1 Әуел баста Құдай аспан мен жерді жаратты. 2 Жер ретсіз, тіршіліксіз бос жатты; суға толы тұңғиықтың үстін қара түнек жауып тұрды. Ал Құдайдың Рухы су бетінде қалықтап ұшып жүрді.
3 Сонда Құдай: «Жарық пайда болсын!» — деп бұйырды. Осылай жарық пайда болды. 4 Құдай жарыққа қарап, оның жақсы екенін көрді. Ол жарықты қара түнектен бөліп, 5 жарықты күн, ал қара түнекті түн деп атады. Кеш түсіп, таң атты; бұл бірінші күн еді.
6 Содан кейін Құдай: «(Айнала тұманданып тұрған) суды ортасынан бөліп тұратын әуе кеңістігі пайда болсын!» — деп бұйырды. 7 Осылай Ол әуе кеңістігін жасап, соның астындағы суды үстіндегі судан бөлді. Солай болды да. 8 Құдай әуе кеңістігін аспан деп атады. Кеш түсіп, таң атты; бұл екінші күн еді.
9 Мұнан соң Құдай: «Аспан астындағы су бір жерге жиналып, құрлық көрініп тұратын болсын!» — деп бұйырды. Солай болды да. 10 Құдай құрлықты жер, ал жиналған суды теңіздер деп атады. Ол жасағанына қарап, жақсы екенін көрді.
11 Құдай енді: «Жер жасыл өсімдіктерді: тұқым шашатын өсімдіктерді және дәнегі бар алуан түрлі жеміс беретін ағаштарды өсіріп шығарсын!» — деп бұйырды. Солай болды да. 12 Жер жасыл өсімдіктерді: түрлеріне қарай тұқым шашатын өсімдіктерді әрі дәнегі бар жеміс беретін ағаштарды өсіріп шығарды. Құдай жасағандарына қарап, жақсы екенін көрді. 13 Тағы да кеш түсіп, таң атты; бұл үшінші күн еді.
14 Сонан соң Құдай: «Аспан кеңістігінде шырақтар орнасын! Олар күндіз бен түнді бір-бірінен ажыратып, арнайы мезгілдерді, күндер мен жылдарды белгілеп, 15 жерге нұрын шашу үшін аспан кеңістігінде жарқырайтын болсын!» — деп бұйырды. Солай болды да. 16 Құдай үлкенірегі күндізге, кішірегі түнге билік жүргізетін жарқыраған екі үлкен аспан шырағын әрі жұлдыздарды жаратты. 17-18 Құдай оларды жерге жарық түсіріп, күндіз бен түнге билік жүргізіп, жарықты қараңғыдан ажырату үшін аспан әлеміне орналастырды. Құдай мұның да жақсы екенін көрді. 19 Тағы да кеш түсіп, таң атты; бұл төртінші күн еді.
20 Сонан соң Құдай: «Теңіздер, көлдер және өзендер су жәндіктеріне толсын, әрі аспандағы әуе кеңістігінде құстар ұшып жүрсін!» — деп бұйырды. 21 Осылай Құдай суды мекендейтін алып жануарларды, суда қаптап жүрген басқа да жануарлар мен жәндіктердің барлық түрін, сонымен бірге қанаттыларды да түр-түрімен жаратты. Құдай жасағандарына қарап, жақсы екенін көрді. 22 Оларға оң батасын беріп: «Өсіп-өніп көбейіңдер, теңіздерді толтырыңдар, құстар да жер бетінде көбейсін!» — деп бұйырды. 23 Тағы да кеш түсіп, таң атты; бұл бесінші күн еді.
24 Содан кейін Құдай: «Жер әр қилы тіршілік иелерін: малдар, бауырымен жорғалаушылар және аңдарды түр-түрімен шығарсын!» — деп бұйырды. Солай болды да. 25 Құдай әр қилы аңдар мен малдарды және бауырымен жорғалаушыларды түр-түрімен жаратты. Ол жасағандарына қарап, жақсы екенін көрді.
26 Құдай енді: «Біз (рухани жағынан) Өзімізге ұқсас әрі бейнелес етіп адамды жаратайық. Адамдар теңіздегі балықтар мен аспандағы құстарға, малдар мен аңдарға, бүкіл жер бетіне және онда жорғалап жүрген барлық жануарларға билік жүргізсін», — деді.
27 Осылайша Құдай адамды (рухани жағынан) Өзіне ұқсас әрі бейнелес етіп, бірін еркек, бірін әйел қылып жаратты. 28 Құдай оларға оң батасын беріп: «Өсіп-өніп көбейіңдер! Ұрпақтарың жайылып, жер бетін толтырыңдар! Оны өздеріңе бағындырып, теңіздегі балықтарға, аспандағы құстарға және жер бетіндегі барлық жануарларға билік жүргізіңдер!» — деді.
29 Құдай оларға тағы тіл қатып: «Мен сендерге жер бетіндегі тұқым шашатын өсімдіктерді және дәнегі бар жеміс беретін ағаштарды түр-түрімен бердім, бұлар сендерге тамақ болсын. 30 Жер бетіндегі барлық аңдарға, аспандағы күллі құстарға және бауырымен жорғалаушыларға — бойында тіршіліктің лебі бар жануарлардың бәріне Мен көк шөп атаулыны қорек етуге беремін», — деді. Солай болды да.
31 Құдай Өзінің жаратқандарының бәріне қарап, өте жақсы екенін көрді. Тағы да кеш түсіп, таң атты; бұл алтыншы күн еді.
1 Осылайша аспан мен жер және олардың рет-ретімен орналасқан барлық бөлшектері толықтай жаратылды.
2 Құдай жүргізген жарату жұмысының бәрін жетінші күні аяқтап, сол күні еңбек етпей демалды. 3 Жетінші күнге Құдай оң батасын беріп, оны қасиетті деп белгіледі. Себебі Ол бұл күні Өзінің жарату жұмысының бәрін бітірген соң тынықты.
4 Аспан мен жердің жаратылғаннан кейінгі тарихы мынау:
Құдай Ие жер мен аспанды жаратқан кезде 5 жер бетінде әлі де даланың бұталары мен өсімдіктері көктеп, өспеген болатын. Себебі Құдай Ие жерге жаңбыр жауғызбаған еді; оны өңдейтін адам да жоқ болатын. 6 Ал жер бетінен бу көтеріліп шығып, бүкіл даланы суландырып тұрды.
7 Сонда Құдай Ие жердегі топырақтан адамды қалыптастырып жасап, оның мұрнына тіршілік лебін үрледі. Адам осылай тірі жан болып шыға келді.
8 Құдай Ие шығыс жақта, Едем деген жерге пейіш бағын орнатып, Өзі жаратқан адамды сонда орналастырды. 9 Құдай Ие көз тартарлық, жеуге жақсы жеміс беретін әр түрлі ағаштарды жерден өсіріп шығарды. Бақтың ортасында «мәңгілік өмірді сыйлайтын ағаш» және «жақсылық пен жамандықты танытатын ағаш» та өсіп тұрды.
10 Бақты суландыратын өзен Едемнен ағып шығып жатты, ол әрі қарай төрт тармаққа бөлініп кететін. 11 Біріншісі Пишон деп аталады, ол алтын шығатын бүкіл Хауила өлкесін айналып ағады. 12 Сол елдің алтыны ерекше бағалы, онда хош иісті шайыр мен оникс атты асыл тас та бар. 13 Екінші өзенді Гихон деп атайды, ол бүкіл Құш өлкесін айналып ағады. 14 Үшінші өзеннің аты Тигр, ол Ассурдың шығыс жағынан өтеді. Төртінші өзен — Евфрат.
15 Құдай Ие пейіш бағын өңдеп, күтіп-бағу үшін адамды сонда орналастырды. 16 Құдай Ие адамға бұйрық беріп: «Саған бақтағы күллі ағаштардың жемістерін жеуге болады. 17 Бірақ жақсылық пен жамандықты танытатын ағаштың жемісін жеме! Себебі одан жесең, сол күні өлесің», — деді.
18 Содан кейін Құдай Ие: «Адамның жалғыз болғаны жақсы болмас. Мен оған өзіне сай көмекші жасап берейін», — деді.
19 Құдай Ие даладағы барлық жануарларды және аспандағы күллі құстарды топырақтан қалыптастырып жасаған еді. Енді адамның оларды қалай атайтынын білу үшін бәрін оған алып келді. Адам қандай ат қойса, олар солай аталатын болды. 20 Сонымен адам малдар мен аңдардың және аспандағы құстардың барлық түрлеріне де өз аттарын берді.
Ал адамға өзіне сай көмекші табылмады. 21 Сонда Құдай Ие адамды терең ұйқыға батырып, ұйықтап жатқанда оның бір қабырғасын алып, соның орнын етімен жауып тастады. 22 Құдай Ие осы қабырғадан әйел жасап шығарып, оны адамға алып келді.
23 Риза болған адам былай деді:
«Міне, бұл — сүйек, өз сүйегімнен шыққан,
Әрі тән, өз тәнімнен шыққан!
Ол әйел деп аталатын болсын,
Себебі ол еркектен алынып жасалған».
24 Сондықтан еркек әке-шешесін тастап, әйеліне берік қосылады, сөйтіп екеуі біртұтас болады.
25 Адам мен оның әйелі жалаңаш еді, ал олар бұған ұялған жоқ.
1 Құдай Ие жаратқан жабайы хайуанаттардың ішіндегі ең қуы жылан еді. Жылан әйелге сұрақ қойып:
— Құдай сендерге бақтағы ешбір ағаштың жемісін жемеңдер деп шынымен айтты ма? — деді. 2 Әйел жыланға:
— Жоқ, бізге бақтағы ағаштардың жемісін жеуге болады. 3 Бірақ Құдай бақтың ортасында тұрған ағаштың жемісі жайлы: «Одан жемеңдер, әрі оған тимеңдер, әйтпесе өлесіңдер!» деген, — деп жауап берді. 4 Сонда жылан әйелге:
— Жоқ, тіпті де олай емес, өлмейсіңдер! 5 Қайта, Құдай сендер осы жемісті жеген кезде көздеріңнің ашылатынын жақсы біледі. Сонда сендер ненің жақсы, ненің жаман екенін айыра алып, Құдай сияқты боласыңдар! — деді.
6 Әйел ағаштың жемісіне қарап, оның жеуге жақсы әрі көз тартарлық әдемі екенін және өзін ақылды етуге қызықтырып тұрғанын көрді. Содан ол ағаштың жемісінен алып жеді. Әйел қасындағы күйеуіне де берді, ол да жеді. 7 Сол кезде екеуінің көздері ашылып, өздерінің жалаңаш екенін білді. Содан олар інжір ағашының жапырақтарын біріктіріп тігіп, алжапқыштар жасап алды.
8 Қоңыр салқын самал соққан кезде адам мен әйелі Құдай Иенің бақ ішінде жүрген дыбысын естіді. Олар Оның көзінен тасаланып, бақтағы ағаштардың арасына жасырынып қалды. 9 Ал Құдай Ие адамды дауыстап шақырып:
— Сен қайдасың? — деді. 10 Сонда ол:
— Сенің бақта жүргеніңді естіп, қорқып кеттім. Себебі мен жалаңашпын, сондықтан жасырынып қалдым, — деп жауап берді. 11 Құдай Ие адамнан:
— Саған жалаңашсың деп кім айтты? Сен Мен жеуге тыйым салған ағаштың жемісінен жедің бе? — деп сұрады. 12 Адам:
— Қасыма Өзің берген әйел маған сол ағаштың жемісінен берді, содан мен жедім, — деді. 13 Құдай Ие әйелден:
— Сенің бұлай істегенің не? — деп сұрады. Әйел:
— Мені жылан азғырды, содан мен жедім, — деді.
14 Сонда Құдай Ие жыланға үкім шығарып: «Осылай істегенің үшін барлық малдар мен аңдардың ішіндегі сені қарғыс атқан. Өмір бақи жер бауырлап, топырақ жеп өт! 15 Әйел екеуіңді, сенің ұрпағың мен оның ұрпағын өзара өштестіріп қоямын. Әйелдің ұрпағы басыңды мыжып, ал сен оның өкшесін шағатын боласың», — деді.
16 Ал әйелге Құдай мынаны айтты: «Құрсақ көтерген кезіңде көретін бейнетіңді ауырлатамын, балаларыңды қиналып босанатын боласың. Сен күйеуіңе құштар боласың, ал ол саған жетекшілік етеді».
17 Адамға Құдай Ие былай деді: «Әйеліңнің тілін алып, Мен тыйым салған ағаштың жемісінен жеген сенің кесіріңнен жердің топырағын қарғыс атты! Бұдан былай тамағыңды өмір бақи бейнет шегіп топырақтан өсіріп жейтін боласың. 18 Жердің топырағы саған тікенектер мен ошағандарды қаулатып, сен далада өсетін дәнді дақылдармен қоректенетін боласың.
19 Өзің жаратылған жердің қойнына қайтып кіргенше, жейтін наныңды маңдай теріңді төгіп жүріп табатын боласың. Сен топырақтан жаратылдың, қайтадан топыраққа айналасың!»
20 Адам әйеліне Хауа (яғни «Өмір сүруші») деген ат қойды. Себебі ол өмір сүруші адамзат атаулының түп анасы болатын болды.
21 Құдай Ие адамға және оның әйеліне хайуандардың терілерінен киім жасап, оларды киіндірді. 22 Сонан соң Құдай Ие былай деді: «Міне, адам ненің жақсы, ненің жаман екенін біліп, Біз сияқты болды. Енді ол қолын созып, мәңгілік өмірді сыйлайтын ағаштың жемісін алып жеп, мәңгі өмір сүріп жүрмесін».
23 Сонымен Құдай Ие адамды пейіш бағынан қуып шығып, оған өзі жаратылған жердің топырағын өңдетіп қойды. 24 Адамды қуып шыққаннан кейін, мәңгілік өмірді сыйлайтын ағашқа апаратын жолды күзету үшін пейіш бағының шығыс жағына керуб деген періштелерді және жүзінен от шашып, әрі-бері қозғалып жарқылдап тұрған бір семсерді қойды.
1 Адам әйелі Хауамен жақындасқан соң, әйелі жүкті болып, Қабылды туды. Сонда Хауа: «Жаратқан Иенің жарылқауымен бір ұл балаға ие болдым», — деді. 2 Хауа қайтадан жүкті болып, Қабылдың інісі Әбілді туды.
Әбіл мал бағушы, ал Қабыл жерді өңдейтін егінші болды.
3 Біраз уақыт өткеннен кейін Қабыл Жаратқан Иеге арнап жерден жинап алған өнімінен тарту ұсынды. 4 Ал Әбіл малының алғашқы төлдерінен әкеліп, құрбандыққа шалып, олардың майлы бөліктерін де тарту етті. Жаратқан Ие Әбілге және оның құрбандығына ризашылықпен қарады, 5 бірақ Қабылға және оның ұсынған тартуына риза болмады. Бұған Қабыл қатты ашуланып, қабағын түйіп безеріп алды. 6 Сонда Жаратқан Ие Қабылға:
— Сен неге ашуланасың? Неліктен қабағыңды түйіп безересің? 7 Егер істегенің дұрыс болса, онда сені қабылдар едім. Ал істегенің дұрыс болмаса, онда босағаңды күнәнің жағалағаны: күнә сені иемденуге құштар, бірақ сен оған жол бермеуің керек, — деп сөзін арнады.
8 Алайда Қабыл інісі Әбілге: «Далаға барайық», — деді. Олар далаға шыққан соң, Қабыл інісін бас салып, ұрып өлтірді.
9 Кейін Жаратқан Ие Қабылдан:
— Інің Әбіл қайда? — деп сұрады. Ол:
— Білмеймін, мен інімнің күзетшісі ме едім? — деп жауап қайырды.
10 Жаратқан Ие:
— Сен не істедің? Ініңнің төгілген қаны Маған жерден үн қатып, кегін алуды сұрап тұр! 11 Сені қарғыс атқан! Енді өз қолыңмен өлтірген ініңнің қаны сіңген жердің топырағынан аулақ жүресің. 12 Сен оны өңдегенде, түк өнім ала алмайсың. Сондықтан жер бетінде тұрағы жоқ кезбеге айналасың, — деді.
13 Қабыл Жаратқан Иеге жауап беріп:
— Менің тартатын жазам көтере алмастай ауыр. 14 Бүгін мені егіндік жерден қуып отырсың, Сенің көзіңнен таса жүретін боламын. Жер бетінде тұрағы жоқ кезбеге айналамын. Кім кездессе, сол мені өлтіретін болады, — деді. 15 Бірақ Жаратқан Ие:
— Жоқ, Қабылды кім өлтірсе, содан жеті есе кек алынады, — деді. Сондықтан Ол кездескендер өлтіріп қоймау үшін Қабылға таңба салып берді. 16 Ал Қабыл Жаратқан Иенің көз алдынан кетіп, Едемнің шығысында орналасқан Нод (яғни «Кезбелік») деген жерге қоныстанды.
17 Қабыл әйелімен жақындасып, ол жүкті болып, Енохты туды. Кейін Қабыл қала салып, оған ұлының атын қойды. 18 Ал Енохтан Ирад, Ирадтан Мехуел, Мехуелден Метушаил, Метушаилдан Ләмех дүниеге келді.
19 Ләмех екі әйел алды, біреуінің есімі Ада, екіншісінікі Зилла еді. 20 Ададан Ябал туды. Ябалдан шатырларда тұрып, мал бағатындар тарады. 21 Оның інісінің аты Юбал еді. Ол ішекті аспаптар мен сыбызғыда ойнаушылардың түп атасы болды. 22 Зилланың да Тұбалқабыл есімді бір ұлы болатын. Ол мыс пен темірден әр түрлі құрал-жабдықтарды жасап шығарды. Тұбалқабылдың қарындасының аты Нағама еді.
23 Ләмех әйелдеріне тіл қатып: «Әй, Ада мен Зилла, Ләмехтің әйелдері, мені тыңдап, сөзіме құлақ түріңдер! Мені жаралағаны үшін бір еркекті, денемді көгерткені үшін бір жас жігітті өлтірдім. 24 Қабыл үшін жеті есе кек алынатын болса, Ләмех үшін жетпіс жеті есе кек алынатын болады», — деді.
25 Адам ата әйелімен тағы да жақындасқан соң, Хауа ұл туып, оның атын Сет (яғни «Сыйланған») деп қойды. Себебі ол: «Қабыл Әбілді өлтірген соң, Құдай маған оның орнына басқа бір ұрпақ сыйлады», — деді. 26 Сет те ұлды болып, атын Енос деп қойды.
Сол кезден адамдар Жаратқан Иеге сиынып мінажат ете бастады.
1 Мынау Адам атаның ұрпақтарының тарихы:
Құдай адамды жаратқанда, оны Өзіне (рухани жағынан) ұқсас етіп жаратқан болатын. 2 Құдай адамдарды бірін еркек, бірін әйел қылып жаратып, сол күні батасын беріп, оларға «адам» деген ат қойды.
3 Адам ата жүз отыз жасқа келгенде өзіне ұқсас бір ұлды болып, оған Сет деп ат қойды. 4 Сет туғаннан кейін, Адам ата сегіз жүз жыл өмір сүріп, басқа да ұл-қыздарға әке болды. 5 Адам ата барлығы тоғыз жүз отыз жыл өмір сүріп, қайтыс болды.
6 Сет жүз бес жасқа келгенде ұлы Енос туды. 7 Бұдан кейін Сет сегіз жүз жеті жыл өмір сүріп, басқа да ұл-қыздарға әке болды. 8 Сет барлығы тоғыз жүз он екі жыл өмір сүріп, дүниеден қайтты.
9 Енос тоқсан жасқа келгенде Қайнанды дүниеге келтірді. 10 Қайнан дүниеге келгеннен кейін Енос сегіз жүз он бес жыл өмір сүріп, басқа да ұл-қызды болды. 11 Енос барлығы тоғыз жүз бес жыл өмір сүріп, дүниеден қайтты.
12 Қайнан жетпіс жасқа келгенде Мақалалел туды. 13 Бұдан соң Қайнан сегіз жүз қырық жыл өмір сүріп, басқа да ұл-қыздарды дүниеге келтірді. 14 Қайнан барлығы тоғыз жүз он жыл өмір сүріп, қайтыс болды.
15 Мақалалел алпыс бес жасқа келгенде Иәрет туды. 16 Иәрет туғаннан кейін Мақалалел сегіз жүз отыз жыл өмір сүріп, басқа ұл-қыздарға әке болды. 17 Мақалалел барлығы сегіз жүз тоқсан бес жыл өмір сүрген соң қайтыс болды.
18 Иәрет жүз алпыс екі жасқа келгенде Енохты дүниеге келтірді. 19 Бұдан соң Иәрет сегіз жүз жыл жасап, басқа да ұл-қызды болды. 20 Иәрет барлығы тоғыз жүз алпыс екі жыл өмір сүріп, дүниеден қайтты.
21 Енох алпыс беске келгенде Мәтусал туды. 22 Мәтусал дүниеге келген соң, Енох үш жүз жыл бойы Құдаймен тығыз байланыста жүріп, басқа да ұл-қыздарға әке болды. 23 Ол барлығы үш жүз алпыс бес жыл өмір сүрді. 24 Енох Құдаймен тығыз байланыста жүрді. Кейін ол жер бетінен ғайып болды, себебі Құдай оны Өзіне алып кеткен еді.
25 Мәтусал жүз сексен жеті жасқа келгенде Ләмех туды. 26 Ләмех туған соң, Мәтусал жеті жүз сексен екі жыл өмір сүріп, басқа да ұл-қызды болды. 27 Мәтусал барлығы тоғыз жүз алпыс тоғыз жыл өмір сүріп, дүниеден өтті.
28 Ләмех жүз сексен екі жасқа келгенде ұлды болды. 29 Оған Нұх деп ат қойып: «Ол Жаратқан Иенің қарғысына іліккен жерде бейнетпен жұмыс істеп жүрген бізге жұбатушы болады», — деді. 30 Нұх туғаннан кейін, Ләмех бес жүз тоқсан бес жыл өмір сүріп, басқа да ұл-қыздарды дүниеге келтірді. 31 Ләмех барлығы жеті жүз жетпіс жеті жыл өмір сүріп, қайтыс болды.
32 Нұх бес жүз жасқа келген соң, Шам, Хам және Япші деген ұлдарды дүниеге келтірді.
1 Адамдар жер бетінде көбейе бастап, қыздары да көптеп туылғанда, 2 өздерін Құдайдың ұлдарымыз деп есептейтін билеушілер адамдардың қыздарының сұлу, бойшаң екенін көріп, таңдап алғандарына үйлене беретін. 3 Сонда Жаратқан Ие: «Енді Менің Рухым әрдайым адам үшін арпалысқа түспейді, себебі адам әбден бүлінген. Сондықтан ол бұдан былай жүз жиырма жыл ғана өмір сүрсін», — деді.
4 Сол кезде де, содан кейін де өздерін Құдайдың ұлдарымыз деп есептейтін билеушілер адамдардың қыздарымен жақындасып, олардан бұзақы алыптар туған болатын; бұлар өткен заманда ел танып білген батырлар еді.
5 Жаратқан Ие адамдардың жер бетінде әбден азғындыққа салынғанын көрді: олардың жүректеріндегі барлық ой-ниеттері әр уақытта зұлымдыққа бейім болды. 6 Сонда Жаратқан Ие жер бетінде жаратып шығарған адамдардың осындай күнәлі болып кеткеніне қайғырып, қасірет шекті. 7 Сондықтан Ол: «Мен Өзім жаратқан адамды да, онымен қоса малдарды, бауырымен жорғалаушыларды және аспандағы құстарды да жер бетінен құртып жібермекпін. Өзім жаратқандардың күнәкарға айналғандарына қайғырамын», — деді. 8 Жаратқан Иенің рақымына тек Нұх қана ие болды.
9 Мынау Нұхтың шежіресі:
Нұх замандастарының арасында әділ де кінәратсыз, Құдаймен тығыз байланыста жүрген адам еді. 10 Нұхтың Шам, Хам және Япші деген үш ұлы болды.
11 Құдайдың көз алдында жер беті бүлінген үстіне бүліне беріп, зұлымдыққа толды. 12 Дүниенің әбден бұзылғанына Құдай көзін жеткізді, себебі жер бетіндегі барлық адамдар азғын өмір сүрді. 13 Сонда Ол Нұхқа үн қатып, былай деді: «Мен күллі тіршілік иелерінің өмір сүруін тоқтатамын. Жер беті солардың кесірінен зұлымдыққа толды, сол себепті оларды жермен қоса құртып жіберемін. 14 Сен мықты ағаштан сандық тәрізді кеме тұрғыз, оны бірнеше бөлімдерден тұратын етіп жасап, іші-сыртын қара шайырмен майла. 15 Оны былай жаса: ұзындығы үш жүз, ені елу, биіктігі отыз шынтақ болсын. 16 Кеменің үстіне шатыр тұрғыз. Ішін ойып, терезелер жаса, оларды ең жоғарғы жерінде бір шынтақ етіп айналдыра орналастыр. Ал есігін бүйірінен шығар. Кеменің төменгі, ортаңғы, жоғарғы қабаттары болсын.
17 Біліп ал: Мен аспан астындағы жанды мақұлықтардың бәрін құрту үшін жер бетіне топан су қаптатамын. Жер бетіндегінің барлығы құруға тиіс. 18 Алайда сенімен Келісімімді жасамақпын. Өзің де, ұлдарың, әйелің және келіндерің де кемеге кіресіңдер. 19 Тірі жануарлардың әрқайсысынан екі-екіден кемеге бірге ала баруың керек, біреуі еркек, біреуі ұрғашы болсын. 20 Тіршілікті жалғастыру үшін құстардың, малдардың және бауырымен жорғалаушылардың әр түрінен — барлығынан қос-қостан сенімен бірге ішке кірулері керек. 21 Ал сен өзіңді және оларды тамақтандыру үшін жеуге жарайтын тағамдардың бәрінен қор жасап ал».
22 Нұх бұларды мұқият орындады. Ол барлығын да Құдайдың өзіне бұйырғанындай істеді.
1 Сонан кейін Жаратқан Ие Нұхқа былай деді: «Үй ішіңмен бірге кемеге кір! Себебі Мен сенің замандастарыңның арасында әділ екеніңді көрдім. 2 Жер бетіндегі жануарлардың барлық түрлері өмірлерін жалғастыру үшін, адал жануарлардың әрқайсысынан жеті жұптан ал. 3 Арам жануарлардан екеуден ал, бір еркек, бір ұрғашы болсын және аспандағы құстардың әр түрінен де жеті жұптан ал. 4 Жеті күн өткен соң Мен жер бетіне қырық күн, қырық түн бойы жауын жауғызамын, жер бетіндегі Өзім жаратқан жаны барлардың бәрін жоқ қыламын».
5 Нұх барлығын да Жаратқан Иенің өзіне бұйырғанындай істеді.
6 Жер бетін топан су қаптаған кезде Нұх алты жүз жаста еді. 7 Ол өзінің ұлдары, әйелі және келіндерімен жерге топан су жайылмас бұрын кемеге кіріп алды. 8 Жұпталып алынған адал және арам жануарлар, құстар мен жер бетінде жорғалаушылардың барлығы бір еркек, бір ұрғашыдан 9 Құдай Нұхқа бұйырғандай оның қасына кемеге кірді. 10 Содан жеті күн өткеннен кейін жер бетіне топан су жайыла бастады.
11 Нұх алты жүз жасқа келгенде, екінші айдың он жетісінде — дәл сол күні терең тұңғиықтағы барлық қайнар көздерден су атқылап, әрі «аспан қақпалары айқара ашылып», 12 жерге қырық күн, қырық түн бойы жаңбыр құйып тұрды.
13 Ал Нұх, оның ұлдары Шам, Хам және Япші, Нұхтың әйелі мен келіндері сол күні кемеге кірген еді. 14 Солармен бірге аңдардың, малдардың, жер бетінде бауырымен жорғалаушылардың және құстардың, қос қанаттылардың барлық түрлерінен, 15 яғни жаны барлардың бәрінен де, жұптасып Нұхтың қасына кемеге енгендер болды. 16 Олар Құдай Нұхқа бұйрық еткендей, барлық аңдардан бір еркек, бір ұрғашы болып, ішке кірді. Содан кейін Жаратқан Ие есікті жауып тастады.
17 Сонымен жер бетін қырық күн бойы топан су қаптады, судың көтерілгені соншалықты, кеме қалқып жүрді. 18 Жер бетінде су тіптен көбейіп асып-тасып кетті, кеме судың үстінде жүзіп жүрді. 19 Су жер бетінде көбейіп, көтерілген үстіне көтеріле берді, тіпті аспан астындағы барлық биік таулар да судың астында қалды. 20 Осылай топан су таулардың шыңдарынан он бес шынтақ биіктікке көтерілді. 21 Сонда жер бетінде қыбырлап жүрген күллі тірі мақұлықтар: құстар, малдар, аңдар, жер бетінде қаптап жүрген жәндіктер түгелімен және барлық адамзат та суға батып кетті. 22 Осылайша құрғақ жердегі тіршілік атаулының иелері түгел опат болып, 23 жер бетіндегінің барлығы жойылды: адамнан бастап малға дейін, бауырымен жорғалаушылардан бастап аспандағы құстарға дейін бәрі де жер бетінен құрып кетті. Тек Нұхпен бірге кеменің ішінде болғандар ғана аман қалды.
24 Жүз елу күн бойы жер бетінде су үздіксіз көтерілумен болды.
1 Құдай Нұхқа және онымен бірге кемедегі барлық аңдар мен малдарға мейірімділік көрсетіп, жер бетінде жел тұрғызды. Осылай су тартыла бастады. 2 Тұңғиықтағы қайнар көздер бітеліп, «аспан қақпалары жабылып», жаңбыр басылды. 3 Жер жүзіндегі судың беті қайтып, жүз елу күн бойы су біртіндеп тартыла берді. 4 Содан жетінші айдың он жетінші күні болғанда, кеме Арарат тауларының үстіне тоқтады. 5 Су оныншы айға дейін үздіксіз азайып, оныншы айдың бірінші күні тау шыңдары көріне бастады.
6 Қырық күн өткенде Нұх кемедегі өзі жасаған терезені ашып, 7 бір қара қарғаны сыртқа ұшырып жіберді. Қарға жер бетіндегі су кепкенше келіп-кетіп ұшып жүрді. 8 Содан кейін Нұх жер бетіндегі судың азайғанын тексеру үшін бір көгершінді сыртқа ұшырып жіберді. 9 Бірақ көгершін қонақтауға орын таппай, кемеге қайта оралды, себебі жер бетін әлі де су басып тұрған еді. Нұх қолын сыртқа созып, көгершінді қайтадан кемеге кіргізіп алды. 10 Ол жеті күн күте тұрып, тағы да сол көгершінді кемеден ұшырып жіберді. 11 Көгершін кешке қарай оған қайтып оралғанда, жаңа көктеген зәйтүн ағашының бір жапырағын тұмсығына қыстырып ала келді! Осылайша Нұх жер бетіндегі судың қайтқанын білді. 12 Дегенмен ол тағы жеті күн күтті, содан кейін қайтадан бір көгершінді сыртқа ұшырып жіберді. Бұл жолы көгершін қайта оралмады.
13 Нұхтың алты жүз бір жасқа толған жылының бірінші айының бірінші күні жер бетіндегі су тартылған еді. Нұх кеменің шатырын ашып қарағанда, жер кеуіпті! 14 Екінші айдың жиырма жетінші күні жер беті мүлдем құрғақ болды.
15 Сол кезде Құдай Нұхқа былай деді: 16 «Әйелің екеуің кемеден шығыңдар, ұлдарың мен келіндерің де шықсын. 17 Кемеде болған түрлі құстарды, малдарды және жер бетінде жорғалап жүргендерді сыртқа алып шық, олар жер бетін жайлап, өсіп-өніп көбейсін».
18 Сонда Нұх ұлдары, әйелі және келіндерімен бірге кемеден шықты. 19 Барлық аңдар мен малдар, құстар мен жер бетінде жорғалаушылар түр-түрімен, үйірімен түгел кемеден сыртқа шықты.
20 Нұх Жаратқан Иеге арнап құрбандық ұсынатын орын жасады. Содан кейін ол малдың және құстың барлық адал түрлерінен біразын алып, оларды құрбандыққа шалып, өртеп жіберді. 21 Құрбандықтардың жағымды иісі Жаратқан Иеге жеткенде, Ол іштей былай деді: «Адамның жүрегіндегі ой-ниеті бала кезден-ақ зұлымдыққа бейім болса да, Мен бұдан былай еш уақытта жерді адамдарға бола қарғамаймын. Енді ешқашан да Өзім жасағандай барлық тіршілік атаулыны құртып жібермейтін боламын. 22 Бұдан былай, жер жер болып тұрған уақытта, тұқым себу мен егін ору, аяз бен ыстық, жаз бен қыс, күн мен түн үздіксіз бола бермек».
1 Құдай Нұх пен оның ұлдарына былай деп бата берді: «Өсіп-өніп, ұрпақтарың көбейіп, жерді толтырыңдар. 2 Сендерді көргенде, барлық жер бетіндегі аңдар мен аспандағы құстарды, жер үстінде қыбырлап жүргендер мен теңіздегі балықтарды үрей мен қорқыныш билесін. Себебі олар сендердің биліктеріңе берілді. 3 Қимылдап жүргендер мен кеудесінде жаны барлардың бәрі сендерге қорек болады. Өсімдіктерді бергенім сияқты, қазірден бастап сендерге бәрін де беремін.
4 Алайда қанын шығармай тұрып, олардың етін жеуші болмаңдар, жаны қанында ғой. 5 Ал егер сендердің қандарың төгілетін болса, Мен сол үшін есеп беруді талап ететін боламын. Кез келген аңнан және кісіден адамның өмірі үшін есеп беруді талап етемін. 6 Кімде-кім адамның қанын төксе, оның да қаны адам арқылы төгілетін болады, себебі Құдай адамды Өзіне (рухани жағынан) ұқсас етіп жаратты. 7 Ал сендер өсіп-өніп көбейіп, жер бетін жайлаңдар».
8 Құдай Нұхқа және оның ұлдарына тағы да үн қатып: 9 «Осылай Мен сендермен, келешек ұрпақтарыңмен 10 және сендердегі барлық тірі мақұлықтармен: құстармен, малдармен, аңдармен, сендермен бірге кемеден шыққан жер бетіндегі барлық жан-жануарлармен Келісім жасаймын. 11 Бұдан былай еш уақытта тіршілік атаулы топан судан құрымайды және жерді бүлдіретін топан су ешқашан қайтып болмайды деп, сендермен Келісім жасаймын», — деді.
12 Мұнан соң Құдай тағы былай деді: «Менің сендермен және қастарыңда жүрген бүкіл тіршілік иелерімен барлық болашақ ұрпақтар үшін де жасаған Келісімімнің белгісі мынау: 13 Мен садаққа ұқсас кемпірқосағымды бұлтқа орнатамын, бұл — Менімен жердің арасындағы Келісімнің белгісі.
14 Мен жерге жаңбырдың бұлттарын жібергенде, олардың арасынан кемпірқосақ көрінетін болады. 15 Сол кездерде Мен Өзімнің сендермен және барлық тіршілік иелерімен жасаған Келісімімді есіме түсіремін: су бұдан былай ешқашан да барлық тіршілік иелерін құртатын топан суға айналмайды. 16 Бұлттың арасында тұрған кемпірқосақты көрген сайын, Мен жер бетіндегі әр түрлі тіршілік иелерімен мәңгілікке жасасқан Келісімімді есіме аламын».
17 Сонымен Құдай Нұхқа: «Бұл — Менің жер бетіндегі барлық тіршілік атаулымен бекіткен Келісімімнің белгісі», — деді.
18 Кемеден шыққан Нұхтың ұлдарының есімдері: Шам, Хам, Япші. Хам Қанаханның әкесі еді. 19 Бұлар Нұхтың үш ұлы болатын, осылардан жер бетіндегі барлық халықтар тарады.
20 Нұх жер өңдеп, жер бетінде бірінші болып жүзім екті. 21 Бірде ол шарап ішіп, мас болып, шатырдың ішінде жалаңаш жатты. 22 Қанаханның әкесі Хам өз әкесінің жалаңаш денесін көріп, сыртқа шығып, оны екі бауырына хабарлады. 23 Ал Шам мен Япші бір жамылғыны иықтарына іле салып, теріс қарап ішке кіріп, әкелерінің денесін жапты. Жүздерін басқа жаққа бұрғандықтан, олар оның жалаңаш денесін көрген жоқ.
24 Нұх мастығынан айығып, оянғаннан кейін, кіші ұлының өзін келеке еткені туралы естіп, 25 былай деді:
«Қанаханды қарғыс атсын!
Ол ағайындарының ең бейшара құлына айналсын!»
26 Содан соң ол:
«Шамның Құдай Иесі мадақталсын!
Ал Қанахан Шамның құлы болсын!
27 Құдай Япшінің өрісін кеңейтсін,
Ол Шамның шатырларында тұрсын!
Ал Қанахан оның құлы болсын!»
— деді.
28 Топан судан соң Нұх үш жүз елу жыл өмір сүрді. 29 Нұх барлығы тоғыз жүз елу жыл өмір сүріп, қайтыс болды.
1 Мынау Нұхтың ұлдары Шам, Хам және Япшінің үрім-бұтақтарының шежіресі: олардың ұлдары топан судан кейін дүниеге келді.
2 Япшінің ұрпақтары мыналар: Гомер, Магог, Мадай, Яуан, Тұбал, Мешех, Тирас. 3 Гомердің ұрпақтары: Ашкеназ, Рифат, Тоғарма. 4 Яуанның ұрпақтары: Елиша, Тарсис, Киттим, Доданим. 5 Бұлардан аралдар мен жағалауы бар жерлерде тұратын түрлі-түрлі халықтар тарады. Олар бір-бірінен өз тіл ерекшеліктері, рулары және ұлттарына қарай бөлінген еді.
6 Хамның ұрпақтары: Құш, Мысыр, Пұт, Қанахан. 7 Құштың ұрпақтары: Себа, Хауила, Сабтах, Рахама, Саптеха. Рахаманың ұрпақтары: Сәба, Дедан.
8 Құш — Нымродтың әкесі. Нымрод жер бетіндегі күшті әміршіге айналып, 9 Жаратқан Иенің көзіне түскен мықты аңшы да болды. «Мынау Жаратқан Иенің көзіне түскен Нымрод сияқты мықты аңшы екен» деген сөз содан қалған. 10 Нымродтың патшалығы Шинар жеріндегі Бабыл, Ерех, Аккад, Қална деген қалалардан басталатын еді. 11 Нымрод осы жерден Ассурға барып, Ниневи, Рехобот-Ир, Қалах деген қалаларды 12 және Ниневи мен Қалахтың арасында орналасқан Ресен қаласын да тұрғызды. Ресен үлкен қала болатын. 13 Мысырдан луд, анам, лехап, нафтух, 14 патрус, қаслух, қаптор атты халықтар тарады. Осылардан філістірлер шықты.
15 Қанаханның тұңғыш ұлы Сидон еді. Содан кейін Қанаханның ұрпақтарынан хеттік, 16 ебустік, аморлық, гергестік, 17 хевтік, арқалық, синдік, 18 аруадтық, семарлық, хаматтық атты халықтар да шықты.
Кейін қанахандықтардың рулары әрі қарай тарап кетті. 19 Олар орналасқан аймақ Сидоннан басталып Герар арқылы Газаға дейін, сонан соң Содом, Ғомора, Адма, Себоимды орап өтіп, Лашаға дейін созылып жататын.
20 Бұлар руларына, тіл ерекшеліктеріне, тұрған жерлеріне, халықтар болып бөлінуіне қарай орналасқан Хамнан тараған ұрпақтар еді.
21 Япшінің ағасы Шамнан да ұлдар туған. Шам Еберден тараған барлық ұрпақтардың түп атасы еді.
22 Шамның ұлдары: Елам, Ассур, Арпақсат, Луд, Арама.
23 Араманың ұлдары: Ус, Хұл, Гетер, Маш. 24 Арпақсаттан Шелах, Шелахтан Ебер туды. 25 Еберден екі ұл туды: тұңғышының есімі Пелек (яғни «Бөліну») болды, өйткені оның заманында жер беті бөлінді. Ал кенжесінің есімі Жоқтан еді. 26 Жоқтаннан Алмодат, Шалеф, Хасармаует, Жерах, 27 Хадорам, Узал, Диқла, 28 Обал, Әбімаил, Сәба, 29 Опыр, Хауила, Жобаб туды. Бұлардың бәрі — Жоқтанның ұлдары.
30 Олардың тұрған жерлері Мешадан бастап Сефар арқылы шығыста орналасқан таулы аймаққа дейін жететін.
31 Бұлар руларына, тіл ерекшеліктеріне, тұрған жерлеріне, халықтар болып бөлінуіне қарай орналасқан Шамның ұрпақтары еді.
32 Шығу тегіне, халықтар болып бөлінуіне қарай орналасқан Нұхтың ұлдарының ұрпақтары — осылар. Олардан топан судан кейін пайда болған халықтар жер бетіне тарап кетті.
1 Жер бетіндегі бүкіл адамзат бір тілді, бірдей сөздерді қолданды. 2 Адамдар шығыс жақта көшіп-қонып жүргенде Шинар жерінде бір жазық алқапты тауып, соған қоныс тепті.
3 Олар бір-біріне: «Келіңдер, кірпіш құйып, отқа күйдірейік!» — деді. Сонымен олар тас орнына күйген кірпіш, әк орнына қарамай қолданды. 4 «Өзімізге қала және төбесі көкке жететін зәулім мұнара тұрғызып алайық. Осылайша өз атымызды шығарайық, сонда біз жердің түкпір-түкпіріне бытырап кетпейміз», — десті.
5 Ал Жаратқан Ие көктен түсіп, адамдар тұрғызып жатқан қала мен мұнараға көз салып, 6 былай деді: «Олар біртұтас халық болып, бірдей тілде сөйлеп, мынаны істей бастады. Бұдан былай олар ойындағыларын жүзеге асырмай қоймайтын болады. 7 Енді Біз жерге түсіп, бірін-бірі түсінбеулері үшін олардың тілін шатастырып жіберейік».
8 Осылайша Жаратқан Ие адамдарды сол жерден бүкіл жер бетіне бытыратып жіберіп, қала құрылысын тоқтатты. 9 Сондықтан қалаға Бабыл деген ат қойылды, өйткені Жаратқан Ие сол жерде бүкіл әлемдегі тілді шатастырып, адамдарды жер бетіне бытыратып жіберді.
10 Мынау Шамнан тараған ұрпақтардың шежіресі.
Топан судан кейін екі жыл өткенде Шам жүзге толып, ұлы Арпақсат дүниеге келді. 11 Сонан соң ол тағы бес жүз жыл өмір сүріп, басқа да ұл-қыздары болды.
12 Арпақсат отыз беске келгенде одан Шелах туды. 13 Шелах туған соң, Арпақсат төрт жүз үш жыл өмір сүріп, басқа да ұл-қыздарға әке болды.
14 Шелах отызға келгенде одан Ебер дүниеге келді. 15 Ебер туғаннан кейін де Шелах тағы төрт жүз үш жыл өмір сүріп, басқа да ұл-қыздарға әке болды.
16 Ебер отыз төрт жасқа келгенде одан Пелек туды. 17 Пелек туғаннан кейін де Ебер төрт жүз отыз жыл өмір сүріп, тағы да ұл-қызды болды.
18 Пелек отыз жасқа келгенде одан Рәгу туды. 19 Рәгу туған соң, Пелек екі жүз тоғыз жыл өмір сүріп, басқа да ұл-қыздарды дүниеге келтірді.
20 Рәгу отыз екі жасқа келгенде одан Серук туды. 21 Серук туған соң, Рәгу екі жүз жеті жыл өмір сүріп, басқа да ұл-қыздарға әке болды.
22 Серук отыз жасқа толғанда ұлы Нахор туды. 23 Нахор туған соң, Серук екі жүз жыл өмір сүріп, басқа да ұл-қыздары дүниеге келді.
24 Нахор жиырма тоғыз жасқа келгенде одан Тарах туды. 25 Тарах туған соң, Нахор жүз он тоғыз жыл өмір сүріп, басқа да ұл-қыздарды дүниеге келтірді.
26 Тарах жетпіс жасқа толғаннан кейін, одан Ыбырам, Нахор, Харан дүниеге келді.
27 Мынау Тарахтан тараған ұрпақтардың шежіресі: Тарахтан Ыбырам, Нахор, Харан атты ұлдары дүниеге келді. Хараннан Лут туды. 28 Бірақ Харан халдейлер елінде өзі туған Ур қаласында дүние салды. Сол кезде оның әкесі Тарах әлі де тірі болатын. 29 Ыбырам мен Нахор да үйленді. Ыбырамның әйелі Сарай, ал Нахордың әйелі Мылқа болды. Мылқа мен Ысқа Харанның қыздары еді. 30 Сарай құрсақ көтермегендіктен, Ыбырамның балалары болмады.
31 Тарах өз ұлы Ыбырамды, немересі Лутты және келіні Сарайды ертіп алып, бәрі бірігіп халдейлер еліндегі Ур қаласынан жолға шықты. Олар Қанахан жеріне бармақшы еді, алайда Харан аймағына жеткен соң, сол жерге қоныс теуіп, тұрып қалды.
32 Тарах екі жүз бес жыл өмір сүріп, Харанда қайтыс болды.
14 Сонда Құдай Ие жыланға үкім шығарып: «Осылай істегенің үшін барлық малдар мен аңдардың ішіндегі сені қарғыс атқан. Өмір бақи жер бауырлап, топырақ жеп өт! 15 Әйел екеуіңді, сенің ұрпағың мен оның ұрпағын өзара өштестіріп қоямын. Әйелдің ұрпағы басыңды мыжып, ал сен оның өкшесін шағатын боласың», — деді.
16 Ал әйелге Құдай мынаны айтты: «Құрсақ көтерген кезіңде көретін бейнетіңді ауырлатамын, балаларыңды қиналып босанатын боласың. Сен күйеуіңе құштар боласың, ал ол саған жетекшілік етеді».
17 Адамға Құдай Ие былай деді: «Әйеліңнің тілін алып, Мен тыйым салған ағаштың жемісінен жеген сенің кесіріңнен жердің топырағын қарғыс атты! Бұдан былай тамағыңды өмір бақи бейнет шегіп топырақтан өсіріп жейтін боласың. 18 Жердің топырағы саған тікенектер мен ошағандарды қаулатып, сен далада өсетін дәнді дақылдармен қоректенетін боласың.
19 Өзің жаратылған жердің қойнына қайтып кіргенше, жейтін наныңды маңдай теріңді төгіп жүріп табатын боласың. Сен топырақтан жаратылдың, қайтадан топыраққа айналасың!»
17 Адамға Құдай Ие былай деді: «Әйеліңнің тілін алып, Мен тыйым салған ағаштың жемісінен жеген сенің кесіріңнен жердің топырағын қарғыс атты! Бұдан былай тамағыңды өмір бақи бейнет шегіп топырақтан өсіріп жейтін боласың. 18 Жердің топырағы саған тікенектер мен ошағандарды қаулатып, сен далада өсетін дәнді дақылдармен қоректенетін боласың.
19 Өзің жаратылған жердің қойнына қайтып кіргенше, жейтін наныңды маңдай теріңді төгіп жүріп табатын боласың. Сен топырақтан жаратылдың, қайтадан топыраққа айналасың!»
Жаратылыстың баст. 1–11 · Жаратылыстың баст. 3:14–19 · Жаратылыстың баст. 3:17–19 · КК 2010