Алайда біздің отанымыз көкте, содан Құтқарушымызды — Иеміз Иса Мәсіхті сағына күтеміз. Ол әлемдегі күллі нәрселерді де жеңіп бағындыру үшін қолданатын құдіретті күшімен біздің өткінші тәнімізді Өзінікі сияқты салтанатты денеге айналдырады.
Філіпілікт. хат 3:20–21
Сол кеңістіктің жоғарғы жағында саф көк асыл тастан жасалған таққа ұқсас бір нәрсе тұрды, ал оның үстінде сырт кейпі адамға ұқсас Біреу отырды. Оның денесі белінен жоғары қарай жалындап жалтыраған қоладай екенін әрі белінен төмен қарай оттай жарқырап тұрғанын көрдім. Және Оның айналасын жарқыраған нұр көмкеріп тұрды. Оның айналасындағы жарқыраған нұр жаңбырлы күні бұлттарда пайда болатын кемпірқосаққа ұқсас еді.
Езекиел 1:26–28
Сондықтан да, бауырластарым, мен сендерге келіп, Құдайдың шынайы хабарын уағыздаған кезде шешен сөздер және дана пікірлер қолданған жоқпын. Сендерге Иса Мәсіх пен Оның айқыштағы құрбандық өлімінен басқа нәрселер туралы айтпауға шешім қабылдаған едім. Араларыңда күш-қуатсыз, дірілдеп, қатты жүрексініп тұрып жаттым. Сөз сөйлеп, уағыз айтқанда адамды сендірерліктей данышпан пікірлерге емес, Құдайдың Рухы мен құдіретінің айқын көрінуіне сүйендім. Ондағы мақсатым — сенімдеріңнің негізі адамның даналығы емес, Құдайдың құдіретінің болуы.
Дегенмен, біз рухани жетілгендерге даналық туралы хабарды уағыздай береміз. Ал бұл даналық осы күнәкар дүниенікі емес, сондай-ақ, осы дүниелік билеушілердікі де емес; солар — болашақта құрып кететіндер. Керісінше, жариялап жүргеніміз — Құдайдың құпия даналығы, бұл адамзаттың көзінен таса болып келді. Ал Құдай оны біздің ұлылыққа ие болуымыз үшін әлемді жаратпастан бұрын-ақ белгілеп қойған болатын. Бұны осы дүниелік билеушілердің біреуі де ұққан емес; ұққан болса, олар Ұлылықтың Иесін айқышқа шегелетіп өлтіртпес еді.
Алайда (Киелі жазбаларда) алдын ала жазылғандай, көз көріп, құлақ естімеген, адам ойына ешқашан келмеген игіліктерді Құдай Өзін сүйетіндерге дайындап қойған. Бұны Құдай біздерге Өзінің Киелі Рухы арқылы анық білдірді.
Киелі Рух бәрінен де, Құдайдың терең ой-мақсаттарынан да хабардар. Себебі адамның ішкі құпия-сырларын оның өз рухынан басқа бірде-бір адам біле ме? Сол сияқты, Құдайдың терең ой-мақсаттарын да Оның Киелі Рухынан басқа ешкім білмейді. Ал біз осы дүниелік рухты емес, Құдайдан келген Киелі Рухты қабылдадық, Соның көмегімен Құдайдың бізге сыйлаған игіліктерін біле аламыз. Солар туралы біз адамзаттың даналығынан емес, Киелі Рухтан үйренген сөздермен уағыздап, Оған мойынсұнғандарға рухани шындықты түсіндіреміз.
Өз еркімен жүретін адам Құдайдың Рухынан келгенді қабылдамайды, соны түсіне алмай, ақымақтық деп санайды. Себебі оны Киелі Рухтың тұрғысынан бағалау керек. Ал Құдайдың Рухына мойынсұнушы Одан келгеннің бәрін де бағалай алады, бірақ басқалар ондай адамға баға бере алмайды. Өйткені «Кім Жаратқанның ақыл-ойын ұққан, кеңесшісі болып бағыт берді Оған?» (деп жазылған). Ал бізде Мәсіхтің ой-ниеті бар.
Қорынттықт. 2-хат 3:18
Құдай бәрін Сөз арқылы жаратқан, жаратылған ештеңе де Онсыз пайда болмаған.
Жохан 1 3:2
Енді ешқашан да соларды аштық пен шөл азабы қинамайды, күннің аптабы да күйдірмейді.
Аян 7:16
Олар Құдайдың қызметшісі Мұсаның жырын және Тоқты жөніндегі жырды айтып тұрды:
«Уа, Құдай Ие, бүкіл әлемнің Билеушісі,
Сенің істерің керемет те ұлы!
О, халықтардың мәңгілік Патшасы,
Сенің жолдарың әділ де шынайы!
Аян 15:3