Сонымен, Мәсіх өлімнен қайта тірілгенде сендер Онымен бірге рухани тірілдіңдер. Сондықтан көкке лайықты қасиеттерді иемденуге ұмтылыңдар! Өйткені Мәсіх көкте, Құдайдың оң жағында отыр. Ойларыңды күнәкар дүниедегіге емес, көктегіге аударыңдар! Себебі сендер рухани өлдіңдер, енді өлген кісідей бұрынғы күнәлі іс-әрекеттеріңе жоқсыңдар. Ал Мәсіхпен бірлесіп сүрген жаңа өмірлерің ел көзінен таса, Құдайдың алдында.
Қолостықт. хат 3:1–3
Алайда біздің отанымыз көкте, содан Құтқарушымызды — Иеміз Иса Мәсіхті сағына күтеміз. Ол әлемдегі күллі нәрселерді де жеңіп бағындыру үшін қолданатын құдіретті күшімен біздің өткінші тәнімізді Өзінікі сияқты салтанатты денеге айналдырады.
Філіпілікт. хат 3:20–21
Өйткені ескі болмысымыздың қалауы Киелі Рухқа қарсы, әрі Рухтың қалауы ескі болмысымызға қарсы. Бұл екеуі бір-біріне қарама-қайшы, сондықтан игі ниеттеріңді жүзеге асыра алмайсыңдар.
Ғалаттықт. хат 5:17
Сондықтан, қымбатты бауырластар, ескі күнәкар болмысымыздың еркімен өмір сүруге міндетті емеспіз! Өйткені егер оның еркіне сай өмір сүрсеңдер, Құдайдан ажырап, мәңгілік өлімге ұшырайсыңдар. Ал егер Киелі Рухтың күшімен күнәкар болмыстарыңның іс-әрекетінен мүлдем бас тартсаңдар, шынайы өмір сүресіңдер.
Римдіктерге хат 8:12–13
Сүйікті бауырластарым, (осы күнәкар дүниеде) жат жерлік адамсыңдар, сондықтан сендерге ескертемін: өз жандарыңа ұдайы қарсы шығатын арам құмарлықтардан бас тартыңдар!
Петірдің 1-хаты 2:11