3 — Мен яһудимін, Кіликияның Тарс қаласында тудым, ал осы қалада өсіп, атақты Гамалиелден тыңғылықты тәлім алдым. Ата-бабаларымыздың Таурат заңын мұқият сақтай отырып, осы тұрған өздеріңіз сияқты Құдайдың құрметі үшін жан-тәніммен ұмтылдым.
9 Рас, баяғыда мен де назареттік Исаға қарсы күресуді міндетім деп ойладым. 10 Иерусалимде осымен айналысып, бас діни қызметкерден арнайы өкілеттік алып, Құдайдың қасиетті адамдарының көбін түрмеге жаптырдым. Олар өлім жазасына кесілгенде, бұған да келісіп, дауыс беріп отырдым.
1 Ал Саул Иеміздің жолын қуушыларды өлтірем деген қоқан-лоқысы мен қаскөйлігін әлі де жалғастырып, бас діни қызметкерге барып, жолықты. 2 Одан (Сирияның) Дамаск қаласындағы мәжілісханаларға арнап хат жазып беруін сұрады. Саул сол жерден тапқан еркек болсын, әйел болсын Исаның жолына түскендерді бұғаулап, Иерусалимге алып келмекші еді. 3 Осы ниетпен кетіп бара жатып, Дамаскіге жақындап қалғанда, оған көктен түскен жарық нұр кенеттен сәулесін төгіп жіберді. 4 Саул жерге құлап түсіп, «Саул, Саул! Неге Мені қудалайсың?» — деген дауысты естіді. 5 Саул:
— Сен кімсің, Ием? — деп сұрады. Ол:
— Мен сен қудалап жүрген Исамын! 6 Орныңнан тұр да, қалаға бар! Не істеуге тиіс екенің саған сол жерде айтылады! — деді.
7 Саулдың сапарлас жігіттері үндемей тұрып қалды. Себебі олар бір дауысты естігендей болғанмен, ешкімді көрмеді. 8 Саул түрегеліп, көзін ашқанда, еш нәрсе көре алмады. Сондықтан серіктері оны Дамаскіге дейін қолынан ұстап жетектеп барды. 9 Содан ол үш күн бойы көзі көрмей, еш нәр татпады.
10 Сол кезде Дамаскіде Исаның жолын қуушы Анани есімді бір шәкірті тұратын. Иеміз соған аян беріп:
— Анани! — деді. Ол:
— Тыңдап тұрмын, Ием! — деді.
11 — Орныңнан тұр да, Түзу даңғыл деп аталатын көшеге бар. Сол жерде Яһуданың үйінен тарстық Саул деген кісіні сұра! Қазір ол мінажат етіп жатыр. 12 Ол аянда Анани есімді біреудің кіріп келіп, көзін ашу үшін үстіне қолын қойғанын көрді, — деді Иеміз. 13 Бірақ Анани:
— Уа, Ием, мен талайлардан осы кісінің Иерусалимде Саған бағышталған адамдарыңа соншама көп жамандық істегені туралы хабар алдым. 14 Ол басты діни қызметкерлерден Сенің атыңа сиынғандардың бәрін осы жерде де тұтқындауға өкілеттік алыпты, — деп жауап берді. 15 Бірақ Иеміз оған:
— Бар сонда! Ол — Менің атымды басқа ұлттарға, патшаларға және Исраил халқына жариялау үшін таңдап алған қызметшім. 16 Ал Менің атыма бола қаншама азап шегуге тиіс екенін Мен оған Өзім білдіремін, — деді.
17 Анани жолға шығып, әлгі үйге кірді; Саулдың үстіне қолын қойып:
— Бауырым Саул, саған жолшыбай келе жатқанда аян берген Иеміз Исаның Өзі көзің қайтадан көрсін, сен Киелі Рухқа кенелсін деп мені жіберді, — деді. 18 Сол сәтте-ақ Саул көзінен перде алынып тасталғандай, көре бастады. Ол орнынан тұрып, шомылдыру рәсімінен өтті де, 19 тамақ ішіп әлденді.
Бірнеше күн бойы Саул Мәсіхтің жолын қуушылармен бірге Дамаскіде болды. 20 Көп кешікпей ол сол қаладағы яһуди мәжілісханаларында Исаның Құдайдың рухани Ұлы екенін хабарлай бастады. 21 Сонда оны тыңдағандар қатты таңғалып: «Иерусалимде Исаның атына сиынғандарды аямай өлтірген кісі осы емес пе? Бұл жерге де ол сондайларды бұғаулап, басты діни қызметкерлерге ұстап беру үшін келген жоқ па?» — десті. 22 Бірақ Саул одан бетер рухани күшейе түсіп, Исаның Құтқарушы Мәсіх екенін дәлелдеп, Дамаскіде тұратын яһудилерді әбден абыржытты.
23 Едәуір уақыт өткеннен кейін яһуди діншілдері оны өлтіруге сөз байласты, 24 алайда Саул олардың құпия ниетін біліп қойды. Әлгілер оның көзін құрту үшін күні-түні қала қақпаларында аңдып жүрді. 25 Сондықтан Исаның бірнеше шәкірті Саулды бір түні үлкен себетке салып, қаланы қоршаған қамал қабырғасындағы терезеден төмен түсіріп жіберді.
26 Содан Саул Иерусалимге барып, Исаның жолын қуушыларға қосылуға тырысты. Бірақ бәрі қорқып, оның шынымен-ақ Иеміздің жолына түскеніне сене қоймады. 27 Ал Барнаба Саулды қамқорлығына алып, елшілерге ертіп келді. Оларға Саулдың жолда Иеміздің аянын көріп, Оның сөзін естігенін және Дамаскіде Исаның атынан батыл уағыз айтқанын әңгімелеп берді. 28 Бұдан кейін Саул Иерусалимдегі сенушілермен емін-еркін араласып, Иеміз Иса туралы ашық та батыл айтып жүрді.
Елшіл. істері 22:3 · Елшіл. істері 26:9–10 · Елшіл. істері 9:1–28 · КК 2010
Саул қазіргі Түркиядағы Тарс қаласында дүниеге келген. Ол Бенжамин тайпасынан шыққан және грек тілінде Саулос, еврей тілінде Шаул деген атпен аталған, бұл «қалаған» дегенді білдіреді. Израильдің бірінші патшасының аты да осы болған және ол да осы тайпадан шыққан.
Саулдың туған қаласы ТарсРим империясының құрамында болған және онда әйгілі университет болған. Рим заңы бойынша, олардың аумағында туылған адам, нәсіліне қарамастан, Рим азаматы болған. Саулдың ата-анасы ұлына империя тіліне сәйкес Павлос деген грек атын берген. Ол діндар еврей болып тәрбиеленген, еврей тілі мен Жазбаларын үйренген (Філіп. 3). Кейінірек Саул Иерусалимде әйгілі раввин Гамалиилден қосымша білім алған (Елшілердің істері 22:3).Еврей халқының көпшілігі Назареттік Исаны қабылдамаған, Саул да солай еткен. Ол Назареттік Исаның ізбасарларына деген шектен тыс жеккөрушілік сезімін дамытқан.
Құдай араласып, Исаның Өзі Саулға Дамаск жолында, қалаға жақын жерде көрінген (Елшілердің істері 9:1–28). Бұл кездесу Саулды мәңгілікке өзгертті және оны Мәсіхтің адал қызметшісі болуға дайындады. Пауыл көптеген қалалар мен елді мекендерге барды, және көптеген адамдар оның хабарын қабылдап, Құдайдың ішіндегі жұмысы арқылы Құдайдың Сөзіне сенді. Пауыл барған жерлерде Құдай жеңіске жетті, және қауымдар құрылды. Оны мадақтаңдар!