«Сыйлығыңды сол жерде, құрбандық үстелінің алдында қалдыр. Алдымен барып, бауырыңмен татулас, содан кейін келіп, сыйлығыңды ұсын» (Матай 5:24).
Бауырыңмен дұшпандықта бола тұра, Құдайға құрбандық берудің пайдасы жоқ. Иса Өзінің ізбасарларына оларға қарсы бір нәрсесі бар кез келген адаммен татуласу керектігін айтты. Әлем татуласуды шектеулі шарттармен іздейді. Христиандар қандай жағдай болмасын татуласуы керек.
Сіз: «Бірақ сіз оның мені қаншалықты қатты ренжіткенін білмейсіз! Менен қарым-қатынасымызды қалпына келтіруді сұрау ақылға қонымсыз», – дейсіз. Немесе: «Мен тырыстым, бірақ ол тынышталмады». Иса біздің татуласуымыз үшін ерекше жағдайды қосқан жоқ. Егер адам жау болса, Иса оны сүюді айтты (Матай 5:44). Егер ол сізді қудаласа, сіз оған дұға етуіңіз керек (44-тармақ). Егер ол сізді көпшілік алдында қорласа, сіз кек қайтармауыңыз керек (39-тармақ). Егер біреу сізді пайдаланса, сіз одан сұрағаннан да көп беруіңіз керек (41-тармақ).
Әлем «Өзіңді көрсет» деп уағыздайды. Иса «Өзіңнен бас тарт» деп үйретті. Әлем сізді үнемі пайдаланады деп ескертеді. Исаның алаңдаушылығы Өзінің шәкірттеріне әділ қарау емес, оларға қалай қарағанына қарамастан, басқаларға шартсыз сүйіспеншілік көрсету болды. Адамдар Исаға түкіріп, оны айқышқа қадады. Оның жауабы біздің үлгіміз болды: «Әке, оларды кешір, өйткені олар не істеп жатқандарын білмейді» (Лұқа 23:34).
Егер үнемі орындалмайтын бұйрық болса, ол – татуласу туралы бұл бұйрық. Құдай Сөзі «Татуласуға тырыс» демейді, бірақ «Татулас» дейді. Сіз біреумен татуласуыңыз керек пе? Онда Құдай сізге не істеуді айтса, соны істеңіз.





