Сондықтан да Исраилдің Құдайы — Жаратқан Ие мынаны айтады: Бұрын Мен өзіңнің ұрпақтарыңды және әкеңнің басқа да үрім-бұтағын мәңгі бақи діни қызметкерлерім болуға бұйырған едім. Бірақ қазір Мен, Жаратқан Ие, былай деп шештім: Енді бұлай болмайды! Себебі Мені сыйлағандарды Мен де сыйлаймын, ал Мені менсінбегендер масқара болады.
Патшалықтар 1-ж. 2:30
Сонымен Мені адамдар алдында мойындаған әркімді Мен де көктегі Әкемнің алдында мойындаймын.
Матай 10:32
Кім әке-шешесін не ұл-қызын Менен артық көрсе, сол Менікі болуға лайықты емес. Сондай-ақ, кім айқышын арқалаған кісідей өз мүддесінен бас тартып, тіпті азапты өлімге дайын болып Менің соңымнан еріп жүрмесе, сол Менікі болуға лайықты емес. Өміріне өзі иелік еткен әркім одан айырылады, ал өмірін Мен үшін қиған оған мәңгі иелік етеді.
Матай 10:37–39
Қиын сынақты төзімділікпен басынан өткізіп жатқан әркім бақытты! Содан өтіп, сенімді екендігі дәлелденгеннен кейін, ол бәйге жүлдесіндей «шынайы өмірдің тәжін» иемденбек. Мұны Жаратқан Ие Өзін сүйгендерге сыйлауға уәде етті.
Жақыптың хаты 1:12
Болашақта басыңнан кешетіндеріңнен қорықпа! Рас, шайтан кейбіреулеріңді түрмеге салып, сынамақ, ал көретін азаптарың он күнге ғана созылады. Өлімге дейін Маған адал бол, сонда саған «мәңгілік өмір тәжін» сыйлаймын.
Аян 2:10
Уақытша көретін жеңіл азаптарымыз бізді өздерінен әлдеқайда зор, тіпті шексіз де мәңгілік ұлылыққа жеткізеді!
Қорынттықт. 2-хат 4:17
Азап шегулеріңнің мақсаты — шын жүректен сенгендеріңді дәлелдеу. Жойылып кетуі мүмкін алтын отта балқытылған кезде сыналып, тазартылады. Сол сияқты, алтыннан әлдеқайда бағалы сенімдерің де бастан кешкен азаптарың арқылы сыналып, берік те шынайы екендігі дәлелденеді. Сонда Иса Мәсіхтің қайта оралып, ашық көрінетін күні Құдай сендерді мақтап, даңқ пен құрметке бөлемек.
Петірдің 1-хаты 1:7