2025 ж. 19 тамыз, сейсенбі

Күнделікті Жарық

2025 ж. 19 там.

Иса Мәсіхтің елшісі Петірден (осы күнәкар дүниеде) жат жерлік болып, Понти, Ғалатия, Қападоқия, Азия және Бітүния аймақтарында шашыраған (сенушілерге дұғай сәлем). Құдай Әке сендерді алдын ала танып, Өзінің Киелі Рухымен Иса Мәсіхке мойынсұнатын, Оның құрбандық өлімінде төгілген қаны арқылы тазарған, меншікті де қасиетті халқы болуға таңдап алған еді. Рақым, амандық және тыныштық сендерге молынан жауа берсін! Иеміз Иса Мәсіхтің Әкесі — Құдай мадақталсын! Ол бізге зор мейірім көрсетіп, рухани қайта туғызып жаңа өмір сыйлады және Иса Мәсіхті өлімнен қайта тірілтуімен бізді тірі үмітке кенелтті. Сондықтан да Құдайдың өз халқына сақтаған мол игілігін иемденуімізді күтеміз. Ешқашан шіріп бұзылмайтын, өшіп-солып қалмайтын сол мұраларың сендер үшін көкте дайын тұр. Құдай Өзіне сенуші сендерді құдіретті күшімен қорғап, заманның ақырында осы күнәкар дүниеден құтқаратын болады, сол кез жеткенде бұл айқын көрінбек. Қазір сендерге біраз уақыт азап шегіп, қуғын-сүргін көруге тура келгенмен, осы сөнбес үмітке қуаныңдар! Азап шегулеріңнің мақсаты — шын жүректен сенгендеріңді дәлелдеу. Жойылып кетуі мүмкін алтын отта балқытылған кезде сыналып, тазартылады. Сол сияқты, алтыннан әлдеқайда бағалы сенімдерің де бастан кешкен азаптарың арқылы сыналып, берік те шынайы екендігі дәлелденеді. Сонда Иса Мәсіхтің қайта оралып, ашық көрінетін күні Құдай сендерді мақтап, даңқ пен құрметке бөлемек. Мәсіхті өз көздеріңмен көрмеген болсаңдар да, Оны сүйесіңдер. Қазір де көре алмағанмен, Оған сенесіңдер. Сондықтан сендер сөзбен суреттеуге болмайтын ұлы да керемет қуанышпен шаттанып тұрсыңдар. Ақыр соңында сенімдеріңнің нәтижесін: жандарыңның толықтай құтқарылуын қабылдамақсыңдар. Құдайдың сендерге беретін рақымы туралы алдын ала айтқан пайғамбарлар кезінде осы құтқарылу жайында мұқият ізденіп, зерттейтін. Оларға дарыған Мәсіхтің Киелі Рухы Оның төзуге тиісті азаптары және бұған жалғасатын салтанатты ұлылығы жөнінде алдын ала хабарлағанда, пайғамбарлар бұл оқиғалардың қалай және қай уақытта болатынын білуге тырысты. Бірақ оларға осы пайғамбарлық қызметтерін өздері үшін емес, сендер үшін атқарғандықтары білдірілді. Ал қазіргі заманда уағыздаушылар Мәсіх туралы Ізгі хабарды көктен жіберілген Киелі Рухтың жетелеуімен сендерге әкелді. Осы тамаша хабарға тіпті періштелер де қызығып, түсінуге ұмтылады. Сонымен, ақыл-ойларыңды іс-әрекетке дайын ұстауға бел буыңдар! Сергек болып, Иса Мәсіх салтанатпен қайтып келгенде көрсететін рақымға толығынан үміт артыңдар! Құдайдың рухани балалары ретінде Оған мойынсұныңдар. Бұрын Оның шынайы хабарын білмей, өмірлерің жаман істерге жетелейтін құмарлықтардың билігінде болып келді. Бұған енді жол бермеңдер! Қайта, өздеріңді шақырған Құдайдың қасиетті болғаны сияқты, сендер де бүкіл іс-әрекеттеріңде Оған бағышталған қасиетті болыңдар!

Петірдің 1-хаты 1:1-15

Құдай Әкеге және Иеміз Иса Мәсіхке сенушілердің Салониқадағы қауымына Пауыл, Сыйлас және Тімотеден дұғай сәлем. Құдай сендерге рақымын жаудырып, тыныштығын сыйлай көрсін! Сендерді Құдайға сиынғанда еске алып, бәрің үшін әрдайым шүкірлік айтамыз. Құдай Әкеміздің алдында сендердің Оған деген сеніммен игілікті іс істеп, сүйіспеншілікпен ауыр еңбек етіп және Иеміз Иса Мәсіхке табандылықпен үміт артып жүргендеріңді үнемі еске алып отырамыз. Құдай сүйген қымбатты бауырластар, Оның сендерді таңдап алғанын білеміз. Себебі біз сендерге Ізгі хабарды сөзбен ғана емес, құдіретпен, Киелі Рухпен және зор сеніммен де жеткіздік. Сендердің игіліктерің үшін араларыңда қалай әрекет еткенімізді өздерің білесіңдер. Ал сендер бізге және Иемізге еліктеп көп азапқа ұшырасаңдар да, Ізгі хабарды Киелі Рух сыйлаған қуанышпен қабылдадыңдар. Осылай Македония мен Ахая өлкелеріндегі сенушілердің барлығына үлгі болдыңдар. Иеміздің хабары сендерден Македония мен Ахаяға ғана тараған жоқ, Құдайға деген сенімдерің барлық жерде белгілі болғандықтан, бізге бұл туралы айтудың қажеті де жоқ. Себебі жұрт сендердің бізді қандай жылылықпен қабылдағандарың және жалған тәңірлерден бас тартып, Құдайға бет бұрғандарың туралы бір-біріне айнала әңгімелеп жатыр. Енді сендер тірі де шынайы Құдайға қызмет ете жүріп, Оның рухани Ұлы Исаның көктен түсуін күтудесіңдер. Құдай өлімнен қайта тірілткен Иса бізді келешектегі қаһарлы соттан құтқарып алады.

Салониқал. 1-хат 1

Құдай Әке сендерді алдын ала танып, Өзінің Киелі Рухымен Иса Мәсіхке мойынсұнатын, Оның құрбандық өлімінде төгілген қаны арқылы тазарған, меншікті де қасиетті халқы болуға таңдап алған еді. Рақым, амандық және тыныштық сендерге молынан жауа берсін! Иеміз Иса Мәсіхтің Әкесі — Құдай мадақталсын! Ол бізге зор мейірім көрсетіп, рухани қайта туғызып жаңа өмір сыйлады және Иса Мәсіхті өлімнен қайта тірілтуімен бізді тірі үмітке кенелтті. Сондықтан да Құдайдың өз халқына сақтаған мол игілігін иемденуімізді күтеміз. Ешқашан шіріп бұзылмайтын, өшіп-солып қалмайтын сол мұраларың сендер үшін көкте дайын тұр. Құдай Өзіне сенуші сендерді құдіретті күшімен қорғап, заманның ақырында осы күнәкар дүниеден құтқаратын болады, сол кез жеткенде бұл айқын көрінбек. Қазір сендерге біраз уақыт азап шегіп, қуғын-сүргін көруге тура келгенмен, осы сөнбес үмітке қуаныңдар! Азап шегулеріңнің мақсаты — шын жүректен сенгендеріңді дәлелдеу. Жойылып кетуі мүмкін алтын отта балқытылған кезде сыналып, тазартылады. Сол сияқты, алтыннан әлдеқайда бағалы сенімдерің де бастан кешкен азаптарың арқылы сыналып, берік те шынайы екендігі дәлелденеді. Сонда Иса Мәсіхтің қайта оралып, ашық көрінетін күні Құдай сендерді мақтап, даңқ пен құрметке бөлемек. Мәсіхті өз көздеріңмен көрмеген болсаңдар да, Оны сүйесіңдер. Қазір де көре алмағанмен, Оған сенесіңдер. Сондықтан сендер сөзбен суреттеуге болмайтын ұлы да керемет қуанышпен шаттанып тұрсыңдар. Ақыр соңында сенімдеріңнің нәтижесін: жандарыңның толықтай құтқарылуын қабылдамақсыңдар.

Петірдің 1-хаты 1:2-9

Бұрын сендер түнек болдыңдар, ал енді Иемізбен байланысып, «нұрсыңдар»: ендеше «нұрдың адамдары» болып әрекет етіңдер! Ал нұрдағы өмірдің өнімі — нағыз игілік, әділдік, шындық. Құдай Иеге не ұнайтынын біліп алып, түнектегі адамдардың бекер істеріне араласпаңдар, қайта, оларды әшкерелеңдер!

Ефестікт. хат 5:8-11

Иса Мәсіхтің көмегімен молынан әділ іс-әрекеттер жасап келген боласыңдар. Содан Құдайдың ұлылығы көрініп, мадақталмақ.

Філіпілікт. хат 1:11

Сол сияқты, сендердегі «нұр» адамдарға сәулесін төксін. Осылайша олар игі істеріңді көріп, көктегі Әкелеріңді мадақтап дәріптесін.

Матай 5:16

Иса Мәсіхтің елшісі болуға Құдайдың еркімен тағайындалған Пауыл мен бауырласымыз Состеннен Қорынт қаласындағы Құдайдың қауымына дұғай сәлем. Құдай сендерді Иса Мәсіх арқылы Өзіне бағыштап алды да, кез келген жерде тұрып, Иеміз Иса Мәсіхке Жаратқан Ие деп сиынатындардың бәрімен бірге сендерді де Өзінің қасиетті халқы болуға шақырды. Ал Мәсіх — олардың да, біздің де Иеміз. Құдай Әкеміз бен Иеміз Иса Мәсіх сендерге рақым мен тыныштық жаудыра көрсін! Мен Құдайға әрдайым сендер үшін шүкірлік етемін, өйткені Ол өздеріңе Иса Мәсіх арқылы рақымын сыйлады. Сендер Мәсіхтің арқасында барлық жағынан да рухани байып, Құдайдың сөзі жайлы еркін сөйлей алып, жан-жақты білімге ие болдыңдар. Мәсіх туралы Ізгі хабарымыздың шындығы өмірлеріңде расталды. Осылай сендер Киелі Рух сыйлайтын дарындардан ешқандай тапшылық көрмей, Иеміз Иса Мәсіхтің салтанатпен көрінуін сағына күтудесіңдер. Иеміздің қайта оралатын сол күні еш айыпталмауларың үшін Тәңір Ие сендерді өмірлеріңнің аяғына дейін табанды етпек. Құдай уәделеріне берік, Ол сендерді Өзінің рухани Ұлы — Иеміз Иса Мәсіхпен тығыз байланыста болуға шақырған. Бауырластарым, сендерге Иеміз Иса Мәсіхтің атынан ескертемін: ауызбірлікті сақтап, жікке бөлінбеңдер! Қайта, бірдей мақсат пен пікірде болып, бірлікте тұрыңдар! Себебі, қымбатты бауырластарым, Хылойдың үйінен келгендерден араларыңда талас-тартыс бар екенін біліп алдым. Менің түсінуімше, біреулерің: «мен Пауылдың адамымын», басқа біреуің: «ал мен Аполлостікімін», үшіншің: «бірақ мен Петірдің», төртіншің: «ал мен Мәсіхтің шәкіртімін» дейді екенсіңдер. Сонда Мәсіхтің жіктеліп бөлінгені ме?! Әлде сендер үшін айқышқа шегеленіп құрбан болған мен, Пауыл, ма едім?! Немесе Пауылдың адамы болу үшін шомылдыру рәсімінен өтіп пе едіңдер? (Ондайдан сақтасын!) Мен Крисіп пен Гайдан басқа ешкімді осы рәсімнен өткізген жоқпын, сол үшін Құдайға шүкірлік етемін. Сондықтан Пауылдың адамы болу үшін шомылдыру рәсімінен өттім деп ешқайсың айта алмайсыңдар! Рас, сондай-ақ Степанның үй ішіндегілерін де өткізгенмін, ал тағы басқа біреуді өткізгенім есімде жоқ. Мәсіх мені шомылдыру рәсімін орындауға емес, Ізгі хабарды уағыздауға жіберді. Ол маған данышпандық пен шешендікті пайдалан демеді де, әйтпесе Мәсіхтің айқыштағы құрбандығы туралы уағыз өз күшінен айырылар еді. Мәсіхтің айқыштағы құрбандығы туралы Ізгі хабарды тозаққа кететіндер ақымақтық деп есептейді, ал құтқарылатын біздер үшін осы хабарда Құдайдың құдіреті жатыр. Пайғамбардың жазбасында мынадай сөздер бар: «Даналардың даналығын жойып, ақылдылардың ақылын жоқ қыламын». «Олай болса, даналар мен ғұламалар қайда, осы дүниелік ұлы істер туралы айтысқыш шешендер ше?» Құдай солардың бәрін де ақымақтар, ал даналықтарын түкке тұрғысыз ақылсыздық қылып көрсетті емес пе? Адамзаттың тіпті ең кемеңгер деген ой-санасымен де Құдайды ешқашан тани алмайтындығын Ол алдын ала өз даналығымен білді. Сондықтан Құдай осы дүние ақымақтық деп есептейтін уағызымыз арқылы соған сенетіндерді құтқаруды лайық көрді. Яһудилер құдіретті кереметтер талап етсе, гректер уағызымыздан даналық іздейді. Бірақ біз Мәсіхті айқышқа шегеленіп, жанын құрбан етті деп жариялаймыз. Бұл хабар яһудилерге жек көрінішті, ал басқа ұлттық адамдарға ақымақтық болып көрінеді. Алайда яһудилер мен басқа халықтардан шақырылғандар Мәсіхті «Құдайдың құдіреті мен даналығы» деп түсінеді. Адамдар «ақымақтық» дейтін Құдайдың құтқару жолы пенденің даналығынан әлдеқайда жоғары және Құдайдың «әлсіздігі» (яғни Мәсіхтің айқышта жанын қиюы) пенденің күш-қуатынан әлдеқайда күшті. Бауырластар, Құдай сендерді шақырғанда өздеріңнің кім болғандарыңа назар аударыңдаршы: табиғи тұрғыдан қарағанда араларыңда даналар, билік иелері, асыл туғандар көп емес еді. Бірақ осы дүние кімдерді «ақымақ» деп санаса, Құдай «данышпан-ақылгөй» делінгендерді ұялту үшін соларды таңдап алды. Және осы дүние «күшсіз» деп тапқандарды Құдай «күштілерді» ұялту үшін Өзіне таңдады. Осы дүние маңызды деп есептейтіндерді жою үшін Құдай осы дүниенің менсінбей, қорлап, түкке тұрғысыз деп санағандарын таңдап алды. Осылайша Құдайдың алдында ешкімнің де мақтануына болмайды. Тәңір Иенің істегені арқылы сендер Иса Мәсіхпен тығыз байланысқа келдіңдер. Құдай Мәсіхті даналығымыздың бастауы етіп, бізді Ол арқылы ақтап, Өзінің қасиетті халқы қылып, күнәнің құлдығынан құтқарды. Сондықтан: «Кім мақтанғысы келсе, тек Жаратқан Иемен мақтансын!» — деп (Пайғамбарлар жазбаларында) жазылғандай істеңдер.

Қорынттықт. 1-хат 1

ЖИ көмегімен аударылған, Киелі кітап дәйексөздері де соның ішінде — кез келген сілтемені ашып, Киелі кітап аудармасынан оқыңыз.

Kieli Kitap © Orta Asia Baspasy, 1993, 1996, 2000, 2010, 2025

Киелі кітап үзінділері Daily Light on the Daily Path кітабынан (қоғамдық игілік).

Соңғы күндер