Данагөйлер Шығыстан Иеміз Исаны оған ғибадат ету үшін іздеп келді. Бұл Матай 2-де (2, 8, 11-тармақтарда) үш рет айтылған. Олар Оған Патшаға лайықты сыйлықтар әкеліп, Оған бас иіп, ғибадат етті. Бұл сыйлықтар мағынаға толы және бізге шынайы ғибадаттың қандай болатынын көрсетеді.
Алтын – өте бағалы металл, көбінесе Құдайлықтың символы ретінде қарастырылады және Киелі кітапта жиі айтылады. Киелі шатырдағы көптеген заттар алтыннан жасалған немесе алтынмен қапталған болатын. Ол Ғибадатхананы салуда қолданылды және патшалық пен асылдықтың белгісі болды. Иеміз Исаға берілген алтын Оның патшалығын, Құдайлығын және етпен көрінген Құдай ретіндегі даңқын бейнеледі.
Ладан – ағаштың қабығына кесік жасап, шайырдың ағып шығуына мүмкіндік беру арқылы алынатын қымбат хош иісті зат. Ол ғибадатта және кейбір патшалық шерулерде қолданылған. Ладан – Иеміз Исаның кемел өмірінде көрінген қасиеттілік пен әділдіктің символы – Құдайға арналған хош иіс.
Мүр – көбінесе шараппен араластырылып, анестетик ретінде қолданылатын дәмдеуіш болған (қ. Мар. 15:23). Ол көбінесе денені жерлеуге дайындауда қолданылған, мұны Иеміз Исамен де көреміз (Жох. 19:9). Мүр ащылықты, азапты және қайғыны бейнелейді.
Иеміз Исаға ғибадат еткенде, біз не әкелеміз? Оның ұлылығы мен даңқы туралы, Оның Әкеге деген сұлулығы мен қымбаттылығы туралы ойларды, немесе Құдайдың Тоқтысы ретінде кресттегі азаптары туралы ойларды әкелеміз бе? Данагөйлер Оған өздеріндегі қазынаны дайындап әкелді. Бүгін біз Оның алдына ғибадатта не дайындап, не әкелеміз?





