Жаратқан Иеге қатты қуанам,
Құдайыма шаттанады жан дүнием,
Мені Ол құтқарып, амандыққа бөледі,
Үстіме әділдікті де жауып берді!
Күйеу жігіт діни қызметкер іспетті
Әшекейлі тәж басына киеді,
Қалыңдық асыл тастарын тағады,
Дәл солай мен де болдым салтанатты!
Ишая 61:10
(Дәуіттің жыры.)
Менімен ерегісіп келгендермен
Сен Өзің ерегісе гөр, уа, Ием.
Маған қарсы күресіп келгендермен
Сен Өзің күресе гөр, уа, Ием.
Сауыт киіп, қалқаныңды қолыңа алшы,
Мені қолдап айқасуға дайындалшы.
Семсер суырып, қуғыншыларды бөгеші,
«Мен Құтқарушыңмын!» деп жаныма жігер берші.
Забур жырлары 34:1-3
Сонда рақым мен шындық бірге кездеседі,
Әділдік пен татулық бір-біріне сәйкес келеді.
Адалдық жер бетінен көктеп шығады,
Әділдік көктен төмен қарап тұрады.
Забур жырлары 84:11-12
Жан-тәніммен Жаратушыны мадақтаймын.
Уа, Құдай Ием, Сен керемет ұлысың,
Құрмет пен салтанатқа бөленгенсің.
Забур жырлары 103:1
Кейбіреулерің азап шеккенде, Құдайға сиынсын, көңілді болғанда, мадақтау жырлары мен әндерін айтсын.
Жақыптың хаты 5:13
Арақ-шарап ішіп, мас болмаңдар, бұл жүгенсіздікке апарады! Қайта, Киелі Рухқа кенеле беріңдер! Бір-біріңді Забур жырлары, мадақтау өлеңдері және Киелі Рух дарытқан әндер арқылы жігерлендіріп, Иемізді ән-күймен шын жүректен дәріптеңдер. Иеміз Иса Мәсіхтің атымен Құдай Әкеге қай нәрсе үшін де ұдайы шүкірлік етіңдер!
Ефестікт. хат 5:18-20
Мәсіх туралы Ізгі хабарға көңілдеріңнен мол орын беріңдер: Забур жырлары, мадақтау өлеңдері және Киелі Рух дарытқан басқа да әндер арқылы бір-біріңе зор парасатпен тәлім-тәрбие және бағыт-бағдар беріңдер. Жүректерің ризашылыққа кенеліп, Құдай Иемізге арнап ән айтып отырыңдар!
Қолостықт. хат 3:16
Түн ортасында Пауыл мен Сыйлас Құдайға сиынып, Оны ән-жыр айтып дәріптеп мадақтады. Басқа тұтқындар мұны тыңдап жатты.
Елшіл. істері 16:25
Әрдайым Иемізбен байланыстарыңа қуаныңдар! Тағы да айтамын: қуаныңдар!
Філіпілікт. хат 4:4