2026 ж. 2 мамыр, сенбі

Күнделікті Жарық

2026 ж. 2 мам.

Жақып оянып: «Шынында Жаратқан Ие осы жерде екен! Ал мен мұны еш білмеппін, — деп,

Жаратылыстың баст. 28:16

Өйткені екі-үш адам Менің атымнан жиналса, Мен де сол жерде араларында боламын.

Матай 18:20

әрі сендерге өсиет еткендерімнің бәрін де ұстануға үйретіңдер! Естеріңде болсын: Мен бұл дүниенің ақыр соңына дейін әр күні өздеріңмен бірге болып, сендерге жар боламын!» (Аумин)

Матай 28:20

Жаратқан Ие: — Өзім бірге барып жар болып, жаныңа тыныштық сыйлаймын, — деп жауап қайырды.

Мысырдан шығу 33:14

«Сен Құдайымсың, — дедім Жаратқанға, — Уа, Ием, құлақ түрші жалынған даусыма. Жаратушы Тәңір Ием, мықты құтқарушымсың, Шайқас күні басымды дулығадай қорғадың.

Забур жырлары 139:7-8

Мені тек жақын жерде тұрып, алыс жерде бола алмайтын Құдай дейсіңдер ме? — деп сұрайды Жаратқан Ие. — Әлде адам құпия жерге тығылып, Менің көзімнен тасалана алады деп ойлайсыңдар ма? Аспан мен жердің барлық жерінде Мен бармын, солай емес пе? — деп ескертеді Иеміз.

Еремия 23:23-24

Жасөспірім Самуил Елидің қарамағында Жаратқан Иеге қызмет етіп жүрді. Сол заманда Жаратқан Иенің адамдарға сөзін арнап, аян беруі өте сирек болатын. Елидің көздері мүлдем дерлік көрмей қалған еді. Бірде ол өзінің үйреншікті орнында жатты. Бұл Құдайдың шам қойғышының жеті шамы әлі де жанып тұрған кез еді. Құдайдың Келісім сандығы орналасқан Жаратқан Иенің ғибадатханасында Самуил де тынығып жатты. Сонда Жаратқан Ие Самуилдің атын атап шақырды. Ол: «Тыңдап тұрмын», — деді де, Елиге жүгіріп барып: — Тыңдап тұрмын, сіз мені шақырдыңыз ба? — деп сұрады. Ели оған: — Жоқ, сені шақырған жоқпын, орныңа барып, жата ғой, — деп жауап қайырды. Самуил солай істеді. Жаратқан Ие қайтадан: «Самуил!» — деп шақырғанда, бала тағы да орнынан тұрып, Елиге барып: — Тыңдап тұрмын, сіз мені шақырдыңыз ба? — деп сұрады. Бірақ ол: — Жоқ, шақырған жоқпын, балам, орныңа барып, жата бер, — деді. Бұған дейін Жаратқан Ие өзіне аян беріп, сөзін арнамағандықтан, Самуил Оның даусын танымайтын еді. Жаратқан Ие Самуилді үшінші рет шақырды. Бала тағы да орнынан тұрып, Елиге келіп: — Тыңдап тұрмын, сіз мені шақырдыңыз ба? — деп сұрады. Сол кезде Ели баланы шақырып жатқан Жаратқан Иенің Өзі екенін түсініп, оған: — Бар да жат. Егер сені қайтадан шақырса, онда: «Уа, Ием, айта гөр, пендең тыңдап тұр» деп жауап бер, — деді. Самуил төсегіне барып жатты. Бұдан кейін Жаратқан Ие тағы да оның қасына келіп, бұрынғыша: — Самуил, Самуил! — деп шақырды. Бала: — Айта гөр, пендең тыңдап тұр, — деп жауап берді. Сонда Құдай Самуилге мынаны айтты: — Мен Исраилде естіген адамды қатты абыржытатын бір нәрсе істемекпін! Сол күні Мен Елидің отбасы туралы айтқан сөздерімді басынан аяғына дейін жүзеге асырамын. Ұлдарының зұлымдығы үшін оларды біржолата жазалайтынымды Елиге хабарлағанмын. Ол ұлдарының Құдайды қорлағандарын біліп жүрсе де, оларды жүгендеп, тоқтатқан емес. Сол себепті Мен: Елидің отбасы өз кінәсінің зардабынан ешқашан не құрбандық, не басқа да сый-тарту арқылы арыла алмайды деп ант еттім. Бұдан соң Самуил қайтадан орнына барып жатты. Ертеңгісін ол әдеттегідей Жаратқан Иенің киелі үйінің есіктерін ашты. Ал Құдайдың аян еткен сөздерін Елиге айтып беруге дәті бармады. Бірақ Ели оны: — Самуил, балам, — деп, қасына шақырып алды. — Құлағым сізде, ата, — деп жауап берді ол. Ели: — Құдай саған не деді? Оны менен жасырма. Егер де Құдайдың өзіңе білдіргендерін түгелдей айтпай, бір нәрсесін жасырып қалсаң, Ол сені жазалаған үстіне жазалай бермек, — деді. Сонда Самуил ештеңені бүкпестен бәрін айтып берді. Ели: — Ол Жаратқан Ие ғой, Оның әділ еркі орындалсын, — деді. Ал Самуил есейіп, өсе берді. Жаратқан Иенің Өзі жар болып, оған алдын ала хабарлап айтқан сөздерінің бәрі де жүзеге асып отырды. Содан солтүстіктегі Дан мен оңтүстіктегі Бер-Шебаның аралығында тұрып жатқан бүкіл Исраил халқы Самуилдің Жаратқан Иенің пайғамбары болуға тағайындалғандығына көз жеткізді. Жаратқан Ие Самуилге сөзін арнап, Өзінің кім екенін ашқан Шилода оған аян беруін жалғастыра берді.

Патшалықтар 1-ж. 3

Себебі Киелі Құдай деп аталған, мәңгі тірі дәріптелген Алла Тағала мынаны да айтады: «Мен көктегі киелі мекенімде тұрамын. Сондай-ақ күйреп, күнәсіне шын көңілден өкінген кішіпейіл жанның қасында да боламын. Оны қайтадан рухтандырып, жаралы жүрегін сауықтырамын.

Ишая 57:15

Сондықтан да, бауырластарым, мен сендерге келіп, Құдайдың шынайы хабарын уағыздаған кезде шешен сөздер және дана пікірлер қолданған жоқпын. Сендерге Иса Мәсіх пен Оның айқыштағы құрбандық өлімінен басқа нәрселер туралы айтпауға шешім қабылдаған едім. Араларыңда күш-қуатсыз, дірілдеп, қатты жүрексініп тұрып жаттым. Сөз сөйлеп, уағыз айтқанда адамды сендірерліктей данышпан пікірлерге емес, Құдайдың Рухы мен құдіретінің айқын көрінуіне сүйендім. Ондағы мақсатым — сенімдеріңнің негізі адамның даналығы емес, Құдайдың құдіретінің болуы. Дегенмен, біз рухани жетілгендерге даналық туралы хабарды уағыздай береміз. Ал бұл даналық осы күнәкар дүниенікі емес, сондай-ақ, осы дүниелік билеушілердікі де емес; солар — болашақта құрып кететіндер. Керісінше, жариялап жүргеніміз — Құдайдың құпия даналығы, бұл адамзаттың көзінен таса болып келді. Ал Құдай оны біздің ұлылыққа ие болуымыз үшін әлемді жаратпастан бұрын-ақ белгілеп қойған болатын. Бұны осы дүниелік билеушілердің біреуі де ұққан емес; ұққан болса, олар Ұлылықтың Иесін айқышқа шегелетіп өлтіртпес еді. Алайда (Киелі жазбаларда) алдын ала жазылғандай, көз көріп, құлақ естімеген, адам ойына ешқашан келмеген игіліктерді Құдай Өзін сүйетіндерге дайындап қойған. Бұны Құдай біздерге Өзінің Киелі Рухы арқылы анық білдірді. Киелі Рух бәрінен де, Құдайдың терең ой-мақсаттарынан да хабардар. Себебі адамның ішкі құпия-сырларын оның өз рухынан басқа бірде-бір адам біле ме? Сол сияқты, Құдайдың терең ой-мақсаттарын да Оның Киелі Рухынан басқа ешкім білмейді. Ал біз осы дүниелік рухты емес, Құдайдан келген Киелі Рухты қабылдадық, Соның көмегімен Құдайдың бізге сыйлаған игіліктерін біле аламыз. Солар туралы біз адамзаттың даналығынан емес, Киелі Рухтан үйренген сөздермен уағыздап, Оған мойынсұнғандарға рухани шындықты түсіндіреміз. Өз еркімен жүретін адам Құдайдың Рухынан келгенді қабылдамайды, соны түсіне алмай, ақымақтық деп санайды. Себебі оны Киелі Рухтың тұрғысынан бағалау керек. Ал Құдайдың Рухына мойынсұнушы Одан келгеннің бәрін де бағалай алады, бірақ басқалар ондай адамға баға бере алмайды. Өйткені «Кім Жаратқанның ақыл-ойын ұққан, кеңесшісі болып бағыт берді Оған?» (деп жазылған). Ал бізде Мәсіхтің ой-ниеті бар.

Қорынттықт. 1-хат 2

ЖИ көмегімен аударылған, Киелі кітап дәйексөздері де соның ішінде — кез келген сілтемені ашып, Киелі кітап аудармасынан оқыңыз.

Kieli Kitap © Orta Asia Baspasy, 1993, 1996, 2000, 2010, 2025

Киелі кітап үзінділері Daily Light on the Daily Path кітабынан (қоғамдық игілік).

Соңғы күндер