Бауырластарым, мен бұл мақсатқа жеттім деп санамаймын. Істеп жүргенім бір-ақ нәрсе: өткен нәрселерді ескермей, алдымдағы бәйгеге қарай жан сала жүгіріп келемін. Құдайдың сыйына — Оның Мәсіх Иса арқылы шақырған көктегі өміріне ие болу үшін көздеген мақсатты қуып жүрмін.
Філіпілікт. хат 3:13–14
Әке, Маған тапсырған адамдарыңның Өзім болатын жерде болуларын және Өзің Маған сыйлаған салтанатты ұлылығымды көрулерін қалаймын. Бұл ұлылығымды Сен Маған Мені сүйгендіктен әлем жаратылмастан бұрын-ақ сыйлаған едің.
Жохан 17:24
Сол себептен мен осындай азап көріп жатырмын. Ал соған еш ұялмаймын, себебі Кімге сенім артқанымды білемін. Оның қайтып келетін күніне дейін Өзінің маған аманаттаған Ізгі хабарын аман-есен сақтайтынына кәміл сенемін.
Тімотеге 2-хат 1:12
Өмірлеріңде игі ісін бастаған Құдайдың оны жалғастыра беріп, Мәсіх Иса қайта оралар күнге дейін толықтай аяқтайтынына кәміл сенемін.
Філіпілікт. хат 1:6
Жарысқа түскен жүйріктердің бәрі жүгіріп, біреуі ғана жүлдеге ие болатынын білесіңдер. Сендер де «жүлдеге» ие болатындай Мәсіхтің жолымен «жүгіріңдер»! Әрбір жарыскер барлық жағынан қатаң ұстамдылық танытады. Оның алғысы келетіні — кейінірек солып қалатын гүлдестесі ғана, ал біздің алатынымыз — мәңгі солмайтын «жеңіс тәжі»!
Қорынттықт. 1-хат 9:24–25
Осылай өз сенімдерін айқын паш еткен қалың көпшілік бізді жарыстағы жанкүйерлердей қоршап тұр. Сондықтан да бізге бөгет болатынның барлығынан, әсіресе, тез шырмап алатын әрбір күнәдан арылып, алдымыздағы «жарысты» қажырлылықпен аяқтайық! Басқа жаққа мойын бұрмай, бар назарымызды Исаға аударайық! Бастапқыда сенім жолын салған Ол бізді сеніміміз арқылы Құдай белгілеген мақсатымызға жеткізеді де. Иса Өзін күтіп тұрған зор қуаныш үшін айқышқа шегеленудің қорлығын елемей, соған төзді. Бұдан кейін Ол Құдайдың тағының оң жағындағы құрметті орнына жайғасып отырды.
Еврейлерге хат 12:1–2