Иса Мәсіхтің елшісі болуға Құдайдың еркімен тағайындалған Пауыл мен бауырласымыз Состеннен Қорынт қаласындағы Құдайдың қауымына дұғай сәлем. Құдай сендерді Иса Мәсіх арқылы Өзіне бағыштап алды да, кез келген жерде тұрып, Иеміз Иса Мәсіхке Жаратқан Ие деп сиынатындардың бәрімен бірге сендерді де Өзінің қасиетті халқы болуға шақырды. Ал Мәсіх — олардың да, біздің де Иеміз. Құдай Әкеміз бен Иеміз Иса Мәсіх сендерге рақым мен тыныштық жаудыра көрсін!
Мен Құдайға әрдайым сендер үшін шүкірлік етемін, өйткені Ол өздеріңе Иса Мәсіх арқылы рақымын сыйлады. Сендер Мәсіхтің арқасында барлық жағынан да рухани байып, Құдайдың сөзі жайлы еркін сөйлей алып, жан-жақты білімге ие болдыңдар. Мәсіх туралы Ізгі хабарымыздың шындығы өмірлеріңде расталды. Осылай сендер Киелі Рух сыйлайтын дарындардан ешқандай тапшылық көрмей, Иеміз Иса Мәсіхтің салтанатпен көрінуін сағына күтудесіңдер. Иеміздің қайта оралатын сол күні еш айыпталмауларың үшін Тәңір Ие сендерді өмірлеріңнің аяғына дейін табанды етпек. Құдай уәделеріне берік, Ол сендерді Өзінің рухани Ұлы — Иеміз Иса Мәсіхпен тығыз байланыста болуға шақырған.
Бауырластарым, сендерге Иеміз Иса Мәсіхтің атынан ескертемін: ауызбірлікті сақтап, жікке бөлінбеңдер! Қайта, бірдей мақсат пен пікірде болып, бірлікте тұрыңдар! Себебі, қымбатты бауырластарым, Хылойдың үйінен келгендерден араларыңда талас-тартыс бар екенін біліп алдым. Менің түсінуімше, біреулерің: «мен Пауылдың адамымын», басқа біреуің: «ал мен Аполлостікімін», үшіншің: «бірақ мен Петірдің», төртіншің: «ал мен Мәсіхтің шәкіртімін» дейді екенсіңдер. Сонда Мәсіхтің жіктеліп бөлінгені ме?! Әлде сендер үшін айқышқа шегеленіп құрбан болған мен, Пауыл, ма едім?! Немесе Пауылдың адамы болу үшін шомылдыру рәсімінен өтіп пе едіңдер? (Ондайдан сақтасын!) Мен Крисіп пен Гайдан басқа ешкімді осы рәсімнен өткізген жоқпын, сол үшін Құдайға шүкірлік етемін. Сондықтан Пауылдың адамы болу үшін шомылдыру рәсімінен өттім деп ешқайсың айта алмайсыңдар! Рас, сондай-ақ Степанның үй ішіндегілерін де өткізгенмін, ал тағы басқа біреуді өткізгенім есімде жоқ. Мәсіх мені шомылдыру рәсімін орындауға емес, Ізгі хабарды уағыздауға жіберді. Ол маған данышпандық пен шешендікті пайдалан демеді де, әйтпесе Мәсіхтің айқыштағы құрбандығы туралы уағыз өз күшінен айырылар еді.
Мәсіхтің айқыштағы құрбандығы туралы Ізгі хабарды тозаққа кететіндер ақымақтық деп есептейді, ал құтқарылатын біздер үшін осы хабарда Құдайдың құдіреті жатыр. Пайғамбардың жазбасында мынадай сөздер бар: «Даналардың даналығын жойып, ақылдылардың ақылын жоқ қыламын».
«Олай болса, даналар мен ғұламалар қайда, осы дүниелік ұлы істер туралы айтысқыш шешендер ше?» Құдай солардың бәрін де ақымақтар, ал даналықтарын түкке тұрғысыз ақылсыздық қылып көрсетті емес пе? Адамзаттың тіпті ең кемеңгер деген ой-санасымен де Құдайды ешқашан тани алмайтындығын Ол алдын ала өз даналығымен білді. Сондықтан Құдай осы дүние ақымақтық деп есептейтін уағызымыз арқылы соған сенетіндерді құтқаруды лайық көрді. Яһудилер құдіретті кереметтер талап етсе, гректер уағызымыздан даналық іздейді. Бірақ біз Мәсіхті айқышқа шегеленіп, жанын құрбан етті деп жариялаймыз. Бұл хабар яһудилерге жек көрінішті, ал басқа ұлттық адамдарға ақымақтық болып көрінеді. Алайда яһудилер мен басқа халықтардан шақырылғандар Мәсіхті «Құдайдың құдіреті мен даналығы» деп түсінеді. Адамдар «ақымақтық» дейтін Құдайдың құтқару жолы пенденің даналығынан әлдеқайда жоғары және Құдайдың «әлсіздігі» (яғни Мәсіхтің айқышта жанын қиюы) пенденің күш-қуатынан әлдеқайда күшті.
Бауырластар, Құдай сендерді шақырғанда өздеріңнің кім болғандарыңа назар аударыңдаршы: табиғи тұрғыдан қарағанда араларыңда даналар, билік иелері, асыл туғандар көп емес еді. Бірақ осы дүние кімдерді «ақымақ» деп санаса, Құдай «данышпан-ақылгөй» делінгендерді ұялту үшін соларды таңдап алды. Және осы дүние «күшсіз» деп тапқандарды Құдай «күштілерді» ұялту үшін Өзіне таңдады. Осы дүние маңызды деп есептейтіндерді жою үшін Құдай осы дүниенің менсінбей, қорлап, түкке тұрғысыз деп санағандарын таңдап алды. Осылайша Құдайдың алдында ешкімнің де мақтануына болмайды. Тәңір Иенің істегені арқылы сендер Иса Мәсіхпен тығыз байланысқа келдіңдер. Құдай Мәсіхті даналығымыздың бастауы етіп, бізді Ол арқылы ақтап, Өзінің қасиетті халқы қылып, күнәнің құлдығынан құтқарды. Сондықтан: «Кім мақтанғысы келсе, тек Жаратқан Иемен мақтансын!» — деп (Пайғамбарлар жазбаларында) жазылғандай істеңдер.
Қорынттықт. 1-хат 1
Мойындаған үмітімізді үзбей, берік ұстанайық, себебі уәде берген Құдай сөзіне адал.
Еврейлерге хат 10:23
Сондықтан да, бауырластарым, мен сендерге келіп, Құдайдың шынайы хабарын уағыздаған кезде шешен сөздер және дана пікірлер қолданған жоқпын. Сендерге Иса Мәсіх пен Оның айқыштағы құрбандық өлімінен басқа нәрселер туралы айтпауға шешім қабылдаған едім. Араларыңда күш-қуатсыз, дірілдеп, қатты жүрексініп тұрып жаттым. Сөз сөйлеп, уағыз айтқанда адамды сендірерліктей данышпан пікірлерге емес, Құдайдың Рухы мен құдіретінің айқын көрінуіне сүйендім. Ондағы мақсатым — сенімдеріңнің негізі адамның даналығы емес, Құдайдың құдіретінің болуы.
Дегенмен, біз рухани жетілгендерге даналық туралы хабарды уағыздай береміз. Ал бұл даналық осы күнәкар дүниенікі емес, сондай-ақ, осы дүниелік билеушілердікі де емес; солар — болашақта құрып кететіндер. Керісінше, жариялап жүргеніміз — Құдайдың құпия даналығы, бұл адамзаттың көзінен таса болып келді. Ал Құдай оны біздің ұлылыққа ие болуымыз үшін әлемді жаратпастан бұрын-ақ белгілеп қойған болатын. Бұны осы дүниелік билеушілердің біреуі де ұққан емес; ұққан болса, олар Ұлылықтың Иесін айқышқа шегелетіп өлтіртпес еді.
Алайда (Киелі жазбаларда) алдын ала жазылғандай, көз көріп, құлақ естімеген, адам ойына ешқашан келмеген игіліктерді Құдай Өзін сүйетіндерге дайындап қойған. Бұны Құдай біздерге Өзінің Киелі Рухы арқылы анық білдірді.
Киелі Рух бәрінен де, Құдайдың терең ой-мақсаттарынан да хабардар. Себебі адамның ішкі құпия-сырларын оның өз рухынан басқа бірде-бір адам біле ме? Сол сияқты, Құдайдың терең ой-мақсаттарын да Оның Киелі Рухынан басқа ешкім білмейді. Ал біз осы дүниелік рухты емес, Құдайдан келген Киелі Рухты қабылдадық, Соның көмегімен Құдайдың бізге сыйлаған игіліктерін біле аламыз. Солар туралы біз адамзаттың даналығынан емес, Киелі Рухтан үйренген сөздермен уағыздап, Оған мойынсұнғандарға рухани шындықты түсіндіреміз.
Өз еркімен жүретін адам Құдайдың Рухынан келгенді қабылдамайды, соны түсіне алмай, ақымақтық деп санайды. Себебі оны Киелі Рухтың тұрғысынан бағалау керек. Ал Құдайдың Рухына мойынсұнушы Одан келгеннің бәрін де бағалай алады, бірақ басқалар ондай адамға баға бере алмайды. Өйткені «Кім Жаратқанның ақыл-ойын ұққан, кеңесшісі болып бағыт берді Оған?» (деп жазылған). Ал бізде Мәсіхтің ой-ниеті бар.
Қорынттықт. 1-хат 2
Әуел баста Сөз болатын, Сөз Құдайда болатын, Сөз Құдай еді. Сөз әуелден-ақ Құдайда болатын. Құдай бәрін Сөз арқылы жаратқан, жаратылған ештеңе де Онсыз пайда болмаған.
Жохан 1:1-3
Сондықтан да Құдайдың өз халқына сақтаған мол игілігін иемденуімізді күтеміз. Ешқашан шіріп бұзылмайтын, өшіп-солып қалмайтын сол мұраларың сендер үшін көкте дайын тұр. Құдай Өзіне сенуші сендерді құдіретті күшімен қорғап, заманның ақырында осы күнәкар дүниеден құтқаратын болады, сол кез жеткенде бұл айқын көрінбек.
Қазір сендерге біраз уақыт азап шегіп, қуғын-сүргін көруге тура келгенмен, осы сөнбес үмітке қуаныңдар! Азап шегулеріңнің мақсаты — шын жүректен сенгендеріңді дәлелдеу. Жойылып кетуі мүмкін алтын отта балқытылған кезде сыналып, тазартылады. Сол сияқты, алтыннан әлдеқайда бағалы сенімдерің де бастан кешкен азаптарың арқылы сыналып, берік те шынайы екендігі дәлелденеді. Сонда Иса Мәсіхтің қайта оралып, ашық көрінетін күні Құдай сендерді мақтап, даңқ пен құрметке бөлемек.
Мәсіхті өз көздеріңмен көрмеген болсаңдар да, Оны сүйесіңдер. Қазір де көре алмағанмен, Оған сенесіңдер. Сондықтан сендер сөзбен суреттеуге болмайтын ұлы да керемет қуанышпен шаттанып тұрсыңдар. Ақыр соңында сенімдеріңнің нәтижесін: жандарыңның толықтай құтқарылуын қабылдамақсыңдар.
Құдайдың сендерге беретін рақымы туралы алдын ала айтқан пайғамбарлар кезінде осы құтқарылу жайында мұқият ізденіп, зерттейтін. Оларға дарыған Мәсіхтің Киелі Рухы Оның төзуге тиісті азаптары және бұған жалғасатын салтанатты ұлылығы жөнінде алдын ала хабарлағанда, пайғамбарлар бұл оқиғалардың қалай және қай уақытта болатынын білуге тырысты. Бірақ оларға осы пайғамбарлық қызметтерін өздері үшін емес, сендер үшін атқарғандықтары білдірілді. Ал қазіргі заманда уағыздаушылар Мәсіх туралы Ізгі хабарды көктен жіберілген Киелі Рухтың жетелеуімен сендерге әкелді. Осы тамаша хабарға тіпті періштелер де қызығып, түсінуге ұмтылады.
Сонымен, ақыл-ойларыңды іс-әрекетке дайын ұстауға бел буыңдар! Сергек болып, Иса Мәсіх салтанатпен қайтып келгенде көрсететін рақымға толығынан үміт артыңдар!
Петірдің 1-хаты 1:4-13
Мәсіх сенімдерің арқылы жүректеріңе орныға көрсін, әрі рухани өмірлерің Оның сүйіспеншілігіне тамыр жайып, негізделсін. Осылай сендер Мәсіхтің сүйіспеншілігінің қаншалықты кең де көз жеткісіз терең және биік екенін Құдайдың бүкіл халқымен бірге түсіне алып, адам санасы жетпейтін осы сүйіспеншілікті танып білсеңдер екен. Сол арқылы Құдайдың рухани қасиеттері бойларыңа толықтай дари берсін!
Ефестікт. хат 3:17-19
Сөз өмірдің бастауы болған. Сол өмір адамзат үшін Нұр еді. Нұр түнекте жарқырайды, ал түнек Нұрды жеңе алған емес.
Құдай жіберген Жақия есімді адам болды. Жақия Нұрдың куәсі болып, барлық адамдарды өзінің куәлігі арқылы Нұрға сендіру үшін келді. Жақияның өзі Нұр емес еді, ол Нұр туралы хабарлау үшін келген болатын.
Әр адамға сәулесін түсіретін шынайы Нұр бұл дүниеге келе жатты. Ол бұл дүниеде бар еді, бірақ әлемді жаратқан Сол болса да, адамдар Оны таныған жоқ. Өзі таңдап алған халқына келгенімен, олар Оны қабылдамады. Бірақ Оны қабылдап, Оған сенім артқандардың бәрін Ол Құдайдың рухани балалары болуға құқықты етті. Бұлар табиғи жолмен, пенденің қалауы бойынша бұл дүниеге келгендіктен емес, Құдай оларға шынайы өмір бергендіктен ғана Оның рухани балалары болды.
Сөз адамға айналып, арамызда өмір сүрді. Сонда біз Әкенің жалғыз рухани Ұлының асқан ұлылығын көрдік: Ол рақымдылық пен шындыққа толы еді. Жақия пайғамбар Ол туралы дауыстап куәлік етіп:
— Менен кейін Келе Жатқанның жолы менен үлкен, өйткені Ол мен тумастан бұрын бар болатын деген Кісім Осы, — деді.
Жохан 1:4-15
Құдай бәрін Сөз арқылы жаратқан, жаратылған ештеңе де Онсыз пайда болмаған. Сөз өмірдің бастауы болған. Сол өмір адамзат үшін Нұр еді. Нұр түнекте жарқырайды, ал түнек Нұрды жеңе алған емес.
Құдай жіберген Жақия есімді адам болды. Жақия Нұрдың куәсі болып, барлық адамдарды өзінің куәлігі арқылы Нұрға сендіру үшін келді. Жақияның өзі Нұр емес еді, ол Нұр туралы хабарлау үшін келген болатын.
Әр адамға сәулесін түсіретін шынайы Нұр бұл дүниеге келе жатты. Ол бұл дүниеде бар еді, бірақ әлемді жаратқан Сол болса да, адамдар Оны таныған жоқ. Өзі таңдап алған халқына келгенімен, олар Оны қабылдамады. Бірақ Оны қабылдап, Оған сенім артқандардың бәрін Ол Құдайдың рухани балалары болуға құқықты етті. Бұлар табиғи жолмен, пенденің қалауы бойынша бұл дүниеге келгендіктен емес, Құдай оларға шынайы өмір бергендіктен ғана Оның рухани балалары болды.
Сөз адамға айналып, арамызда өмір сүрді. Сонда біз Әкенің жалғыз рухани Ұлының асқан ұлылығын көрдік: Ол рақымдылық пен шындыққа толы еді. Жақия пайғамбар Ол туралы дауыстап куәлік етіп:
— Менен кейін Келе Жатқанның жолы менен үлкен, өйткені Ол мен тумастан бұрын бар болатын деген Кісім Осы, — деді.
Оның шексіз рақымынан бәріміз молынан жарылқанып келеміз. Құдай ата-бабаларымызға Таурат заңын Мұса пайғамбар арқылы берді, ал рақым мен шындық бізге Иса Мәсіх арқылы жетті. Құдайды ешкім ешқашан көзімен көрген емес. Әкесімен тығыз байланыстағы жалғыз рухани Ұлы бізге Оны жақыннан танытты.
Жақия былай деп куәлік берген еді: яһудилердің басшылары діни қызметкерлер мен леуілік көмекшілерді Иерусалим қаласынан Жақияға жіберіп, «Сен кімсің?» — деп сұратты. Сонда ол жауап беруден бас тартпай:
— Мен (Құдай жіберемін деп уәде берген Құтқарушы) Мәсіх емеспін, — деп ашық айтты. Олар:
— Онда сен кімсің? (Мәсіхтен бұрын қайтып келуге тиісті) Ілияс пайғамбарсың ба? — деп сұрады. Жақия:
— Жоқ, ол емеспін, — деді.
— Мүмкін, сен (Мұса Құдай жібереді деген) пайғамбар шығарсың? — Жақия:
— Жоқ, — деп жауап қатты. Олар:
— Бізді жібергендерге жауап беруіміз үшін кім екеніңді айтшы! Өзің туралы не дейсің? — деп сұрады. Жақия:
— Ишая пайғамбар «Жар салған дауыс шығады айдалада: Жаратқан Иеге түзу қылып даңғыл жолды салыңдар!» деп алдын ала айтып кеткен болатын. Жар салған сол хабаршы менмін, — деп жауап қайырды.
Сонда парызшылдар тобынан жіберілген кісілер де болды.
Жохан 1:3-24