2026 ж. 17 қыркүйек, бейсенбі

Күнделікті Жарық

2026 ж. 17 қыр.

Сондықтан оларға кенет ажал жетсін, Маған құрған торына өздері түссін, Осылайша өз бастары құрып кетсін.

Забур жырлары 34:8

асаба шарапқа айналған әлгі суды татып көрді. Бірақ асаба оның қайдан екенін білген жоқ, мұны тек суды шөміштеп алған қызметшілер ғана білетін. Асаба таңғалды да, күйеу жігітті шақыртып алып: «Әркім алдымен жақсы шарабын құяды, қонақтар қызып алған кезде оның төмендеу түрін береді. Ал сен ең жақсысын осы уақытқа дейін сақтап қойыпсың!» — деді.

Жохан 2:9-10

Өйткені тілдің тамақтың дәмін ажырататыны сияқты, адамның құлағы да сөздерді тексеріп ажыратады.

Әйүп 34:3

Сондықтан да, бауырластарым, мен сендерге келіп, Құдайдың шынайы хабарын уағыздаған кезде шешен сөздер және дана пікірлер қолданған жоқпын. Сендерге Иса Мәсіх пен Оның айқыштағы құрбандық өлімінен басқа нәрселер туралы айтпауға шешім қабылдаған едім. Араларыңда күш-қуатсыз, дірілдеп, қатты жүрексініп тұрып жаттым. Сөз сөйлеп, уағыз айтқанда адамды сендірерліктей данышпан пікірлерге емес, Құдайдың Рухы мен құдіретінің айқын көрінуіне сүйендім. Ондағы мақсатым — сенімдеріңнің негізі адамның даналығы емес, Құдайдың құдіретінің болуы. Дегенмен, біз рухани жетілгендерге даналық туралы хабарды уағыздай береміз. Ал бұл даналық осы күнәкар дүниенікі емес, сондай-ақ, осы дүниелік билеушілердікі де емес; солар — болашақта құрып кететіндер. Керісінше, жариялап жүргеніміз — Құдайдың құпия даналығы, бұл адамзаттың көзінен таса болып келді. Ал Құдай оны біздің ұлылыққа ие болуымыз үшін әлемді жаратпастан бұрын-ақ белгілеп қойған болатын. Бұны осы дүниелік билеушілердің біреуі де ұққан емес; ұққан болса, олар Ұлылықтың Иесін айқышқа шегелетіп өлтіртпес еді. Алайда (Киелі жазбаларда) алдын ала жазылғандай, көз көріп, құлақ естімеген, адам ойына ешқашан келмеген игіліктерді Құдай Өзін сүйетіндерге дайындап қойған. Бұны Құдай біздерге Өзінің Киелі Рухы арқылы анық білдірді. Киелі Рух бәрінен де, Құдайдың терең ой-мақсаттарынан да хабардар. Себебі адамның ішкі құпия-сырларын оның өз рухынан басқа бірде-бір адам біле ме? Сол сияқты, Құдайдың терең ой-мақсаттарын да Оның Киелі Рухынан басқа ешкім білмейді. Ал біз осы дүниелік рухты емес, Құдайдан келген Киелі Рухты қабылдадық, Соның көмегімен Құдайдың бізге сыйлаған игіліктерін біле аламыз. Солар туралы біз адамзаттың даналығынан емес, Киелі Рухтан үйренген сөздермен уағыздап, Оған мойынсұнғандарға рухани шындықты түсіндіреміз. Өз еркімен жүретін адам Құдайдың Рухынан келгенді қабылдамайды, соны түсіне алмай, ақымақтық деп санайды. Себебі оны Киелі Рухтың тұрғысынан бағалау керек. Ал Құдайдың Рухына мойынсұнушы Одан келгеннің бәрін де бағалай алады, бірақ басқалар ондай адамға баға бере алмайды. Өйткені «Кім Жаратқанның ақыл-ойын ұққан, кеңесшісі болып бағыт берді Оған?» (деп жазылған). Ал бізде Мәсіхтің ой-ниеті бар.

Қорынттықт. 1-хат 2

Ғашығым жас жігіттер арасында Алма ағашындай орман арасында! Саясында оның отыра берсем екен, Жемісі тәтті, ләззат табамын мен.

Таңдаулы ән 2:3

Әлде сен Құдайдың мейірім көрсетіп, өзіңді теріс жолдан қайтарғысы келетінін ұқпай, Оның мол мейірімділігін, сабырлылығын және шыдамдылығын менсінбейсің бе?

Римдіктерге хат 2:4

Ол Өзінің жалғыз рухани Ұлын аямай, Оны біз үшін өлімге қиды. Ендеше Онымен бірге бізге қажеттінің бәрін қалайша сыйламайды?

Римдіктерге хат 8:32

Құдай Әке сендерді алдын ала танып, Өзінің Киелі Рухымен Иса Мәсіхке мойынсұнатын, Оның құрбандық өлімінде төгілген қаны арқылы тазарған, меншікті де қасиетті халқы болуға таңдап алған еді. Рақым, амандық және тыныштық сендерге молынан жауа берсін!

Петірдің 1-хаты 1:2

Уа, Құдайым, үкімдерін шығаршы, Құрған тұзақтарына өздерін құлатшы, Мол күнәлары үшін қуып шықшы, Өйткені олар Саған қарсы шықты.

Забур жырлары 5:11

ЖИ көмегімен аударылған, Киелі кітап дәйексөздері де соның ішінде — кез келген сілтемені ашып, Киелі кітап аудармасынан оқыңыз.

Kieli Kitap © Orta Asia Baspasy, 1993, 1996, 2000, 2010, 2025

Киелі кітап үзінділері Daily Light on the Daily Path кітабынан (қоғамдық игілік).

Соңғы күндер