билеушісі,
Сенің істерің керемет те ұлы!
О, халықтардың мәңгілік Патшасы,
Сенің жолдарың әділ де шынайы!
Аян 15:3