Құдай Әкеге және Иеміз Иса Мәсіхке сенушілердің Салониқадағы қауымына Пауыл, Сыйлас және Тімотеден дұғай сәлем. Құдай сендерге рақымын жаудырып, тыныштығын сыйлай көрсін!
Сендерді Құдайға сиынғанда еске алып, бәрің үшін әрдайым шүкірлік айтамыз. Құдай Әкеміздің алдында сендердің Оған деген сеніммен игілікті іс істеп, сүйіспеншілікпен ауыр еңбек етіп және Иеміз Иса Мәсіхке табандылықпен үміт артып жүргендеріңді үнемі еске алып отырамыз.
Құдай сүйген қымбатты бауырластар, Оның сендерді таңдап алғанын білеміз. Себебі біз сендерге Ізгі хабарды сөзбен ғана емес, құдіретпен, Киелі Рухпен және зор сеніммен де жеткіздік. Сендердің игіліктерің үшін араларыңда қалай әрекет еткенімізді өздерің білесіңдер. Ал сендер бізге және Иемізге еліктеп көп азапқа ұшырасаңдар да, Ізгі хабарды Киелі Рух сыйлаған қуанышпен қабылдадыңдар. Осылай Македония мен Ахая өлкелеріндегі сенушілердің барлығына үлгі болдыңдар.
Иеміздің хабары сендерден Македония мен Ахаяға ғана тараған жоқ, Құдайға деген сенімдерің барлық жерде белгілі болғандықтан, бізге бұл туралы айтудың қажеті де жоқ. Себебі жұрт сендердің бізді қандай жылылықпен қабылдағандарың және жалған тәңірлерден бас тартып, Құдайға бет бұрғандарың туралы бір-біріне айнала әңгімелеп жатыр. Енді сендер тірі де шынайы Құдайға қызмет ете жүріп, Оның рухани Ұлы Исаның көктен түсуін күтудесіңдер. Құдай өлімнен қайта тірілткен Иса бізді келешектегі қаһарлы соттан құтқарып алады.
Салониқал. 1-хат 2:12
Иса:
— Менің Патшалығым осы дүниелік емес. Егер де Патшалығым осы дүниелік болса, онда Менің қасымда сақшыларым жүріп, олар Мені яһуди басшыларының қолына түсірмеу үшін күрескен болар еді. Бірақ Менің Патшалығым осы дүниелік емес, — деп жауап берді.
Жохан 18:36
Енді Ол барлық жауларының Өзінің табанының астына салынып берілуін күтіп отыр.
Еврейлерге 10:13
Жетінші періште кернейін тартқанда, көктен: «Әлемді басқару билігі Жаратқан Иеміздікі және Оның тағайындаған Патшасы Мәсіхтікі! Ол мәңгілік билік жүргізетін болады!» — деген қатты дауыстар шықты.
Аян 11:15
Әрі Құдайымызға арнап соларды
Жасадың діни қызметкерлер патшалығы;
Олар жер бетін билейтін болады».
Аян 5:10
Енді мен бірнеше тақтарды көрдім. Олардың үстінде отырғандарға адамзатты соттап, үкім кесу билігі берілген еді. Сонда мен Исаға адал болып, Құдайдың Ізгі хабарын жариялағандары үшін шейіт болғандардың жандарын да көрдім. Бұлар не айуан мен оның мүсініне табынған да жоқ, не айуанның таңбасын маңдайлары мен қолдарына қабылдаған да жоқ. Олар қайта тіріліп, Мәсіхпен бірге мың жыл бойы патшалық құрды.
Аян 20:4
Ал әділдер көктегі Әкелерінің Патшалығында күн сәулесіндей жарқырайтын болады. Құлағы барлар жақсылап тыңдап алсын!»
Матай 13:43
Шағын қауым, қорықпа! Көктегі Әкең Патшалықты сендерге тапсыруға ризалық еткен.
Лұқа 12:32
Сондықтан Әкемнің Мені Патша болуға тағайындағаны сияқты, Мен де сендерді билік жүргізуге тағайындаймын: Менің Патшалығымда дастарқанымнан ішіп-жеп, тақтарыңа отырып, Исраилдің он екі руына билік жүргізетін боласыңдар.
Лұқа 22:29–30
Патшалығың осында орнасын!
Сенің еркің көкте орындалғандай,
Жер бетінде де орындала берсін!
Матай 6:10