2026 ж. 12 ақпан, бейсенбі

Күнделікті Жарық

2026 ж. 12 ақп.

«Мен сот жүргізетін күні олар Менің өз халқым әрі ерекше құнды меншігім болады, — деп уәде етеді Әлемнің Иесі. — Әке өзінің адал қызмет етіп келген ұлына мейірім көрсететініндей, Мен де оларға мейірім көрсетемін!

Малахи 3:17

Сені Маған күнәкар дүниенің ішінен айырып берген адамдарға Өзіңді таныттым. Олар Сенікі еді, Сен Маған оларды бердің. Олар Сенің сөзіңді берік ұстанып келеді.

Жохан 17:6

Олар үшін өтініп жатырмын. Саған бағынбайтын дүние үшін емес, Өзің Маған берген шәкірттерім үшін өтініп жатырмын, себебі олар Сенікі. Менікінің бәрі Сенікі, Сенікінің бәрі де Менікі. Бұл адамдар арқылы Менің ұлылығым көрініп тұр.

Жохан 17:9-10

Әке, Маған тапсырған адамдарыңның Өзім болатын жерде болуларын және Өзің Маған сыйлаған салтанатты ұлылығымды көрулерін қалаймын. Бұл ұлылығымды Сен Маған Мені сүйгендіктен әлем жаратылмастан бұрын-ақ сыйлаған едің.

Жохан 17:24

Барып, дайындап болғаннан кейін қайтып келіп, Өзім болатын жерде сендерді де болсын деп қасыма алып кетемін.

Жохан 14:3

Қымбатты бауырластар, сендерге барып, біраз уақытқа қалғанымыздың нәтижесіз болмағанын өздерің білесіңдер. Алдында ғана Філіпіде азап шегіп, қорлық көргеніміз туралы да хабардарсыңдар. Сонда да Құдайға сене отырып, қатты қарсылыққа қарамастан сендерге Оның Ізгі хабарын жариялауға батылымыз барды. Сендерге уағызды өзіміз шындықтан адасқандықтан немесе арам пиғылмен айтып жүрген жоқпыз және біреуді алдаудан да аулақпыз. Қайта, Құдай лайықты деп тауып, Ізгі хабарды бізге сеніп тапсырды. Сондықтан біз адамға емес, жүректеріміздің түкпіріндегілерді бақылап отыратын Құдайға ұнау үшін уағыз айтып жүрміз. Ешқашан да жағымпазданып сөйлеп көрген жоқпыз, оны өздерің білесіңдер. Пайда табайық деген ішкі есебіміз де болған емес, бұған Құдай куә. Сондай-ақ адамдардан, сендерден не басқалардан да атақ іздеп жүрген жоқпыз. Мәсіхтің елшілері ретінде біз талап қойсақ та болар еді, алайда сендерге балаларын қамқорлаған мейірімді анадай жылы жүзбен қарадық. Осылай жақсы көріп, Құдайдың Ізгі хабарын ғана жеткізген жоқпыз, жүрегімізді де алдарыңа жайып салдық, өйткені сендер бізге сүйкімді болып кеттіңдер. Бауырластар, біздің бар күшімізді салып, бейнет шеге еңбек еткеніміз естеріңде ғой. Сендерге масыл болмау үшін күні-түні жұмыс істедік, сөйте жүріп, Құдайдың Ізгі хабарын уағыздадық. Құдайға сенетін сендердің алдарыңда өзімізді таза, әділ, мінсіз ұстадық, бұған сендер де, Құдай да куә. Мынаны білесіңдер: әрқайсыңды туған баламыздай көріп, сендерге Құдай алдында ұялмайтындай болып жүріңдер деп ескертіп, соған көздеріңді жеткіздік, тіпті өздеріңе жалындық та. Өйткені Құдай сендерді өз Патшалығы мен салтанатты ұлылығына шақырады. Сендердің бізден естіген Құдай сөзін адамның емес, Құдайдың хабары ретінде — шындығында да бұл солай! — қабылдағандарың үшін біз Оған үнемі ризашылығымызды білдіреміз. Қазір бұл хабар Оған сенетін сендерге күшті әсер етіп жатыр. Себебі сендер, бауырластар, Құдайдың Иса Мәсіхке сенетін Яһудеядағы қауымдарына ұқсайсыңдар: олар яһуди діндарларынан қандай азап шексе, сендер де өз жерлестеріңнен сондай азап шектіңдер. Яһуди діндарлар тіпті Иеміз Иса және пайғамбарларды өлтіріп, бізді де қуып шыққан еді. Олар Құдайға ұнамайды әрі барлық адамдарға қастық танытады. Себебі олар біздің басқа ұлттарға Ізгі хабарды жариялап, құтқару әкелуімізге кедергі жасай береді. Осылай олар күнәларын күннен күнге көбейтіп келе жатыр. Содан Құдайдың қаһары төбелерінен төніп тұр. Қымбатты бауырластар, аз уақыт сендерден ажырап, көңілдеріңнен емес, көздеріңнен таса болғанда сағыныштан жүздеріңді көруге қатты құштар болдық. Иә, сендерге барғымыз келді; өзім — Пауыл бірнеше рет баруға тырыстым, бірақ бұған шайтан кедергі жасады. Өйткені Иеміз Иса Мәсіх қайтып келген кезде біздің үмітіміз, қуанышымыз, басымызға киер «мақтау тәжіміз» сендер болмағанда, кім болмақ? Расында да біздің мақтанышымыз бен қуанышымыз сендерсіңдер.

Салониқал. 1-хат 2

Құдай Әкеге және Иеміз Иса Мәсіхке сенушілердің Салониқадағы қауымына Пауыл, Сыйлас және Тімотеден дұғай сәлем. Құдай сендерге рақымын жаудырып, тыныштығын сыйлай көрсін! Сендерді Құдайға сиынғанда еске алып, бәрің үшін әрдайым шүкірлік айтамыз. Құдай Әкеміздің алдында сендердің Оған деген сеніммен игілікті іс істеп, сүйіспеншілікпен ауыр еңбек етіп және Иеміз Иса Мәсіхке табандылықпен үміт артып жүргендеріңді үнемі еске алып отырамыз. Құдай сүйген қымбатты бауырластар, Оның сендерді таңдап алғанын білеміз. Себебі біз сендерге Ізгі хабарды сөзбен ғана емес, құдіретпен, Киелі Рухпен және зор сеніммен де жеткіздік. Сендердің игіліктерің үшін араларыңда қалай әрекет еткенімізді өздерің білесіңдер. Ал сендер бізге және Иемізге еліктеп көп азапқа ұшырасаңдар да, Ізгі хабарды Киелі Рух сыйлаған қуанышпен қабылдадыңдар. Осылай Македония мен Ахая өлкелеріндегі сенушілердің барлығына үлгі болдыңдар. Иеміздің хабары сендерден Македония мен Ахаяға ғана тараған жоқ, Құдайға деген сенімдерің барлық жерде белгілі болғандықтан, бізге бұл туралы айтудың қажеті де жоқ. Себебі жұрт сендердің бізді қандай жылылықпен қабылдағандарың және жалған тәңірлерден бас тартып, Құдайға бет бұрғандарың туралы бір-біріне айнала әңгімелеп жатыр. Енді сендер тірі де шынайы Құдайға қызмет ете жүріп, Оның рухани Ұлы Исаның көктен түсуін күтудесіңдер. Құдай өлімнен қайта тірілткен Иса бізді келешектегі қаһарлы соттан құтқарып алады.

Салониқал. 1-хат 1

Сен Құдай Иеңнің қолында патшаның керемет әдемі тәжі іспетті болып көрінесің.

Ишая 62:3

ЖИ көмегімен аударылған, Киелі кітап дәйексөздері де соның ішінде — кез келген сілтемені ашып, Киелі кітап аудармасынан оқыңыз.

Kieli Kitap © Orta Asia Baspasy, 1993, 1996, 2000, 2010, 2025

Киелі кітап үзінділері Daily Light on the Daily Path кітабынан (қоғамдық игілік).

Соңғы күндер