Құдай Рухы арқылы, бізге «Құдай – сүйіспеншілік» деп айтқан елші бауырымызды жек көруден де сақтандырады. 1 Жоханның үш тарауында оның қатаң ескертулерін табамыз.
Бауырын жек көретін адам қараңғылықта жүреді (2:9–11) және ол кісі өлтіруші (3:11–15). Сонымен қатар, егер ол бауырын жек көрсе, Құдайды сүйемін деп айтатын адам өтірікші деп аталады (4:20–21). Бұл үзінділер бауырын жек көретін адам шынайы сенуші болмауы мүмкін екенін де меңзейді, өйткені «ешбір кісі өлтірушіде мәңгілік өмір жоқ»; және «көрген бауырын сүймейтін адам, көрмеген Құдайды қалай сүйе алады?» (3:15; 4:20).
Дегенмен, жек көрілген адам бауыр деп аталады, сондықтан біздің өзіміздің осы ескертулерге қатысымыз бар-жоғын ойлануымыз керек. Жек көрушілік – сенбейтін әлемнің мәсіхшіге деген көзқарасы (3:13), сондықтан шынайы сенушілердің әлеммен бірігіп, бауырларына қарсы жек көрушілікті білдіруі қандай қорқынышты!
Бірақ, мүмкін, көптеген мәсіхшілер «жек көру» сөзін қолданбауды жөн көріп, тек біреудің мінез-құлқына немесе іліміне қатысты қатты наразылық білдіретін шығар. Алайда, Киелі жазбалар жек көрушіліктің не екенін түсіндіру арқылы біздің екіжүзділігімізді әшкерелейді. 2 Жылнама 18:7-де Ахаб Микаяны жек көретінін мәлімдеді, өйткені Құдайдың сол адамы оған әрдайым қарсы сөйледі. Ал Жаратылыс 37:4-те Жүсіптің ағалары оны жек көрді, сондықтан онымен тіпті бейбіт сөйлесе алмады. Егер мен бір сенушіні әрдайым менімен келіспейді деп ойлағандықтан ұнатпасам; немесе кейбір бауырлармен немесе әпкелермен қатты қақтығысып, олармен тіпті мейірімділікпен амандаса алмасам; онда мен Ахабтың және Жүсіптің ағаларының қатарындамын. Құдай сақтасын! Жек көрушіліктің соқырлығында біз әрдайым жолымыздан адасамыз; бірақ біз бауырларымызды сүйген кезде өлімнен өмірге өткенімізді білеміз (1 Жохан 2:11; 3:14).



