2026 ж. 21 ақпан, сенбі

Күнделікті Жарық

2026 ж. 21 ақп.

Менің ережелерімді сақтап орындайтын болыңдар. Мен сендерді Өзіме бағыштап киелі ететін Жаратқан Иемін.

Леуіліктер 20:8

Ал өздеріңе Мен мына тәрізді сөздерді айтқан едім: Сендер олардың жерін иемденетін боласыңдар. Мен ағы мен балы мол сол елді сендерге мұралық үлестерің етіп беріп отырмын. Мен өздеріңді басқа барлық халықтардан ажыратып қойған сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін.

Леуіліктер 20:24

Осылайша сендер Маған бағышталған киелі болуларың керек, себебі Мен, Жаратқан Ие, киелімін. Мен өздеріңді халықтардың арасынан өз халқым болуға ажыратып, бөлек қойдым.

Леуіліктер 20:26

Иса Мәсіхтің басыбайлы қызметшісі әрі Жақыптың туған інісі Яһудадан Құдай Әке сүйіспеншілікпен Өзіне бағыштап, қасиетті халқы болуға шақырған, Иса Мәсіх аман сақтап жүрген сенушілерге дұғай сәлем:

Яһуданың хаты 1:1

Оларды шындығың арқылы Өзіңе бағыштап, таза жүргізе гөр. Сенің сөзің — шындық.

Жохан 17:17

Құдай Әкеге және Иеміз Иса Мәсіхке сенушілердің Салониқадағы қауымына Пауыл, Сыйлас және Тімотеден дұғай сәлем. Құдай сендерге рақымын жаудырып, тыныштығын сыйлай көрсін! Сендерді Құдайға сиынғанда еске алып, бәрің үшін әрдайым шүкірлік айтамыз. Құдай Әкеміздің алдында сендердің Оған деген сеніммен игілікті іс істеп, сүйіспеншілікпен ауыр еңбек етіп және Иеміз Иса Мәсіхке табандылықпен үміт артып жүргендеріңді үнемі еске алып отырамыз. Құдай сүйген қымбатты бауырластар, Оның сендерді таңдап алғанын білеміз. Себебі біз сендерге Ізгі хабарды сөзбен ғана емес, құдіретпен, Киелі Рухпен және зор сеніммен де жеткіздік. Сендердің игіліктерің үшін араларыңда қалай әрекет еткенімізді өздерің білесіңдер. Ал сендер бізге және Иемізге еліктеп көп азапқа ұшырасаңдар да, Ізгі хабарды Киелі Рух сыйлаған қуанышпен қабылдадыңдар. Осылай Македония мен Ахая өлкелеріндегі сенушілердің барлығына үлгі болдыңдар. Иеміздің хабары сендерден Македония мен Ахаяға ғана тараған жоқ, Құдайға деген сенімдерің барлық жерде белгілі болғандықтан, бізге бұл туралы айтудың қажеті де жоқ. Себебі жұрт сендердің бізді қандай жылылықпен қабылдағандарың және жалған тәңірлерден бас тартып, Құдайға бет бұрғандарың туралы бір-біріне айнала әңгімелеп жатыр. Енді сендер тірі де шынайы Құдайға қызмет ете жүріп, Оның рухани Ұлы Исаның көктен түсуін күтудесіңдер. Құдай өлімнен қайта тірілткен Иса бізді келешектегі қаһарлы соттан құтқарып алады.

Салониқал. 1-хат 1

Сол сияқты Иса да, адамдарды Өзінің қаны арқылы Құдайға бағыштап қасиетті ету үшін қала қақпасының сыртында азапталып, құрбан болды.

Еврейлерге хат 13:12

Себебі біз керемет үмітіміздің іске асуын күтудеміз: ұлы Құдайымыз әрі Құтқарушымыз Иса Мәсіх зор салтанатпен көрінетін болады. Ол бізді бүкіл жамандық атаулыдан азат етіп, тазартып, Өзінің меншікті, игі істерге ынталы халқы ету үшін жанын қиып, құрбан болды.

Титке хат 2:13-14

Адамдарды Оған бағыштаған Мәсіх те, сол адамдар да бір Әкеден тарайды. Сондықтан да Мәсіх оларды бауырларым деп атаудан ұялмайды.

Еврейлерге хат 2:11

Сенің шындығың арқылы олардың да Өзіңе бағышталулары үшін Мен Өзімді оларға бола Саған бағыштаймын.

Жохан 17:19

Иса Мәсіхтің елшісі Петірден (осы күнәкар дүниеде) жат жерлік болып, Понти, Ғалатия, Қападоқия, Азия және Бітүния аймақтарында шашыраған (сенушілерге дұғай сәлем). Құдай Әке сендерді алдын ала танып, Өзінің Киелі Рухымен Иса Мәсіхке мойынсұнатын, Оның құрбандық өлімінде төгілген қаны арқылы тазарған, меншікті де қасиетті халқы болуға таңдап алған еді. Рақым, амандық және тыныштық сендерге молынан жауа берсін!

Петірдің 1-хаты 1:1-2

ЖИ көмегімен аударылған, Киелі кітап дәйексөздері де соның ішінде — кез келген сілтемені ашып, Киелі кітап аудармасынан оқыңыз.

Kieli Kitap © Orta Asia Baspasy, 1993, 1996, 2000, 2010, 2025

Киелі кітап үзінділері Daily Light on the Daily Path кітабынан (қоғамдық игілік).

Соңғы күндер