2025 ж. 15 желтоқсан, дүйсенбі

Күнделікті Жарық

2025 ж. 15 жел.

Біріңнің ауыр жүгіңді екіншің көтерісіңдер! Сөйтіп Мәсіхтің өсиетін орындайсыңдар.

Ғалаттықт. хат 6:2

Әрқайсың өз мүдделеріңді ғана емес, басқалардікін де ойлап жүріңдер! Иса Мәсіхтің мінез-құлқы сендердікі де болсын:

Філіпілікт. хат 2:4-5

қайта, Өз құдіреті мен салтанатты ұлылығынан Бас тартып, қабылдады құлдың сиқын: Ол адам секілді бұ дүниеге келді, Әрі кәдімгі адамға ұқсап көрінді.

Філіпілікт. хат 2:7

Себебі Мен де Құдай тағайындаған Билеуші бола тұра, Өзіме қызмет еткізу үшін емес, Өзім қызмет етіп, көптеген адамдардың азаттық төлемін өтеп жанымды қию үшін осы дүниеге келдім.

Марқа 10:45

Сондықтан да, бауырластарым, мен сендерге келіп, Құдайдың шынайы хабарын уағыздаған кезде шешен сөздер және дана пікірлер қолданған жоқпын. Сендерге Иса Мәсіх пен Оның айқыштағы құрбандық өлімінен басқа нәрселер туралы айтпауға шешім қабылдаған едім. Араларыңда күш-қуатсыз, дірілдеп, қатты жүрексініп тұрып жаттым. Сөз сөйлеп, уағыз айтқанда адамды сендірерліктей данышпан пікірлерге емес, Құдайдың Рухы мен құдіретінің айқын көрінуіне сүйендім. Ондағы мақсатым — сенімдеріңнің негізі адамның даналығы емес, Құдайдың құдіретінің болуы. Дегенмен, біз рухани жетілгендерге даналық туралы хабарды уағыздай береміз. Ал бұл даналық осы күнәкар дүниенікі емес, сондай-ақ, осы дүниелік билеушілердікі де емес; солар — болашақта құрып кететіндер. Керісінше, жариялап жүргеніміз — Құдайдың құпия даналығы, бұл адамзаттың көзінен таса болып келді. Ал Құдай оны біздің ұлылыққа ие болуымыз үшін әлемді жаратпастан бұрын-ақ белгілеп қойған болатын. Бұны осы дүниелік билеушілердің біреуі де ұққан емес; ұққан болса, олар Ұлылықтың Иесін айқышқа шегелетіп өлтіртпес еді. Алайда (Киелі жазбаларда) алдын ала жазылғандай, көз көріп, құлақ естімеген, адам ойына ешқашан келмеген игіліктерді Құдай Өзін сүйетіндерге дайындап қойған. Бұны Құдай біздерге Өзінің Киелі Рухы арқылы анық білдірді. Киелі Рух бәрінен де, Құдайдың терең ой-мақсаттарынан да хабардар. Себебі адамның ішкі құпия-сырларын оның өз рухынан басқа бірде-бір адам біле ме? Сол сияқты, Құдайдың терең ой-мақсаттарын да Оның Киелі Рухынан басқа ешкім білмейді. Ал біз осы дүниелік рухты емес, Құдайдан келген Киелі Рухты қабылдадық, Соның көмегімен Құдайдың бізге сыйлаған игіліктерін біле аламыз. Солар туралы біз адамзаттың даналығынан емес, Киелі Рухтан үйренген сөздермен уағыздап, Оған мойынсұнғандарға рухани шындықты түсіндіреміз. Өз еркімен жүретін адам Құдайдың Рухынан келгенді қабылдамайды, соны түсіне алмай, ақымақтық деп санайды. Себебі оны Киелі Рухтың тұрғысынан бағалау керек. Ал Құдайдың Рухына мойынсұнушы Одан келгеннің бәрін де бағалай алады, бірақ басқалар ондай адамға баға бере алмайды. Өйткені «Кім Жаратқанның ақыл-ойын ұққан, кеңесшісі болып бағыт берді Оған?» (деп жазылған). Ал бізде Мәсіхтің ой-ниеті бар.

Қорынттықт. 1-хат 2

Мәриямның және оған ерген яһудилердің қайғырып жылағандарын көргенде, Иса іштей қатты қобалжып, қайғырып, толқып кетті.

Жохан 11:33

Иса көзіне жас алды.

Жохан 11:35

Қуанғандардың қуанышына, қайғыланғандардың қайғысына ортақтасыңдар!

Римдіктерге хат 12:15

Иеміз Иса Мәсіхтің Әкесі — Құдай мадақталсын! Ол бізге зор мейірім көрсетіп, рухани қайта туғызып жаңа өмір сыйлады және Иса Мәсіхті өлімнен қайта тірілтуімен бізді тірі үмітке кенелтті. Сондықтан да Құдайдың өз халқына сақтаған мол игілігін иемденуімізді күтеміз. Ешқашан шіріп бұзылмайтын, өшіп-солып қалмайтын сол мұраларың сендер үшін көкте дайын тұр. Құдай Өзіне сенуші сендерді құдіретті күшімен қорғап, заманның ақырында осы күнәкар дүниеден құтқаратын болады, сол кез жеткенде бұл айқын көрінбек. Қазір сендерге біраз уақыт азап шегіп, қуғын-сүргін көруге тура келгенмен, осы сөнбес үмітке қуаныңдар! Азап шегулеріңнің мақсаты — шын жүректен сенгендеріңді дәлелдеу. Жойылып кетуі мүмкін алтын отта балқытылған кезде сыналып, тазартылады. Сол сияқты, алтыннан әлдеқайда бағалы сенімдерің де бастан кешкен азаптарың арқылы сыналып, берік те шынайы екендігі дәлелденеді. Сонда Иса Мәсіхтің қайта оралып, ашық көрінетін күні Құдай сендерді мақтап, даңқ пен құрметке бөлемек. Мәсіхті өз көздеріңмен көрмеген болсаңдар да, Оны сүйесіңдер. Қазір де көре алмағанмен, Оған сенесіңдер. Сондықтан сендер сөзбен суреттеуге болмайтын ұлы да керемет қуанышпен шаттанып тұрсыңдар.

Петірдің 1-хаты 1:3-8

ЖИ көмегімен аударылған, Киелі кітап дәйексөздері де соның ішінде — кез келген сілтемені ашып, Киелі кітап аудармасынан оқыңыз.

Kieli Kitap © Orta Asia Baspasy, 1993, 1996, 2000, 2010, 2025

Киелі кітап үзінділері Daily Light on the Daily Path кітабынан (қоғамдық игілік).

Соңғы күндер